• Тіл
  • 26 Қараша, 2015

Түркітанушы

Филология ғылымының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлы қазақ тіл білімі ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі түркітанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, абзал азамат еді. Бұл кісінің ғазиз есімі тіл мен әдебиетіміздің, төл тарихымыздың ежелгі дәуірімен айналысқан Ә.Қоңы­рат­баев, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, Б.Көмеков, Ғ.Айдаров, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қырау­баева сияқты ғалымдармен қатар аталады. Әбжан Құрышжанұлын мен бұл кісіні қыпшақтану іліміне, түркітану мәселелеріне байланысты алғашқы жазған еңбектерінен ғана сырттай білетінмін. Кейіннен 1970 жылдардың орта шенінде Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары институтында кіші ғылыми қызметкер болып қызмет етіп жүрген кезімде ол кісі жұмыс істейтін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері Әбдуәли Қайдаров, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздықова, Өмірзақ Айтбаев, Оқас Нақысбеков, Телқожа Жанұзақов, Айтым Әбдірахманов, Әрсен Ибатов, Құлмат Өмірәлиев, Тоқтар Арынов, Нұргелді Уәлиев сынды ғалымдармен аралас-құралас болдым. Кей кездерде өзіміз тұратын Алматы қаласының сол кезгі Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданы атынан Алматы облысының Талғар, Кеген аудандарына барып, ауылшаруашылығы жұмыстарына қолғабыс ететінбіз. Қала, аудан көлемінде өткізілетін республикалық іс-шараларда да бас қосып қалатынбыз. Бірде көрші екі институттың бір топ қызметкерлері Талғар тауының жайлау­ларына барып, бір ай бойы жазғы шөп шабу науқанына көмектескеніміз бар. Сол тұстарда Әбекеңмен жақын таныса бастадым. Алдында ол кісінің қызметтес жігіттерінен академик Нығмет Сауранбаевтың өзі зерттеп жүрген XIV ғасырдағы «Кодекс Куманикус» атты тарихи ескерткішті қазақ тілімен байланыстыра зерделеуді шәкірті Әбекеңе тапсырғанын естігенбіз. Сонан байқағанымыз, 1958 жылдың мамыр айында Әбжан Құрышжанұлы «Кодекс Куманикус» тіліндегі септік тұлғалары мен мағыналары» тақырыбында диссертациясын қорғап, филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алған екен. Бұл жайлы толыққанды мағлұматтарды ол кісінің ұстазы туралы жазған «Н.Б.Сауранбаев» атты 1974 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан кітабынан алдық. Ал Әбекеңмен жақын таныстығым 2000 жылы сәуірде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология факультетіне декан болып барған кезімнен басталды. Алдында қазақ және орыс филологиясы факультеттері бірігіп – филология, одан сол жылы күзде тарих-кітапхана факультеті бізге қосылып, тарих-филология факультеті атандық. 7 кафедрада 200-ге тарта оқытушы-профессорлар еңбек етті. Студенттердің қатары да ұлғайып, олардың саны іштей-сырттай оқитын бөлімдерді қоса есептегенде (42 топта) 4200-ден асып жығылды. Ректорымыз қазақтың жаны жайсаң азаматы Серік Жайлауұлы Пірәлиев болатын. Факультетте ҚР ҰҒА академиктері, филология ғылымының докторлары, профессорлар Ә.Қайдар, З.Ахметов, тарих ғылымының докторлары, профессорлар А.Құрманбаев, К.Аманжолов, Т.Көлбаев, Қ.Рахметов, филология ғылымының ­докторлары, профессорлар Б.Әбілқасымов, Б.Абылқасымов, Р.Шойбеков, З.Бей­сенбаева, қазіргі ғалым-профес­сор­лар – Қ.Әбдезұлы, Р.Зайкенова, В.Жұмағұлова, С.Ержанова, ­Л.Қо­жа­кеева, Т.Ермекова, Б.Каримова, Ж.Сүлейменова, А.Сәт­бекова, Г.Бал­та­баева, А.Таң­жа­ры­қова сынды бір­қатар ұстаз­дар еңбек етті. Қызмет барысында мен көптен еңбек етіп келе жатқан ақсақалдар мен факультет ардагерлерінің ақыл-кеңесіне, ұсыныс-пікірлеріне құлақ астым. Түйткілді мәселелерді солармен ақылдаса отырып шешуге тырыстым. Нәтижеміз жаман болған жоқ. Факультетіміз студенттердің оқу үлгерімі, тәрбие жұмысына байланысты көрсеткіштері жөнінен университетте алдыңғы қатарда болды. Жұмыс арасында арагідік Әбжан ағай оңаша келіп әңгімелесіп кетеді. Жазғы мемлекетік емтихан тұсында да емен-жарқын қауқылдасып қаламыз. Ол кісі қазақ тіл білімі кафедрасында профессор болып қызмет етіп еді. Сол жылғы қоңыр күзде Әбекең қызмет бөлмеме келіп, асықпай-саспай әңгіме бастады: – Қарағым, 70-ке келгенімді өзім де байқамай қалыппын. Уақыт та өтіп барады. Бұл – бір. Екіншіден, осыны сылтау етіп түркітану мәселелеріне байланысты алыс-жақындағы түркі­танушыларды шақырып, халықаралық деңгейде конференция өткізіп жіберсек қайтеді? Егер мақұл көрсең – басшылықпен ақылдассаң жаман болмас еді, – деді ол. Ғалым-ұстаздың бұл ұсынысын қол­дайтынымды айтып, бұл мәселе жөнінде ректормен сөйлесуге уәде бердім. Басшымыз мұндай игі бастама, орынды ұсыныс, жақсы идеяларды сөзге келмей құптайтыны белгілі. Мұнда да солай болды. Ол кісі тек – күзде емес, асықпай-саспай конференция материалдарынан жинақ шығарып даярлап алған соң, қонақтардың келіп-кетуіне қолайлы кез – келесі жылдың көктеміне қарай өткізуді ұсынды. Сөйтіп, Әбжан Құрышжанұлының 70 жылдығына байланысты «Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция 2001 жылдың 15 маусымында үлкен табыспен өтті. Ғалымның материалдары көлемді-көлемді үш кітап болып жарық көрді. Конференцияны ректор С.Пірәлиев кіріспе сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Пленарлық мәжілісте Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік сыйлығының екі дүркін иегері, белгілі айтматовтанушы ғалым, академик Абдылдажан Ақматалиев, көрнекті тілші-ғалым ағамыз, ҚР ҰҒА академигі, профессор Ш.Сарыбаев, бұрынғы ректорымыз, ҚР ҰҒА академигі, профессор К.Құнантаева, филология ғылымының докторы, профессор Б.Әбілқасымов, ғалымның жерлесі, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Д.Досжанов баяндама жасап, мерейтой иесін құттықтады. Ғалымның ел алдындағы еселі еңбектері ескеріліп, жылы лебіздер айтылды. Иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді. Әбжан ағамыз ойында жүрген шаруасының ойдағыдай өткеніне төбесі көкке жеткендей болып қуанып, бір марқайып қалды. Әбекең бірнеше жыл бойы Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогика инс­титу­тының жанындағы докторлық дис­сертация қорғау жөніндегі біріккен кеңес төрағасының орынбасары, бірқатар энциклопедиялық жинақтар мен көп сериялы кітаптардың редак­циялық алқаларының мүшесі болды. Республикалық «Білім» қоғамының мүшесі ретінде еліміздің көптеген аудандарында әртүрлі тақырыптар бойынша дәріс оқып, үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізді. Ол көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу ісін сонау студент кезінде бастаған екен. Содан бергі ғылымдағы бар ғұмыры өзі сүйген тақырыбы – көне түркі, ескі түркі жазба ескерткіштерін зерттеумен өтті. Университетте жазған «Орхон-Енисей ескерткіштері мен көне ұйғыр жазуы тіліндегі септік парадигмалары» атты диплом жұ­мы­сын тереңдете келе өмірінің соңғы жылдары «Ескі түркі жазба ескерткіштері», «Құтадғу білік» деп аталатын екі үлкен еңбек жазды. Осы іргелі еңбектері жоғары бағаланып, ол 2004 жылдың 7 желтоқсанында «Парасат» орденімен марапатталды. Бұдан Әбжан Құрышжанұлының жеке өзінің ғалымдық тұлғасы да басынан аяғына дейін көне түркі ескерткіштерінен «құйылғандай» бірегей жаратылысқа айналғанына көзіміз жетеді. Бұған дәлел – Әбекеңнің «XIII-XIV ғасырлардағы көне қыпшақ ескерткіштерінің тілі», «Кодекс Куманикус» ескерткішінен үзінділер, Ғ.Айдаров және М.Томанов­пен бірге жазған «Көне түркі ескерткіш­терінің тілі» атты «Мектеп» баспасынан шыққан оқу құралы, Б.Сағындықовпен бірге жазған «Ахмет Иүгінеки. Ақиқат сыйы» атты аударма кітабы, т.б. еңбектері. Көрнекті ғалымның сөйлеу мәнері­нен, сөзінің мағына дәлдігінен, ойы­ның ұшқырлығы мен логикалық шымыр­лығынан ол кісінің ана тілінің құдіретін, сөз қадірін бағалай білетінін аңғаруға болар еді. Кейде Әбекеңнің сөз саптау­ларына, айтар ойын бірауыз өлеңмен көмкеруіне қарағанда ақындық өнерден де қара жаяу емес екенін байқайтынмын. Сөйтсем, ол кісі жас кезінде талай-талай айтыстарға қатысып, айтыс ақыны ретінде елге танылған екен. Мұны бүгінде біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Ол жөнінде бірде өзі әңгіме үстінде еске алып еді. Бұл оқиға 1946 жылдың қаңтарында болыпты. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел есін енді жия бастаған кез. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында малшылардың облыстық слеті өткізіліп, онда ақындар айтысы ұйымдастырылады. Айтыстың қазы­лар алқасына Сыр сүлейлерінің аса көрнекті өкілі, бесаспап өнер иесі – ақын, әнші, композитор, әйгілі ­Нартай Бекежанов төрелік етеді. Онда Әбжан Құрышжанов өзі құралпылас балаң жігіт, кейіннен «Қазақстанның халық ақыны» болған айтыс өнерінің дүл­дүлі Манап Көкеновпен айтысқа түседі. Екі жас ақын дәстүр бойынша өз ауыл­дарының, шаруашылықтарының еңбектегі, қоғамдық-рухани өмірдегі жетіс­тіктерін термелеп, бір-біріне есе жібермей, тең өнер көрсетеді. Сонан ай­тыс қорытындысында айтыскер ақын­дарға баға бере келіп, Нартай ақын: «Әнһардың ағып жатқан тұнығысың, Тұнықтың бойында өскен шыбығысың. Тең түстің Манап, Әбжан, қарақтарым, Халықтың ел билейтін құлынысың!» деп екеуінің маңдайларынан сүйіп, сыйлыққа бір-бір қойдан, бір-бір етіктен беріпті (Өлең шумағындағы «әнһар» сөзі араб-парсы тілдерінде өзен, дария деген мағынаны білдіреді – Б.С.). Бұл айтыс жайында 1998 жылы газетке берген сұхбатында Манап Көкенов: «...Өмірімде бірінші рет айтысқа түскелі отырған менің қарсы­ласым да өзім қатарлы, сол кезде өлең шығарып, ауызға іліне бастаған Құрышжанов Әбжан деген бала жігіт болатын. Халық жиналып, әділ қазылар жайғасқан бойда айтыс басталып кетті. Кезекті бірінші рет алған Әбжан бастырмалатып, қояр емес. Өз колхозын, оның еңбек озаттарын мақтап-мақтап алды да, сөз аяғында маған қарап: «Салыстырып мақташы колхозыңды, Шығарайын сөзбенен тоз-тозыңды» деп жырлады. Сөйтіп, сол тойда бірінші рет Құрышжанов Әбжанмен айтысып, тиісті жүлдемізді алған едік...» дейді қарсыласы туралы («Өскен өңір», 13 желтоқсан 1980 жыл). Міне, бұл мысалдан ғалым-ұстаз­дың көпшілік біле бермейтін бір қыры – суы­­рыпсалма ақындық өнері болғанын бай­қаймыз. Әлемдік тіл біліміне танымал түр­кітанушы, қыпшақтану ілімінің негізін салушы ғалымдардың бірі – Әбжан Құрышжанұлы биыл тірі болғанда 85 жылдық мерейтойын атап өтер еді. Алайда, ғалымның өмірден өзі кеткенмен, оның соңында – ұрпақтары, жақын-жуықтары, шәкірттері, қыруар еңбектері қалды. Айталық, ол кісінің үлкен қызы Әлия – филология ғылымының кандидаты, компьютерлік лингвистиканың білгір маманы, Оңтүстік Кореяның Хан Гук университетінде қазақ тілінен сабақ беріп, сол оқу орнының ақпараттық-технология орталығында бөлім басшысы қызметін атқарса, екінші қызы Жанар – Англиядағы Кембридж университетінің оқытушысы, мамандығы – экономист. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, шәкірттері – Роза Қайырбаева, Мәрзия Мәженова, Тоқтар Арынов, Сержан Дүйсенов, Жанар Исаева, Құрманғазы Сембиев, Майра Жүнісова, Ләйлә Құн­дақ­баева филология ғылымының кан­ди­даттары, ал Сандыбай Боранбаев фи­ло­логия ғылымының докторы атанды. Ғалым-ұстаз өмірде қарапайым, үлкенге сыйлы іні, кішіге қамқоршы аға болатын. Өз еліне, туған халқына шынайы берілген жан жастарды оқытып-тәрбиелеуде, білімді де білікті мұғалімдер даярлауда қажымай еңбек етті. Оның өмірі мен ғылыми еңбек жолы, адамгершілік игі қасиеттері, табан­дылығы, тиянақтылығы, еңбекқорлығы, артық сөйлемейтін ұстамдылығы кейінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық.

Бақтияр СМАНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

20140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы