• Білім және ғылым
  • 22 Ақпан, 2009

ҚАЗАҚЫ МІНЕЗ

Журналист, ақын-жазушы, сазгер-драматург

Қ. Әлімқұлов туралы ой-толғау

       Кей адамды жыға танымасаң да есіміне қарап-ақ сырттай өзіңе жақын тұтып жүретін кездерің болады. Мен де сондай пенденің күйін кештім. Қадыр есімі – мен үшін өте қадірлі, өте қымбат. Себебі менің нағашы атамның есімі – Қадыр. Көзім көрген жоқ. «Ата» деп мойнына асылып, сақалын жұлып ойнап, кең құшағында асыр сала еркелеуді маңдайымызға жазбапты тағдыр. Ауырмай-сырқамай ұйқыға жатқан күйі өмірден озыпты жарықтық. Бірақ, артында ұрпақ қалып, аты ұмытылған жоқ, адамгершілік ісі бүгінгі дейін айтылып келеді. Кішкентайымнан атамның аты атала қалса, елең ете қалатынды шығардым. Нағашы атамның есімін иеленген азаматқа деген іштей құрмет осылай басталып еді.

            Алғаш мерзімді баспасөзден өлеңдерін, әңгімелерін оқып, кейіннен радиодан әндерін естіп жүрдім. Сөйтіп, белгілі журналист, қарымды қаламгер, арқалы ақын, талантты драматург, әуесқой сазгер Қадыр Әлімқұлов шығармашылығына дендеп ене бердім.

Бурыл шашты, мінезі салмақты, сөзден гөрі іске мығым, алып-қашпа әңгімелерден бойын аулақ ұстайтын, кісінің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын, жаны – бұлақ, көңілі – дархан, пейілі – жайлау ағамен елордада өтетін әдеби кештерде, кездесулерде, қызмет бабындағы жиындарда кездесіп қалып, қол беріп амандасудың өзін бақ санайтын едік. Жақындай алмаймыз. Етене әңгіме тиегін ағытуға именеміз. Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет істейтін ағамен арада көзге көрінбейтін перде тұрғандай болатын. Ол кезде министрлікте еңбек ететінмін. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасап, ақын-жазушылармен алуан кездесулер ұйымдастырып, ара-тұра өзім де қолға қалам алып, ойымдағыны қағазға түртіп қоятын әдетім болғандықтан, ондай кештерден мүмкіндігінше қалмауға тырысатынмын.

1999 жылдың 20-21 мамыры аралығында Астана қаласында Құдайберген Жұбановтың 100 жылдығына арналып, «Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алматыдан, еліміздің өзге де облыстарынан көптеген ірі-ірі ғалымдар, тіл мамандары, мемлекеттік атқарушы органдардың аударма және мемлекеттік тілді дамытуға байланысты бөлімдерінің бастықтары мен мамандары қатысты. Екі күнге созылған ғылыми конференция барысында сол уақыттағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ә. Кекілбайұлы, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры К. Хұсайын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшелері Ш. Сарыбаев, Р. Сыздық, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Ғылыми терминологиялық орталығының директоры Ө. Айтбайұлы, Тілдік даму стратегиясы орталығының директоры Б. Хасанұлы, т. б. мазмұнды баяндамалар жасап, өздерінің тәжірибелерін бөлісті. Терминология мәселесі, мемлекеттік тілді дамыту және келешекте атқарылар іс-шаралар жөніндегі талқылаулар секциялар бойынша жүргізілді.

Сол уақытта Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқаратын Қ. Әлімқұлов орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде іс жүргізудің барысы туралы баяндама жасады. Қадыр ағаның сондағы тағылымды да объективті, нақты деректерге негізделіп жасалған баяндамасы бәрімізге ерекше әсер қалдырды. Баяндамашы: «Баршаға мәлім, біз әзірге іс қағаздарын, негізінен орыс тілінен аударамыз. Еліміз егемендігін алып, бірінші Тіл туралы заң қабылданған уақыттан бері аудармашылардың арқасында атқарылып келе жатқан алғашқы кезең аяқталуы керек еді. Ендігі жерде құжаттардың басым бөлігін бірден мемлекеттік тілде дайындауға көшсек керек еді. Өкінішке орай, өзгенің өрнегіне өзеуреп, өзіміздікін өзекке теуіп келеміз? Неге?Несін жасырайық, негесі сол, нормативтік құқықтық актілерді бірден ана тілінде орындауға іс басындағы өз азаматтарымыз әзір емес. «Әзір емес» деген де жауырды жаба сипай айтылған сөз, дұрысы – басқаны былай қойып, қандастарымыздың өзінде құлық жоқ. Болмаса, ананың сүтімен даритын қастерлі дүниенің санаға сіңбеуі мүмкін бе?» деп ашына тіл қатқан еді.

Қадыр ағаның мемлекеттік қызметші, журналистерше айтқанда, бақандай бір шенеунік бола тұра, мемлекеттік тіл мәселесіне бей-жай қарай алмайтын өзіндік көзқарасын айқын сезіндік осы жолы. Әйтпесе деймін-ау, қай салада болсын қазақ тілін өгей тіл көріп, орысша сайрағанына дандайсып, кеуде керіп, масаттанып жүретін қандастарымыз аз емес қой. Олар қызметін ана тілінен де жақсы көретіні, жоғары қоятыны сондай Ата Заңымызда тайға таңба басқандай етіп белгіленген талаптарды орындауға келгенде азаматтық таныта қоймайтынын көргенде ерексіз қынжыласың. Сондайда Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз» деген жанайқайы көкейге оралады. Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, қазақ болып дүние есігін ашқан бауырларымыздың өз тілін өгейсіткен қылығын кешіре алмайсың. Өз басым Қадыр ағаның сол кездегі жан толғанысын осылай ұқтым, осы тұрғыда қабылдадым. Әйтпесе, ешкім бізге «мемлекеттік тілде жазба, сөйлеме» деп тыйым салып немесе қудалап отырған жоқ. Біз өз жерімізде, өз елімізде жүріп, туған тілімізді өгейсітіп отырмыз. Бұл – кешірілмес күнә.

Қазіргі кезде орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізетін өзге ұлт өкілдеріне үстемақы төленеді. Бүгінде Николай, Владимир, Александр, т. б.  өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге үлкен ынта танытып отыр. Ертең олар ортасынан озып шығып, қазақша білмейтін немесе білуге құлқы жоқ Базархан, Бекайдар, т.б. қандастарға бәсекелес болып шыға келетінін бүгіннен бағамдауға тиіспіз. Осы орайда, Елбасымыздың «Қазақтың қазақтығының басты белгісі – қазақша сөйлеуі» деген қанатты сөзін қайталамасқа лаж жоқ. Өйткені, «Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру» (Н. Назарбаев).

Ұлттық мақтаныш, ұлттық рух, ана тіліміз жайлы сөз болса, оның үлкен-кішісі жоқ деп қарайтын адамның бірі – біздің кейіпкеріміз. Көшеде қазақ баласы орысша сөйлеп бара жатса да, ана тілінде амандаспаса да, қазақ балаларының Абылайхан, Кенесары, Наурызбай, Райымбек сынды хас батырларымызды мақтан тұтудың орнына, адмирал Колчак, Ермак, т.б. империяшыл пиғылмен келіп, ата-баба жерін ойрандаған жатжұрттықтарды үлгі тұтуына да жаны күйіп, көңілі құлазып сала береді. Сөзім дәйексіз болмас үшін қаламгердің таяуда ел газеті – «Егеменде» жарияланған мақаласынан бір ғана мысал келтірейін:

«Жақында бір ағайын немересіне Пярамира деп ат қойыпты. Ат шаптырмаса да айды аспанға шығарған ас та төк шілдеханаға жиналған жұрт: «Эльмира, Гүлмира, тіпті Ратмир дегенді естіп едік, мынау бір қызық есім екен...» деп дал болып тұрса, той иесі оның мәнісін мақтанышпен масаттана тұрып:

– Бұл «пятьдесят развитых стран мира» деген сөздерден құралған, - деп түсіндіріпті.

«Әттеген-ай, одан да «іргелі елу ел» деген қазақша баламасына қарап «Іргел» қоя салмады ма екен» деп қынжылдық («Егемен Қазақстан», 27 желтоқсан 2008 жыл)», - деп күрсінеді автор.

Сөз құдыретін, оқырман қауымның талап-талғамын айқын аңғаратындықтан да Қ. Әлімқұлов әр жанрда еркін көсіледі. Айтылар ойдың ыңғайына қарай бірде проза, бірде драма, тіпті бірде БАҚ-тардағы көсемсөз түрінде шабыттанады. Әрі ол кітаптарының шығуын күтіп, ширығып жүре бермейді, мерзімді баспасөз беттерінде де кеңінен көрініп тұрады. Мәселен, жұртшылық тарапынан жылы қабылданған «Қарғатайым» атты хикаяты мен ұлт зиялылары мен бас көтерер күрескерлерін қынадай қырып, «халық жауы» атандырған кешегі күнгі зұлмат саясат туралы «Күрсініс көмген көкжөтел» әңгімесі «Жұлдыз» журналында, туған жердің табиғаты мен асқақ арман арқалаған азаматтың шалқар сезімі туралы «Әулие ағаштың әдемі әуезі» атты мөлтек әңгімесі «Жетісу» газетінде, өлеңдер топтамасы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Алтын бесік», «Парасат» журналдарында, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков туралы поэмасы «Жас Алашта», адамгершілік қасиет пен ұлттық рухты уағыздайтын тәмсілдері республикалық «Нұр-Астана», «Айқара» газеттерінде, тәуелсіздік пен тіл төңірегіндегі мазмұнды да мәнді ой-тұжырымдары «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газеттерінде жарияланды.

Уақыт ағымына қарай қалам тарту, замана толғанысын дөп басу, замандастарға дер кезінде асқақ рухта үн қату – қаламы жүйрік, ойы ұшқыр жазушының абзал міндеті екені шүбәсіз. Осы орайда:

«Тағы бір тың дастанды баста, дала,

Сен алатын асулар асқарала.

Асқарала атажұрт – Алатаудан,

Келдім көшіп Арқаға, Астанаға» деп бастап,

«Бұл да бір ғасырлардың ертегісі,

Мәнісін түсінбейді келте кісі.

Немеремді орадым ақ боранға,

Қасиетті қазақтың ертеңі үшін!» деп аяқталатын ұлы көшке арнаған алғашқы жақұт жырды Қ. Әлімқұлов жазды.

Қазір жыр сүйер қауым кездесе қалған жерде Қадыр ағамызға әзіл-шыны аралас «Ақ боранға оранған немерелер аман-есен өсіп жатыр ма?» деп жөн сұрасатын болған.

Әдебиет сүйер қауым кезінде оқи алмады ма, болмаса басқа да беймәлім себебі бар ма, кім білсін, елорданы ауыстыруға байланысты, Астананың мемлекетіміздің жүрек қаласына айналуына арналған алғашқы көлемді шығармасы бүгінге дейін байыпты бағасын алмады. Қаламгердің бұл хикаяты ақ өлеңмен жазылған көркем туынды десек, артық айтпағанымыз. Оқи бастасаң-ақ тынысың ашылып, жан-дүниең ғажайып бір күйге түсіп, тылсым сезім құшағына еніп кеткеніңізді білмей де қаласыз. «...Сұлу қыздың құлағындағы айшықты алтын сырғаның сырлы да сиқыр сыңғырындай әсем әуезімен әлдилейтін назды Есіл; – деп толғанады қаламгер, – «ағыны біліне бермес ауқымды арнасы арудың ақ білегіндей Астананың ақшаңқан мойнына асылған назды Есіл; күндіз керімсал кәусарымен көкірегіңді кеңейтіп, кешқұрым күміс күлкісімен көңіл көкжиегін күмбірлі күйге бөлейтін ерке Есіл; көк күмбезіне қол созған көп қабатты үкілі үйлердің сансыз терезелерінен түскен түрлі түсті саумал сәулелерден алқа таққан сылқым Есіл; сезімнің сыңарындай, арманның мұнарындай, жаныңның құмарындай, тарихтың тұмарындай, айна беті албыраған ақжарылқап Есіл де бүгін біртүрлі – бұйығы тартып, бұртия қалғандай көрінген. Тоқ бұрымдай толыса бұратылғанымен, тамылжи тербеліп, телегей тебіреніп, алқына аққанымен толыққанды тынысы сезілмейтіндей; түңлігі түрілмеген түйсікке әдеттегідей әсер етпеді» деп келетін соны образбен өрілген, мазмұнды да мағыналы, кесек те көркем хикаят әділ сыншысын күтулі. 

Ол қай тақырыпқа қалам тербесе де өзінше толғанып, өзінше тебіренеді. Өзінше қуанып, өзінше күйінеді. Мысалы, ақын «Отан» атты өлеңінде тәуелсіз елін жырға қосады.

Тәуелсізбін!

Көңілім де тоқ менің,

Жаным – жалын,

Көкірегім шоқ менің.

Қазақстан – жалғыз панам,

Отаным,

Барар қауым,

Басар тауым жоқ менің!..

            Дегенмен, тәуелсіздік алу бар да, оны көздің қарашығындай сақтай білу бар. Міне, ақын жүрегі сол бір қасиетті ата-бабалар аманатына қамқор болуды, ол үшін ең алдымен алтыбақан алауыздық емес, ағайын арасында ауызбіршілік керектігін дәріптеп, бірлікшіл болуға үндейді. Оған мына жырлары айқын дәлел:

            Құлақ қойғын бір-біріңнің сөзіңе,

            Мына уақыт жіктесудің кезі ме?!

            Тұсауыңды кесіп берген Жаратқан,

            Тағдырыңды тапсырды енді

Өзіңе!

            ...Адамды тұрмыс билеп, нарық ерттеп мінген, әдеби құндылықтар елеусіз қала бастаған бүгінгі кездері өмірлік мамандығына адалдығын сақтап, шығармашылығын серік еткен қаламгерлер некен-саяқ. Арамызда жаны сірі, алған бетінен қайтпайтын, өмірлік қөзқарасын оңайшылықпен өзгерте салмайтын адамдар аз емес, құдайға шүкір, жетерлік. Солардың бірі – қаламгер Қ. Әлімқұлов.

Әсілі, қазақы мінезді Қ. Әлімқұловтың адами болмыс-бітіміне дән разы болып, өзіне жақын тартып, жүректі жылы әсерге бөлейтін әндеріне елти түскен Шығыстың Шерханы, оның «Жан тұңғиығындағы жауһарлар» атты алғашқы жыр кітабына жазған алғысөзінде: «Ақын Қадыр Әлімқұлов та өзін сонша жария етпей, мен ақынмын деп өңмеңдемей-ақ талай-талай өлеңдер, дастандар жазыпты. Кітап етіп бастырып та жарытпаған. Ол ақындығымен қоса көкірек кернеген көңіл тебіренісін сағынышты әуенге айналдырады. Радиодан, теледидардан текірек қаққан әндерді жиі естимін. Есімде қалмайды. Ал, Қадыр Әлімқұловтың әні кеудемде күмбірлеп, өзімнен өзім ыңылдап отырғанымды байқамай қаламын» деп ағынан жарылады.

Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген тамаша мақал бар. Осынау қанатты сөз Қадыр ағаға қаратып айтылғандай-ау. Оны білетіндер өн-бойынан сан қырды табатыны шүбәсіз. Өзі – журналист, өзі – жазушы, өзі – драматург, өзі – сазгер, өзі – тамаша орындаушы. Сонымен қатар, ол – елін-жерін елжірей сүйетін, Отанын ардақ тұтатын, әріптестеріне сыйлы, ортасына абыройлы, жұмысына мығым – мемлекеттік қызметші.

Мемлекеттік қызметте жүріп, шығармашылықпен өндірте айналысып, әдебиетімізді дамытуға соқталы туындылары арқылы үлес жүрген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбайұлынан бастап, өз кезегінде халық қалаулылары болған Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, белгілі жазушылар Төлен Әбдікұлы, Әлібек Асқар, Кеңес Юсуп, Мәди Айымбетов, Уәлихан Қалижанұлы, Алдан Смайыл, орта буын өкілдерінен Рақымжан Отарбаев, Жолтай Әлмашұлы, Төрегелді Тұяқбайұлы, Мәди Қайыңбаев, Әкім Ысқақ, жастардан Айбатыр Сейтақ, т. б. біздің мақтанышымыз. Олардың қай-қайсысы да әлі күнге шығармашылықпен табысты айналысып келеді. Осынау аз ғана шоғырдың арасында өз үні, өз жолы бар қаламгер – Қ. Әлімқұлов.

Мақсатты еңбек, төгілген маңдай тер нәтижесіз емес. Сонау жылы Шерағаң батасын бергеннен бергі уақытта «Тәуелсіздік», «Ғашықтық ғұмыр» атты жыр кітаптары жарық көрді. Драматургияға да қалам тартты. «Жүгініс түні жеткенде» көп актілі трагедия, «Пярамира» атты қазіргі күн тақырыбына арналған этнодрама жазылды.  «Сүзге сұлу» атты поэтикалық драмасы (М. Қайыңбаевпен бірлесіп жазған) ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнап Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген республикалық жабық бәйгеде 1-орынға ие болды. Осы бәйгеде «Тәуелсіздік» атты поэмасы ынталандыру сыйлығын алды. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, Шерағаңның жанын тербеген әндерінің өзі бір төбе. Мәтіні мен сазын шығарған 50-ге жуық әні бар, оның ішінде, Т. Айбергенов, Қ. Мырзалиев, М. Шаханов, Е. Ібітанов сөздеріне де әуендер жазылды. Шығармашылық адамы үшін мұның бәрі үлкен қажырлықты, үлкен талапты және үлкен еңбекті қажет етеді. «Әннің де озығы бар, тозығы бар» демекші, Қ. Әлімқұловтың әндерін, тегінде өнерсүйер қауым жылы қабылдап жүр. Былтыр Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған халықаралық әндер конкурсында сазгердің «Нұр-Астана» әнінің бағы жанып, жүлделі орынға ие болды. Үлкен сахнада орындалды.           

Біз жоғарыда кейіпкеріміздің сегіз қырына тоқталсақ, тағы бір сыры –  үлкен жүректі азамат екендігі. Абай айтқандай, алдымен ақын емес, азамат бола білген, көрші-қолаңға жұғымды жан, үлкенге ізетті іні, кішіге ақылшы аға, замандасқа жайсаң дос. Бүгінде Қарлыға жеңгей екеуі үш ұлдан, үш келін түсіріп, бес немере сүйген бақытты отбасы.

Қазақтың қамын күйттеген, қазақы мінезді Қадыр Әлімқұловтың еліміздің мәдениеті мен әдебиетін дамытуға сіңірген ұзақ жылғы шығармашылық қызметі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

 Қазақтың біртуар жазушысы Шерхан Мұртазаның «Алпыс – тал түс» деген тәмсілін білмейтін қазақ жоқ бүгінде. Біздің кейіпкеріміз өмірінің тал түсіне, мамыражай шағына енді ғана қадам басып отыр.

Құдай қосса,

Әлі-дағы,

Тататын дәм-тұзым бар.

Шүкіршілік,

Өтсем де ағып,

Артта қалған ізім бар! – деп жазыпты бір өлеңінде ақын аға.

Иә, ақынның артында қаларлықтай ізі бар, ол – оқырманын тапқан кітаптары, ол – өзіндік өмір жолы, ол – балалары мен немерелері. Алайда, «өтсем де ағып» деуге әлі ертерек, Алла ғұмыр берсін, тағы да бір «тал-түсін» жазсын дегіміз келеді шын пейілмен азамат ақынға. Шығармашылық жолы да, ғұмыр жолы да ұзағынан болғай.

 

Нұрлан ҚАЛҚА

 АСТАНА   

                                    

4203 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы