• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2010

Этнографпен әңгіме

(Жалғасы. Басы өткен сандарда) (Абыз-ақсақал Жағда Бабалықұлы қазақтың салт-дәсүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертеді) Тау төбетті қытайлар меншіктеп алды – Біздің ұлттық киіну салтымыздың өзі жоғалып бара жатқан жоқ па? Ұлттық киім дегенді арнайы жерлерде ғана киетін болдық?– Бұл енді ұлттық дәстүрді жоғалтудың ең басты нышандарының бірі. Біздің киіміміз мүлде өзгеріп кетті. Ұлттық киім жоқ қой қазір. Тек мерекедегі киіну, киіну емес қой. Бір сағат, екі сағат қана киіп, шешіп тастау деген не? Ұлттық киімді жоғалтып алдық біз. Әсіресе әйелдердің небір сәнді киімдері бар еді ғой, шіркін! Ешбір елдің киімі, біздің киімнен артық емес. Көбісін жоғалттық біз. Осы ұлттық киімді жоғалту, ұлттық тағамды жоғалту, ұлттық тұрмысты біржола өзгерту, осының барлығы түптеп келгенде ұлтыңды жоғалту деген сөз емес пе? Мәселен сен тойға барып жүрсің. Кейбір дастарқанда адам зерігіп кетеді. У да шу әуенді дарылдатып қояды. Иә өзі, иә біз түсініп жатқанымыз жоқ. Ол ұлттық әуен емес, неге біздің халық әндері аз айтылады, неге біздің күйіміз тартылмайды, неге біздің жырымыз аз оқылады. Осының барлығы ұлттық дәстүрді жоғалту деген сөз. Ұлттық бедерді жоғалту. Ұлттық ділден айырылу деген сөз. Дастарқанға келген бірде-бір тағамды қазақша атамаймыз. Орысшасы болмаса, басқаша айтамыз. Қасығымыз, шанышқымыз қазақ тілінде бола тұра, соларды неге күнделікті тіршілікте орысша айтамыз? – Аға қазақтың жыл санау үрдісінде мүшел деген бар. Осыған тоқталасаңыз... – Бұл бізде ғана емес, түркі тектес және мына Орта Азия халықтарының көпшілігінде кездеседі. Мүшел жастарды былай жіктеуге болады: он үш жас – ер жете бастау, жиырма бес жас – жігіттік шақтың нақ өзі, отыз жеті жас – ақырын басып, анық жүріп, ақыл тоқтатқан кезең, қырық тоғыз жас – орта жас, алпыс бір жас – өз балаңнан тәтті болатын немере сүю, жетпіс үш – қарттықтың басы болар, сексен бес жас – кәріліктің келгені, тоқсан жеті жас – қалжырап, ештеңеге жараусыз қалғаның, жүз тоғыз жас – шөпшек сүю, жүз жиырма бірге жетсең – онда неменең қасыңда дей бер. Мына астрономия ғылымының есебі бойынша әрбір он екі жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады екен. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Мұнда да бір байланыстың бары анық. Бір жылда он екі ай бар. Бұрындары осы мүшелден аман шыққандар той жасап жататын. Ырым ретінде мүшелден шыққан соң өзінің ең ұнамды дейтін киімін жоқ-жітікке иә болмаса ағайын-туыстың біріне сыйға береді. – Әйтседе қай мүшел қауіптірек? – Енді әркім өзінің пешенесіне жазғанын көреді. Бірақ халық даналығында отыз жеті жас ең қауіпті мүшел болып саналады. Енді бұл кезең адам баласының есейіп, отбасын ғана емес, бүкіл бір елді басқара алатындай шамада болған соң, оған келер қауіпте көбейсе керек. – Қазақтың көкпар ойыны ежелден келе жатқан Ұлттық ойындарымыздың бірі. Осы көкпар ойынының шығу тегі турасында түрлі қауесет, аңыздар бар. Шындыққа жақыны қайсы? – Көкбөрі деген сөз бар. Ертеректе қасқырды лақ ретінде тартқан болуы мүмкін. Содан «Көкбөрі» болып атанса керек. Алғашында талас басқаша да болуы мүмкін ғой. Бөріні мен алам, сен аласың деген таластан да тууы ықтимал. Көкбөрі қазақ халқында қадірлі атау болған. Ашинаны асыраған қасқыр бар ғой, сол қасқырдан бізге рухани жағынан жылылық пен достық қалса керек. Әлемде хайуандардың адам баласын асырағаны тарихтан белгілі. Қасқыр асырайды, аю асырайды, жыртқыш хайуандардың бір қаншасы асырайды. Сонда адам баласын ең көп асырағаны – қасқыр екен. Ит пен қасқырдың тегі бір. Томарк Тос деген адам сол хайуанның сүйегін тауып, зерттеп, ит пен қасқырдың арғы тегі осы деп, атын білмегендіктен өзінің атын қоя салыпты. – Абадан ддегеннің мағынасы қалай? Иранда осы аттас қала бар ғой деймін. – Оны білмедім. Ал жалпы «Абадан» деп – қасқырдың көсемін айтады қазақ. Ит пен қасқырдың екіге бөлінгеніне он үш мың жыл болды деп мөлшерлепті. Әлемде қазір иттердің жүз жиырма алты түрі бар көрінеді. Талай итті көріп жүрміз ғой. Бірақ қазақтың Тау төбеті солардың бәрінен де мықты. Бәрінен де ақылды. Оның кереметтерін айтайын саған. Ол күндіз адамға үрмейді. Ұйықтап жатады. Кешке қой келген соң қораның шетіне шығып жатады. Таң атқанша қойды айналып жүреді. Жай иттер қасқырмен айқасуға бармайды. Қасыр ауылға жақындағаннан қыңсылап жан-жаққа тұра-тұра қашады. Ал тау төбет жекпе-жекке барады. Не өзі өледі, не қасқырды өлтіреді. Тау төбеттің осындай қайсар мінезі бар. Осы тау төбетті қытайлар біздікі деп ЮНЕСКО-дан өткізіп алыпты. Осыны естігенде қатты ауырып қалдым, айналайын. Ал біз отырмыз, екі қолымызды қусырып, біреу кеп заңдастырып бертіндей. «Піс қазаным піс, аузыма кеп түс» деп. Өзіңнің мүлкіңе, өзіңнің байлығыңа, өзіңнің әдет-салтыңа, ата-ғұрпыңа, өзіңнің туған тіліңе өзің ие болуың керек қой. Қазақта бірнеше иттің түрі бар, дегенмен тау төбетке жететін ит жоқ. Ит екі миллионға жуық иісті ажырата алады – Итті қазақ дос тұтады. Жеті қазынасының біріне жатқызады. Иттер турасындағы деректеріңізді таратып айта отырсаңыз? – Ит екі миллионға жуық иісті ажырата алады. Итті адам баласы қай кезде асыранды еткені белгісіз болса да, үй хайуандары ішінде адамға иттен жақыны жоқ шығар. Халқымыз «үрерге иті, сығарға биті жоқ» кедей дегенде, «малы болмаса да, иті болуға тиісті еді ғой» деуі бар ғой. Осы сөз оның адаммен еншілес екендігін тағы бір дәлелдесе керек. Иесіне адалдық танытқаннан соң болар, қазақтың итті жеті қазынасының біріне қосқаны. «Ит – жеті әулиенің бірі». Ит қазақша саналатын жыл атауына енген. – Осы ит неше текке бөлінеді? – Біздің қазақ иті негізінен екі текке жатады. Бірі – барақылар тұқымдастар, екіншісі – тақырлар тұқымы деп аталады. – Барақылар деген не екен? – Барақ сөзінің түп-төркінін мен таба алмадым. Алайда қазіргі сөз қорымызда – барақ, барақы, барақылау, түкті, түктілеу, қалың түкті, жүндестеу, қалың жүнді, жүндес, қаба жүнді, қаба түкті, салалы түкті, салалы жүнді, сабалақ, қалың ұяң жүнді, түбітті, қалың түбітті деген секілді ұғымдар кездеседі. Кейде барақы өскен шөп-бұталар, барақы өскен тал терек, орман-тоғайлар деп те атайды. Барақ, барақы, барақсан сөздерінің түпкі мағынасы – жүндес, сабалақ ұғымын беретінін осыдан-ақ аңғаруға болады. – Аға осы қасқыр мен қазақты біріне-бірін үнемі жақындастырып айтып жатамыз. Мұны неге сүйеніп айтамыз? – «Қасқыр мен қазақ» деген мен кезінде мақала да жазғам. Үнемі айтып та жүрмін. Мына қасқыр малыңды жейді, қырып кетеді, тіпті өзіңді де жеп қояды. Сонда да қасқырды боқтампаз қазақ неге боқтамайды. Жамандамайды. «Көкжал ғой. Ашуы келген екен ғой. Бөрі бөрілігін жасаған шығар» дейді. Ал ит өмір бойы қазақтың досы. Тіпті ол қазақтың малайы, құлы сияқты. Ит жөнінде қазақтар жақсы сөзді көп айтпайды. Рас «Жеті қазынаның» бірі деген сөз бар. Бізде жүз жиырмадан астам итті балағаттайтын сөздер бар екен. – Қасқыр мен қазақ арасындағы ол қандай байланыс? Нақтылай түссек? – Қасқыр мен қазақ арасындағы байланысты мен көп зерттедім. Бірақ қазақ қасқырды көп жамандамайды дедім ғой. Жалпы дүниежүзілік ғылыми орталық қасқырды неге екені белгісіз ақылды хайуанға қоспайды. Ғалымдардың дәлелдеуінше ит пен қасқырдың тегі бір болса, итті ақылды деп мадақтап, ал қасқырды ақымақ деп шетке қағуға қандай қақымыз бар біздің? Ғылым қабылдай ма, қабылдамай ма мен қасқырды ақылды хайуан деп өзімше кесім жасап қойғам. – Нендей дерекке сүйендіңіз? – Енді осы пікірімді нықтай түсейін. Ерте көктемде бір аңшы аң аулап жүріп айдалада апандағы қасқырдың бөлтіріктеріне тап болыпты. Адам үшін қасқырдан асқан жыртқыш жоқ. Аңшы бірден алты күшіктің бесеуін өлтіріп, біреуін ғана тірі қалдырады. Жай қалдырмай алдыңғы екі аяғын сындырып, енесінің не істейтінін аңдыпты. Аз уақыттан соң қынадай қырылған бөлтіріктердің енесі келеді. Қаншық дереу тірі қалған жалғыз күшігін апан қасындағы көлдің жағасындағы қамыстың арасына мойнынан тістеп апарады. Аңшы күн сайын сыртынан бақылап жүреді. Қасқыр бөлтірігін тамаққа тойғызып алып, оны ақырын жүруге тәрбиелей бастайды. Арлан мен қаншық ұзын таяқтың екі ұшынан өздері тістеп ортасынан алдыңғы екі аяғы сынған бөлтірікке тістетіп, күн сайын түрлі жаттығулар жасайды. Күздігүні әлгі аңшы өзі аяғын сындырған бөлтіріктің тайыншадай қасқыр болғанын көреді. Егер қасқырда ақыл жоқ болса, әлгіндей дене тәрбиесін жүргізе алар ма еді? Осының өзі-ақ қасқырдың ақылды екенін аңғартпай ма? Баяғыда 1951 жылы Қазақстанда болған бір қызық оқиғаны мен Қытайда жүргенде газеттен оқып едім. Екі эколог қыстыгүні дала кезіп жүріп, үш қасқырды көздері шалып қалады. Қолдарында дүрбі, қозы көш жердегіні иек астындағыдай анық көреді. Тал түсте жыраның басында үш қасқыр қарды қазып, бір қасқырды мойнына дейін көмеді. Оның қылтиып басы ғана шығып қалады. Екеуі тауға қарай жорта жөнеледі. Бір уақытта тау басынан бір үйір аңды көмілген қасқырдың үстінен қуып өтеді. Осы кезде тығылып жатқан қасқыр атып шығып біреуін бас салады. Сөйтіп әлгіні үшеуі бөліп жейді. Мінеки, бұл қасқырдың ақылдылығы емес пе? Бұл қасқырдың айла, тәсілі ғой. Ал айла, тәсіл дегендеріңіз ақыл болмаса қайдан болады? – Ойпырм-ай, ә? – Тағы бір мысал айтайын. Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында менің туыстарым тұрады. Сол жылдары Тұрсын Бабалық деген менің ағайымның ұлы сол жақта қой бағатын еді. Жер қар. Қыстауға көшіп бара жатып жолда бір жағы жоқ, үш қабырғасы ғана бар ескі қораға түнейді. Жатарда ит-құс малды қуып кете ме деп үш қабырғалы дуалға қамайды. Бір жағы ашық. Не істеу керек? Сол жерде жұмыс істеп жатқан екі тракторды екі босағаға қойып, жарығын жағып қояды. Екі жарық түйіскен жер мүлде қараңғы болады екен. Қасқыр түнде келіп сол жерден өтіп бір қойды сүйреп алып кетіпті. Көрдіңіз бе, осыдан кейін қасқырды қалай ақымақ дейміз? Қаптаған адам мен техниканың арасынан суырып алып кеткенін шіркіндердің. – Шынында адам таңқаларлық екен? Тағы қандай деректеріңіз бар? – Дерек көп қой айта берсек. Шығыс Қазақстан облысында Күршім деген жер бар. Күршім – аудан орталығы. Сол жерде Қайса дейтін жігіт тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екен. Мен бір жылы емдік шөп іздеп сол жерге бардым. Мен іздеген шөпті ол жігіт білетін болып шықты. Әңгімелесіп отырып сөз ауаны ептеп қасқыр жаққа ауа бастады. Сонда ол бір қызық нәрсені айтып еді. «Аң аулаймын, қосауыз мылтығым бар. Қыстыгүні шаңғымен жүремін. Қасқырға қақпан құрып қойып едім, соны көрейін деп барсам, қасқыр түсіп, қақпанды сүйретіп кетіп қалыпты. Қардың үстінде ап-анық болып ізі жатыр екен, көрдім де қуалай жөнелдім. Батырың бір-екі қырқаны асып барып, бұтаға ілініп қалыпты. Жанына бардым. Көзімен мені ішіп-жеп барады. Бірақ дыбыс шығармайды. Қасына таяп бардым да, шаңғының таяқшасын аузына апарып ем, басындағы дөңгелегін жұлып алды. Тағы да аузына тақадым, арс етіп және тістеді. Таяқты қарға шаншып қойдым да, иығымдағы қосауыз мылтығымды алып, аузына тақадым, мылтықты тістемейді. Қызық көріп мылтықты қойып, таяқты апардым, арс етіп тістейді. Таяқты қойып, мылтықты жақындатам, тістемейді» дейді әлгі жігіт. Тыңдап отырып мынауың «оқыған қасқыр ғой» дегенмін (күліп алды). Қай жылы екені анық қазір есімде жоқ, жаңағы Тұрсын Құсайынұлы қыстауға барады. Жері құмдауыт екен. Құмның арасы толған сексеуіл. Бір күні кешке таман Тұрсын қойды қораға жақындатып, әйелі мен баласына «қойды қораға кіргізе беріңдер, малдың жартысы бөлініп қалды ғой деймін» деп кері шаба жөнеледі. Әйел мен кішкене бала жаяу екен. Елең-алаңда қасқыр қойға шауып, бір қойды бас салып жұлмалай бастайды. Әлгіні көріп қалған әйел байғұс айқай салады. Ал бала қасқырды жұдырықпен ұрып жығатындай жалаң қолмен тұра ұмтылса керек. Бала жақындағанда қасқыр екі аяғын қойдың үстіне қойып телміріп қарап тұрып қалыпты. Мүмкін, баланы ала қашқысы кеп тұрды ма екен? Жанұшырған әйел тізерлеп келіп, ағашты мылтық сияқты кезеп отыра қалыпты. Сонда қасқыр ары қарай тұра қаша жөнеліпті. Демек, ол ағашты мылтық деп қалды. Осыған қарағанда қасқыр мылтық деген қарудың бар екенін және оның өте қауіпті екенін жақсы білетін секілді. Тағы да сол мына Жамбыл ауданында, Төмен Ащысу деген кішкене тау бар. Сол таудан ағатын кішкентай ғана бұлақтың басына жыл сайын келіп бір қойшы малын төлдететін көрінеді. Қойшымен жарысқандай жылда бір қасқыр нақ сол өңірге келіп күшіктейтін көрінеді. Қойшы да, малы да, иті де көрші қасқырмен үйренісіп кетіпті. Бір-біріне тимейді екен. Күндердің күнінде қойшының бір қозысы арам өліп қалады. Жемтікті жесін деп қойшының балалары оны сүйретіп отырып қасқыр інінің аузына апарып тастайды. Қозы үш күн жатады. Не қасқыр, не оның күшіктері жемейді. Төртінші күні түнде қой ит қуғандай үркеді. Ит үреді, айқай-шу болады. Қойшы бала-шағасымен қойды қайта-қайта үйіреді. Таңертең тұрса, қойдың ішінде қаратөбел қозы жүр дейді. Сонда қасқыр өлген қозыны менен көреді деп, қай жақтан екені белгісіз, мына қозыны әкеліп қойға қосып кетіпті. – Қасқырды қаттырақ мақтап жіберген жоқпыз ба, аға? – Осындай да оқиға болны анық. Мен бұны өз ойымнан шығарып айтып отырған жоқпын. Айта берсе қасқырдың ақылдылығын паш ететін дәлелдер өте көп. Ғалымдардың зерттеуі бойынша ежелде жетім қалған адам баласын хайуандар асыраған. Ал солардың алпыс пайызын қасқырлар баққан дедім ғой. Қасқыр асыраған балалар өте қайратты болып өскен. Бұлар жайында көптеген аңыздар, естеліктер бар... – Біздің ұлан-ғайыр атырабымызда аңның неше атасы, құстың сан алуан түрлері, жәндіктің түрі өте көп. Десекте бір кездері қазақ даласын жолбарыстардың да мекен еткені шындық. Мұхтар Мағауинның «Шақан шерісін» біздің ұрпақ жастанып оқып өсті. Бұл хайуан да әңгімемізге арқау болсын, білгеніңізді айта отырсаңыз... – ХVІІ ғасырда Ақмола облысындағы Қорғалжың көлінде жолбарыс көп болған екен. Көлдің жиегіндегі қамыстың арасын құндыз да мекен етіпті. Бір аңшы шиті мылтығын асынып, құндыз аулауға шығады. Атын қамыстың шетіне байлайды да, өзі қалың қамыстың ішіне кіреді. Бір уақытта артынан сыбдыр естіледі. Жалт қараса, жолбарыс жақын кеп қалыпты. Шошып кеткені соншалық, аңшы отыра қалып иманын үйіре бастайды. Сонда жолбарыс бас салмай, маң-маң басып келіп аңшының алдына жатыпты. Аздан соң аңшыға алдыңғы аяғын созыпты дейді. Қараса аяғы гүп болып ісіп кеткен екен. Өзі көзін жұмып төмен қарап жатыр дейді. Аңшы дереу есін жиып, жолбарыстың мұқтаждықпен келгенін түсіне қояды. Қалтасындағы кездігін суырып алып, жолбарыстың аяғын тіліп, іріңін шығарып, белбеуімен мықтап орайды. Сөйтеді де, орнынан тұрады. Жолбарыста орнынан тұрады. Аңшы кетейін десе жібермейді, иығымен қағып, аңшыны ырылдап басқа жаққа қарай жүргізеді. Оған қарсылық қылуға аңшының мүлде шамасы жоқ. Қорқады ғой енді. Жолбарыстың ығына жығылып жүре береді. Бір уақытта жолбарыс аңшыны иығымен қатты қағып, жарға құлатып жібереді. Қараса, жардың ішінде төрт құндыз жатыр екен дейді. Мынау сенің ақың дегендей жолбарыс жоғарыдан ақырын ырылдап қарап тұр дейді. Аңшы дереу төрт құндыздың терісін сыпырып алып, еттерін таза жерге қояды да, үйіне қарай тура тартады. Ат картаны қайдан біледі? – Бұл әңгімені қайдан оқыдыңыз? – Бұл әңгімені еш жерден оқығам жоқ, ертеде бір көнекөз қариядан естіп едім. 1970 жылы Талдықорған облысының Қытаймен шектесетін өңірінде бір қызық оқиға болды. Шекараның ну орман тұсы болса керек, қайдан екені белгісіз, бір аю кіріп келеді. Күзетте жүрген әскерлер шу ете түседі. Мылтықтарын ала-ала жүгіреді. Бірақ ешкім оқ атпайды. Аю ақырын басып келіп қораның шетіне жатады. Қару ұстаған әскерлер жақындап келсе де тыпыр етпейді дейді. Сөйтсе оның да аяғына үлкен шөңге кіріп кетіпті. Ал ол жара тіпті асқынып кеткен екен. Әскерлер дереу дәрігер шақырып, аяғын тілгізіп дәрі салғызыпты. Ем-дом жасалып болған соң аю орнынан қозғалып орманға қарай кетіп қалыпты. – Қызық оқиға екен? – 1986 жылы мына Жамбыл ауданындағы Қаракесек деген жерде қой бағып жатқан бауырларыма бардым. Інімнің бір иті алдымнан жүгіріп шығып, қыңсылай бастады. «Кет, ей» деп қағып жібердім. Менен кетіп қасымда тұрған ініме барып қайта қыңсылай берді. Біз әңгімелесіп тұрып оған аса мән бермеппіз, сөйтсек, оның екі жағына сүйек қыстырылып қалыпты. Бейшара ит соны алып таста деп келіп тұр екен ғой. Дереу алып тастадық, кетті де қалды. Міне, ана жолбарыс, әлгі аю, мына ит адамнан көмек сұрауды біледі. Шамасынша өз мұқтажын адамға білдіре алады. – Ал қасқыр ше? – Ол ешқашанда ондайға бара қоймайды. Қасқыр – өте шыдамды, қайсар, қулық-сұмдығы жетерлік айлакер хайуан ғой. Ол қақпанға түссе, жансызданған аяғынының басын өзі шайнап, тастап кетіп қалады. Ол адамға қыңсылап келмейді. Міне, қайрат, намыс, ақыл, ерлік! Баяғының қазағы мен қасқырда осындай ұқсастықтар болған, Қасымхан қарағым. – Қазақты жылқы тектес, қой мінездес халық деп жатамыз. Бұл сөздің төркіні қайда барып тіреледі? – Жалпы қазақ – жуас халық қой. Мінезі де жұмсақтау. Осы жағынан бізді қой мінездес дейді. Жылқы тектес деп отырғаны жылқы өте ақылды жануар. Жылқы мен адамның арасында көзге көрінбейтін бір өте жақындық бар. Тарихта мынадай да жайттар болған. Мына Қызылбастар мен Қыпшақтар соғысқанда Қыпшақтың батырын Қызылбастың батыры жекпе-жек үстінде атынан аударып жібереді. Содан Қызылбастың батыры атынан түсіп, қылышын алып, әлгінің басын алғалы жатқанда Қыпшақ батырының аты шауып келіп, Қызылбастың батырын теуіп өлтірген. Сөйтіп өзінің иесін аман алып қалған. – Бұл тарихта болған ба әлде аңыз әңгімелердің бірі емес пе? – Бұл тарихта бар нәрсе. Осы жылқыға байланысты тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Менің қол астымда істеген бір капитаным бар еді. Соғыста жау жақындап қалғанда, бәрі аттарынан түсіп, жата қап атысқа кіріседі. Капитанның жетектеп жүрген аты қолынан шығып босап кетеді. Көп адамның аты босап кеткен ғой. Содан олар жеңіле бастайды. «Әй, енді өлдім ғой деп» тұрғанында әлгі аты айналып келіп алдына оқыранып тұра қалады. Атына міне сап жаудан құтылып кетіпті. Соны айтып маған кеп жылайды ғой байғұс бала. Мені аман алып қалған астымдағы тұлпарым ғой бұл деп. Бұл жылқының ішінде ақылдысы бар, арамзасы бар, тіпті ақымағы да кездеседі. Ал негізінде жылқы өте ақылды жануар. Әлемде бес тіршілік иесі ақылды болып саналады. – Жеке-жеке айтып шығыңызшы? – Ең бірінші әрине адам, адамнан кейін дельфин, одан кейін маймыл, маймылдан кейін ит пен жылқы. – Қасқыр қайда қалды, қасқыр ше? – Дұрыс айтасың, ал, мен өзім осы тізімге қасқырды да қосып жүрмін. Өйткені қасқыр да өте ақылды. Арғы тегі итпен тектес қой. Мен мал мінездерін де жалықпай қағазға түсірдім. Менің көзімнің анық жеткені оның ішінде әсіресе жылқының мінезі ерекше болады екен. – Жылқының қандай мінездері бар екенін таратып айтып берсеңіз... – Кісінейді, осқырады, оқыранады, шырқырайды, арқырайды, үркеді, елеңдейді, ішін тартады, жөтеледі, түшкіреді, айғырлар шекіседі, тебіседі, тістеседі, жусайды, ұйықтайды, қашады, иіскейді, иіскеседі, шайнайды, таласады, есінейді, бірін-бірі іздеп кісінейді, кісінеп табысады, кісінеп танысады, «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген сөз осыдан қалса керек. Жылқы өте жершіл болады. Өз мекенін іздеп қашады, өз үйірін іздеп қашады, сен оның айылын қатты тартсаң, сені тістеп не теуіп өшін алады, сені ұнатпай қалса, ыңғайы келгенде тебеді, жылқының аты шыққан тебегені болады, қытымыр мінезді жылқы, ақылды жылқы, ақылсыз жылқы, кең пейілді, ақ пейілді, арамза, арам ойлылары да болады. Адамды алдайтындары бар, ер мінезді батылдары бар, адамға, иесіне жанашырлық жасайтындары да болады. – Осы айтқандарыңызға нақты бірер мысал келтіре кетсек бола ма? – Мысал дейсің бе, көп ондай оқиғалар. 1935 жылы Құсайын Бабалықұлы Үрімжі қаласынан бір қаракер атты сатып алып мініп, Шәуешек қаласына келген еді. Ат Құлжа аймағының Текес ауданынан айдалып, мың екі жүз шақырым жол жүріп, Үрімжі қаласына дейін барған. Үрімжіден бес жүз елу алты шақырым жүріп, Шәуешекке барған. 1937 жылы көктемде осы ат бізден қашқанда бұрын басып өткен жерлерін қайта баспай, Шәуешекке, Текеске қарай төте жолсызбен қашқан ғой жарықтық. Текес, Шәуешек, Үрімжі үшеуі ошақтың үш бұты секілді үш жерде орналасқан. Үрімжі мен Шәуешек бес жүз елу алты шақырым, Шәуешекпен Текес мың бір жүз шақырым, Үрімжімен Текестің арасы мың екі жүз шақырым. Сонда ол бұрын Текестен Үрімжіге, Үрімжіден Шәуешекке келіп отыр ғой. Бұл жолы ол тура келген жеріне қашқан. Ал осы ат картаны қалай біледі? Басып өткен жерлері асқартау, құм, елсіз дала, көл, өзенді жерлер. Әлде жылқы аспан әлеміндегі жұлдыз, ай, күн, ауа-райын есептей ме? Қалай ойласам да осы аттың Текеске төтелеп қашуы мені қатты таң қалдырды. Табиғаттың тылсымы болар. Қанша ойлансам да бұл жұмабақты мен шеше алмадым. Жылқы жануарын айтқанда оның аналық атауларына да тоқталғанды жөн көріп отырмын. Бие, байтал, құнажын байтал, дөнежін байтал, ұрғашы тай, ұрғашы құлын, құр бие, ту бие, құлынды бие, қысыр, сауын бие, осылай жалғасып кете береді. – Түйекиік дейтін жануар бар екен. Ол қандай жануар? – Әлі есімде әкем Бабалықтың айтуынша «түйекиіктің» денесі біздің тайлақ түйедей ғана болады екен. Өңі құла сары. Манас ойпатының солтүстік батысындағы Жайыр тауын мекендеген Найман ішінде Матай елінің атақты саяткері, аңкөс Абдырахман Тұрлыбайұлы әр жылы қыста аңшылар тобын құрып, Манас ойпатына келіп салбурынға шығады екен. Қалың жиде, сексеуіл, тораңғыл мен жыңғыл, дүзген орманы арасында қарақұйрық, елік, қасқыр, бұғы-марал, түлкі, қарсақ, шибөрі секілді аңдар болады. Сондай салбурындардың бірінде «түйекиік», кейде «керқұла» да көреді екен. Бір жолы керқұланы атып та алғаны бар көрінеді. Әбекеңнің айтуында «Түйе иік» – екі өркешті, өңі құла сары, дене тұрқы біздің тайлақ түйедей, өте жүйрік, адамды көрген заматында құйындай зыта жөнеледі дейді. Бұл 1915-1921 жылдар аралығында болған оқиға. Біздің қолдағы түйелердің түсі де әркелкі болатын. Ақ сары, ақбас, құла сары, қара қоңыр шудалы. Бүкіл әлемді алып қарайтын болсақ, жабайы түйе, түйекиікті ұстап, бағып отырған жануарлар бағы жоқ. Моңғолия жерінде түйекиік бар деген де сыбыс естіліп қалады. 1989 жылы мен Үрімжідегі жануарлар бағында болдым. Әдейілеп барғам. Соғыс кезінде далада қалып, тағыланып қалған бір түйені қытайлар ұстап алып, «түйекиік» деп атап отыр. Қолда бағылып, жүк артылған, екі өркеші сынған, жапырақ, қайшы өркеш алып қара бура екен онысы. Мен көргенде тік тұрып, алдындағы шөпті аузын толтыра асап, қылғытып жатыр екен. Жанына жақын барып едім, маған қарамады. Сескенген, жиіркенген, қауіптенген сыңай танытпады. Қытай ғалымдары Манас ойпатында «Түйекиік» болғанын жақсы біледі. Бірақ түйе тегінің қай уақытта жойылып біткенін білмейді. Олар мен айтқан деректерге көңіл аудармады. Мен мұны әркез айтып жүрмін. Жылқы біткеннің арғы тегі керқұлан мен тарпаң ғой. Тарпаңның соңғы тұяғы 1864 жылы оққа ұшқаны жайлы менде дерек бар. Біздің қазақ жылқы құмарларының сөзіне қарағанда – жұқа тұяқ, қазтабан, шашалы шоқтықсыздау, дене бітімі жұқалтаң, күйгелектеу, мінезі жеңілтек келетін тұқымның түрлері қазақ жылқысының ішінде некен-саяқ кездеседі. Жалпы тарпаң тектілер аздау. (Жалғасы бар) Қасымхан БЕГМАНОВ.

4167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы