• Тарих
  • 28 Мамыр, 2015

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН туралы КІТАП

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы құрылғалы бері ширек ғасырдан асып бара жатыр. Ол еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығаштарының бірі болып табылады. Бағдарламасында саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықтар сырларын ашып, жазық­сыз жапа шеккендердің адал есімдерін қоғамға қайтаруды, оларға қатысты бұрмаланған ащы шын­дықты, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді, жалпы, сталинизм қылмыстарын жан-жақты әшкерелеуді мұрат тұтқан. Жақында осы қоғам­ды ұйымдастырушылардың бірі, қоғам шаңырақ көтергелі оның тұрақты басқарма мүшесі, біраз жыл президенті, соңғы кездері төраға орынбасары ретінде жұмысына белсене қатысып келе жатқан жазушы және тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың «Әділет» туымен ширек ғасыр» деп аталған публицистикалық хроникасы «Абзал-Ай» баспасынан жарық көрді. Жинаққа автордың «Әділет» идеяларын наси­хаттауға, сталинизм қылмыстарын әшкерелеуге, тарихи білімді таратуға байланысты әр кезде жазылған мақалалары, түрлі жиындардағы сөздері, баяндамалары, әзірленуіне тікелей өзінің қатысы болған құжаттар, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары енгізілген. Кітап қайта құру дәуірінде өмірге келіп, тәуелсіздікпен бірге даму үдерісін бастан кешіп келе жатқан қоғамның жиырма бес жылдық ғұмырынан пайдалы мағлұматтар береді. Ширек ғасырлық ғұмырында «Әділет» тоталитарлық кезеңнің бұрмалауларын әш­ке­релеуді көздейтін түрлі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер және жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізді. Алматы түбіндегі «Жаңалық» мемориалдық кешенін, қалада саяси репрессиялар құрбандары мұражайын  ашуға, қасіретті кезеңнен сыр шертетін алғашқы естеліктер кітабын шығаруға мұрындық болды. Саяси қуғын-сүргін кезеңдері шындығын ашатын ұйым құруды көздеген 1988 жылғы бастамашыл топмен дайындық комитетінің жұмысына Болат Ілиясұлы Жансүгіров-Ғабитов жетекшілік етіп, нәтижесінде 1989 жылы шаңырақ көтерген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамына алғаш мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Оразұлы Жандосов, одан беріде академиктер Манаш Қабашұлы Қозыбаев, Мұрат Тәжімұратұлы Баймаханов, Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейісов төрағалық жасаған. Басшылық құрамында Мардан Келдібайұлы Байділдаев, Александр Лазарьұлы Жовтис, Марат Жақсыбайұлы Хасанаев, Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова секілді азаматтар болды. Бүгіндері қоғам жұмысына саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Сәуле Рахымқызы Сүгірова-Айтмамбетова, Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова, Нәдір Әбдіқадырұлы Әзірбаев, Марат Садықұлы Нұрпейісов, Әли Оразұлы Жандосов және басқалар, сондай-ақ репрессия құрбандары ұрпақтарының үшінші буын өкілдері белсене қатысуда. Қоғамның жаңа төрағасы лауазымына қазіргі таңда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Махмұдұлы Әбжанов сайланған.

30343 рет

көрсетілді

2234

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы