• Мәдениет
  • 21 Мамыр, 2015

«Қаракөз» әні тамсандырды

Алматы қаласындағы Студенттер сарайында «Қаракөз» ансамблінің жеке шығармашылық концерті өтті. Кезінде «Қаракөз» ансамблі әйгілі «Дос-Мұқасан», «Гүлдер» ансамбльдерімен қатар дүниеге келіп, үлкен табыстарға жеткен ұжым болғаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Ансамбльдің тарихына тоқталатын болсақ, ол алғаш рет Жезқазған қаласында құрылған болатын. Тума талант иесі, композитор, әнші Жақсыгелді Сейілов, жас композитор, әнші, көптеген саз аспаптарын жетік меңгерген Болат Есмұқанов, әнші  Сәлімжан Сейілов үшеуі өнер жолына алғашқы қадамдарын осы ансамбльді құру арқылы бастаған. Топтың «Қаракөз» деп аталу сыры «Қаракөз» әнімен байланысты. Бас-гитарада Әбу Түсіпбеков, ритм-гитарада Қойшықара Әміралин, әнші Камал Қазымбетова, биші Майя Сарыбаева, концерттік бағдарламаны жүргізушілер Дәмен Жолаушинова, Мұхамбедия Ахметовтердің өнерлері топтың атағын жоғары биіктерге көтерді. «Қаракөз» тобы тараған соң оның жалғасындай «Ұлытау», одан кейін араға жылдар салып «Жезкиік» ансамбльдері дүниеге келді. Ансамбль құрамында Жақсыгелді Сейілов, Болат Есмұқановтармен қатар Ахмедия Есмұқанов, Мара Есмұқанова, Ғалым Мұхамедин, Ахат Байбосы­нов, Роза Байбосынова,Бағдат Сәмединова сынды дарындар қызмет етті. Бүгінде қайта өмірге келген «Қаракөз» ан­сам­блінің продюсері Жаңабай Сәтжанов, көркемдік жетекшісі  Болат Есмұқанов. Әншілері  Мара Есмұқанова мен Ахмедия Есмұқанов­тар екенін айта кеткеніміз жөн. Ал жақында өткен концертті  аталған ұжымның үлкен сахнаға қайта оралуы деп айтуымызға толық негіз бар. Өйткені топ мүшелері біршама шығармашылық үзілістен кейін бұрынғы әндеріне қоса репертуарларын өз нақыштары мен ерекшеліктеріне сай жаңа туындыларымен толықтыра түскені байқалады. Ансамбльдің жетекшісі Жаңабай Сәтжанов халықтың ыстық ықыласына бөленген топтың өне­рін қайта жаңғыртуды жөн көріп, тың ізде­ніс­термен жұмысты бастағанын айтады. Кеш шымылдығы әуезді әнде­рі­мен тыңдарман есінде қалған және осы топтың белді мүшесі болған композитор Жақсыгелді Сейілов­тің «Кездесу» әнімен ашылды. Ком­по­зитордың әсем әндері «Қаракөз» ансамблінің репертуарынан кең орын алғаны жайдан-жай емес, әрине. Топ мүшелері концертте осы әндерді шырқаумен қатар, танымал сазгерге арналған туындыны орындап берді. Жақсыгелді Сейіловтің соңында көптеген тамаша әндері қалғаны баршаға аян. Заманында сырнаймен сызылта шырқалған әндеріне тебіренбеген тыңдарман кемде-кем болған шығар. Өнер ұжымын жұртшылық ыстық ықыласпен, үлкен қошеметпен қарсы алды. Орындалған әндерді қосыла шырқады. «Қаракөздік­тер­дің» өзгелер­ден бір ерекшелігі олар халыққа өздерінің ғана шығарма­ла­рын ұсынып келеді. Кеш барысында «Ана туралы баллада», «Әкелер туралы ой», «Кездесу», «Неге солай?», «Жезкиік», «Сағыныш», «Ма­хаббат мұңы», «Сен кінәлі емес­сің», «Оянған махаббат» әндері тарту етілді. Ж.Сейіловтің «Әке» әні жұрт­шылыққа ерекше әсер қалдырды. Ансамбльдің ән қоржынына енген «Есіл ағады» әнін де ерекше айта кетуімізге болады. Тыңдармандар кеште белгілі ақын Ғалым Жайлы­байдың сөзіне жазылған әннің тарихына қанық болды. Лирикалық, сазды әнді Ахмедия Есмұқанов орындап берді. Көрермен қауым Жаңабай Сәтжановтың «Қоштасу», «Арман» әндерін жылы қабылдады. Концертте белгілі әнші Дәлел Уәш, Айша Байбосынова, «Серілер» тобы, жас әнші Талант Тасболатұлы сынды өнер адамдары қатысты.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

4997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы