• Тіл
  • 26 Қараша, 2015

Білікті заңгер мемлекеттік тілді білуі керек

Бүгіндері Ішкі істер министрлігі ел ішіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік тілдің де дамуына баса көңіл бөліп келеді. Біз бұған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Кеңес Одағының Батыры Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дастан ДӘУЛЕТИЯРОВПЕН сұхбат барысында көз жеткіздік. Оқу орнында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қосқан үлесі үшін ол Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатымен  марапатталған. 

– Әңгімемізді өзіңіз қызмет ететін институттың бағыт-бағдары, бүгінгі тынысымен бастасақ... – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен 1996 жылдың 12 мамырында министрлікке қарасты Қостанай жоғары мектебінің Ақтөбе филиалы құрылды. Арада екі жыл өткен соң оқу орны заң колледжі болып қайта ашылды. 2010 жылдың 20 мамырынан заң институты деген атау­мен жұмыс істеуде. Ішкі істер органдарына еңбегі сіңген полковник, заң ғылымының кандидаты Кеңес Бейсебаев алғашқы күннен бастап 17 жылға жуық уақыт басқарды. 2013 жылдың желтоқсан айында институт бастығы қызметіне полиция полковнигі, заң ғылымының кандидаты Сәлімгерей Қаракүшев тағайындалды. Тағы бір жаңалық, өткен жылы оқу орнына ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры, саналы ғұмырын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған марқұм Малкеджар Бөкенбаевтың есімі берілді. Профессор – оқытушылар құрамы­ның білімін жетілдіру мақсатында «Педагогикалық ше­бер­лік мектебі» және «Бастауыш оқытушылар мектебі» жұмыс істейді. Ішкі істер бөлімшелерінің аймақтарына шығу сабақтары, далалық өңірде жедел-тактикалық оқу-жаттығулар оқытушылар мен тыңдаушылар шеберлігін шыңдауға айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Оқу-әдістемелік кеңес мәжілістерінде оқу үдерісіне жан-жақты талдау жасалады. Түлектеріміздің көпшілігі ішкі істер органдарында лауазымды қызметтер атқаруда. Олардың бірқатары өздері білім алған оқу орнына қайтып келіп, ұстаздық қызметті жалғастырып келеді. Бұл ретте оқу-саптық бөлінісінің курс бастығы, майор Газес Мұхамбедияров, капитан Нұрлан Қажығалиев, майор Мұрат Ешманов, жедел іздестіру қызметі кафедрасының доценті Керей Қаратаев, оқытушылар – подполковник Наталья Чупринюк, майорлар Алексей Алимпиев, Ләззат Төребекова, кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторлары – капитандар Мейрамгүл Елеусізова, Айгүл Құрманова, Дәулет Дүйсенбин және басқаларын айтуға болады. Басшы құрамдағы бірқатар азаматтар оқу орны ашылған уақыттан бері жұмыс істеп келеді. – Біздің алаңсыз, тыныш өміріміз көбіне-көп қоғамдық тәртіп күзетіндегі үлкен-кіші қауымның өз міндетін атқаруына байланысты. Сондықтан сала мамандарын даярлау мекемелерінде оқу-тәрбие жұмысы уақытпен санаспайды. Бұл ретте не айтар едіңіз? – Сауалыңыз орынды. Заман талабына сай білімді де білікті, елін, жерін сүйетін азаматтарды тәрбиелеу мақсатында «Қорған» атты көңілділер мен тапқырлар клубын құрдық. Институттағы ардагерлер кеңесі курсанттармен кездесуді жиі ұйымдастырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне әңгіме қозғайды. Әрине, болашақ офицер үшін аса пайдалы дағды – спортпен шұғылдану. Оқу орнында самбо, қоян-қолтық ұрыс, футбол, волейбол, теннис, қазақша күрес, жеңіл атлетика тағы басқа спорттық секциялар тұрақты түрде кесте бойынша жұмыс істейді. Және бір жайт, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының командаларымен жолдастық кездесулер өткізудің пайдасы зор. Таяуда институт тыңдаушысы Айбек Құсайынов Алматы қаласында қоян-қолтық ұрыс бойынша өткізілген чемпионатта спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. – Рухани байлыққа ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл қазақ болуымыз, дін адам болуымыз, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет. Институтта мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жайлы не айтар едіңіз. – Ана тілі – ар өлшемі. Қала берді, ұлы Абайдың даналығы, Махамбеттің батырлығы, Бұхар жыраудың ақылгөйлігі, Бөгенбай мен Қабанбай батырдың асқақ рухы. Егер біз туған тілдің тұнығында еркін жүзбесек, осындай баға жетпес байлықтардан айырыламыз. Біздің жоғары оқу орын осы мәселені жақсы сезінеді. Сондықтан мемлекеттік тілді дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге айрықша мән береді. Қазақ тілінің қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолданылуы – ұлтты біріктіруге жетелейтін фактор екені баршамызға мәлім. Елбасы 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген болатын. Түсінгенге бұл мемлекеттік тілдің баян­ды болашағына деген сенімді нық­тай түскен әрі бүгінгі таңдағы мем­лекеттік тілдің мақсатын мөрлеп берген сөз. Мұны осы бағыттағы жұмыс­тарға жасалған жаңа серпін деуге де келеді. Біз тіл мәселесінде ақырын жүріп, анық басып келе жатқан елміз. Бұл көздеген мұратқа, белгіленген межеге жетудің дұрыс жолы екенін уақыт өзі көрсетіп отыр. Қалай болғанда да, әр саладағы ілгерілеушіліктер жалпы тілдік жағ­дайдың жақсаруына оң ықпалын тигізуде. Біздің институт та бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін, маңызын арттыруға бағыт­талған іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырамыз. Ішкі Істер министрлігіне қарасты мемлекеттік тіл және ақпарат депар­таменті, өзіміздің институттағы мем­лекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі іс қағаз­дардың мемлекеттік тілде жүргізілуін жіті қадағалап, үнемі мониторинг жасап отырады. Соның нәтижесінде оқу орнында іс қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілу үлесі 2008 жылы 50 пайыз болса, 2015 жылы 96 пайызға жетті. Жыл сайын жоспарлы түрде тексеру жұ­мыс­тарын жүргізіп отырамыз. Шығыс құжаттары, ішкі құжат айналымы, атап айт­қанда хаттама, қызметтік жазба, бұ­рыштама мемлекеттік тілде толтырылады. Өткізілетін барлық іс-шаралар тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Осы жыл­дың үшінші тоқсанының қорытын­дысы бойынша институтта мемлекеттік тілдегі іс қағаздар айналымы 100 пайызға жетті. Жыл сайын Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай тіл апталығы өткізіледі. Соның дәлелі биылғы өткен «Тіл – татулық тірегі» апталығын атап өтуге болады. Өзге ұлт тыңдаушыларының арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты интеллектуалды ойынының берері мол. Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды 3-курс тыңдаушысы Фарид Юлчибаев, екінші орынды 2-курс тыңдаушысы Азиз Акрамов иеленсе, үшінші орынды 2-курс тыңдаушылары Эрмек Джузенов пен Адилет Усманалиев тең бөлісті. «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты Абай оқуларында бірінші орынды Айнұр Халиолла, екінші орынды Парасат Молданов, үшінші орынды Мағжан Рамазан мен Қорқыт Мағжан жеңіп алды. Апталық «Тіл – әр халықтың байлығы» атты кітап көрмесімен жалғасты. «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» атты танымдық сағат өткізілді. Институттың жеке және ауыс­палы құрамдары арасында «Тәуелсіз тілдің беріктігі ұлттық бірлікте» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында күш сынасудан, гір көтеруден, арқан тартудан жарыстар өткізілді. Биыл институт қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» байқауы өткізіліп, қорытындысы бойынша «Әмбебап», «Айбын», «Абырой» командаларына арнайы дипломдар мен қазақ ақын-жазушыларының кітаптары сыйға тартылды. 22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгергені үшін қылмыстық іс жүргізу кафедрасының оқытушысы, полиция капитаны Виктория Киперь Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Альбина БІЛӘЛОВА, институттың мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің қызметкері

18618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы