• Тіл
  • 29 Шілде, 2015

Ұстаз атына лайық жан

Өткен жылдың желтоқсан айы болатын. Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында өңірдегі белгілі тұлғаларға арналған үлкен салтанат болды. Жүргізуші жігіт пен қыз бір уақытта «Сахнаға Қостанай облыстық меценаттар клубы «Білім» аталымы бойынша лауреаты Пиалаш Сүйінкина шақырылады» деп хабарлады. Бір кезде көзілдірікті қазақ қызы орнынан тұрып, жүргізушілердің жанына жақындады. Әрине, оның жүзінде аздап толқу да бар еді. Себебі ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет атқарған ұлағатты ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, оған тұңғыш рет қомақты ақшалай сыйлықты айғақтайтын сертификат тапсырылмақ.   Ол төмен түскен соң барша жиналған қауым шын ниеттерімен құттықтап жатты. Пиалаш шынымен де осындай құрметке әбден лайықты болатын. Бұл күндері оны өзі туып-өскен өңірі ғана емес, барша Қазақстан халқы жақсы біледі. Өйткені дарынды ұстаз талай байқаулар мен конференцияларда мазмұнды баяндама жасап, өзінің біліктілігі мен білігін көрсетіп жүр. Ұлағатты ұстаз Пиалаш Сүйінкинаны біздің журналистер қауымы да құрметтейді. Өйткені қолы бос кездері өзін толғандырып жүрген мәселелер жайлы қалам тартады. Әсіресе, білім саласындағы толғақты жайларды, ұлы тұлғалар Ыбырай Алтынсарин, Манаш Қозыбаев жөніндегі жазғандары кейінгі інілеріміз бен қарындастарымызға да қай жағынан болсын ғибрат екендігі даусыз. Көп жай ұстаздарға байланысты деп босқа айтпаймыз. Әлгіндей мұғалімдердің ой-өрісінің биіктігінің арқасында бұлар білім ордасының қабырғасында жүргенде жан-жақты болып қалыптасты. Табиғаттың сұлулығын зерделеріне тоқыды. Әсемдікке өте іңкәр болып өсті. Осы жаны жайсаң кісілер жайлы айтқанда замандасымыз, сонау бір жылдары өзіне орыс тілі және қазақ тілінен дәріс берген Қыпшақ Смағұлов пен Ислам Балахметовтерді ғұмыр бойы үлгі тұтып келеді. Ислам демекші, ол ұзақ жылдар бойы облыстың бас имамы болып қызмет атқарған Ертай қажының әкесі. Осы Ертайдың өзі Пиалаш апасынан кезінде дәріс алған. Ол өте ізденімпаз, мәдениетті, өркениетке ұмтылған ардақты жан. Қостанайдан білім іздеп, Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына студент болып қабылданғанда бойын ерекше қуаныш билеген-ді. Осы жоғары оқу орнында қазақтың көрнекті ғалымдары Зәки Ахметов пен Күләш Құнантаевалардан тағылым алды. Институтты аяқтаған соң, бірден еңбек жолын өзі түлегі болып табылатын Наурызым орта мектебінде орыс тілінен сабақ беруден бастады. Сол 1974-1975 оқу жылы аяқталғанда адал еңбегі және кәсібіне деген шексіз құштарлығының арқасында «Социалистік жарыс екпіндісі» төсбелгісіне ие болды. Жалпы, ол кезінде мектепте де өте жақсы оқыды. Өз бетінше ізденбей адам баласы көздеген мақсатына жете алмайтындығын айқын сезінді. Ауылда өскен қазақтың қызы қалайда орыс тілін жетік меңгеріп шығуды үлкен міндет етіп қойды. Әкесі қызының қабілетін байқап, бұған екі томдық орысша-қазақша сөздік тауып бергені әлі күнге дейін есінен кетпейді. Облысымыздағы таңдаулы ұстаз­дардың қатарынан саналатын Пиалаш Сүйінкина егер ғылымға шындап ден қойса, докторлық диссертациясын баяғыда-ақ қорғап алар ма еді деген ойға да қалатынымызды жасырмаймыз. Өйткені оның әрбір еңбегі кейбір монографияларға бергісіз. Осы кезге дейін 300-ге тарта мақаласы жарық көріпті. Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге арналған танымдық дүниелерінің өзі 20-дан асады. Бүгінде «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» деп аталатын республикалық ғылыми-педагогикалық ақылдастар алқасының мүшесі. Кейіпкерім әлемдегі, еліміздегі болып жатқан игі өзгерістер мен жаңалықтарға үнемі көңіл бөліп отырады. Облыстағы барлық руханият саласында жүрген азаматтармен сыйласады. Олардың мерейтойларында өзінің шынайы құттықтауын білдіреді. Үстіміздегі жылы 70 жасқа толып отырған көрнекті ақын Серікбай Оспановтың таяуда ғана «Балауса» байқауында Бас жүлдеге ие болуына байланысты бір қарындасы ретінде ыстық ықыласын білдірді. Ең бастысы, Пиалаш өз ана тілінің шын мәніндегі жанашыры. Туған тіліне менсінбей қарайтын азаматтарға намыстарына тимейтіндей етіп пікірін білдіреді. Әрине, ондай шындықты біреу қабылдайды, енді біреуі өзінше ренжіп жатады. Дегенмен де, мемлкеттік тілдің мәртебесі үшін ұлағатты ұстаз әрқашанда шындықты жасырмай, бетке айтып салады. Осындай әділдігі, шыншылдықты сүйетіндігі үшін де көптеген замандастары оған үлкен құрметпен қарайды. Күнделікті қызметінде ұлы педагог­тардың ұлағатты сөздеріне сүйенеді. Әсіресе, «Қалын мал» романының авторы, педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің өшпес мұраларынан көп тағылым алады. Бүгінгі таңда мұғалім мәртебесі жайлы да жиі әңгіме болатындығы да ақиқат. Замандасымыз «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген қағидаға толық қосылады. Өзі әріптестеріне жұртшылық тарапынан абырой мен бедел, әсіресе, білім-білік, кәсіби шеберлік арқылы келтіндігін жасырмайды. Сондықтан мұндай мамандық иелері ғұмыр бойы тыным таппай ізденіп өтуі қажет деп есептейді. Мұғалім шәкірттеріне қай жағынан болсын өнеге көрсетуі қажет емес пе? Ол «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Ұлт мақтанышы», «Жарқын бейне», «Сөнбес сәуле», «Келбет» секілді танымдық-тәрбиелік маңызы зор бағдарламаларынсыз бүгінгі ұстазды көз алдына елестете алмайды. Сондай-ақ шәкірттерінің өмірде биік нәтижелерге жетуі – ұстаз үшін қашан да үлкен мәртебе. Өзінің алдынан тәлім алған Е.Некрасова, М.Брунихина, Л.Ходжахметова, Л.Нұрадинова, М.Нұртазаева секілді оқушылары ұстаз еңбегін ақтады. Олар ұдайы ізденістің арқасында облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орынға ие болғанда мұның төбесі көкке жеткендей күй кешті. Бедел қашанда адал еңбекпен келеді. Кәсіптік білім беру саласында қызмет етіп келе жатқанына 20 жылдан асты. Осы кезең ішінде «Үздік сабақ – 2005», «Үздік кәсіптік қазақ тілі оқулығы» республикалық байқауларында 1 және 3-орынды иеленіп, 300 мың теңге грантқа ие болды. Оқулық және әдістемелік оқу-құралдарын жазуда да еліміздегі барша әріптестеріне өнеге. Мәселен, ол бірге қызмет атқаратын Б.Нұрымова екеуі «Кәсіптік қазақ тілі» деп аталатын оқу құралын жазған еді. Ол осыдан алты жыл бұрын Астана қаласында жарық көрді. Сонымен қатар «Омоним қосымшалары» деп аталатын оқу-әдістемелік құралын сәтті қорғап, арнайы куәлік алды. Еліміздегі тіл жанашырлары Асылы Осман, Розақұл Халмұрадов, Максим Рожин, Мая Веронская, У.Фиерман сынды тұлғалар жөнінде кітап құрастырды. Өзі қызмет атқаратын колледждің 75 жылдығына орай фотоальбом шығаруды да жоспарлап отыр. Міне, біздің Пиалаш Сүйінкина осындай еңбекқор ұстаз.

Оразалы Жақсанов

3711 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы