• Тарих
  • 06 Мамыр, 2015

Маңғыстаулық майдангер

Тұяқбай Мұсабайұлының Қызыл Армия қатарындағы күндері Грузияның Сухуми қаласы маңында әскери даярлықтан өтуден басталды. Таулы аймаққа тап болған маңғыстаулық ауылдас­тар жыл жарымдай уақыттан соң, жұптары жа­зыл­мастан 9-ат­қыштар полкінің құрамында, әскери оқу-жаттығудан өтті. Үш жылдық әскери мерзімі аяқтала бергенде, неміс-фашистерінің шабуылы басталып, Оңтүстік Батыс майданына қарасты Ростов түбіндегі ұрысқа кіріседі. Еділ-Дон аралығындағы жазық далада айқасқа түскен Тұяқбайлар полкі кейін Харьков қаласын азат ету ұрыстарына қатысады. 1942 жылдың тамыз-қыр­күйек айларында әрқайсысы 350 ат­қыштан құралған арнайы 12 отряд жасақталып, капитан Юрченко басқарған қарулы топ қайтадан ұрысқа кірді. 9-таулық атқыштар полкінің сержанты орудия командирі Тұяқбай Бименбетов еді. Қалтарыс-қуысы көп, жықпыл-жырасы мол тау ішінде аңдысып, атысу оңайға түспесе де жақсы дайындықтан өткен жауынгерлер жау бекіністерін қаһармандықпен бұзып, алға жылжыды. Осылайша Кавказ жоталарын жаудан тазарту жүзеге асырылды. Ақыры Кавказдың қарлы тау жоталары біртіндеп жаудан тазартылды. Осы қиян-кескі ұрыс кезінде Тұяқбай Мұсабайұлы аяғынан жарақат алып,Тбилисиге жақын жердегі Аг-дала қаласының әскери госпиталіне түседі. Ұрыс кезінде белсенді қимыл, батыл әрекеттерімен көзге түскен жауынгерді армия басшылығы елге демалысқа жібереді. Сырқатынан толық айығып, ауылда аунап-қунаған қатардағы жауын­гер Тұяқбай бір айдан кейін, 1943 жылдың қазан айында қайтадан өзінің әскери бөліміне оралып, ұрысқа араласып кетеді. Бұл кезде Н.Гусак және А.Гусев басқар­ған отрядтар неміс­терді Эльбрус маңынан әрі ығыс­тырған болатын. Түйекең де Кавказ, Солтүстік Кавказ май­дандарындағы 46-ыншы армияның сапында Кавказды жаудан азат ету үшін болған ұрыстарға бастан-аяқ қатысты.Кавказ үшін болған қиян-кескі айқас 1943 жылдың соңына таман Кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталады.Осы ұрыстарда ерекше көзге түсіп, ерлік көр­сет­кені үшін Тұяқбай 1055-атқыштар пол­кінің командирі капитан Юрченконың бұй­рығымен «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылды. Кеңес Одағының жау қо­лында қалған жерлерін фашист басқыншыларының қанды шең­гелінен босатқаннан кейін Қызыл Армия әскерлері Еуропа елдерін азат етуге кіріседі. 1943 жылдың мамыр айынан 1055-ші атқыштар полкінің орудия командирі Бименбетов фашистермен кескілескен шайқастарға қатыса жүріп, Оңтүстік Буг, Днестр, Прут, Тиса өзендері арқылы өтіп, Дунайға дейін жетеді. Кеңес жауынгерлері 1944 жыл­дың жазында Венгрияның Тиса өзені жағасындағы, аса ірі саяси-шаруашылық орталығы Сегед қаласын алды. Жеңістің төбесі көрінгесін белсенділігі күшейе түскен кеңес әскері қараша айында Дунай үшін болған үлкен ұрыста, Венгрияның Дьер, Комаром және Вена бағытындағы немістердің стратегиялық мықты қорғаныс шебі – Будапешт қаласын азат ету шайқасында асқан ерлік көрсетеді. Солардың қатарында болған гвардия сержанты Тұяқбай Бименбетов 1945 жылдың 21-наурызында оң жауырыннан жарақаттанып №342 медициналық-санитарлық батальонға алынып, емделіп шығып, қайта сапқа тұрады. 1055-атқыштар полкінің командирі подполковник Сиедь­тің зеңбірекшілер орудиясының ко­мандирі, гвардия сержанты Т.Бименбетовті (26.07.45 ж.) «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен наградтау туралы ұсыныс парақшасында: «Оның басқаруындағы зеңбірек орудиясының мергендері (1.01-14.01.1945 ж.) Вен­грия­ның ор­талығы Будапешт қаласына таяу жердегі көптеген зауыттар орналасқан Кабанья елді мекенін фашистерден азат ету кезіндегі ұрыстарда жаудың 6 автокөлігін, қару-жарақ тиеген 9 арбасын өртеп, көптеген фашистердің көзін жойып, жаяу әскерлердің жолын ашу кезінде батырлық пен батылдық танытты» деп көрсетілсе, екінші бір наг­радтау парақшасында (20.06.1945ж.) полк командирі, майор Комиссаровтың қолы­мен: 24.01.-12.02.1945 ж. Будапешт қа­ласын­дағы көше ұрыстарында неміс­тердің 13 жарақталған ату нүктесін, бір автокөлік, қарау-жарақ тиелген 10 арбасын, көп­теген жаудың солдаттары мен офицерлерін жоюдағы асқан ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградтауға лайық» деген ұсыныс жасалған. Полк командирлерінің бұл ұсыныстары тиісті шешімін тауып, аталған жауынгерлік наградалар иесін тапты.Соғыстың соңғы аптасында Будапешт көшелерінен бір күнде немістің үш бірдей танкісін жойған. Бұл кезде 1055 атқыштар пол­кінің 297 атқыштар дивизия­сы түгел Красноярск өлкесіне әскери жұмысқа алынып, 1945-тің желтоқсанынан 1946-ның  мамыр айы­на дейін 779-атқыштар полкінің ору­дия командирі Тұяқбай Қиыр Шы­ғыста жүрді.Бірақ сол жақта өкпесіне суық тигізіп, ауырып 1946 жыл­дың жазында елге қайтып келеді. Соғыстан соң тұралап қал­ған ауыл­шаруашылығы Тұяқ­бай секілді қайратты азамат­тар­дың ерен кү­шіне сусап отыр­ған. Келісімен Жың­ғылды ауы­лы («Куйбышев» атындағы колхоздың) партия ұйымының нұсқауымен Гурьевтегі бір жылдық ауылшаруашылық мектебінде білім алды. Ауылға ветфельдшер маманы болып оралды. Содан Маңғыстау аудандық ауылшаруашылық бөлімінде мал дәрігері, ветеринар­лық учаске меңгерушісі, колхоздың басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Тұяқбай Мұсабайұлы 1994 жылы дүниеден өтіп, туған жердің төсінен топырақ бұйырды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Маңғыстау облысы

3638 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы