• Тарих
  • 06 Мамыр, 2015

Шақпақ – Высокое деп атала бере ме?

Еліміздің жер-су атаулары – өткен тарихымызды тануға, білуге жол ашады. Мұның тағылымдық, өнегелік мәні де ерекше. Өйткені адамның туған жерге, елге деген сүйіспеншілігі, перзенттік асыл сезімі жер-су атауларының тарихын жете білу арқылы қалыптасады. Біз бұл мақаламызда қазақтың дәстүрлі атаулар жүйесіне байланысты деректерді, ой-тұжырымдарды ұсынуды жөн көріп отырмыз. Себебі кез келген белгілі бір атаудың өзіндік тарихы, шығу тегі болады. Демек, оның түп негізін сақтау, бұрмаламау аса маңызды жайт. Бұл орайда біз Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облыстарының аумағында орналасқан таулар мен жоталардың, жерлердің кейбір атауларын, сондай-ақ Қазақстан аумағынан тыс жерлерде ұшырасатын қазақша атауларға тоқталып, қарастыратын боламыз. Шу-Іле тауы. Жамбыл облысының аума­ғында осындай атпен аталатын тау бар. Алайда ол не себепті екені белгісіз Шу-Іле су айырығы деп аталып жүр. Карталарға да солай еніп кеткен. Бұл қате пікір. Ол Шу-Іле тауы деп аталуы керек. Су айырығының бұл тауға еш қатысы жоқ. Мұндай тұжырымға біз осы жерді көзбен көріп, зерттеу жүргізгеннен кейін, көптеген ғылыми еңбектерді қарағаннан кейін келіп отырмыз. Аталған облыс аумағында «Қастек жотасы» деп аталатын жота бар. Ол өлкенің батыс жағында орналасқан. Мұны көп адам біле бермейді. Сонымен қатар Кекіліксеңгір тауы бар. Кекіліксеңгір тауы атақты қолбасшы Кенесары Қасымұлының ту тіккен жері. Осы аймақтағы Майтөбе шоқысын жаугершілік замандарда сарбаздар паналаған. Жотажол жотасының солтүстік-шығысында Жаманты, Басбатыр, Дегерес таулары бар. Алатау қатпарлы жүйелерінің құрамын­да бірнеше жоталалар кездеседі. Соның бірі – Сарытау жотасы. Сарытау жотасына Жамбас тауы кіреді. Оның ұзындығы Шарын өзеніне дейін созылып жатыр. Бұл Алатаудың 2-інші сілемі болып есептеледі. Мұнда Қараш Қондыбайұлы жотасы бар. Мұны да біле жүргеніміз жөн. Осы ретте бір айта кетерлігі, Қытайдағы қазақтар сілемді салмау деп атайды екен. Бұл атаулар алдағы уақытта дайындалатын топонимикалық карталарға енуі керек. Сонымен бірге Алатау қатпарлы тау жүйесіне Күнгей Алатау жотасы, Құлықтау, Ұзынқара жоталары да жатады. Ұзынқараны 1910 жылдан кейін Кетмен жотасы деп атап кеткен. Бірақ Кетмен ол жота емес, жай ғана су болған. Ал Ұзынқараның табиғи жалғасы Қытай елінің аумағында. Осы аталған тау жүйелерін Қытайда қазақтар Үйсін Алатауы деп атайды. Ол Текес өзенінің Ілеге құятын жеріне дейін созылып жатыр. 1846 жылғы жарық көрген «Карта Коканского ханства» деген еңбекте де Заилиский Алатауды Үйсін Алатауы деп жазған. Академик Карл Байпақовтың келтірген деректері бойынша, Үйсін Алатауының етегінде Есік қорғанынан бастап Талғар, Рахат, Түзусай, Боралдай, Тереңқара өзендерінің бойындағы көне қалалар Үйсін қоныстары деп аталған. Тақырыбымыздың жалғасы ретінде, кезінде бұрмаланып кеткен кейбір жер-су атауларының алғашқы, яғни бастапқы нұсқаларына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Бұрынғы Сырдария облысының Шымкент уезіне қарайтын Майлыкент болысында Антоновка деген ауылдың ­атауы – Кершетас, Димитриевка – Жиенбай, Владимировка  – Жыланды, Карниловка – Жаскешу, Вознесеновка – Тастұмсық деп аталған. Енді бұл атаулардың кейбіріне түсініктеме бере кетсек дейміз. Карниловка 1887 жылы пайда болған отарлық атау. Жас­кешу деп кейін өзгертілді. Тастұмсықтың тарихи атауы Тәйтелі. Тәйтелі Жұмабайұлы деген кісінің есімімен аталған. Тәйтелі Жұмабайұлы Майлыкент болысының биі болған. Шұрайлы жерлерге қазақтарды қоныстандырып, халыққа, елге көп пайдасын келтірген азамат. И.Мушкетовтың зерттеу еңбектерінде осындай деректер жазылған. Сөзімізді жалғай түсетін болсақ, Мичурин – Майтөбе, Новая Николаевка –  Жабағылы, Высокое – Шақпақ, Ванновка – Көкірек деп аталған. Көкіректің Ванновка деп аталған уақыты – 1891 жыл. Петр Ванновский деген Патша үкіметінің қорғаныс, мәдениет, ағарту министрі болған. 1992 жылы Ванновка елді мекеніне Алаш арысы Т.Рысқұловтың есімі берілді. Ванновка атауын өзгертуге ауылдық кеңесінің төрағасы Кендебай Айтқұлов көп еңбек сіңірген. Высокая деген ауылдың тарихи атауы Шақпақ баба болды. 1928 жылы Шақпақ баба ауылында Толымбек Сұрашев деген кісі елімізде тұңғыш рет бірінші артель құрған. Халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, шаруашылықты дамытуға негіз салған. 1932 жылы Жуалы ауданы Түлкібас ауданы болып аталған. Жуалы ауданын басқарған Қыдыр Шуваев деген кісі болды. Жазушы Мұхтар Әуезов 1932 жылы Жуалы ауданына келеді. Сонда атақты жазушыны Қыдыр Шубаев қарсы алыпты. Қаламгер Шұқырбұлақ ауылында қонақ болады. Шұқырбұлақта деген әңгімесі де бар. Бұл деректерді келтіріп отырған себебіміз, жас оқырмандарды елді мекен атауларының пайда болу тарихын таныстырудан бөлек, оның нендей себептерге байланысты аталғаны, ол жерде қандай тұлғалар еңбек еткенін таныту. Өйткені ел мен жердің тарихын біз әдетте осындай тұлғалар арқылы танып-білуді де үйренуіміз керек. Облыстағы Майлыкент атауына келетін болсақ, оны әлі де зерттей түсуіміз қажет. Бұл жер топырағының майлы болғанынан ба, әлде басқа да себептер бар ма, анықтау керек. 1910 жылғы карталарда Түлкібас ауданының жазық жерлері Майлыкент жазығы деп атаған. Чапаев колхозы Шарапкент деп аталатын жасанды атауға ие болды. Бірақ бұл жердің тарихи атауы Қапал Жаныс болатын. Қапал Жаныс – ру аты. ІХ ғасырда Будукет деген қала болған. Академик Карл Байпақовтың келтірген дерегі бойынша, Будукетте монета жасайтын сарай болған. Қазір мұнда Төрткөл деп аталатын елді мекен бар. Осы жерден ағып өтетін Балықты өзені Балықшы болып бұрмаланып кеткенін де айта кеткеніміз жөн. Арыс пен Ақсу өзендерінің бойында Ханқорған аталатын жер бар. Бұл атауды да көпшілік біле бермейді. Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында Састөбе аталатын теміржол бекеті бар. Бұл атау да түпнұсқадан бұрмаланып кеткен. Негізі ол Сазтөбе болуы керек. Карталарға, елді мекенге байланысты құжаттарда осылай деп жазылғаны жөн. Енді Алматы маңындағы бірқатар атауларға тоқталатын болсақ, бүгінде халық арасында Шымбұлақ аталып кеткен демалыс орнының негізгі түп атауы Шыңбұлақ екенін айта кеткеніміз орынды. Бұл туралы кезінде Жағда Бабалықұлының: «Бұл шыңнан шыққан бұлақ қой» деп айтқаны бар. Этнографтың осы сөзін біз де қуаттаймыз. Алматы қаласының тұрғындары Махнатка деп атап кеткен жердің тарихи атауы Болай тауы. Оның батыс бөлігінде Трибрата деген тау бар. Ол Беделбай жотасы деп аталады. Бақай, Орта, Алмалы, Сөгеті, Қызылту, Үлкен Бұғыты, Қыземшек, Шошқалы, Кіші Бұғыты тауларына келетін болсақ, олар Қарашы тау жүйесіне жатады. Бутаковка – Бекенбай, Батарейка – Беделбай, Мойка – Бас Қарасу, Солонока – Абылғазы, Бурундай – Боралдай, Широкая щель – Ботбайсай, Ремизовка – Ерменсай, Казачка – Жарбұлақ, Поганка  –Сасықкүрекқұлақ, Горельник – Күйгенсай, Каменка – Терісбұлақ, Прямуха – Тіксай деп аталуы тиіс. Өйткені бұл осы жерлердің тарихи атаулары саналады. Күйгенсай атауына тоқталатын болсақ, ол Медеу шатқалының үстіңгі жағындағы Үлкен бөгет басынан басталады. Бұл өзеннің Күйгенсай деп аталу себебі, оның суынан жағылған күкірттің исі шығып тұрады. Алматы Арасаны, Күйгенсай сулары жердің қабатындағы жарылымнан шығатын емдік қасиеті бар, термальды-минералды шипалы сулардың қатарына жатады. Боралдай өзенінің атауы қазақ пен моңғол сөзінен пайда болған. Ал бұрынғы атауы Көкдөң. Енді Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі атауларға тоқталсақ, тарихтан білетініміздей, түбі бір түркі халықтары Еуропа мен Азия құрлықтарының бойын мекен еткен. Мәселен, қазіргі Қырым жерінде оның ішінде қазақтардың да ру аттарымен кездесетін белгілі атаулар бар. Мәселен, Арғын төбесі, Кенегес, Бас Қырғыз, Таз алшын, Қолпқақ (Қарақалпақ), Найман, Жалайыр, Қоңырат, Сіргелі, Дулат, Маңғыт, Есенекі (Дағыстан халықтарының аты), Ақмешіт, Кептагай (Қаптағай), Қаңлы, Садыр (найман руының аты), Өгіз (Оғыз), Меркіт, Ноғайлы, Қорасан, Үйсін, Қараүйсін, Қыпшақ, Тасты Қыпшақ (Дешті Қыпшақ), Жалаңтөс, Абдалы (Түркімен руы), Шеркес, Қиранайман, Аққожа және т.б. Бұл деректер «Қырымның топонимикасы» деп аталатын (авторы А.Балғынбаев) кітабынан алынып отыр. Зерттеуші И.М.Мизиевтің «Шаги к истокам этничес­кой истории центрального кавказа» деп аталатын кітабында Азов теңізі Қарабалық теңізі деп жазылған. Қарап тұрсақ, ертеде жарық көрген ғылыми еңбектерде жазылған жер-су атау­лар жүйесінде негізі түркіліктен бастау алатын атаулар кездеседі. Соның ішінде қазақ халқына қатысты жер-су атаулары қаншама. Оларды жеке-жеке қарастырып, ғылыми жұмыстың негізіне айналдыру уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз.

Молдияр Серікбайұлы, Рашид Оразов

20306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы