• Тіл
  • 26 Қараша, 2015

Ұлттық киіміміз сәнге айналса...

Семей жерінен Меккеге қажылыққа бірінші барған Шал қажының Атанақ, Жұмажан, Сыдық, Қияқбай, Жанбай, Әмір атты алты ұлы болған екен. Жұмажан деген ұлының баласы, яғни немересі Әбді ата колхоздың қойын бағып, шопан болған кісі. Шопанның таяғы құтты болып, жақсы еңбек еткен.

Менің осы Әбді ата мен Бибіш апаның ақ босағасын аттап, келін болып түскеніме 50 жылдың жүзі болыпты. Бибіш апа үнемі кимешек киіп жүретін. Жиын-тойда да аппақ кимешегімен төрде отыратын өте ажарлы адам еді. Дастарқанын толтырып, отағасына шай құйып отырғанының өзі әдемі еді. Осы апамыз сүйікті қызынан қапыда айырылып, денсаулығы күрт нашарлап кетті. Бір жылға жетер-жетпес уақытта өмірден өтті. Артында қалған қарияның жағдайын жасап, батасын алуға тырыстым. Ол кісі де мені қызындай көрді. Разы болып, үнемі батасын беретін. Араға төрт жылдай уақыт салып, 90-ға келіп ол кісі де өмірден өтті. Бұл күні мұның барлығы тек естелік болып көз алдыңнан өтеді. Бибіш апаның тәрбиесін көрген мен де бүгінде камзол киіп, оюы бар орамалымды тастамаймын. Мұның өзі адамға бір күш беретіндей. Соңғы кезде жастардың киім киісіне, өзін ұстауларына көп мән бе­ретін болдым. Қазақы киім кигендерін көрсем іш тартып, қуанып қаламын. Әнші Қарақат Әбілдина, Роза Әлқожа, теле­жүр­гізуші Жанат Бақыт сияқты ел алдында жүр­ген қыздарымызға сүйсіне, құрметпен қараймын. Жақында Алматы қаласындағы бір мек­тепке жолым түсті. С.Сейфуллин атын­дағы №74 аралас мектепке бір жұмыс­та­рыммен барған едім. Мектеп басшысы Мақсат Шаймерденқызынан бастап, ағылшын тілінің мұғалімі Бақытгүл Каменова, орыс тілінің мұғалімі Ольга Александровна және тағы да басқа ұстаздар қауымы камзол киіп алыпты. Әншейінде тек қана Наурыз мерекесінде киінетін ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірде көремін деп ойламаған да едім. Ұстаздардың айтуынша, ұлттық нақышқа толы камзол кию бұларға таңсық емес екен. Күнделікті өмірде әдетке айнал­дыр­ған. Мектеп басшысынан бастап, тіпті орыс қызына дейін сондай жарасымды, әдемі көрінеді. Қазақы киім әдемілікке әдемілік қосатынын біздің жастарымыз түсінбей жүр. Кейде тіпті үлкен әйелдердің тыртыстырып тар шалбар киіп, шашының ашық-шашық жүргенін, жастардың тақыр кедей құсап жыртық-жыртық джинсы шалбар кигенін көргенде көңілім су сепкендей басылады. Мұндай әрекеттердің көзге оғаш, өрескел көрінетінін түсіндіретін үлкендердің азайып бара жатқандығы қынжылтады. Қаладағы мектептерге барғандағы тағы бір байқағаным – әр мектепте оқушылар әртүрлі галстук тағады. Бір мектепте көк, екін­шісінде сары, енді бірінде қара. Біздің тұсы­мызда барлығымыз бірдей қызыл галстук тағатын едік. Менің ойымша, осыны бір жүйеге түсірген жөн. Мектептердің барлығы бірдей туымыз түстес көк галстук тақса жөн болар еді деп ойлаймын. Бұл да оқушыға рухани күш беретін, патриоттықпен астасып жататын дүние деп есептеймін.

Бәтес Байкенова Алматы

2489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы