• Мәдениет
  • 10 Желтоқсан, 2015

Ажарлы ауыл, жарқын келешек

Аграрлық сектор – халықтың қолайлы өмiр сүруi үшiн қажет әрi маңызды сала. Халықты азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз ету осы саланың еншiсiнде болғандықтан, аграрлық сектордың елiмiздiң экономикалық, әлеуметтiк өмiрiнде айрықша орын алатыны баршамызға белгiлi. Сондықтан да мемлекет бұл салаға ерекше қолдау танытып келедi. Соңғы кездерi әлемде болып жатқан түрлi саяси және әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер Қазақстанның ауылшаруашылығы саласына да әсер етiп, аграрлық секторға жаңа технологияларды енгiзу, инвестиция тарту, қажет болса реформа жасауды талап етуде. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» атты Жолдауында агроөнеркәсiп саласын қарқынды дамытудың жолдарын айта келiп, ауылшаруашылығы тауарларына өсiп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттiлiгi туындап жатқанын мәселе ретiнде көтерiп, егiстiк алаңын ұлғайту, өнiмдiлiктi жаңа технологиялар енгiзу есебiнен едәуiр көтеру мақсаттарын алға қойды.

«Қазақстанның агроөнеркәсiп кешенiн инновациялық бағытқа түсiру маңызды. Бұл – бiздiң дәстүрлi саламыз. Азық-түлiкке деген қажеттiлiк арта бередi. Бұл секторға инвестиция көбiрек салынады. Сондықтан бүгiнгi фермерлер тек уақытша әрi ауа райына байланыс­ты кездейсоқ жетiстiктердi малданып қалмай, өндiрiстiң өсiмi жөнiнде ойлануға тиiс. Жаһандық ауылшаруашылығы өндiрiсiнде бәсеке өсе беретiн болады. Жермен жұмыс iстейтiндер, ең алдымен жаңа технологияларды енгiзiп, өнiмдiлiктi үздiксiз арттыратындар, жұмысын әлемдiк стандарттар негiзiнде жүргiзетiндер болуы керек» деген Елбасы болашақтың аграрлық секторда екендiгiн атап өттi. Оңтүстiк Қазақстан облысының климаттық жағдайы мақта, көкөнiс, бақша дақылдары мен жемiс-жидек өсiруге ғана емес, жайылымдарды жыл бойына азықтық база ретiнде қолданып, осы арқылы мал шаруашылығын қарқынды дамытуға да қолайлы. Өңiрде «Агробизнес – 2020» бағдарламасын нәтижелi iске асырудың арқасында 2015 жылдың 9 айында ауылшаруашылығы өнiмдерiнiң көлемi 247,3 млрд теңгенi құрап, өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 20,2 млрд теңгеге артып, нақты көлем индексi 104,0%-ға жеттi. Жыл соңына жалпы өнiм көлемi 350 млрд теңгеге жетiп, нақты көлем индексi 105%-ға жеткiзiлетiн болады. Биыл өңiрде 772,5 мың гектарға ауыл­ша­руашылығы дақылдары егiлдi. Соңғы жылдары облыста мал шаруашылығын дамыту мақсатында егiстiктi әртараптандыруға үлкен көңiл бөлiнуде. Атап айтқанда, соңғы бес жылда дәндiк жүгерiнiң егiс көлемi 25,0 мың гектарға артып, 50,4 мың гектар болды. Арпа егiстiгiнiң көлемi 32,0 мың гектарға артып, 43,9 мың гектарға, мал азғындық дақылдар егiстiгiнiң аумағы 61 мың гектарға артып, 225,6 мың гектарға жеттi. Сонымен қатар «Қарқынды бау шаруашы­лығын дамыту өңiрлiк iс-шарасы бойынша» биыл қосымша 5000 гектар жемiс-жидек, жүзiм, оның iшiнде 574 гектар интенсивтi бау отырғызылды. Нәтижесiнде жемiс-жидек және жүзiм алқабы 30 мың гектарға, оның iшiнде интенсивтi бау көлемi 1200 гектарға жеткiзiлдi. Отандық өнiмдердiң көлемiн арттыру алдағы жылдары импорттық өнiмдердiң үлесiн азайтып, ауылшаруашылығы өнiмдерiнiң экспорттық үлесiн арттыруға зор мүмкiндiктер бередi деген сенiм бар. Республикалық үлеске шаққанда алынған өнiм бойынша мақтаның 100%-ы, жүзiмнiң 70%-ы, бақшаның 64%-ы, мақсарының 38%-ы, жемiс-жидектiң 36%-ы, көкөнiстiң 23%-ы – Оңтүстiк Қазақстан облысының үлесiне тиiп отыр. Ауылшаруашылығы тауар өндiрушiлерi өндiрген өнiмдерiн республиканың солтүстiк өңiрлерiне, Астана, Алматы қалаларына және ТМД елдерi мен Ресей, Еуропа елдерiне жөнелтуде. Облыстан негiзiнен экспортқа: картоп, көкөнiс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнiмдерi, өсiмдiк майы, құс етi және мақта талшықтары шығарылады. Облыста суармалы жерлердiң көлемi 466,0 мың гектарды құрайды. Оның iшiнде 2012-2015 жылдар аралығында «Суармалы жерлердiң көлемiн 292 мың гектарға ұлғайту iс-шарасы бойынша» жер көлемi 75,0 мың гектарға ұлғайтылды. Сонымен қатар ағымдағы жылы 267 шақы­рымдық 43 канал, 1 тоғанды қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлiп, нәтижесiнде 19612 гектар суармалы жердi ағын сумен қамтамасыз ету барысы қалыпқа түстi. Ауылшаруашылығы айналымына жаңадан 1970 гектар жер қосылды.Суармалы жерлердiң көлемiн ұлғайту ауылшаруашылығы дақылдарының өнiмдiлiгiн арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуына оңды ықпалын тигiзуде. Бүгiнгi жағдайда ғылым мен техника жетiс­тiктерiн ендiру арқылы агроөнеркәсiп өндiрiсiн барынша жаңғыртуға бағытталған инновациялық процестердi дамытып, бұл саланы көтеруге болатынын дамыған елдердiң тәжiрибесi көрсетiп отыр. Қазақстан Үкiметi бүгiнгi таңда ауылшаруашылығы өнiмдерiнiң тиiмдiлiгi мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға, аграрлық бағыттағы инновациялық жетiстiктердi өндiрiске енгiзуге баса мән бере бас­тады. Жаһандану кезеңiнде бәсекеге қабiлеттiлiктi қамтамасыз ету үшiн ауылшаруашылығына қомақты қаржы құюмен мәселе бiтпейдi. Бұл салаға қымбат, жаңа инновациялық технологияларды шұғыл түрде ендiру қажеттiлiгi күн санап артуда. Оңтүстiк Қазақстан облысында ауылшаруашылығы саласында өнiм көлемiн арттыруда озық интенсивтi-инновациялық ылғал үнемдеу технологияларын өндiрiске ендiру кеңiнен қолға алынған. Ағымдағы жылы терең қопсыту технологиясы 87 мың гектар мақта алқабында қолданылып, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге ұлғайды. Мақта дақылынан орташа өнiмдiлiк облыс бойынша гектарына 26-27 центнерден айналса, терең қопсыту технологиясын қолданған шаруашылықтар гектарына 40- 45 центнерден өнiм алды. Облыста бүгiнге дейiн тамшылатып суару әдiсi 43,3 мың гектар жерге енгiзiлдi. Ол былтырғы осы мерзiмнен 9,3 мың гектарға артық. Бұл – республикадағы көрсеткiштiң 72%-ы. Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының аграршылары бүкiл Қазақстанды көкөнiспен қамтамасыз етiп отыр десек, артық айтқандық болмас. Өңiрде осы мәселелерді шешу үшiн өте қолайлы климаттық мүмкiндiктер бар. Ерте пiсетiн көкөнiстермен және жемiс-жидектермен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшiн облыста жылыжай шаруашылығының алаңын қарқынды өсiру қолға алынған.Қазiргi уақытта облыстағы жылыжайлар 1020 гектарды алып жатыр.Биылдың өзiнде 110 гектар жылыжай iске қосылды. Атап өтерлiгi, республикадағы жылыжайлардың 87%-ы Оңтүстiк Қазақстан облысында орналасқан. Осы жылыжайларда жыл басынан берi 150 мың тонна көкөнiс өндiрiлдi. Қазақстанның оңтүстiк аймақтарында жемiстер мен көкөнiстердi өсiру үшiн бар жағдай жасалған: климаттық (ауа райы), табиғи (топырақ), су ресурстарының болуы, демографиялық (кадрлар), саяси (билiктiң жергiлiктi және республикалық дәрежеде қолдауы). Бiрақ, өкiнiшке қарай, өндiретiн өнiм саудалау талаптарына сай емес. Себебi балғын өнiмдер мен көкөнiстерге қатысты «жылдам бүлiнедi» дейтiн қатып қалған көзқарас бар. Өнiм сақталмайды. Жемiстер өндiрiсiнiң қазiргi заманғы технологтары бұл пiкiрдi жоққа шығарып отыр. Қытайдың, Түркияның, Израильдiң, Еуроодақ елдерiнiң (Польша, Голландия, Испания және т.б.) ауылшарушылығы өнiмдерiн өндiрушiлерi өнiмдердi өңдеу барысында осындай инновацияларды қолдануда. Олар өзiнiң халқын да, өзге елдердiң халқын да жылдың кез келген мерзiмiнде балғын жемiстер және көкөнiстермен қамтамасыз ете алады. Соның iшiнде Қазақстан да бар. Бiздiң отандық фермерлер бәсекелестiкке төзе алмай, нарықты толығымен шетелдiк өндiрушiлерге берiп қойған. Ал олар өздерiнiң баға саясатын Қазақстан азаматтарының қалауларына қайшы болса да қалыптастырып қойған. Агроөнеркәсiптiң отандық менеджерлерi бұл мәселенi қала тұрғындары тұратын жерлерде жылыжайлар салу арқылы шешуге тырысуда, алайда мұның халықты барлық уақытта балғын әрi сапалы жемiстермен, қолжетiмдi бағамен қамтамасыз ете алмайтынын көрiп отырмыз. Жасыратыны жоқ, жаз бен күзде болмаса, қыс-көктем маусымдарында отандық фермерлердiң өнiмдерiн дүкен сөрелерiнен табу қиын едi. Мiне, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында соңғы жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысында өнiмдердi сақтайтын қойма салу қолға алына бастады. Бүгiнге дейiн облыста 220 мың тонна жемiс-көкөнiс сақтау қоймалары салынды. Бұл – республикалық көрсеткiштiң бестен бiр бөлiгi. Осының өзi облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңде жемiс-көкөнiс өнiмдерiмен қамтамасыз етуге және артылған өнiмдердi сақтап, тиiмдi бағада сатуға толық мүмкiндiк берiп отыр. Елбасы «Қазақстан – 2050: бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның ет және сүт өнiмдерiн экспорттайтын өңiрлiк iрi елге айналуға тиiс екенiн қадап айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Оңтүстiк Қазақстан облысында да мал шаруашылығын дамыту, ет және ет өнiмдерiн өндiруге ерекше көңiл бөлiнуде. 2015 жылдың 1 қазанындағы мәлiмет бойынша, облыста iрi қара малдың саны 859,0 мыңға, қой мен ешкiнiң саны 4 млн 111 мыңға, жылқы – 224,0 мыңға, түйе 23,4 мыңға, құс басы 2 млн 460 мыңға жетiп отыр. Сәйкесiнше, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда ет өндiру – 5,0%-ға, сүт – 2,0 %-ға, жұмыртқа өндiру – 6,2%-ға артты. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» атты Жолдауында шағын және орта бизнес түрiндегi жаңа өңдеу кәсiпорындары желiсiн құрудың болашағы зор екенiн, бұл бағыттағы бизнестi несие арқылы қолдау керектiгiн айтты. «Фермерлер ұзақ мерзiмдi қаржыландыру мен өткiзу нарықтарына делдалсыз, тiкелей шыға алатын болуға тиiс. Ауыл өндiрушiлерiнiң қарыздарын кепiлдендiру және сақтандырудың тиiмдi жүйесiн құру да өзектi мәселе» деген принцип сала жұмысын бұдан да ширата түсудiң сенiмдi жолы деп есептеймiз. Оңтүстiк Қазақстан облысында ауылшаруашылығы саласындағы бизнестi несие беру арқылы қолдау әлдеқашан жолға қойылған. Жыл сайын ауылшаруашылығы саласын қаржыландыруға бағытталған қаржы институттары арқылы тауар өндiрушiлерге 20,0 млрд теңгеге жуық жеңiлдетiлген несиелер берiлiп, жаңа жобалар iске асырылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында 3870 жобаға 17,7 млрд теңгенiң несиесi берiлдi. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 14 жобаға – 2,6 млрд теңге, лизингке техникалар алу бойынша 204 жобаға 689,9 млн теңге бөлiнген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5,6 млрд теңгеге 688 жоба қаржыландырылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 1409 жобаға 4,7 млрд теңгенi, «Максимум» АИО» ЖШС 1555 жобаға 4,1 млрд теңгенi несиеге бердi. «Үдемелi индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде 2015-2019 жылдары облыста 115 жоба индустриялизация­лау картасына ендiрiлсе, соның iшiнде жалпы құны 58 млрд теңгелiк 19 жоба бүгiнде ауылшаруашылығы саласы бойынша iске асырылуда. Осының нәтижесiнде 2,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтiлуде. Сонымен қатар «Агробизнес – 2020» бағдарламасының инвестициялық субсидия бағыты салаға жеке инвестицияларды көптеп тартуға жол ашуда. Осы бағдарлама аясында жайы­лымдарды суландыру, фермерлiк қожалықтарды жаңа техникалармен қамтамасыз ету, жылыжай салу, тамшылатып суару әдiсiн енгiзу және қайта өңдеу кәсiпорындарын салу iсiне басымдылық берiлiп отыр. 2014 жылы 48 жобаға қолдау көрсетiлсе, 2015 жылы 67 жобаға қолдау көрсетiлдi. Бағдарлама өз жалғасын табатын болады. Ел халқының жартысына жуығының әлеу­меттiк жағдайы ауыл-аймақтарымен тығыз байланыста екенiн ескерсек, аграрлық секторды дамыту арқылы ауылдарды көркейтуге үлес қосатынымыз анық. Ендеше, ауыл көркейсiн десек, ауыл­шаруашылығымен айналысайық!

Полатбай ТАСТАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мiндетiн атқарушы

2508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы