• Тарих
  • 28 Мамыр, 2015

Қостанай облысы

Наурызым ауданы

Қожа – ауыл. Қарамеңді ауылынан 65 шақырым жерде орналасқан. Тың жерлерді игеру кезінде, яғни 1960 жылы құрылған ауыл. Қожа ауылы 1996 жылға дейін Наурызым ауданының орталығы болды. 1975 жылы ауыл ­атауы Жаңанаурызым деп аталғанымен, 1994 жылы Қожа ауылы деп қайта аталды. Атаудың этимологиясына келетін болсақ, бұл ру аты. Не себепті осылай аталғаны туралы тарихи дерек жоқ. Сол себепті әзірге бұл қожалардың осы өңірге келіп қоныстануымен байланыс­тырамыз. Алдағы уақытта мұның тарихи тұстарына мән беріп, зерттей түсетін болсақ және де ел ішінде сақталып қалған аңыз-әңгімелерді, түрлі тарихи оқиғаларды зерделесек, атаудың қойылу мәнісі белгілі болуы мүмкін. Жалпы, қазақтың дәстүрлі ономастикалық атаулар жүйесінде ру атымен аталатын жер-су атаулары аз емес. Әрбір рудың қоныс еткен жері, жайлауы мен қыстауы көп жағдайда жер иесі болып табылатын ру атымен аталып отырған. Дегенмен, ондай атаулардың пайда болуына, халық арасына кең тарап, ұлт жадында сақталып қалуына әлдебір тарихи оқиғалар немесе сол кісілердің белгілі де ғибратты істері, елге жасаған жақсылығы, кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге көрсеткен қамқорлығы, халқына пана болып, қиын-қыстау кезеңдерден алып шыға білудегі даналығы, өзге де жағдаяттардың себептерінен сондай атаулар беріліп отырған. Атаулардың тарихи себеп-салдарына үңілетін болсақ, осындай ұстанымдарды байқауымызға болады. Дәмді – ауыл. 1960 жылы 22-сәуір күні құрылған ауыл. Дәмді және Шолақ-Дәмді өзендерінің біріккен жерінде орналасқан ауыл. Атаудың не себепті «Дәмді» деп аталғаны туралы нақты тарихи дерек жоқ. Бұл белгілі бір кісі есімімен байланысты атау ма, әлде басқа да себеп-салдары бар ма, бұл туралы ғылыми еңбектерде ешқандай сүйенер дерек жоқ. Олай болса, әзірге осындай қысқа ғана ақпарат берумен шектеле тұрамыз. Алайда келешекте осындай атаулардың тізбесін жасай отырып, біз ғылыми-зерттеу жұмыстарын ел арасына ұйымдастырылатын экспедиция түрінде жасауымыз керек. Сонда көптеген атаулардың тарихы ашылатын болады. Мәселен, «дәмді» деген сөздің өзі белгілі бір тағамның дәмділігіне қатысты айтылған сөз екені шүбә келтірмейді. Демек, бұл адамдардың сол ауылда дайындалатын асқа, тағам түрлеріне тамсанудан берілген баға, содан шыққан атау деп те топшылауымызға болады. Қисын тұрғысынан алғанда осылай деп айтуымызға негіз бар. Алайда бұл әзірге жорамал ғана болғандықтан, нақты осындай деп кесіп-пішіп айтуы қиын. Бұл алдағы зерттеу жұмыстарының еншісіндегі дүние. Өлеңді – ауыл. Ауылдың негізі 1962 жылы 8-сәуірде қаланған. Осы күннен бастап мұнда ел қоныстана бастайды. Жаңа үйлері тұрғызылады, мал және егін шаруашылығы дамыған. Ауыл халқының құрамы негізінен қазақтардан (90 пайыз) құралған. Өлеңді атауының шығу тегіне келетін болсақ, бұл шөп атауымен байланысты қойылған атау деген деректер бар. Жалпы, «өлеңді» атауы қазақтың дәстүрлі атаулар жүйесінде көптеп кездеседі. Еліміздің көптеген өңірлерінде, елді мекендерінде мұндай атау аз емес. Өлеңді атауына байланыс­ты «Өлеңді жерде өгіз семіреді» деген де мақал кездеседі. Бұл өлеңді шөбінің құнарлылығын білдіріп тұрғандығы сөзсіз. Ауыл маңында осы шөп түрінің көптеп өсуінен пайда болған атау деп топшылаймыз. Жердің ерекшелігіне байланысты қойылған атаулар да аз емес. Кейде белгілі бір атаулардың пайда болуына сол маңда өсетін өсімдіктердің, шөптердің де әсері аз болмайды. Бұл да қазақтың атау берудегі өзіндік дәстүрін білдіреді.  Қазақ халқы қандай да бір болмасын атауды ойдан шығармағаны, нақты өмірдегі жағдайға, табиғаттың ерекшелігіне, елді мекеннің географиялық орналасуына мән бергені айқын көрініп тұрады. Сондықтан әрбір атаудың өн бойында сол ел туралы, ауыл туралы белгілі бір деңгейде ақпарат жатады. Ол атауға қарап біз ауыл табиғатының ерекшелігі қандай екенін білеміз. Ақсуат – көл. «Ақ» және «суат» сөздерінің бірігуінен пайда болған. Наурызым ауданынан 1 шақырым жерде орналасқан. Наурызым көлдері жүйесінде орналасқан. Кіші және Үлкен Ақсуат көлінен тұрады. Көл құстарының мекені ретінде экологиялық маңызға ие. «Ақсуат» атауының этимологиясына тоқталатын болсақ, атаудың мәнісі көлдің ерекшелігімен, жалпы сипатымен тікелей байланысты. Елімізде «Ақсуат» деп аталатын елді мекенде бар. Бұл атау да қазақтың дәстүрлі түрдегі атаулар жүйесіне кіреді. Себебі атаудың стилистикалық мәні, сөздің этимологиясы халқымыздың атау берудегі ұлттық ерекшелігін байқатып тұрғаны анық. Олай болса, «ақсуат» атауын осы тұрғыдан қарастырып, зерттеуімізге болады. Наурызым ауданында ірілі-ұсақты өзен-көлдер көптеп кездеседі. Мәселен, Ақмолакөл, Ақкөшек, Айсарықопа, Асансор, Ащыбұлақ, Ащылысай, Байназарқожа, Балтайсор, Бейсенсай, Данабике, Жақсыбай, Жаркөл және т.б. Бұл атаулардың әрқайсысына біз жеке-жеке тоқталатын боламыз. Бірақ осы ретте олардың қойылу ерекшелігі туралы бірер сөз айта кетсек дейміз. Өзіміз байқап көріп отырғанымыздай, кейбір өзен-көлдердің атаулары кісі есімімен байланысты қойылған. Бұл сол көлдің немесе өзеннің айналасына қоныстанған елді мекендегі белгілі азаматтың есімін білдіріп тұрғаны сөзсіз. Әрине, өзен-көл атауларының шығу тегі көп жағдайда ауыл, елді мекен атауымен тығыз байланысты болып жатады. Сонымен бірге тағы бір негізгі себептің бірі ол өзен-көлдің сипаты, орналасуы, ағысының қаттылығы немесе баяулығы және т.б. ерекшеліктеріне байланысты атау пайда болады.

«Қостанай облысының тарихи топонимикасы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СерікбаЙҰЛЫ

3750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы