• Әдебиет
  • 25 Ақпан, 2010

Күй құдіреті

anatili.kazgazeta.kzЖалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй. Мұхтар Әуезов

Көзі қарақты, көкірегі ояу жұртшылық Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей жетекшілігімен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты жаңа антология шыққалы жатқанынан хабардар болса керек. Енді, міне, аталған антологияның тұсаукесері өтіп отыр. Бұл елең етерлік, қуанарлық жаңалық. Өйткені, қай ұлтқа, қай халыққа болса да сол ұлтпен, халықпен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан киелі мұралары қымбат. Қазақ халқы үшін сондай құнды, бағалы мұралардың бірі – күй. Қазақ күйінің тарихы әріде жатыр. Күйді ел тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Кешегі замандарда күйлерде халықтың қайғы-қасіреті, азат өмірге ұмтылысы, әділетсіздікке күресі өрнек тапты. Біз «Күй атасы – Қорқыт» дегенімізбен өнер зерттеушілері Қорқытқа дейін де күйдің «өмір сүргендігін» дәлелдейді. Көне күйлердің әуен-сарыны ертедегі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Көк түріктер және басқа да тайпалар өмірінен бастау алатынын алға тартады. Бұған мысал ретінде халық күйлері аталып жүрген «Аққу», «Кеңес», «Боз айғыр», «Сары өзен», «Шұбар ат» және басқа да туындыларды келтіреді. Негізі, күй жайдан-жай шығарыла салмайды. Ол адам жанының ішкі толқынысынан, сезімінен пайда болады. Ғұн дәуірінен келе жатқан «Боз айғыр» күйінің шығу тарихына тоқтала кетейік. «Өткен заманда бір байдың жылқыларының ішінде Боз айғыры болады. Боз айғыр жылқылардан ұзап, алысқа кетпей шет жақта жайылып жүреді. Бір күні жылқыны ұрылар айдап кетеді. Боз айғыр үйірімен бірге ұрылардың қолында үш күн болып, төртінші күні өздерін айдап келе жатқан адамдардың бөтен екенін сезіп, ауылға қарай қашып иесіне келеді. Боз айғырдың үйірінен бұлайша бөлініп кетуі тегін емес екенін сезген байдың баласы айғырды жүгендеп жылқының соңынан қуады. Жылқыға жетіп, алдын орап, үйірді кейін қайырады. Ұрылар балаға жан-жақтан лап қойып, ортаға алмақшы болғанда Боз айғыр үстіндегі баланы бір шетке алып шығады. Бала ұрыларға бір бүйірден тиісіп, бір-екеуін құлатады. Ұрылар баланы тірідей ұстап жәбірлегісі келеді. Бірақ олардың бұл ойына бала да, Боз айғыр да көнбей ұрылардың тағы екеуін құлатып, кейін қарай бет бұрғанда ұстай алмасын көздері жеткен ұрылар садағымен баланы атып, санынан жаралайды. Бала жаралы санын белбеумен таңып алып, ұрыларға өшіге қайта тиісіп тағы да екі-үшеуін құлатып, кері қайтады. Жолшыбай бір төбенің басына жетіп, өзі аттан түсіп, жүруге шамасы келмей қансырап жатады да, атты қоя береді. Боз айғыр босанған бойда ауылға тартады. Боз айғырды көрген бай қамығып: «балам өлген екен, енді не болса да ізіне түсіп іздейін»,– деп айғырға мінгенде, Боз айғыр байға бас бермей, тауда қалған балаға қарай ала жөнеледі. Келсе, шынында да, бала өліпті. Баласының өліміне қайғырып, жылап-еңіреп бай далада отырғанда қасында тұрған Боз айғыр оқыранып қоя береді. «Тағы да ұрылар келіп қалған екен», – деп бай зәресі кетіп орнынан ұшып тұрса, бір салт атты жалғыз жолаушы екен. Ерінің қасында домбырасы бар. Әлгі жолаушыға бай болған жағдайды түгел баяндайды. Сонда жолаушы: – Шіркін, жануарым-ай! Ат болса осындай, ер болса сенің балаңдай болсын. Жақсы ат ер сүйегін далаға тастамайды деген осы да. Балаңның ерлігіне астындағы аты сай екен. Жақсы ат жаман жігітті де ер етеді деген бар ғой. Мына жағдай дәл соған сай келеді екен, – деп қолына домбырасын алып бір күйді тарта беріпті. Күй күңірене барып аяқталғанда үнсіз отырған бай: – Замандас! Мына тартқаның қайғылы саз болды ғой? Атын не дейсіз? – депті. Сонда күйші: – Жануарға, мына тұрған Боз айғырға разы болып, соған арнап тарттым. Өйткені бұл айғыр болмаса сенің балаң қайда қалар еді, сен балаңды қайдан табар едің, – депті». Осыдан бастап бұл күй ел арасында «Боз айғыр» аталып, тараған көрінеді. Күйді жай ғана музыкалық жанр десек қателесеміз. Ол сан қырлы, сан сырлы күрделі шығарма. Оның мазмұнына, сипатына қарай тарихи, лирикалық, аңыз, қаралы, арнау секілді тақырыптарға да бөлінетіні содан. Идеялық-көркемдік жағынан да сан алуан. Күйлерде тек көңіл-күй ғана емес, жер-су аттары, жануарлар, құстар, табиғат құбылыстары және басқалар суреттеледі. Күйдің әуендік-түрлік құрлысы мен ырғағының, орындалуының өзгешелігі де назар аударарлық. Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді келсе, Дәулеткерейдің шығармаларына сезім, нәзіктік басымырақ. Тәттімбетте қоңыр әуен байқалады. Қазанғап күйлері жеңіл, ойнақы төгіледі. Күйшілердің домбыра қағыстары да әр түрлі. Біреулер «жаппай», «кезектесе», енді бірқатары «шертіп», «шұбыртып» қағады. Күйлердің орындаушылық дәстүрге, қағысына қарай екі түрге бөлінетініне де көзіміз үйреніп келеді. Оның бірі – төкпе, екіншісі – шертпе. Төкпеде көзге ұратыны – қайрат-өрлік, сергектік, өмірге құштарлық, қиындықтан жасымау, алға ұмтылу. Шертпе күйлер салқынқандылығымен, сабырлылығымен, терең философиялығымен, ой-сырға толығымен ерекшеленеді. Міне, қазақ күйі дегеніңіз осындай. Ол бір өзінше әлем. Сол әлемнің қыр-сырына қанық қазақ – біз бақыттымыз. Нағыз қазақ күйсіз өмір сүре алмайды. Күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы сол – ол өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам боп өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген пенде жамандыққа, арамдыққа бара алмайды. Күй құдыреті деген осы. Қазақ жері – кең байтақ. О шеті мен бұ шетіне жету үшін ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талады. Ертеректе елді мекендердің арасында бүгінгідей тығыз қарым-қатынас, берік байланыс болмады. Осының өзі әр өңірдің күйшілік дәстүрі мен мектебін қалыптастырды. Еліміздің батыс өңірінде төкпе күй кеңінен қанат жайды. Мәселен, Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Адайын» алайық. Нағыз төкпе күй осылар. Аталған шығармаларды тыңдағанда бойды ерекше сезім кернейді. Ұланғайыр қазақ даласы көз алдыңа елестейді. Желмен жарыса жүйткіген жылқылар. Ат үстіндегі қолын сермей жүзі жайнап бара жатқан бала. Шаттық. Қуаныш. Асқақтаған көңіл-күй. Әлгінде тілге тиек етілген күйлер сізге осындай жарқын сезім сыйлайды. Мұндай күйлердің қасиеті сонда – бойға күш-қуат қосады, қайрат-жігер береді, аруақтандырады. Құрманғазы туған халқымен қоян-қолтық, тығыз араласып өмір кешкен өнер иесі. Халықтың мұңы, арман-тілегі оны да бей-жай қалдырмады. Отаршылдардың қиянатын, қорлық-зомбылығын көрді. Қазаққа азаттықтың, бостандықтың тезірек келуін күтті. Оның «Кісен ашқан», «Көбік шашқан», «Аман бол, шешем аман бол», «Кішкентай»... күйлері сол уақыттағы заман тынысын паш етеді. Исатай бастаған халық көтерілісін өзек еткен «Кішкентай» алғашқы бөлімінде мұңға батырса, екінші бөлімінде өрлік, өжеттік екпіні сезіледі. Бұл бір жағынан қандай да кедергілерден қаймықпайтын халық күшін, халық қуатын аңғартса керек. Күй – өмір, күй – тағдыр дейтінімізге бұл айқын дәлел. Шертпе күй болса елдің шығысынан, Арқа жерінен бастау алып оңтүстікке тарайды. Шертпе күй сөз болғанда алдымен аузымызға Тәттімбет аты алынады. Тәттімбет күйлері сырлы сезімге, тебіреніске, толғанысқа толы. Тәттімбет күйлерінің тақырыптары сан қырлы. «Қашқан қалмақ», «Ноғай – қазақ», «Азамат Қожа», «Бес төре» ел ішіндегі нақты оқиғаларға арналса, «Бозторғай», «Қара жорға», «Салқоңыр», «Алшағыр» күйлерінде күй аттарынан көрініп тұрғандай құстарды, жануарларды арқау етеді. «Былқылдақ», «Сары өзен», «Шайыр қалды», «Сары қамыс» туындылары табиғатты, табиғат құбылыстарын сипаттайды. Тәттімбеттің қай күйінің де алар орны ерекше. Олардың әрқайсысы үлкен толғаныспен, шынайы сезім арқасында өмірге келген. Солардың бірі «Бес төре» – бай-шонжарлардың зұлымдығын, озбырлығын көрсеткен мағынасы терең күй. «Сылқылдақ» болса бейнебір махаббат жыры іспетті. Қыз бен жігіттің әдемі отырысы, бір-біріне еркелей үн қатуы, жайдарылық, ойнақылық аңғарылады. «Қосбасарда» да әдемілік, сұлулық үйлесім тапқан. Бұл күйдің бірқатар күйшілерге ұнағаны соншалық, олар да осы сарынның желісімен «Қосбасар» атты күйлерді өмірге әкелді. Солардың қатарында Мағауия Хамзин мен Төлеген Момбеков бар. Тәттімбеттің көңіл түкпірінен орын алатын күрделі шығармаларының бірі – «Көкейкесті». Бұл күйдің де өз тарихы бар. «Тәттімбет өмірінің соңғы жылдары болса керек. Бірде күйші қатты науқастанып қалады. Сонда күйші бастан кешкен өмірін еске алып, халқының алдында өтелген-өтелмеген парызын ой таразысына салады да, өзінен-өзі мұңға батады. Көкейде жүрген арманымды толғай алмай кететін болдым-ау деп ширығады, жанарына ыстық жас үйіріледі. Мұңдас-сырлас дос-жарандарының хал-жайын ойлайды. Сөйтіп толғанып жатқанда елдің бір топ азаматы келіп көңілін серпілткісі келеді. Тәттімбет күйлерінің ел арасына таралғанын, мұрагер шәкірттерінің көбейіп келе жатқанын әңгімеге арқау етеді. Бірақ Тәттімбет өз арманының әлі орындалмағанын ойлап, іштей назаланады. Осы тұста күй толғағысы келіп, домбырасына қол созады. Отырғандар жүкке сүйеулі тұрған қоңыр домбырасын қолына ұстатады. Тәттімбет жастығын биіктетіп, домбырасын кеудесіне сүйеп, шалқалап жатып, сыры терең толғанысты бір күй тартады. Күңіренген күй әуені отырғандардың сай-сүйегін сырқыратады. – Бұл күйіңізді жаңа естіп отырмыз. Қандай күй болды екен? – деп сұрайды. Сонда Тәттімбет: – «Көкейкесті» болсын, – деген екен». «Көкейкестінің» шығу тарихы осындай. Біз «Батыстың күйшілік дәстүрі», «Шығыстың күйшілік мектебі» деп бөлгенімізбен бұл күйлердің бір-бірінен аса бір таңданарлықтай, жер мен көктей айырмашылығы, өзгешелігі болмаған. Күй – сезім туындысы. Сезім «тілі» кім-кімге де, онда да қазаққа әбден түсінікті. Тіпті, елдің әр өңірінде тіршілік етіп жатқанымен домбыра қағыстарында, күй орындауларында ұқсастықтар, жақындықтар болған. Бұл сөзімізге Арқаның шертпе күйлері мен Қаратау шертпелерін мысал ретінде келтіруге болар еді. Жердің шалғайлығына қарамастан той-томалақта, өлім-жітімде, елдік маңызы бар басқосуларда өнер иелерінің, домбырашылар мен күйшілердің бастары қосылып отырған. Оларға қазақтың қай жері де, қандай тұлғалы азаматы да ыстық көрінген. Бар ғұмырын батыс өңірінде өткізген Құрманғазы «Сарыарқа» атты ғажап күйді туған халқына тарту етті. Сондай-ақ көбіне жылы жақты қоныс еткен Ықыластың Арқадағы атақты Ерден Сандыбайұлына күй арнауы да осы сөзімізге кепіл. Қазақтың күй өнері туралы сөз қозғағанда Ахмет Жұбановты айтпай кету мүмкін емес. Ол қазақ күйлерін зерттеп, ұлттық өнер ретінде қалыптастыруда елеулі еңбек сіңірді. Күйді нота арқылы оқып-үйренудің негізін қалады. Оның домбырашылардың басын құрап, ұлт оркестрін құруы қазақ өнеріндегі ірі оқиға болды. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына халық күйлерінен басқа 140 күйшінің шығармалары енгізілген. Күйшілердің басында ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Кетбұға тұр. Қазақ Кетбұғаны Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханның есімімен байланыстыра айтылатын әйгілі «Ақсақ құлан» күйі арқылы біледі. Жошының үлкен баласы аңға шығып, қаза болғанда бұл өлімді Кетбұға күйі арқылы ханға жеткізеді. «Кімде кім баламның қайғылы хабарын естірсе, соның көмейіне қорғасын ерітіп құямын» деген хан домбыраның көмейіне қорғасын құйыпты деген аңыз бар. Содан бастан домбыраның көмей тесігі пайда болған деседі. ХVI-XII ғасырларда Қорқыт, Кетбұға, Асанқайғы секілді ерен тұлға – Байжігіт атты күйшінің өмір сүргенін біреу білсе, біреу білмес. Ел ішінде айтылатындай оның үш жүзге тарта күйі болған. Атақты күйшінің бізге жеткен «Қайың сауған», «Көкбалақ», «Кербалақ», «Тоғыз тоты», «Құлақ күйі», «Салқара», «Көк қаршыға», «Сылаң торы» және басқалар. Халқымыздың бастан өткен соқпалы-соқтықпалы өмірін бейнелейтін Байжігіт күйлерінің «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйінен» орын алуы өте қуанарлық. Жинақта есімі аталатын байырғы күйшілердің бірі ХVIII-XIX ғасырларда Жем өзенінің бойында өмір сүрген Боғда Қараұлы. Ол заманында Асанқайғының, Соқыр Есжанның күйлерін асқан шеберлікпен орындаған. Боғданың бізге белгілі күйлері – «Бозтөбе», «Жем суының тасқыны». Тағы бір күйші есімі көзге ыстық көрінеді. Бұл – атақты «Қоңыр қаз» күйімен танымал, Арқа өңірінің күйшілік дәстүрін шебер меңгерген Әшімтай Қарымсақұлы. «Қоңыр қаз» көркем, сұлу күй. Оны қай домбырашы болса да зор ықыласпен, үлкен сүйіспеншілікпен орындайды. Әшімтайдың бір ерекшелігі, ол өзі шығарған күйлерді баласы Хамзаға үйретіп отырған. Өйткені саңлақ күйші ұлының өнерге, күйге жақындығын сезген. Ал, Хамзадан оның баласы баршамызға белгілі, шертпе күйдің шебері Мағауия Хамзин үйренген. Бұлардан басқа жинақта Қазтуған, Бекпенбет, Қожеке, Абыл, Арынғазы, Көнек, Әкібас, Әбди, Әлікей, Әлшекей, Жантөре және басқа да дүлдүлдердің күйлері орын тепкен. «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» секілді жүрекке жағымды әсем әндерді жарыққа шығарған ұлы Абай қолына үш ішекті домбырасын ұстап, өзіндік мәнерімен ерекшеленетін күйлерді де өмірге әкелген. Бұған куә – күйлер еңбегіндегі «Май түні», «Торы жорға», «Майда қоңыр», «Абай желдірмесі» күйлері. Адам болған соң ері не әйелі не? Өмір, табиғат, жақсылық пен жамандық, әділеттік пен әділетсіздік аналарымызды да толғандырып, қолдарына домбыра алдырған. Біз әңгіме етіп отырған жинақтан тоғыз әйел күйшінің есімін кездестіруге болады. Олардың ішінде елге танымал Дина мен Аққыздан басқа, Ақбикеш, Ақбала, Алтынай, Әпике, Ұлбосын, Зәмзәм, Сақбике күйшілер бар. Енді қазақтың осы өнерпаз қыздарының ішінен алдыңғы екі күйшіге тоқтала кетейік. Ақбикеш ХІХ ғасырда өмір сүрген. Атақты күйші Соқыр Есжанмен қатарлас, замандас болған. Бірін-бірі сыйлап, құрметтеген. Бізге белгілісі – «Айнам қалды» күйі. Күй ғашықтық сезімді, екі жастың іңкәрлігін аңғартады. Ақбала (1894-1945) жас кезінен қобыз бен домбыраға әуес болған. Ол Әлшекей, Әлзақ, Шолақ, Еспан сияқты дәулескер күйшілерді ұстаз тұтқан. Солардың жанында жүріп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырады. Ақбаланың «Ақсақ тоқты», «Аяныш», «Айжан қыздың жүрісі» секілді ел арасында тараған күйлері бар. Жинақты құрастырушылар шет елдердегі қандас күйшілерімізді де ұмыт қалдырмаған. Жинақта Қытайда ғұмыр кешкен он бестей бауырымыздың күйлеріне орын берілген. Олар Бейсенбі, Бейілхан, Бейісбай, Әшім, Мазақ, Шақабай, Тілеміс, Тайыр және басқа да күйшілер. Бұлардың ішінде ең алдымен Бейсенбі есімі ауызға алынады. Бейсенбі Дөненбайұлы 1803 жылы Қытайдың Буыршын ауданында дүниеге келген. Оны көпшілік құрметтеп, «Бәжең» деп те атаған көрінеді. Ол он төртке келгенде әкесі өмірден озып, осыған байланысты «Жеке батыр» деген күйді өмірге әкеледі. Бейсенбі жүзден астам күйдің авторы. Жинаққа енгендері «Ажар», «Ақжол», «Кәрібоз», «Ала күзен», «Арман» күйлері. Күйшілік өнерді кейінгі толқын да іліп алып кетіп, дәстүрге адалдықтарын көрсетуде. Кеше ғана өмірден өткен Нұрғиса, қазір арамызда жүрген Қаршыға, Шәміл, Секен, Айгүлдер де туған халқына жүректі баураған тартымды күйлерімен танылды. Күй қазақ үшін дара тұлғалы өнер. Әніміз бар, жырымыз бар. Алайда күйдің орны бөлек. Оның қандай елдің болмасын музыкасынан еш кемдігі жоқ. Күй қазір операда, балетте, симфонияда бой көрсетуде. Мәселен, Мұқан Төлебаев «Біржан-Сарада» «Соқыр Есжан», Евгений Брусиловский «Қыз Жібекте» «Ақсақ құланды», Еркеғали Рахмадиев «Алпамыста» «Құдаша» күйлерін пайдаланды. Сонда осы күйлерді кірістіргенде операның не балеттің құны түсіп кеткен жоқ, қайта мазмұны артты, әрлене, байыптала түсті. Қазақ Қорқытты, Ықыласты, Құрманғазыны, Тәттімбетті, Динаны, Дәулеткерейді, Қазанғапты ұмытқан жоқ. Қазаққа Тоқа, Түркеш, Қыздарбек, Сейтек, Сүгір, Сембек, Әбікен есімдері де жақсы таныс. Олар өлмес, өміршең күйлерімен халық жадында қалды. Беріректегі Нұрғисаның «Аққуы», Төлегеннің «Салтанаты», Секеннің «Көңіл толқыны» халықтың ықылас қоя тыңдап, рухани ләззат алар сүйікті шығармаларына айналып кетті. Мұның барлығы қазақтың бағзы заманнан-ақ күйге құштарлығын, өнерпаз халық екенін көрсетеді. Қазір заман өзгерді. Шет елдермен байланысымыз артып келеді. Батыс музыкасы төрімізге шықты. Осындай сын шақта ескі замандардан келе жатқан, ұлттығымызды танытатын, бойымызға ұлттық рух беретін ұлттық өнерімізден, онда да күй өнерінен қол үзіп қалмау – зор міндет. Олай болса Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолға алған игі ісі жан жадыратады, көңілге шуақ құяды. Көпшілікке ұсынылып отырған 1000 күйді жүзден астам домбырашылар орындайды. Олардың арасында Дина, Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев, Мағауия Хамзин, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков бар. Күйлердің «Домбыра күйлері», «Қобыз күйлері», «Сыбызғы күйлері» деген атпен жіктеліп, «СД» дискіге жазылуы да – өнерге, күйге құштар қауымға үлкен сыйлық. Күйге деген құмарлықтың, ынтызарлықтың нышаны сол – ол әулеттен әулетке жалғасып, отбасылық дәстүрге айналған. Бұған мысалдар көп. Соның бірі ретінде жоғарыда Мағауия Хамзинді сөз еттік. Бұл дәстүрдің көрінісін қазіргі уақытта да байқауға болады. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағында домбырашы үш Жүзбаевты кездестіресіз. Олар әкелі-балалы Жүзбаевтар. Әлімхан Жүзбаев 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Қарабұлақ ауылында туған. Алғаш домбыраны Сүгірмен көрші тұрған әрі шәкірті болған немере ағасы Сейітханнан үйренеді. Әлекеңнің тағы бір ұстазы Сүгірмен қатар өмір сүрген Сатыбалды күйші. Әлімханның балаларының бірі Жанғали жоғары білімді, талантты күйші. Ол Жезқазған музыка колледжін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Ол өз әкесін айтпағанда Төлеген Молдабековтен, Генерал Асқаровтан тәлім алған. Жанғалидың өзге әріптестерінен ерекшелігі Қаратаумен қатар, Арқаның күй дәстүрін меңгерген майталман. Сәрсенғали да жоғары білімді, ұлттық консерваторияны тәмамдаған, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде қызмет атқарды. Ол да Қаратау мен Арқа күйшілік мектептерінің өкілі. Қазақ күйден ажырамауы тиіс. Қайта дамыта берген ләзім. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудан орталығын айтпағанда әр ауылдың, әр мектептің өз домбыра оркестрі болатын. Осы дәстүрден айрылып қалғандаймыз. Бұл өнегелі іс қайта жаңғыруы қажет. Ұлттық сана, ұлтты сүю, қадірлеу бабаларымыз аманат етіп кеткен дәстүрден, өнерден бастау алатынын ұмытпағанымыз абзал. Сол қасиетті өнеріміздің бір тармағы, құдыреттісі – күй өнері. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов кезінде «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген. Күйге бұдан артық баға беру де қиын. Толғаулы, сырлы өнеріміздің көсегесін көгертіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра беру – мерейлі парыз.

Нұрперзент Домбай

88991 рет

көрсетілді

15

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы