• Қоғам
  • 26 Қараша, 2015

Eлбасы және ел мұраты

Алдымыздағы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Жалпыхалықтық мейрам. Мемлекеттік мереке. Олай болса, мереке қарсаңындағы айтылар сөз де, пайымдалар пікір де әлем таныған Қазақстанды бүгінгідей биік дәрежеге жеткізген Елбасы туралы болмақ. Мемлекет қалыптастырудың ауыр жүгін арқалап, туған халқын небір қиындықтардан, дағдарысты кезеңдерден адастырмай алып өтіп, көшімізді түзеген, бағытымызды айқындаған, әлемдік саясатта ойып тұрып орын алған бүгінгідей ел дәрежесіне жеткізу – Елбасының маңдайына жазылып, тағдырына бұйырыпты. Елбасы бір сөзінде: «Мен не істесем де, қабырғалы халқыма арқа сүйеп істедім» деген еді. Халқына арқа сүйеп, өз өмірі мен қызметін де халқына арнау – жүрегі елім деп соққан ойлы адамның ісі. Бүгінгі әлемдік қауымдастық Қазақстанды бейбітшілік салтанат құрған, береке-бірлікті ту еткен ел ретінде таниды. Ұстанған саясатымен санасады. Бастамаларын қолдайды. Дүниежүзі елдерінің тарихына қарайтын болсақ, тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттер ширек ғасыр ішінде мұндай дәрежеге жете алды ма? Ал осындай дәрежеге аз уақыттың ішінде қол жеткізу біздің еліміз үшін оп-оңай жүзеге асты деп тағы айта алмас едік.

Ата-бабаларымыз аңсаған тәуел­сізді­гімізді жариялап, азаттықтың ақ таңын қуана қарсы алуымызбен бірге бұл қордаланған мәселелер бастан асып жатқан беймаза шақ еді. Бұл орайда салиқалы саясаты бар дербес мемлекет құру оңайға түскен жоқ. Сол сындарлы уақытта, «болу я болмау» мәселесі тұрған аса жауапты кезеңде халқымыз өзінің Тұңғыш Президентін таң­дап, оның қолына «екі тізгін, бір шылбырды» ұстатты. Экономиканы көтеріп, дамудың даңғыл жолын айқындаған Елбасының ерен еңбегі – ел еңсесінің тіктеле бас­тағанынан-ақ көрініс таба бас­тады. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, Президентіміз бұл кезеңдерде халқына орындалмас арман ұсынып, құрғақ уәдені үйіп-төккен жоқ. Ел-жұртты сабыр сақ­тап, шыдамды болуға, уақытша қиын­дықтарға төзе білуге шақырды. Жалпы, әлемде игі жетістікке жеткен елдердің жүріп өткен жолына зер салсақ, барлық игі-жақ­сылықтардың қайнар көзі сол мемлекеттерді тұңғыш басқарған Президенттердің есімдерімен тығыз байланыстырылып жатады. Өйткені тұңғыш болу, тыңнан түрен салу, белгісіз соқпақтармен жүру, көш бастау – қашанда қиын әрі жауапты іс. Демек, қазақ еліндегі бүгінгі игіліктердің негізі де бұған дейінгі атқарылған келелі шаруаларда қаланды. Тұңғыштардың жолы ешуақыт­та оңай болмағаны белгілі. Олардың саясатын, жаңа идеяларын отандас­тары бірден түсініп, қабылдады деп те айта алмаймыз. Мұндай кезеңдерде қолға алған бастамасына сын айтып, мін тағушылар да болады. Наразылық танытатындар да аз болмайды. Қайтесіз, тұңғыштардың маңдайына жазылатын тағдыр сондай. Отбасында да тұңғыш бала болудың өзіндік қиындығы бар емес пе? Ал барша елдің, халықтың Тұңғыш Президенті болу деген сөз нардың белі қайысар жүкті арқалау деген сөз. Бұған көшбасшылық, қайраткерлік, ұлтжандылық, халықшылдық, дара болмыс, кемел ақыл мен терең білім, өмірлік бай тәжірибе, туабітті саясаткерлік керек. Бұл орайда, Елбасының көптеген жақсы қасиеттерін санамалап жатпай-ақ, бір ғана туған тіліне, яғни ана тіліне деген жанашырлығын айтсақ та, Мемлекет басшысының қазақ тілінің күллі әлемде танылуына сүбелі үлес қосып жүрген дара еңбегінен-ақ көруімізге болады. Елбасы БҰҰ-ның жуырда өт­кен кезекті сессиясында, бұдан кейін Францияда ЮНЕСКО-ның алқалы жиынында қазақша баян­дама жасап, тіліміздің мерейін асқақтатқаны барша еліміз үшін үлкен абырой болды. Мұнда да Елбасы Тұңғыш Президент ретінде қазақ тілінің әлемнің биік мінберінен естілуіне алғаш болып жол салды. Осылайша, ана тіліміздің әуезді, айшықты үні барша әлемге тарады. Қазақ тілі деген тілдің бар екенін бұрын-соңды естімегендер естіп, білді. Тіліміз Тұңғыш Президентіміздің сөзімен жер-жаһанға аян болды. Қазақ тілі – Ұлы Даланың ұлы тілі екенін Елбасы биік мінберден сөйлеген сөзімен әдемі жеткізе білді. Ана тіліміз үшін бұдан асқан құрмет те, мәртебе де жоқ. Жалпы, тіл мәселесі туралы ой қозғағанда Елбасының қазақ тіліне жасап келе жатқан қамқорлығын ерекше айтуымыз керек. Өйткені мемлекеттік тілге жанашырлық ең алдымен сол елдің мемлекет басшысынан туындамаса, ондай істе нәтиже болмайтыны айдан анық. Еліміз тәуелсіздігін жариялағалы бері Елбасы тіл туралы айтудайын-ақ айтып келеді. Қатты да айтқан, ащы да айтқан, көңілге қонымды етіп де айтқан, тұжырымдап та айтқан, барша қауымға ой сала да айтқан сөздері өте көп. Ұлтымыздың намысын қамшылап былай дегені бар емес пе: «Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды. Қаншама адам отырса да, соларға арналған аудармасын беріп, қазақ тілінде сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкімге анау сөйтпеді деп уәж айтудың жөні жоқ». Осы сөзді ұғына білсек, мұнда да терең мағына жатыр. Әй, көп нәрсе өзімізден де болып тұр-ау осы. Әйтпесе, заң тыйым салып отырған жоқ, барлық мүмкіндіктер жасалған. Қазақстандағы әрбір қазақ қазақша сайрап тұрса, өзге ұлт өкілдері де он жылда сайрап шықпай ма. Біз бұл мә­селені көп айттық, әлі де айтудан жалықпаймыз. Бірақ алды­мен өзіміз сөйлеп, өзімізден бас­тайықшы. Сосын барып өзгелерге «неге сөйлемейсіңдер» деп кінә тақсақ, жарасымды бол­мас па!? Тарихтың өзі қазақ ті­лінің шарықтап дамуына жақсы мүмкіндік беріп отыр емес пе. Құдайға шүкір, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын артқа тастап, келешегі кемел елдің іргетасын бірге қалап жатырмыз. Тілімізді жетімсіретпей, төрге оздыру өз қолымызда тұрған жоқ па. Бар болғаны намыс керек, жігер керек. Nazarbaev Елбасы мемлекеттік тілді білуге байланысты нақты тапсырма берді. «Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз» деп пайымын жеткізді. Қарап тұрсақ, тіл туралы Елбасының айтпаған ойы, біл­дірмеген пікірі жоқ екен. Солардың бірқатарын тезисті түрде келтірсек, Елбасы былай деді: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз». «Тілге деген көзқарас шындап келгенде, елге деген көзқарас екені дау­сыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық». «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді». «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстан-дықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады». Ойланған адамның санасына же­тетін, көкейіне қонатын замана сөз! Ал БҰҰ-да қазақ тілінде сөйле­гені­нің мәнісін журналистермен кездесуінде былай деп тарқатып айтып берген болатын: «Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым. Бәрібір онда барлық тілге аударылады. Бірақ, біздің адамдар әбден үйреніп кеткен. Сөйлескісі келмейді. Тілі басқа жаққа үйреніп, жаттығып кеткен. Сондықтан мен айтқаннан кейін менен кейінгі біздің басшылар солай сөйлейді деп сенемін!» деді. Біз осы мақаламыздың өзегіне «тұңғыш» деген сөзді тірек етіп алып отырмыз. Мұндағы басты себеп, Елбасының бастамаларымен және қолға алуымен Қазақстанның әлемдегі аты озып, дара шығып келеді. Қалай дейсіз ғой? Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі біздің елде тұңғыш рет өтті. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына (ЫҚЫҰ) төрағалық етті. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. 2017 жылы тағы да өз тарихында тұңғыш рет «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін өткізгелі отыр. Қысқартып айтқанда, Тұңғыш Президентімізбен байланысты тұңғыш деп айдар тағатын игілікті істер, бастамалар, халықаралық шаралар, қолға алынған жобалар көп. Елбасы туралы айтқан соң Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы жайында да бірер сөзімізді ортаға салсақ. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматының өсіп-өркендегеніне де барынша назар аударып отырады. Жуырда Алматыға атбасын бұрып, қала әкімі Бауыржан Байбекті қабылдап, бірқатар тапсырмалар берді. Өйткені Елбасы айтқандай: «Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі». Қасиетті тәуелсіздігіміз жарияланған, барша қазақ қуана қабылдаған тарихи сәт Алматыда жүзеге асқан еді. Тұңғыш Президентіміз де дәл осы Алматыда сайланды. Демек, Алматының қай тұрғыдан алып қарасақ та, мәні де, орны да бөлек.

Дәуіржан Төлебаев

3576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы