• Мәдениет
  • 11 Наурыз, 2010

Баға жетпес асыл қазына

Баға жетпес асыл қазынаЖақында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында ұлтымыздың арғы-бергі руханият тарихынан мол мағлұмат беретін, қазақ топырағындағы байтақ күйшілік үрдістерге тән барша күй мектептерінің ең таңдаулы нұсқаларын топтастырған «Қазақ халқының дәстүрлі 1000 күйі» атты қырық бір күйтаспадан тұратын антология жарық көрді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғысөзін жазған бұл музыкалық антология – қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылған баға жетпес байтақ қазына ретінде бағаланып отыр. 1925 жылы Мәскеуде белгілі этнограф-ғалым А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» деген музыкалық-этнографиялық жинағы жарық көргенде, техногенді өркениет өрісіне жүрексіне қадам басқалы тұрған ұлтымыздың тұмса өнері – қазақ әнінің мәртебесі ерекше асқақтаған. Өйткені, осыншама қазабат еңбекті жазу үшін үш жыл бойы ел аралап, табан етін таптап, маңдай терін төге жүріп жазира өлкеміздің барша аймақтарына тән ән маржандарын ыждағатпен қағазға түсіріп, оны саралап, сараптап, ғылыми жүйелеп шыққан адам бұрын-соңды болмаған! Енді міне, сексен бес жылдан соң, үлгісі мен үрдісі әбден үзілуге айналған әлгі ізгі дәстүр қайта жанданып, жарасымды жалғасын тапқанын көргенде, мың мәртебе шүкіршілік еттік. Егемен ел, азат мемлекетіміздің ұлттық өнер тарихын түгендеп, ата-бабаларымыздың рухани қазыналарына ден қойған қайырлы бастамаларына жалпақ жұрт болып қуандық. Бұл жолы қазақ халқының әні емес – Тәңірдің тылсым күбірі саналатын киелі күй өнерінің бағы жанды! Бағы жанған емей немене, аталмыш жобаға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, белгілі тарихшы-ғалым, қазақ руханиятының білгірі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің өзі мұрындық болғандығының арқасында өнер өлкесінде тұңғыш рет, күй жанрына арналған «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты дербес музыкалық антология өмірге келді. Азуын айға білеген кешегі Кеңестер Одағының «түф» дегені жерге түспей тұрған заманда қазақ күйінің өрісі тарылып, өркені кесілгені жасырын ба еді? Қай салада болсын Орталықта – Мәскеуде отырған қырағылар сызып берген шеңберден шиыршық атып шыға алмадық. Күй тәрізді құдіретті өнермен айналысқан санаулы зерттеушілердің қаламына ілігіп, солардың қолы жеткен жерлерден жиналған музыкалық материалдарды ғана малдануға мәжбүр болдық. Сондай күндердің салдарынан күйшілік үрдістің аймақтық ерекшеліктері, этникалық сипаты аяқасты болып, қаншама жыл рәсуә күй кешті? Батыс Қазақстандағы дауылпаз Құрманғазының, Сарыарқадағы сыршыл Тәттімбеттің шығармалары сияқты санаулы мұра ғана кәсіби күйдің санатына жатқызылды. Далалықтардың дәстүрлері жетімсіретіліп, оның орнына қасаң классицизм үлгісі көзсіз насихатталды. Осылайша, ай мен күннің аманында өз-өзімізге шеген салып, балталасаң бұзылмастай етіп қамал жасап алдық. Талай марқасқа зерттеушілеріміздің ғылымдағы даңғыл жолы кесілді, талай тарлан күйшілеріміздің өнері тұншықтырылды. Бүгін соның бәрі де кейін қалып, келмес күндердің еншісіне өтіп, табиғаты тылсымға толы қазақ күйінің жаңа ғасырдағы дарқан дәуірі басталды. Болмысында қасаң нотаға қарап жаттауға емес, ұзақ жылдар тыңдау арқылы сіңіп, «құлақтан кіріп, бойды алатын» қазақ күйі осы тарихи сәтті ұзақ күткен. Көптің көңілінен шыққан жарқын жоба қазірдің өзінде идея авторын алғысқа кенелтті. Маман музыкатанушылар мен зерек тыңдармандар тарапынан айтылып жатқан биік бағалар да соның айғағы деп білеміз. Бас-аяғы қырық бір күйтаспадан тұратын, мазмұн-арқауы 141 күйші-композитордың күй мұрасын қамтып, 113 орындаушы-домбырашы туралы мәлімет берілген бұл қомақты жоба бұрын-соңды ешкімнің түсіне кіріп көрмеген, бірде бір маман-ғалым тәуекел етпеген қазақ өнерінің тарихындағы теңдесі жоқ бастама болып отыр. Қазақ күй өнерінің сан түрлі жанрын қамтыған бұл музыкалық антология – өзінің орналасуы жағынан алфавиттік реттілікті сақтай отырып, домбыра, сыбызғы, қобыз күйлері болып үш арнаға топтастырылған. Антологияға енген қобыз (40-41 диск) және сыбызғы күйлері (37-39 диск) сан жағынан шағындығына байланысты өңірлерге бөлінбей, тұтас берілсе, домбыра күйлері таралу аймағына қарай алғаш рет Шығыс Қазақстан (1-5 диск), Жетісу (6-8 диск), Арқа (9-11 диск), Қаратау (12-15 диск), Сыр өңірі (16-19 диск), Батыс Қазақстан (20-30), Маңғыстау күйшілік дәстүрлері (31-34 диск) және қазіргі заман күйлері (35-36 диск) болып тоғыз тарауға жүйеленіпті. Көрген адамның көңіл көзі тоятын, естіген маман ішкен асын кейін қоятын, қазақ күйінің таралу аймағын тұтас қамтыған бұл музыкалық антология – қазақ музыка мәдениетіндегі ең үздік ғасыр жобасы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Қазақ халқының аспапты жанрға жататын байырғы күйшілік өнері – өткен ғасырлардың қойнауында көмескілене бастаған тарихи танымымыздан мол мағлұмат, соны дерек бере алатын, музыка әлеміндегі өте бір нәзік түр болып есептеледі. Абай данышпан: «Ғашықтың тілі– тілсіз тіл» дегенде, тек екі адамның арасында ғана болатын ынтызарлық сезімнің сырын айтумен шектелмеген болса керек. Қазақтың күйі – тал бойына талай ғасырдың құпия мәліметтерін жинақтаған теңдесі жоқ энциклопедиялық мұра, музыкалық формасы жағынан шағын бола тұра, симфонияның жүгін көтере алатын синтезді құбылыс, дерек берудің ең нәзік, тілсіз түрі. Әттең, киелі күй өнерінің сол тылсым сырына әлі де болса терең бойлай алмай жүрміз, ғазиз бабалардан аманат болған, бітімі бөлек көл-көсір мұраларымыздың күні бүгінге дейін лайықты бағасын беріп, тұғыр-тағын бекте алмай келеміз. Бұл музыкалық антологияға ХIХ ғасырда өмір сүрген қазақтың қабырғалы ақыны, ұлттық музыка мәдениетіне де өзіндік үлес қосқан поэзия пайғамбары Абайдан бастап, қазіргі заман композиторы, талантты қобызшы Әлқуат Қазақбаевтың шығармашылығына дейінгі аралықты қамтитын Абыл, Ақбала, Ақбикеш, Аққыз, Алтынай, Арынғазы, Әбди, Әлшекей, Әлікей, Байжігіт, Байсерке, Бапыш, Бекпенбет, Боғда, Бөлтірік, Досжан, Есбай, Есір, Жантөре, Жалдыбай, Қартпай, Қожеке, Қыздарбек, Сейтек, Сүгір, Тоқа, Түркеш, Төремұрат, Махамбет, Мәмен, Мырза, Құлшар, Өскенбай, Раздық, Үсен сияқты күйші-сазгерлердің 1000 маржан күйі енген. Бұрын жарық көрмеген және Қазақстанның барша өңірлеріндегі дәстүрлі үлгіні толық қамтыған қазақтың мың күйі! Тек, естір құлақ, айтар ауызға ғана жеңіл. Әйтпесе осы күрделі жобаның тасасында қаншама музыка фольклоры мамандарының, күй аңызын зерттеген филолог-ғалымдардың, ақберен күйшілеріміздің шығармашылық портретін жасаған жазушыларымыздың, ғазиз ғұмырын осы салаға сарп еткен энтузиастардың, дала мәдениетінің мәйегінен қанып ішкен дарынды домбырашылардың, тіпті музыкаға қатысы жоқ қарапайым жандардың көз майын сарқыған еңбегі жатыр. Оған осы ізгі жобаның алғаш бастама болып көтерілген күнінен бергі жүйелі ұйымдастыру шаралары мен музыкалық антология материалдарының жинақталып, жүйеленіп, Сіз бенен Біздің рухани тоғаюымызға дәнекер болып отырғанға дейінгі аралықтағы ересен еңбекті қосыңыз. Музыкалық антологияға енген күйші-сазгерлердің арасында жалпақ жұртқа есімі бұрыннан мәшһүр әйгілі Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Қазанғап сияқты арда композиторлармен қоса, қазақ күйін індете зерттеген мамандардан басқа былайғы жұрт біле бермейтін, күй мұралары мұрағат қоржындарында жылдар бойы жатып қалған, кейбіреуін елдегі жекелеген есті орындаушы-домбырашылар ғана сақтаған Атығай, Ахметжан, Әліпбек, Әтіхан, Әшім, Бәзғалам, Бейілхан, Елемес, Камал, Қазен, Қайрақбай, Қизат, Мәсіғұт, Омархан, Оспанғали, Сақбике, Мұқаш, Сауқымбек, Ұлбосын, Тұраш тәрізді тың есімдер де бар. Қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына келіп қосылған көзайым антология өзінің осындай соны жаңалық, ерекше сипат, жақсы бастамасымен де ден қойғызады. Содан соң, дәл осындай жүйемен Алматыдағы Орталық Мұрағат, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Орталық Ғылыми кітапхана, Консерваторияның фольклор бөлмесі, Қазақ телевидениесі мен Қазақ радиосының, облыс орталықтарындағы мұрағаттардың Алтын қорларындағы барша қазақ әнінің інжу-маржан үлгілерін, кезеңі келген мәселенің келесі кезегі ретінде жыр-терме, қисса-дастандарды өзінше жүйелеп, неге тармақты музыкалық антология шығармасқа деген ой келеді. Расында да, қазақ күй антологиясын қолына ұстаған әр қазақтың көңіл төрінде Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед сияқты ұлттың мәдени құндылықтарын ұлықтаған қайраткерден осындай тілектері барын жасыра алмаймыз. Өйткені, жылдар бойы қордаланып, әбден пісіп-жетіліп, әлдеқашан кезеңі келген, енді себепсіз кешеуілдетуді көтере алмайтын қазақ руханият әлемінің өзекті мәселелері ертең емес, бүгінгі таңда шешімін тауып, бас-аяғын бүтіндеуді бәрімізге бірдей міндеттейді. Музыкалық антология тұңғыш рет қазақтың төл мәдениеті – дәстүрлі күйшілік өнерін тұтас қалпында, өзінің өлкелік ерекшеліктері мен дәстүрлі орындаушылық машығын өзгертпей, әр аймаққа тән күй мұраларын сол топырақтың өнер үрдісін бұзбай тұтынып, өнерді мәңгілік мұрат еткен домбырашылардың орындауларында беріпті. Дәулескер қобызшы, сыбызғышы, домбырашылар Айса Шәріпов, Қали Жантілеуов, Мағауия Хамзин, Нәби Жәлімбетов, Жәлекеш Айпақов, Исламбек Исқақов, Жаппас Қаламбаев, Молдағали Балымбетов, Дәулет Мықтыбаев, Кәлек Құмақайұлы, Рысбай Ғабдиев, Шамғұл Ыбырайымов, Шәміл Әбілтаев, Қаршыға Ахмедияров, Бақыт Басығараев, Боранқұл Көшмағамбетов, Таласбек Әсемқұлов, Жанғали Жүзбаев, Талғат Мұқышев, Елдос Еміл сияқты саңлақтардың күй шертудегі өзіндік машық-мәнері кейінгі буын сахнагерлер үшін таптырмайтын үлгі, ерекше өрнектелген дара мектеп. Қанша жерден консерватория тамамдап, жоғары музыкалық сауат алғанымен, бүгінгі заманауи жас домбырашылар белгілі бір аймаққа тән дәстүрді толайым меңгерген, көненің жол көрген кәнігі домбырашылары сияқты күйді белгілі бір өңірлерге тән барша ерекшелік, өлкелік сипат, қағыс-қайырым, аңыз-шежіресімен егіз өрімде толық сақтай отырып, қан-сөлін қанықтырып орындай алмайтыны ғылымда да, күнделікті сахнада да әлдеқашан дәлелденген жайт. Сүгірден жеткен қарт Қаратаудың қоңыр сазды күйлерін Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтан артық, Сыр бойының фәлсапаға толы күй сазын Нәби Жәлімбетов пен Исламбек Ысқақовтан асырып, Арқаның сылқым күйлерін Әбікен Хасеновтей жеріне жеткізіп, Батыс Қазақстан аймағының бірегей күйлерін Қали Жантілеуов пен Рысбай Ғабдиевтей ерекше қайрат-жігермен, Маңғыстаудың мың бұрау күй мақамдарының иірімін Шамғұл Ыбрайымов пен Мұрат Өскенбаевтай шегелеп орындайтын қас шеберлер әлде де туар, мүмкін тумас та?! Тек, Алла тағала көкіректеріне нұр құйып, тумысында талантты еткен осы өрен жүйріктер салып берген домбырашылық үрдістегі өзіндік өрнек, сара желіден жаңылып қалмасақ болды. Сол өлкелік өрнекті үнемі дамытып, дәстүршілдікпен жалғастырып отыру керек. Бұл тарапта «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» музыкалық антологиясының заманауи біліммен қаруланған жас буын домбырашылар үшін атқаратын ұстаздық ұлағаты орасан. Маржандай тізіліп тұрғанда сұп-сұлу көрінетіндігімен, домбыра шанағын кернеп, зар пернеден буырқана төгілгенде сұп-суық естілетін, содан соң эстетикалық нәр беруден гөрі, тыңдарманның дегбірін қашырып «құлақ кесетін» қазіргі қасаң домбырашылық үлгіні бұзып, байырғы дәстүрлі қалыпты қайта қалпына келтіру жолында бұл антологияның бүгінгі таңда теңдесі жоқ. Қазақтың байырғы күйшілік өнері кейінгі жылдары өзінің дәстүрлі бұла бастауларынан айнып, бірсарын, қасаң жүйеге айналып бара жатқандығы жасырын емес еді. Мұны оқта-текте мән-жайды терең білетін мамандар жағы ғана өзекті мәселе етіп көтеріп жүретін. Оның үстіне сонау бір аумалы-төкпелі замандардағы үркіншілік кезінде қазақтың дәстүрлі күй өнерінің бір саласы – Шығыс Қазақстан өңіріне тән домбырашылық үрдісті тұтынушы домбырашылар қазіргі Монғолия мен Қытай халық республикасына, Сыр өңірінің күйшілері – Қарақалпастан, Тәжікстан, Өзбекстанға, Маңғыстаудың домбырашылары Түркіменстанға шекара асып кетіп, ұлтымыздың ұлан-ғайыр музыкалық мұрасы төл топырағынан жырақтап кеткені қандай қасірет десеңізші. Күй өнерін терең зерделеген ғалым, марқұм Ақселеу Сейдімбек көзінің тірісінде қазақта бес мыңдай күй, соған жете-қабыл ән болғандығын үнемі шегелеп айтып отыратын. Осы ізгі ойын баспасөз беттерінде талай рет жазып та дәлелдеп жүретін. Сол қымбат қазынаның дені заманалардың жел-дауылына тап болып жоғалды, мерзімінде жазып алмағандықтан көкірегі даңғыл майталман домбырашылармен бірге көмілді, көбінің өңі айналып өзгерді, ұмытылды, насихаттауға тиым салған күндерде қариялардың жадында жүріп көнеріп, көкіректерінде жатып тозды. Міне, қазақ күйінің қасіретті пернесіне бармақ бассаң болды, осылайша зар илеп қоя беретін. Қолымызға тиіп отырған көзайым дүние әлгіндей, өкініші өзек өртейтін жайттарды да өз орнына келтіруге барынша тырысып бағыпты. Сөйтіп, талай жыл шет жерде сақталып, бүгінде шекара асып келіп, қазақ күйінің ортақ қамбасын толықтырған Әліпбек Мәлікұлынан (1928-1975) жеткен «Көктем шуағы», «Екпін», «Іле тұлпары», Әтіхан Исаұлынан (1900-1973) қалған «Қайран шешем», «Күй шақыртқы», «Бесқарағай», «Жолболды кеңесі», «Ойжайлау», «Ақаяз толқыны», «Мұңды қыз», Бейсенбі Дөненбайұлының (1803-1872) «Жеке батыр», «Ажар», «Ақжол», «Кәрібоз», «Ала күзен», «Арман», «Бейсенбі-Көкен», Бейісбай Шабанбайұлы (1916-1947) шығарған «Шыңырау», Алтай-Тарбағатай, Баян-Өлгий аймағындағы күйшілік мектеп өкілдерінің бірі Қайрақбай Шәлекенұлынан аманат болған «Қайрақбай», «Ақсақ марал», «Мергеннің мұңы», «Дайын көлі», «Сал күрең», «Бұлғын сусар» секілді ұлтымыздың асыл мүліктерін қазақ күйінің опырылып, құлап қалуға айналған бір қабырғасының қайта тіктелгендігінің айғағы демей, не дейміз?! «Өлінің тірілгені, өшкеннің қайта жанғаны» дейтін қасиетті теңеулер осындай жайттерге қатысты айтылса керек.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы-ғалым

7490 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы