• Қоғам
  • 22 Ақпан, 2009

Жұмыссыздармен өткен жеті күн

Жаһанды жалмаған дағдарыс күшіне еніп, әлемді жұмыссыздықпен бопсалап жатыр. Жұлыны үзілмес «хас жауынгер» капитализм жырына нүкте қойдырар сыңайы жоқ. Жарғақ құлағы жастыққа тимей нәпақа іздеп “нардан құлағандар” саны күн санап артып жатыр. Ал, ғалымдар әлемдік экономика сырқатының екінші кезеңіне балаған індет оңтүстік астананы қаншалықты шарпып отыр? Ендеше жұмыссыздармен үзеңгілес, мүдделес болған бір апта біраз жайттан сіздерді хабардар етер.

03.02.2009

Жасырып қайтейін, маған табанымыздың астында әлі күнге дейін социализм жатқандай болып көрінетін-ді. Жаңылысыппын, жаһанды билеген нарық елімізге де “билеп” еніп келеді. Капитализмде бір аяғымызды бүгіп, екінші аяғымызбен теңселген қайран да қайран қалпымыз-ай. Әлемдік дағдарыс желі қай жаққа соқса, сол жаққа қисайған халіміз бар. Бүгін сол мұхиттың аласапыран дауылының астында қалғандар арасына бармаққа шешім жасадым. Байқасам, ол жақта құлақ тұнғандай үнсізсіздік, ал көк экран сайрап жатыр: «Жұмыссыздардың көбеюіне жол бермеу керек!».  

04.02.2009

Алдымен жұмыссыз болсам қайда барар едім деген ой мазалады. Сосын мемлекеттік мекемелерден бастауға бел будым. Әрі журналист емес, жұмыссыз ретінде жолығып көрейін. 09 қызметінен қала бойынша Жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік бағдарламалар Департаментінің нөмірін алдым.

─Алло, сәлеметсіздер ме? Алло, алло!

─ Айта беріңіз!

─ Жұмыссыз қалып едім...

─ Қай жерде тіркелгенсіз?

─ Әуезов ауданында

─ 3-ші ықшам ауданы, 41а, 76-76-40, 76-50-56. «Абая Саинада». Біз қала бойынша «координировать» етеміз. Сонда хабарласыңыз...

Мемлекеттік мекеменің аптаның төрт күнінде әрі кешкі төртке дейін ғана жұмыс істейтінін ескеріп, асығып-үсігіп жинала бастадым. Далада жаңбырлы қар жауып тұр. Айнала тұманды. Үшінші ықшам ауданды іздеп жүрмін. Әне бір үйден кір толы легенін екі жақтап көтерген келіншек пен қыз бала көрінді.

─ Қырық бірінші үйді...

─ «Скажите по русский!» ─ деп шытынаған ақпанда шытынады жас қыз. Көзім жол шетіндегі балалы келіншекке түсті. Ол жәрдемақы алуға бара жатқандығын айтып, жол бастады. Көнерген ғимарат.  Табалдырықтан бір-екі метр жерде ту түстес темір тордың айқара ашылған есігі. Жөн сілтер жан жоқ. Ұзыннан ұзақ қараңғы дәліздер. Үміт екінші қабатқа ертіп барды. Баспалдақпен асығыс көтеріліп, оң жаққа бұрылдым. Қабырғадағы стендке көзім түсті. «Жұмыспен қамту орталығына тіркелу үшін қажетті құжатар тізімі» . Есік маңындағы ескі орындықтар әзірге бос тұр. Үзіліс кезі болатын. Қасыма егде жастағы ер адам келіп отырды.

─ Жұмыс іздеп жүр ме едіңіз?

─ Жо-ға, зейнетақы алуға қажет құжаттарды реттеп жүр едім. Кезінде ауданда құрылыс саласын басқардым. Нарық келгенде жеке ісімді ашқанмын. Құрылыс фирмам бар. Жақында қаржыгер мамандығын бітірген кіші ұлыма өткізіп бердім.

─ Өзің ше?

─ Мен... жұмыс іздеп жүрмін. Өтірігім бетіме шығып, қызарып кеттім.

- Е-е-е, қазіргі жастарға қиын. Біздің кезімізде бітірген соң «направление» беретін. Жақсы оқитындарға аспирантура ұсынылатын. Егер басқа жаққа көшіп барсаң, қолыңа бірден екі айлық жалақың, егер әйелің болса, оған тағы елу пайыз қосып беруші еді.

Орнымнан көтеріліп, №4 бөлмеге басымды сұқтым. Үстелде бір-біріне қарама-қарсы жайғасқан екі адам отыр. «Что хотели?» деді орыс келіншек. Орта жастағы қара торы ер адамға мойнымды бұрдым.

─ Сәлеметсіз бе? Сіздерге тіркелейін деп едім.

─ Қажет құжаттар сыртта жазылып тұр. Жетінші бөлмеге жолығыңыз, ─ деп жай-жапсарын түсіндіріп жатыр.

№7 бөлменің алдында үш-төрт адам жиналып қалыпты. Кезекке тұрысымен, жұмыссыздар жайын өз ауыздарынан естігім келіп,  отырғандардан әр нәрсені сұрай бастадым.  Байқасам, көпшілігінің мұнда тіркелгендеріне біраз болыпты. Жетінші бөлмедегі қызметкер жеті-сегіз бос орындар тізімі тіркелген папканы берді де, қайта кіріп кетті. Олардың бірін арғы бетте отырған орта жастағы әйел сұратты. Көз жүгіртті де екіншісін беруімді өтінді. Осы сәтті пайдаланып, қасындағы бос орынға жайғастым.

─ Жұмыссыздар қатарында тіркеліп пе едіңіз?

─ Иә, бүгін белгіленуге келгенмін.

─ Ақша береді деп естіп едім.

─ Тоқсан сегізінші жылдан бастап тіркеудемін. Міне, он жыл болды. Не жұмыс, не әлеуметтік көмекке ілікпедім. Ал мен ана ретінде екі баланы өсіріп, оқыттым. Екеуі де Отанына қызмет етіп жатыр. Бірі – офицер, екіншісі – мұғалім. Барахолкада он бес жыл суықта тұрып көр! Әзірге барлығымыз бір мекенжайда тіркелгендіктен, ұлым мен қызымның жылдық еңбекақысын есептеп, ортаға бөлді. Жан басына 6 мыңнан асса, әлеуметтік жәрдемақыдан қағыласың. Еттің бағасы 600 теңгеден жоғары, жеміс-жидек те қымбат. Екі баламның да өз отбасы бар, оларға ауыртпалық тартқызғым келмейді. «Қанша жылда табылмаған жұмысты, енді дағдарыста тіптен таппайсыз» дейді балам қалжыңдап. Компания президенттерінің барлығы шетінен өрімдей, жап-жас балалар.  Бәрі де «Жасыңыз келмейді», ─ деп шығарып салады. Қырық бестен асқан соң еш жер жұмысқа алмайтын қандай заң ол? Не зейнетақы аларлық жасқа келген жоқпыз. Жұмыс берушінің құқығы бар, ал жұмысшыны ойлаған ешкім жоқ. Жер мен көктің арасында қалықтап жүргеніміз. Мен ғана емес, халықтың жартысы бос жүр. Біз жұмыс істеп, мемлекетке өз пайдамызды келтіргіміз келеді. Тіркейді, бірақ не жұмыс, не жәрдемақы жоқ. Бос орындар журналын қолыңа ұстатады да қояды. Жұмыс берушіден сұрастырып, артыңнан іздеген жан жоқ”, - деп Маржан апай даурығып жеткізіп жатыр. Арамызға отыз бестер шамасындағы келіншек келіп қосылды. “Әлеуметтік көмек тағайындаған соң, үш ай сайын қайта құжат тапсырып отырасың. Көп қабатты пәтерде тұратының белгілі бола тұра, әкімдіктен тауығым жоқ деген анықтама тасимыз. Қаңтарда келсеңіз ғой, кезектің көкесін көрер едіңіз. Түстен кейін үш адам, түстен кейін үш адам қабылдап, әй, кергіді-ай бір” деп ол егде әйелдей емес, сыбырлап жеткізіп жатыр. Сол көмектен де айрылып қалмайын деп отыр-ау шамасы.

Жетінші бөлмеден жылдам шықтым. Мемлекеттің әлеуметтік көмегіне көз салып отырған мен жоқ. Әрі кейін қажет болып қалса деп нағашымның үйіне тіркелгенмін. Он үшінші болып! Жұмыссыздар қатарынан табылсам, әлгіндегідей арифметикамен менің де байлардың қатарына қосылып кетерім бек екен. Ал жұмыс орындары тіркелген 7-8 папканы төртке дейін оқып тауыса алмадым.

05.02.2009

Кеше қаладағы жұмыссыздарға қызмет көрсетіп жүрген мемлекетттік коммуналдық мекеме жайында құлағым шалып қалып еді. Сол жаққа қарай тартып барамын. Анадайдан жап-жасыл болып көзге ұрған еңселі ғимаратқа ентіге кіріп, үстіге көтерілдім. «Еңбек биржасы».  Кең жарық бөлме. Терезе бойлай орналасқан 5-6 үстелге жайғасқан қызметкерлер бірінен соң бірін қабылдап жатыр. Кезек күтіп отырмын. Бөлменің түбіне қарай жап-жас жігіт жайғасыпты. Қабағы жабыңқы. Босаған орынды байқап, терезе жаққа аяңдадым. Сырттан жарық төгіліп тұр. Еңбек нарығының қызметкері тіркелуім үшін тек түйіндеме қажет екендігін жеткізді. Біраз әңгіме-дүкен құрдық. Компьютеріне бір сүңгіп алып: «Бүгінде экономист, қаржыгерлер, банк қызметкерлері, саясаткерлерге  мүлдем жұмыс жоқ, журналистерге де сұраныс көп емес. Қызмет көрсету саласына мамандар қажет. Сатылым менеджерлерін жиі сұрайды. Ал жалпы әлемдік статистика бойынша адамдардың 75 пайызы таныстары арқылы жұмыс табады екен», ─ деп жеткізді ол. Алғысымды айтып, жаңағы отырған жігіттің қасына бардым.

─ Көңіл-күйіңіз жоқ қой?

─ Жәй...

─ Жұмыс іздеп жүрсіз бе?

─ Иә.

─ Көп болды ма?

─ Бір жыл, былтыр «Норхозды» бітірдім. Бәрі «опыт» керек дейді.

Болат бұдан әріге ашылып әңгіме айтпады. Бөлменің бұрышына емес, нарық оны өмірдің бұрышына отырғызып қойғандай. Тағы бір орын босады. Ол басын төмен түсірген қалпы жарық төгілген жаққа жылжып барады.

─ Адында келген екенсің ғой. Бәсе жүзің таныс.

─ Жұм-м-ы-ыс бар ма екен...

─ Қазір қарап көрейік. Дауыс бәсеңдей берді. Журналистігіме басып, «Еңбек нарығының» басшысы Калимат Әбуқызына жолықтым. «Қаңтарда «Еңбек биржасына» 509 адам тіркелген. Ал ақпан айында бес күннің ішінде бұл көрсеткіш 210 адамға жетті отыр. Былтыр бүкіл ақпан айында 300 адамды құраған болатын. Былтырғымен салыстырғанда бос орын саны да екі есеге қысқарған.  Жалақы да 20-30 пайызға төмендеген» деп баяндап жатыр қалалық жұмыс нарығының жұпыны күйін.

06.02.2009

Кеше  құрақ-құрақ болған бір газетті сатып алып едім. Ежіктеп оқи бастадым. «Срочно требуется». Соңғы беттеріндегі жұмыс беру агенттіктеріне көзім түсті. Бірінен соң бірі жарысқандай, «Алтын әлем», «Карьера СТ» ,  «Шанс», «Азия – рекрутинг»  деп қатар-қатар орналысыпты. Шетінен хабарласа бастадым. Араларында тіпті «СтатусА» сынды тек үй қызметкерлеріне, күтушілерге, бала қараушыларға арналғандар да бар. Міне, «КZ- финанс» агенттігі, хабарласып көрейін.  

─ Сәлеметсіздер ме? Жұмыс іздеп жүрмін?

─ Сәлеметсіз бе! Өте жақсы! Резюмеңіз бен 1500 теңгені көрсетілген мекен-жайға алып келіңіз. Тауып береміз!

─ Інім де биыл бітіретін еді. Техникалық инеженерлерге жұмыс жоқ па?

─ Инженер? Ім-м-м. Инженерлерге табылмайды ғой. Сатылым жөніндегі менеджерлер, күзетшілерді сұрап жатады.

─ Күзетшілікке арнайы курстарды бітіру керек емес пе еді?

─ А-а-а. Ол жағынан саспай-ақ қойыңыз. Түк қиындығы жоқ. Бір-ақ күннің ішінде жасап береміз. 10-15 мың теңгеңіз болса болды. Бірдеңе қыламыз ғой.

─ Атыңыз кім?

─ Шынар.

─ Шынар, онда жақсы, кейін хабарласармын. 

Қайтсем екен? Ойыма әлдене сап ете түсті. Бәлкім жұмыс беруші ретінде хабарласып тексеріп көрермін. «Князь» дейді. Хабарласайын.

─ Алло, сайтпен жұмыс істейтін маман іздеп жүр едім.

─ Қазір, қазір жазып алайық. Қанша жастағы? Үйге ме, әлде толық жұмыс күні ме? Қанша төлейсіз? – деп бар жай-жапсарын сұрастырып, телефон нөмірімді жазып алды.

─ Жұмыс іздеушілер көп пе?

─ Әрине, көп, өте көп. Қаланың жартысы келеді. Күніне 100-200 теңгеге зар болып жүргендер қаншама! Кеше бір заңгер келді. 30 жыл еңбек етіп, бүгін жұмыссыз қалыпты. Обал.

─ Тіркелгенге қанша аласыздар?

─ 1800.

─ Рахмет, Айгүл. Сау болыңыздар, хабарын берерсіздер.

07.02.2009

 «Көк базар». Құжынаған халық. Әне-міне темір торларды бойлай темір арбаға сүйеніп, күс-күс болған күпәйкелерінің жеңін түріп алып, он шақты үлкенді-кішісі бар жүргіншілерді аңдып отыр. «Қарындас, арба керек пе? Арба керек пе?» Жан-жақтан қаумалаған дауыстар арлы-берлі жүйткіген шетелдік көліктердің шуын тұншықтырып жатыр. Әрине, арба керек. Қоғамның дертін тиеп алып, айдалаға апарып, зым-зия жоқ қылатын арба болса ғой.

Базар маңындағы  «Квартал» бизнес орталығына да жақындап қалыппын. Жарнаманың нағыз ұясы қызылды-жасылды тақтайшаға толып тұр. Жұмысқа орналастыру агенттіктерінің айбынды астанасы айналып-толғанып қарсы алды. Үшінші қабаттағы «Алтын әлемге» бас сұқтым. Сөзбенен агенттік қызметкері әп-сәтте мені жұмысқа орналастырып, бірінші айлығымның  бес пайызына да қол салып үлгерді. Ашық әңгімеге тартқым келді. «Журналистпін» деп жайып салдым.  Жаңа ғана жылы жүзбен қарсы алған бойжеткен, «Бөлмені босатыңыз» деп көз алартты. «Бізге тек жұмыссыздар қажет!» деп айқайлады артымнан.

08.02.2009

«Жеті күнде» төбе көрсеткен қайраткерлердің бәрі шетінен нанымды ой айтып, жұмыссыздар қамын жеп жатыр. Бәлкім, нанын да жеп жатқан солар. Сергиін деп терезені ашып, көкке көз тіктім. Түнгі аспанда бір жұлдыз көрінсейші! Қала дегенде аспанның да аянып қалатынын-ай! Жерге үңіліп, еңкейдім. Ағып түскен жұлдыздарды таптап-жаншып, шетелдік сансыз көліктер шыңғырып, шулап жатыр.

09.02.2009

Бүгін Интернеттен бір-ақ шықтым: www.recruitment.kz, www.jobtop.kz,  http://www.rabota.kz. Жеңіл әрі жинақы сайттар. Түйіндеменің дайын нұсқалары да орныққан.  Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіге қажетті пайдалы кеңестер де жетерлік. Бірінде Алматы жұмыс нарығындағы агенттектерге де орын табылыпты. Санап шықтым. Артық-кемі жоқ тура 24. 

10.02.2009

Эпилог орнына

Редактордың тапсырмасы бойынша жұмыссыздық күйін кешкеніме, міне, жеті күн болды. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалды. Түсінгенім, жұмыссыздықтан өткен жұмыс жоқ екен. Әйтсе де көргенім қаладағы аталған мәселенің қаспағы ғана. Майын ішіп, қаймағын жегендер қаншама?  Сіз мемлекеттік екі мекемеге тіркелгендерді ғана санамаңыз, оған 24 жеке агенттіктерге ақшасы қағылғандарды, көк базар мен барахолкадағы арба сүйреп, сабылғандарды, Сейфуллиннің бойынан табылғандарды, тағысын тағыларды қосыңыз! Статистикаңыз шаң қауып қалары анық қой.

Таңертең көзім былшықтанып әзер ашылды. Ұйқылы ояу айнаға қарасам, үстіңгі қабағым қызарып тұр. Бірнеше күнгі жүрістің салдарынан аяқтан сыз өткен болар, оң көзімдегі теріскенді байқадым. Мені қойшы, тәйірі, қоғамның көзіндегі теріскенді көрген кім бар екен?

Жанар Елдосқызы

3352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы