• Тарих
  • 28 Мамыр, 2015

Ақтаңдақтар ақиқаты

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын»

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін басқару органдары қазақ зиялылары-алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ аспады, оларды неғұрлым биліктен шеттетуге тырысты. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды. 1922 жылдан бастап алашордашыларды партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізіле бастады. Сөйтіп, Кеңес өкіметі озық ойлы, білімді, ел қамын ойлаған  азаматтардан құтылудың жолдарын қарастыра бастады. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетінде жарияланған «Қазақ зиялылары» деген мақаласында қазақ зиялыларын  «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екенін әшкерлеп, «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі.Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді, егер төңкеруші табылады екен, ұлшылдықты ортақшылыққа айырбастауымыз қиын емес» деген еді. Осы жоғарыдағы аталмыш газет Орталық биліктің қатаң бақылауына алынған кезең ­болатын.1925 жылдың 29-мамырында И.Сталин партияның Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелеріне «Ақжол» газетінің саяси ұстанымына бай­ла­нысты хатын жолдайды. Онда И.Сталин газетте жарияланған материалдар мазмұны жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқайдың жазбаларымен үндес, сабақтас екенін айта келіп, мұндай олқылыққа орын беруге болмайды деген байламды айтады. Сонымен бірге қазақ қоғамындағы Алаш зиялыларының белсенділігінен қорыққан И.Сталин көп ұзамай 1925 жылдың жазында республика басшылығына Николай патшаның отбасын атуды ұйымдастырушылардың бірі, шаш ал десең бас алатын Филипп Голощекинді жібереді.Жергілікті жердің жағдайымен атүсті танысқан соң Ф.Голощекин Сталинге хат жолдап,онда ендігі уақытта басымдық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауы­лын  кеңестендіруге, коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппаратын жергіліктендіруге жұмсайтынын айтты. Сөйтіп, Голощекин «Кіші  қазан» тұжырымдамасын ұсынды. Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді.Сондықтан да 1926 жылы 26-мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» Заң қабылдап, байларды мал жайы­лымынан айыру шарасын осы жыл­дың мау­сым және шілде айларында бастап кет­ті. Ал 1927 жылдың желтоқсан айында мал-мүлікті тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды.Келесі 1928 жылдың 27-тамызында «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13-қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталатын үкіметтің екі қаулысы шықты. 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркілену белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл­ша­руашылық құралдары соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркіленуге жатты. Нәтижесінде, 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы жер аударылды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен, зорлықпен жұрттың мал-мүлкі тартып алынды. Онсыз да адам шығынына ұшыраған халыққа жөн-жосықсыз қысым жасалып, жер-жердегі билік тізгінін ұстаған шала сауатты атқамінерлердің күні туады. Жергілікті жұрттың мұң-мұқтажы, көшпенділігі ескерілмеді, жаппай отырықшылыққа күштеді, тізімге орта шаруалар да кіріп кете барды. Салықтың небір түрлері кіргізілді, тіпті мүйіз салығы да енді. Еттің, егіннің жоспарын орындаңдар деп вагон-вагон ет, астық асыра бұрмалаушылықпен орталыққа жөнелтіліп жатты. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болса, айналасы үш-төрт жылда төрт түліктің саны 10 есеге азайып 4 млн. құраған. Негізгі кәсібі мал болғандықтан мал басының азаюы халық санының күрт кемуіне алып келгені анық. 1932 жылғы қолдан жасалған аштыққа төтеп бере алмай халық Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстанға ауып, босып кетті. Қолдан ұйымдастырылған аштықтың кесірінен 2 млн-нан астам халық құрбан болды, кейбір деректерде 3 млн-ға жетіп жығылады деп көрсетіліп жүр. Голощекиннің қазақ халқын ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған солақай сая­сатын әшкерлеп, орталыққа хабарлама айтқан Алаш қайраткерлерін «халық жауы», «бандылық құрылымдар» деп танылып, олар қуғын-сүргінге ұшырады. Ақиқатын айтып, солақай саясатқа қарсы келген Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, М.Тынышпаев, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, т.б қоғам қайраткерлері қуғындауға ұшырады. Голощекиннің геноцидін айыптап, нақты деректер мен дәлелдерге сүйене отырып орталыққа жазылған «Бесеудің  хаты» аталатын құнды мақалада ел ішіндегі жағдайы ашық көрсетіледі. Қазіргі таңда «Бесеудің  хаты» спектакль ретінде Ғабит Мүсірепов атындағы және тағы басқа театрларда сахналанды. Бесеудің хатындағы бес автордың бірі Ғабит Мүсірепов екенін көзі қарақты қазақтың білетіні хақ. Петербордағы 1934 жылғы Сергей Кировке жасалған қастандықтан кейін репрессиялық саясат мәшинесі жедел дамыды. Нәтижесінде, әскери емес адамдарды әскери комиссариаттан құралған үш адам бар-жоғы 15 минутта соттаған. Тергеушілер жауап алудың хаттамасын алдын ала дайындап, айыпкерге күштеп қол қойдырған. НКВД-ға тән ерекшелік айыпталушының тегі мен мүлкіне ерекше назар аударған. Бұл тізімге біріншідіен ұлт зиялылары мен бұрынғы бай-кулактардың балалары, озық ойлы басқа да азаматтар  іліккен. Қазақстандағы кезекті қуғын-сүргін  науқаны 1937 жылы БК (б)П  ОК  ақпан-наурыз Пленумынан кейін өрескел сипат ала бастады. Бұған В.Сталиннің «троцкишілдерді және басқа да екіжүзділерді жою барысындағы партия жұмысының кемшіліктері мен оларды жою шаралары туралы»  баяндамасы негіз болды. Сол кездегі республика басшысы Л.Мирзоян да республикадағы жаулар мен тыңшыларды анықтауға жедел кірісіп кетті. Осы науқан кезінде қазақтың бетке ұстар Алаш  азаматары тыңшы, халық жауы болып атылып кете барды. Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек,1937-1938 жылдары республика бойынша 1 млн 344 мың адам лагерьлерге қамалған. Олардың 600 мыңы өлім жазасына кесілген.

Шырғалаңға түскен әулет

Бұл нәубет Есімбек ұлы Тұтқабайдың да отбасын шарпыды. Тұтқабай 1861 жылы Верный уезі, Қалгұты болысының 4-ауылында ауқатты отбасында дүниеге келеді. Ол 37 жасында Жоғарғы Ырғайты болысына болыс болып сайланады.1898 жылдан 1907  жылға дейін болыс болған ол кейіннен ауылдық бидің қызметін атарады. Кеңес үкіметінің құрығы бірінші болып бай-қуатты, беделді адамдардың соңына түскені белгілі. 1928 жылы бұл құрық Тұтқабайға, оның отбасына түседі, мал-мүлкі, бау-бақшасы тәркіленеді, отбасына тыныштық бермейді. Озық ойлы, өр мінезді, намысшыл  Алаш азаматы Қырғызстанға ауып кетеді. Араға сегіз жыл салып отбасымен аман-есен туған  жерге оралады. Елге  оралғанда жақын туыстарынан Қалыбайдың Әміржан атты баласы ғана тосып алады. Қалғандары ашаршылықтың құрбаны болып кеткен еді. Араға бір жыл салып еліне келген Тұтқабай ақсақалды 1937 жылдың  7-желтоқсанында  Алматы облысы, Красногор ауданы НКВД-сінің үштігі тұтқындап, (58-бап, 10-тармағы) халық жауы, шпион атандырып ату жазасына кеседі. Жаза 13-желтоқсанында орындалады. Сталиндік репрессияға ұшыраған азамат Жамбыл облысының   прокуратурасының 1989 жылдың 31-мамырындағы Қаулысымен ақталады. Әкесі халық жауы болып  атылғанымен қоймай, НКВД  қаскөйлері араға 16 күн салып 1937 жылдың 29-желтоқсанда Тұтқабай ұлы Қағазбайды тұтқындайды. Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргіздің, колхоз малын талан-таражға  салдың  (58-бап, 7,8,11-тармағы) деген айып тағылып, 10 жыл мерзімге сотталып кете барады. 40 жасар Қағазбай Ярослав облысындағы Рыбниск қаласындағы түрмеге қамалады. Қағазбаймен бір түрмеде жерлестері  Мәмбет Әденов пен Қарымсақ бидің баласы Құрмаш жазаларын өтейді. Ұлы Отан соғысы басталған тұста оларды  Свердлов облысы, Нижний Тагил қаласына ауыстырады. Олар өзен үстінен көпір салу жұмысына қатысады, бригадирлері 20-дан жаңа асқан Мәмбет болыпты. Сол түрмеде жүрген кезінде Қағазбай дінге берілсе керек. Ол өзіне кесілген мерзімнің соңғы сағатына дейін түрмеде болып, 1947 жылы елге оралады. Содан 1956 жылға дейін Қырғызстанда тұрып, 1956 жылы ағайындардың шақыруымен елге ат ізін салады. Өрелі азаматтың діндарлығы болар  ол Қордай ауданының иманы болып 1984 жылы 18-наурызда дүниеден озады. Жамбыл облысы прокуратурасының 1989 жылдың 14-маусымындағы Қаулысына сәйкес 10 жылға жапа шеккен ол жазықсыз деп танылып  толығымен ақталады. Бұл әулеттің тағы бір мүшесі  – Тұт­қа­бай­дың немересі Балабек Қағазбайұлы  Жамбыл облысы, Қордай ауданында 1921 жылы 15-маусымында  дүниеге келіп, 2000 жылдың 14-қаңтарында дүниеден өтеді. Тағдырдың жазуымен бір әке-шешеден өрбіген 13 баладан жалғыз қалады. Халық жауының әулетінен болғаннан кейін өмірінде көп теперіш көреді. Жарытып мектепке де бармайды, халық жауының немересі ретінде  пионер қатарына, кейіннен комсомолға қабылданбайды. Әсіресе, оқушы Балабекке  сыныптастарының  саусағын шошайтып, «халық жауының ұрпағы»  деп кемсіткені ауыр тиеді, жас жеткіншектің жанын жаралайды. Содан алғыр, намысшыл, жаны жаралы Балабек мектептен қуылып тынады. Атасы мен әкесі тұтқындалғаннан кейін үйдегі бар ауыртпалық 16 жастағы Балабекке түседі, бұғанасы қатпай ауыр жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда «халық жауының  баласы», «сенімсіз элемент»  деп әскер қатарына да шақырылмайды, сондықтан майданға алынбайды. Шарбақты колхозында еңбектеніп жүріп «жығылғанға жұдырық» дегендей «1 шелек астық ұрладың»  деп жала жабылып, 6 жылға сотталып кете барады.Тағдырдың тауқыметін талай тартқан ол 1947 жылы ауылына келіп  жұмысқа орналаса алмайды, ақыры Қырғыз жері Рыбачьеге  барып паналайды, балықшы болып жұмысқа тұрады. Өзінің  етінің тірілігінің арқасында ел қатарына қосылып,1952 жылы қырғыз қызы Гүлбайраға үйленеді, жақсы адамдардың көмегімен құрылыс техникумына оқуға түсіп, прораб мамандығын алып шығады да осы мамандығы бойынша жұмыс істей бастайды. Қырғыз жерінде қанша жұмыс істесе де туған жерге деген сағынышымен атасы мен әкесінің нақақтан жазаланғанын дәлелдеу үшін1956 жылы елге оралады. Кейінірек ол арман-мақсатына іздеу салуының арқасында қол жеткізеді. Шарбақтыға келгеннен соң дүкенші, кейіннен Тасқайнарда жұмыс жасайды. Ауыл жағдайын жақсартуға көп күш жұмсайды, атап айтатын болсақ, 1971 жылы электр жүйесін тартқызады. Сонымен бірге, тас жол төсеткізеді, мектеп оқушыларына мектепке қатынау үшін  автобус  бөлдіреді. Осындай игі істермен айналысқан жаны таза азамат  марқұм Тұтқабай немересі Балабектен  қазіргі таңда 1 ұл, 3 қыз, 15 немере, 6 шөбере өрбіп отыр. «Аққа Құдай жақ» дегендей, түптің түбінде әділет үстемдік құрды. Өлгендер қайтып келмес,бірақ бүтіндей бір әулеттің өмір бойына тартқан жан азабының орнын немен толтыруға болады десеңізші? Бұл еліміздегі бір ғана әулеттің басынан өткен нәубет. Лайым, көк байрағымыз мәңгі желбіреп, егемендігіміз ұзағынан болсын. Елбасымыз, еліміз аман болсын дейік. Қазақтың басына түскен дүрбелең кезеңдердің бетін аулақ қылсын!

Жандарбек Қарабасов, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

33558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы