• Қоғам
  • 19 Қараша, 2015

Терминдерді біріздендіру қажет

Жуырда Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» Алматы қаласы бойынша фи­лиалының Мәжіліс залында қол­даныстағы терминдерді біріздендіру мәселесіне арнал­ған семинар-кеңес болып өтті. Семинарды мекеменің Құқықтық жұмыстар, мемле­кет­­тік сатып алу және сани­тар­лық-эпидемиологиялық аудит бөлі­мінің бастығы Ж.Аламұ­ратова жүргізіп отырды. Ғылым мен техниканың дамуы жаңа терминдердің, ұғымдар мен атаулардың пайда болуына ықпал етіп келе жатқаны белгілі. Осы орайда қазақ тілінің терминдер қоры да жаңа сөздермен толықса да, кейбір баламаларды аударуда бірізділіктің сақталмай келе жатқаны жасырын емес. Бұл ретте негізгі әрі басты мәселелердің бірі – жаңа терминдердің тіліміздің табиғатына нұқсан келтірмеуінде болып отыр. Семинарға қатысқан мамандар аталған мәселелердің шешілу жолдарына баса мән берді. Кеңесте сөз алған А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлі­мінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, доцент Сәрсенбай Құлманов семинар та­қырыбына байланысты ой-пікірлерімен бөлісті. Бір атап өтерлігі, Ұлттық сараптама орталығының Алматы қаласы бойынша филиалында 7 зертхана, оның ішінде бактериология зертханасының 7 аудандық бөлімшесі мен санитарлық-гигиеналық 5 зертханалық бөлімшесі жұмыс істейді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуде зертханалардың іс қағаздары, хаттамалар мемлекеттік тілде толтырылады. Семинар-кеңесте қазақ тілінде ресімделіп, толтырылатын іс қағаздарды жетілдіру, онда қолданылатын термин-сөздерді мән-мағына тұрғысынан сарапқа салу тәрізді мәселелер қарастырылды. Медицина саласында әртүрлі қолданылып жүрген терминдердің бар екені, оларды бірізге түсіру – уақыт талабы болып отырғаны тілге тиек етілді. Семинар барысында қолданыстағы 1000-нан аса терминдерден тұратын сөздікке талдау жасалып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Жиын соңында мамандар қазақ тіліндегі медициналық атау сөздерді біріздендіруді әрі қарай жалғастыра түсудің маңызы зор екенін атап өтті.

Г.БАҒЫТҚЫЗЫ, Мемлекеттік тілді дамыту және БАҚ-пен жұмыс бөлімінің бастығы

2893 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы