• Тұлға
  • 21 Мамыр, 2015

Қазекемнің қарапайым қариясы

Ертелі-кеш саябақта жиналатын қариялар арасынан ұзын бойлы, жүріс-тұрысы ширақ осынау бір қағілез сары кісіні жиі көремін. Бірде ескі танысым бұрынғы кеңес кезіндегі Балық шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкері болған, ихтиолог Қонақбай Балабаев қариядан сұраған едім. «Бұл кісі өткен ғасырдың 50-інші жылдары қазақтан шыққан алғашқы альпинистердің бірі, Алатаудың 4000 метрлігін бағындырған, Кавказдың Домбай шыңына да шыққан.  Оның үстіне радио және теле­коммуникацияның білікті инженері болған, КСРО Байланысының шебері, КСРО мен Қазақстанның құрметті радисі және басқа атақтары да бар, оларды кейін өзінен сұрап білерсің. – Аты-жөні Бохай Қожыр деген азамат, жастар үлгі алатындай құрметті қа­рия­ла­рымыздың бірі, күн сайын жат­тығу жасайды, 7-10 шақырымдай жү­гі­реді, бассейнге түседі, салауатты өмір салтын бек ұстанады» деді Қонақбай ақсақал. Осы әңгіме­сі­нен кейін, Боқай Қожыр ол туралы жазсам ба деген ой келді. Сөйтіп, іске кірістім. Әуелі кітап­хана­лардан материалдар іздестірдім. Осы заманғы телевидение жүйелері және телекоммуникация құралдары дамуының проблемалары мен аспектілері бойынша «Ертегіге бергісіз электрон», «Көгілдір экран», «Радиоқабылдағыштар», «Осы саладағы менің өмірім» сияқты қазақ және орыс тілдерінде 6 кітабы шыққан екен. Ғалым екенінде білдім. Халықаралық Байланыс академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі ретінде талай іс тындырыпты. Музыка және басқа өнер қайраткерлері өмірі мен шығармашылығына арнап том-том кітап жазып, алғашқы кітаптарын да жариялап үлгеріпті. Былайша айтқанда, талантты адам барлық істе де талантты болып көрінеді деген осындайдан айтылса керек-ті. Ақырында өзімен кездесудің де сәті түсті. Бохай ағай, қазақ айтатындай, аузын ашса, көмейі көрінетіндей, аңқылдаған, ақжарқын адам екен. Оның айтқандарын түгел беруге мақа­ла­ның көлемі мүмкіндік бермеген­дік­тен, қысқа-қысқа қайыруға тырыстым. – Әкем Қожыр Қуандықұлы діндар адам еді. Қадиымша да, жәдидше де, латынша да оқи білетін. Соның арқасында Кеңес заманында ауылдық Кеңестің хатшысы, кейін оның төрағасы болып жұмыс істеді. Анам үй шаруасымен айналысты. Бес ағайындымыз. Үш қыз және екі ұл. Үлкені Мұқай. Соғыс басталғанда, әкем берілген броньға қарамастан өзі сұранып, майданға аттанды, – деп бастады әңгімесін ол. Ол жылдардың несін айтасың. Көресінді көрдік қой... Әкем Сталинград майданынан аман-есен өтіп, атақты Курск доғасындағы қанды қасап соғыста ауыр жараланып, бір қолынан айырылып елге оралды. Бұрынғы жұмысына қайтадан орналасты. Бірақ жарадар болғандықтан, көп ұзамай дүние салды. Жығылғанға жұдырық дегендей, отбасының жалғыз асыраушысы Мұқай өндірістегі апаттан опат болды. Болмасқа болаттай болып, тағдыр­ға қарсы тұруды үйрене бастадым. Үй тауқыметі енді менің мойныма түсті. Кейін онжылдықты үздік бітірген­мен, жоғары оқуға бара алмадым. Қарын­дас­та­рымды жеткізуім керек. Сондықтан жұмыс істедім, тіпті мектепте математика пәнінен сабақ та бердім. Соғыстан кейінгі жоқшылық пен тапшылық, 47-жылғы әрбір адамға берілетін нан кар­точ­касының тоқтатылуы сияқты жайтты өз көзімен көрген ұрпақ өкілімін ғой. Содан үлкен қарындасым жұмысқа тұрған соң, анам қолындағы бар жиған-тергенін беріп, мені оқуға жіберді.Ресейдің Новосібір қаласында сол жылы ашылған электротехникалық байланыс институтына (НЭИС-ке) Қазақстан үшін 10 орын бөлінген екен. Соның конкурсына құжаттарымды тапсырып, емтиханнан сүрінбей өттім. Осы жылдары мен студенттігіммен қатар альпинистік-туристік үйірмеге де үзбей қатынасып тұрдым. Каникулға шығар алдында Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі альпинистік лагерьлеріне жолдамалар берілетін. Сондай жолдамамен бір топ студент жыл сайын Алматы түбіндегі Горельник, Кавказ тауындағы Домбай альпинистік-жаттығу лагерьлерінде айлап жатып дайындалатынбыз. Топ-топқа бөлініп, альпинистік оқу-жаттығумен айналысамыз. Сонда біздерге тауға шығу әдістерін орындау қатаң талап етіледі. Әрбір топ альпинистік формамен, радиостансасымен қамтамасыз етіледі. Жас маман ретінде Алматыға келіп, әуелі республикаға ұзын толқында жаппай радиохабар тарататын «РВ-90» стансасында кезекші радиоинженерліктен бас­тадым. Көп ұзамай, Байланыс министрі­нің орынбасары Гүлжаһан Төлегенқызы Балфанбаева Алматыдағы телевизиялық орталықтың инженері етіп жұмысқа ауыстырды. 1960 жылдың жазында автобуста орналастырылатын жылжымалы телевизия стансасының басшысы етіп тағайындалдым. Көмекшім екеуіміз аппаратураны, тез арада кабельдерді жинап, камераларды тасып үлгеруіміз керек. Бұл оңай іс емес-ті. Алғашқы телевизиялық көрсетілім Орталық стадионда «Қайрат» пен «Пахтахор» футбол командаларының ойынын көрсетуден басталды. Одан әрі қарай театрлардан, өндіріс орындарынан, мекемелерден бағдармалар берілуді қамтамассыз еттік. Телевизия саласында жұмыс істеген жылдары көптеген өнер адамдарымен тікелей байланыста болдым. Соның бірі – Шәмші. Ол консерваторияның студенті екен, жүдеу-жадау тірлік, студенттің жайы белгілі ғой, әлі атағы шыға қоймаған кез-тұғын. Сәл кейінірек «Ақмаңдайлым», «Қайықта», «Ақ Жайық» атты әндері жария­ланғаннан кейін, оның атақ-даңқы дүркіреп шықты. Роза Бағланованың алғаш рет Қазақ филармониясында «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымды» орындағанын көрдім. Шәмші әндерінің қай күні, қай сағатта орындалатынын маған алдын ала айтатын. Үлкен дарын иесі, ақкөңіл Шәкеңмен достығым ұзаққа созылды. Новосібірдегі студент кезімде-ақ үнемі концерт залдарында, театрларда жиі болатыным сияқты, Алматының опера және балет театры мен филармония­сына баруды әдетке айналдырдым. Соның нәтижесі болса керек, 50 жылдан кейін «Қазақ елінің атақты музыка өнерпаздары» атты антоло­гиясының екі томын жариялауыма тура келді. Осы жұмыстың барысында 600-дей өнер қайраткерлерімен кездестім. Олардың ішінде КСРО Халық артистері Роза Бағланова, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Рамазан Бапов, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Анатолий Молодов және Әлібек Дінішев, сонымен қатар Қазақстанның Халық артистері, еңбегі сіңген артистері мен мәдениет қайраткерлері бар. Өнерде де, өмірде де Бохай Қожыр­ұлын қолдап отыратын сүйікті жары Светлана Ермекқалиқызы да ғалым, химия ғылымының кандидаты, темір жол институтында ұзақ жыл еңбек еткен ұстаз, қазір еңбек демалысында. Балаларының бәрі отау көтеріп, аяқтанып кеткелі қашан. Апта сайын немерелері келіп тұрады. Сонау Норвегиядан немересі Томас-Нұрлан «Skype» арқылы ата-әжесінің халін күн сайын білетінін Бокеңнің өзі маған айтқанда, көздері күлімдеп кетті. Бір апта өткен соң, Бохай қарияны тағы да саябақ сыртындағы 7-ші шақы­рым­да жедел басып кетіп бара жатқанын көріп, осынау бір кішіпейіл, бетегеден биік, жусаннан аласа қазекемнің қара­пайым қариясының қадірін бұрын білмегеніме іштей өкіндім.

Тәжібай Жанаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Алматы

2823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы