• Әдебиет
  • 10 Қыркүйек, 2015

СЫР БОЙЫНДАҒЫ ШАЙҚАС

1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға­ның қайтыс болуы Қазақ хандығының одан әрі күшеюіне жол ашты. Өйткені Моғолстан ханының өлімі мемлекеттегі ішкі феодалдық қырқыс пен ­Амасанжы Тайшы бастаған ойраттардың шабуы­лына алып келіп, мемлекеттің шаңы­ра­ғын шайқалтты. Сондай-ақ 1468 жы­лы Әбілхайырдың жол үстінде қаза та­буы да жаңадан құрылған Қазақ хандығы нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті. Әсіресе, Әбілхайыр ұрпақтарының билік үшін өзара талас-тартысы биліктің әлсіреуіне әкеп соғып, мемлекеттегі тайпалардың жаппай Қазақ хандығына қосылуына ықпал жасады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: «...Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін Өзбек ұлысының шаңы­рағы шайқалды; (онда) ірі-ірі шиеленістер басталды. Үлкен бөлігі (оның қол астындағылардың) Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне (жиналған адамдардың) саны екі жүз мыңға жетті. Оларды өзбектер – «қазақтар» деп атады».

Яғни Әбілхайыр хандығынан көшіп келген тайпалардан едәуір әскери күш жинаған Керей мен Жәнібек Әбілхайыр хандығы мен Моғолстанның құлдырауын пайдалана отырып, Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Жетісуді мекендеген көшпелі тайпаларды біріктіру жолындағы күреске емін-еркін араласып кетеді. Осыған байланысты Қазақ хандары алдарына стратегиялық үш міндетті шешуге тырысты. Оның біріншісі Дешті-Қыпшақта ерте кезден қалыптасқан мал жайылымдарын пайдаланудың тәртібін қалпына келтіру, екіншісі Сыр бойындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы (Түркістан) және тағы басқа да қалаларының үстінен өтетін сауда керуен жолдарын өздеріне карату, үшіншісі ортақ бір тілде сөйлейтін көшпелі тайпалардың басын қосып, тұтас этникалық аймақты қалыптастырудан тұрды. Осындай стратегиялық мәселелерді шешуде Қазақ хандығына Сырдария бойындағы қалаларды қарату ерекше маңызды еді. Бірақ Сыр бойындағы қалалар үшін Қазақ хандығына қарсы Әбілхайырдың ұлы Шайх-хайдар және немерелері Мұхаммед ­Шайбани мен Махмұд сұлтан тайталасқа түсіп, сол кездегі Қазақ хандарының бас­ты қарсыластарына айналады. Сондықтан Қазақ хандары шайбанидтерге төтеп беру үшін Жошының басқа ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд хан, Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан және Ноғай мырзалармен одақтасуға ұмтылады. Нәтижесінде Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханның қолынан қаза тапса, Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханға қашып барып паналайды. Алайда Мұхаммед Шайбани Астрахан қоршауын бұзып шығады да Дешті-Қыпшақтағы тайпалардың бір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға келіп, Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, Мұхаммед Мәзит Тарханнан Түркістан өлкесін тартып алады. Оның қол астына Самарқан, Бұхара сияқты үлкен қалалар өтеді. Осылайша Мұхаммед Шайбани жағдайын нығайтқан соң қарсы күресін қайта жалғастырды. Нәтижесінде Сыр бойындағы қалалар үшін соғыстар отыз жылдан астам уақытқа созылып, жеңістер мен жеңілістер жауласушы екі жақтың да үлесіне тиіп отырды. Мәселен, 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей Түркістанға ­шабуыл жасаса, Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын, оның інісі Еренжі Сауранды басып алады. Осылайша Сыр бойындағы маңызды қалалардың бірі – Созақ және Сау­ран қалалары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Алайда екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйену арқылы Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын өзіне қаратудың сәті түседі. Бірақ Бұрындық және Махмұд сұлтандар басқарған қазақтың әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде Созақ пен Сығанақ аралығында Мұхаммед Шайбани әскерлерін талқандап, Сығанақ қаласын қайтарып алды да, Мұхаммед Шайбаниды Маңғыстауға қашуға мәжбүрлейді. Дегенмен, Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін таққа отырған Бұрындық хан (1480-1511 ж.ж.) тұсында да тоқтамайды. Осы кезде Сыр бойын­дағы қалаларды ­иелену жолындағы күреске Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд араласады. Мұхаммед Шайбани болса Моғолстан ханына болысып, оның қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алады. Үш жыл бойы соғысқан Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қауымның қысымына төтеп бере алмай, 1486 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды. 1482-1485 жылдары Моғолстан ханы Жүніс Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Моғолстан билеушілері Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы Қазақ хандығымен одақтасты. ХV ғасырдың аяғында Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Отырар қаласын басып алып, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Сонымен қатар Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яссы қалаларын басып алды. Бұл жорыққа жауап ретінде Бұрындық хан шұғыл түрде әскер жинап, Сығанақ каласын қоршауға алады. Көп кешікпей қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне бекіністің қақпасын ашып береді де Сығанақ қайтадан қазақтардың қолына өтеді. Сауран қаласының халқы да қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Шайбанидың қаланы билеуге қалдырған туыстарын ұстап алып, Бұрындық ханға беріледі. Бұдан соң қазақтар Түркістан мен Аркөк қалаларын қоршап оны да басып алады. Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы Созақ қаласына бағыт алады. Созақ қаласының тұрғындары Бұрындыққа көмек береді, қала қазақтардың қолына көшті. Көп ұзамай Сауран да Бұрындық ханның қолына түсті. Ал Отырарды қоршау 90-жылдардың соңында Мұхаммед Шайбани мен Бұрындық ханның өзара бітім жасасуымен аяқталды. XV ғ. аяқталар тұсындағы күрестің қорытындысы – Қазақ хандығы құрамына Созақ, Сығанақ, Сауран қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі болды, Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі. Далада билік жасау үшін күресуге Мұхаммед Шайбанидің нақты күші болмады. Іс жүзінде ол тек Сырдария маңындағы жерлер үшін күресумен шектелуге мәжбүр болды. Ал Қазақ хандығы болса өзінің ең жоғары қуаттылығына XVI ғ. бірінші ширегінде Қасым хан (1511-1521 жж.) тұсында жетті. Мұхаммед Шайбани жорықта­рының біріне (1509 ж.) қатысушы Фазлаллах ибн Рузбехан Исфахани тоналған Жаныс сұлтан ұлысынан басып алынған олжаның соншалықты мол әрі әртүрлі болғанын хабарлаған. Сол жылы үй аспаптарымен, жи­һаз­дарымен, киім-кешекпен, әртүрлі тауарлармен бірге, көліктерге тиелген оң мыңнан астам қазақ киіз үйлері, «санына есеп жетпейтін» мініс заттары, сиырлар, түйелер, қойлар алынған екен. Бұл мәліметтер қазақтардың тек экономикалық жағынан қуаттылығы туралы ғана емес, сонымен бірге толассыз соғыстардың оларға келтірген зор шығындары туралы да ой жүгіртуге мүмкіндік берсе керек. Шайбанидың қарсы жорығы нәтижесінде оған қазақ әскерлерінің Түркістан алқабы сыртына қарай уақытша ысырып тастаудың сәті түскен еді. 1510 жылы Мұхаммед Шайбани Сығанаққа қайтадан келді, бірақ Қасым әскерлері оларды талқандап, тірі қалғандары Самарқандқа қашты. Қасым ханның тұсында қазақ­тардың саны миллион адамға жеткен. Оның билік ету уақытында Қазақ мемлекеті туралы батыс елдері де білді. Таныды. Қасым хан Ұлы князь ІІІ Василий (1505-1533 жж.) кезіндегі Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық қатынаста болды. Мәскеуге бірнеше рет келген (1517 ж., 1526 ж.) Австрия дипломаты Сегизмунд Герберштейн өзінің дипломатиялық жазбаларында Қазақ хандығы туралы айтқан. Қасым хан кезінде Қазақ хандығы біраз күшейді. Мұхаммед Хайдар Дулати ол туралы: «қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» деп жазды. Жалпы алғанда Мұхаммед Шайбани ханның Дешті-Қыпшақтан ығысып барып Мәуереннахрды жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп келген Мауреннахрға келген көшпелі тайпалар бірте-бірте отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы өзгешеліктерінен айырылды. Сонымен қатар бұл тарихи үрдіс бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын біріктіруге, қазақтың этникалық аумағын анықтауға, сонау 6-7-ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырап, «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналса, «өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орталық Азияда ғана қолданылатын болды. Сондай-ақ қазақ хандарының Сырдария алқаптарының бір бөлігін қосып алуы қазақ хандарының елді тұтас біріктіру жолында табысқа жетуінің кілтіне айналды. XV ғ. аяғында мемлекеттердің әуел бастағы шекаралары кеңейе түсті. Оған Батыс Жетісумен, Оңтүстік Қазақстандағы жоғарыда көрсетілген қалалармен бірге далалық өңірлерімен Қаратау аймағы, Сырдария мен Солтүстік Арал алқаптары, Орталық Қазақстанның едәуір бөлігі енді.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор

7453 рет

көрсетілді

146

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы