• Тарих
  • 28 Мамыр, 2015

Қайып хан

Осы кезге дейін нақты деректердің болмауынан тарихшылар қазақ хандарының шығу тегі туралы А.И.Левшиннің қате кестесіне сүйеніп, Қайып ханды Шығайдың баласы деп шатастырып келді. Шындық олай емес. Өйткені Шығайдың екі баласының аты-жөндері тарихи деректерден жақсы белгілі. Соңғы, дәстүрлі деректер Қайыптың Тәукенің баласы екендігін растап отыр. Қайыптың тарих сахнасына шығуы оның әкесі  әйгілі Әз-Тәукенің әрі қартайып, әрі төсек тарта науқастанып жатуынан, яғни 1716 жылдан басталды. Бұл Сеуан Рабдан бастаған қалмақтардың қазақ жеріне оқтын-оқтын тынымсыз қанды жорықтар ұйымдастырып тұрған кезі еді. Қайып хан қалмақтардан қорғану үшін әкесі бастаған саясатты жалғастырып, ең алдымен орыстардан көмек алуға күш салды. 1716 жылы ол ­осындай оймен Сібір генерал-губернаторы М.Гагаринге өзінің елшілері Бекболат Екешев пен Байдәулет Бөриевті жөнелтті. Қазақтардың ішкі жағдайынан хабардар еткен елшілер орыстарға қазақтардың жоңғарларға қарсы бірігіп қарсы шығу туралы ұсынысын жеткізді. Мұндай жағдайда Қайып хан қазақтардың майдан даласына жиырма немесе отыз мыңдай жасақ шығара алатынынан орыс­тарды хабардар етті. Қайыптың ойынша, қазақтың ұрыс даласына шыққан осынша әскеріне орыстар адам жағынан да, отты қару беру жолымен де көмек көрсетуі тиіс еді. Бұл, әрине, орыстардың шынайы пиғылын жақсы білмеуден туындаған қорытынды еді. Шын мәнінде, орыстардың жоңғарлармен соғысу ойларында да жоқ еді. Отар­шыл ниетпен рухтанған олар, керісінше қазақтар мен жоңғарлардың қақтығысын пайдаланып, қазақ жеріне тереңдеп еніп алудың жолын қарастырды. Алайда мұндай ойларын ашық айта алмайтындықтан, орыс билігі Қайыпты алдаусырата тұратын, жатаберіс айла-амалдарға көшті. Сондықтан да 1716 жылы қазан айында Қайып ханның елшілері кейін қайтқанда М.Гагарин оларға бояр тұқымынан шыққан өзінің елшісі Микита Белоусовты қосып жіберіп, оған Қайып ханға Сібір губерниясына қарайтын қалалардың барлық аймақтарында қазақтарға қарсы ешбір дау жанжал, қысым болмайтынын жеткізуді тапсырды. Орыс­тар мұндайда ең басты мәселені  -  қалмақтарға қарсы бірігіп күресу туралы мәселені назардан тыс қалдырды. Шын мәнінде, орыс елшісінің бас­ты мақсаты тыңшылық жасау, яғни қазақтар туралы тың мәліметтер жинау болды. Көп кешікпей-ақ М.Гагарин қазақ даласына жаңа бекіністер салу үшін әскери экспедицияларды тездете жабдықтап, жөнелтуді қолға алды. Осындай мақсатпен жіберілген, бақайшығына дейін қаруланған, қазақ даласының пұшпағына табан тіреген, П.Северскийдің әскери экспедиция­сы 1717 жылдың жаз айында Железинск, ал В.Чередовтың отряды Колбасин бекіністерін салды. Соңғы бұған да қанағаттанбай, онан ары жылжып, Семипалатинск (Семей) бекінісін салатын жерді таңдап алды. Қазақ жеріне ентелей енген орыс әскерилері өздері иемдене бастаған жерлердің қазақтардың көшу жолдарында жатқанын да естен шығарды. Шақырылмаған қонақтардың бұл әрекеттерін түсіне алмаған жергілікті қонақжай қазақтар не істерлерін білмей дағдарды. Қалмаққа алаңдаған Қайып ханның да орыстардың мұндай отаршыл пиғылдарына қарсы тұруға еш мүмкіндігі бола қоймады. Өйткені аталған жылдың күз айында қалмақтың қалың қолы Аягөз маңындағы наймандар мен жалайырлар қоныстарына баса-көктеп кірді де, Қайып хан қазақтардың осы қорғану соғысын ұйымдастырумен белсене айналысып кетті. Аякөз қырғыны қалмақтың пайдасына шешілді. Қалмақпен о бастан-ақ осылай бытыраңқы басталған сәтсіз соғыстан соң, Қайып хан төңірегіндегі билермен кеңесіп, ендігі қарым-қатынасты дипломатиялық жолмен реттеуді көздеді. Ол келесі жылы қалмақ билеушісі Сеуан Рабданға сауатты, хат танитын Қазыбек бек Тауасарұлын елші етіп жіберді. Бұл 1718 жыл еді. Қазыбек бек қалмақтарда үш жылдай болып, екі ел арасын бейбіт түрде реттеуді қолға алды. Сеуан Рабданның баласы Доржының қолында тұрған ол, Доржының қазақ жеріне шапқыншылық кезінде зорлықпен алып кеткен қазақ әйелінің көмегімен қалмақтардың ішкі пиғылдарын біліп, елге жасырын хабарлап отырды. Осындай хабарлардың бірі аса маңызды болды. 1721 жылы көктемде Қытай шабуыл жасайды екен деген хабар қалмақтарды қатты дүрліктірді. Қалмақ не істерін білмей, асасұрды. Бұл тұста Қашқария мен Жоңғариядағы билігін нығайтумен айналысып, Тибетті жаулаған Сеуан Рабдан Қытайдан шындап қауіптенді. Алайда, қалмақ басына уақытша болса да бақыт құсы қонды. Жаратқанның құдіретімен соғысқа дайындалып жатқан Қытай императорының кенеттен қайтыс болуы, ондағы биліктің ауысуы қалмақтарды мұндай қатерлі шапқыншылықтан сақтап қалды. Орыстардың да бұл тұста қалмаққа жортуыл ұйымдастыру ниеті байқала қойған жоқ. Олардың Бухгольц, Лихарев және т.б. басқарған экпедициялары Қара Ертіске дейін келіп, Ертіс бойында орыс бекіністерін салуды қолға алды. 1722 жылы елші ретінде жіберілген капитан Унковскийден орыстардың жуық арада қалмақтарға қарсы соғыс ашу ниеті жоқ екендігін аңғарған қалмақтар билеушісі Сеуан Рабдан енді қазақ жеріне тереңдеп енуді шындап жоспарлап, 30 мың адамдық әскери жасақты Қайып ханға қарсы жорыққа дайындай  бастады. Осының қарсаңында қазаққа деген жаулық ниет санасын меңдеген Сеуан Рабдан 1718 жылдан бері қалмақ арасында жатқан Қайып ханның елшісі Қазыбек бек Тауасарұлын өзіне шақырып: «баламдай болып едің, енді еліңе қайт, бізге елші керек емес» деп әңгімені қысқа қайырды. Елге оралған ол, жазба түрде Қайып ханға хат жолдап, алда тұрған қалмақ қатерінен хабардар етті. Алайда бір ханның төңірегіне топтасудан кетіп қалған бытыраңқы қазақ жаудың жойқын соққысына қарсы шығуға даяр емес еді. Оның үстіне бұл тұста Албандар мен Суандардың аймағы, нақтырақ айтар болсақ, Іле өзенінің оңтүстігі түгелдей қалмақтың қоластында еді. Қалыптасқан ішкі-сыртқы ахуал қазақтардың жедел түрде ұйымдасқан қорғану жұмыстарын қолға алуларына кедергі болды. Қырсықтың ең үлкені - дәл қалмақ шабуылының қарсаңында қақаған қыста, 1723 жылдың басында елді біріктірер, Әз Тәукенің жолын жалғастырар деген үмітке негіз болған ортақ тұлға Қайып хан кенеттен қайтыс болды. Елге бас хан болуға бірден-бір үміткер Қайыпты осы әулетке қарсы Орта жүз сұлтандары аң аулауға шыққан кезде қапысын тауып өлтіріп кетті. Әйгілі Қожаберген жырау мұны төмендегіше жырлады: «...Аға-інісінен мықты еді, Тәукенің ұлы Ғайыпта. Сол әулетті көре алмай, Жоймақ болды жаулары. Аң аулап жүрген Ғайыпты астыртын олар өлтірді. Өштескен сол төрелер Хандыққа нұқсан келтірді». Кейінгі деректер бұл қастандықты кейін халық «қанішер Абылай» атап кеткен әйгілі сұл­танның (бұл Абылай хан емес) ұйымдастырғанын айтады. Қалмақ шабуылына ұшырау қарсаңында тұрған елде ханның қайтыс болуы халыққа үлкен қасірет әкелді. Әкесі Тәукенің жолын ұстанған Қайыптың көп арманы орындалмай, елі басшысыз қалды. Мұны пайдаланған қалмақ қазақ жеріне басып кірді. Ұйымдастырушысы жоқ ел қорғана алмай, «ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Енді қазақ бас хан сайламақ түгіл басымен қайғы болып кетті. Әр жүз өзінің ханы мен билерінің соңына ілесіп бас сауғалауға көшті. Осылайша тарих ауызбірлігі жоқ елдің тағдыры қасіретке ұрынатынын тағы да дәлелдеді.

Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның Орталық Азиядағы дәстүрлі

өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, профессор, ҰҒА Құрметті академигі

12017 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы