• Тіл
  • 24 Желтоқсан, 2015

«Құлманбеттен қалған құлынмын, Халықтың өзі баптаған...»

Студент кезінен көзге түскен

1994 жылдың қаңтары еді. Сту­дент­тер­дің қысқы сессиядағы емтихандарын тапсырып жатқан кезі. Кафедра меңгерушісі, профессор Нығмет аға Ғабдуллин өзі дәріс оқитын «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» пәнінің емтиханын менің өткізуімді сұрады. Мен сол тапсырма бойынша І-курс студенттерінің аталған пән емтиханын белгіленген күні өткіздім. Алдыма кезегімен келіп отырған шағын денелі, екі көзі шоқтай жайнаған, ұшқын атқан жанарлы шәкірт жауап бере бастады. Жауаптары жүйелі, фольклордағы тұрмыс-салт өлеңдерінің әрқайсысының анықтамаларын баяндай отырып, мәтіндерінен де үзінділерді жатқа орындап дәйектеп, дәлелдеп сөйлеп отыр. Емтихан билетіндегі сұрақтарын толық аяқтап бола бере: «Ағай, осы жауаптарымды өлеңмен жырлап берейін бе?» деді. Мен: «Арнайы жазып дайындаған мәтіндік нұсқаң бар ма еді?» деп сұрадым. – «Мен суырыпсалма – импровизациямен жырлаймын!» деді. Домбырасын да ала келген шәкірт емтихан билетіндегі тұрмыс-салт өлеңдері, мақалдар мен мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, сонымен бірге батырлық, ғашықтық, тарихи жырлар, шешендік сөздер, ақындар айтысы туралы алдымда отырып жырлады. Суырыпсалма қабілетімен жырлау сәтінде оның шумақтарындағы тармақтардың ұйқасуы, кестелі, бейнелі өрілімді өрнектер – бәрі де табиғи дарын құдіретін көз алдымда дәлелдеді. Бұл – Оразалы шәкіртімнің ақындық дарын қуатын алғаш көруім. Ол менің 40 жылдық педагогикалық еңбек өтілі жылдарымда емтихан жауаптарын суырыпсалма (импровизация) өнерімен жырлаған дарынды жалғыз шәкіртім болып мәңгілік жадымда жатталды. Оразалы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімінде 4 жыл оқып, жоғары білім алды. Ол оқыған жылдары аталған мамандық бөліміндегі бір топ шәкірттер табиғи жаратылыстарының шығармашылық дарын, талант қай­нарынан атқылаған бұрқақтарымен байқалды. Сержан Молдасанұлы, Бақыт Беделханұлы, Ержан Алаштуған, Оразалы Досбосынов, Саят Қамшыгер, Шынар Бектұрғанқызы, т.б. ондаған шәкірттер жарқ-жұрқ еткен найзағайлы қабілеттерімен танылды. Қазақ әдебиеті кафедрасы ұстаздарының жетекшілігімен сонау ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бері шығармашылық дарыны, таланты бар жас толқын студент қаламгерлердің Сәкен Сейфуллин атындағы шығармашылық өнер бірлестігінің жұмысы осы шәкірттер оқыған жылдары айрықша серпіліс, өрлеу сипатымен байқалды. Осы университетке басқа қаладан ауысып келіп, жаңа еңбек ұжымында еңбек ете бастаған мені осы аталған шәкірттер бірлестіктің жетекшісі етуді ұйғарып, кафедра меңгерушісі профессор Н.Ғабдуллинге бекіттіріп алды. Осылайша мен С.Сейфуллин атындағы әдеби шығармашылық өнер бірлестігіне 20 жылға жуық жетекшілік-кеңесшілік жасап келемін. 1992-2002 жылдары аталған талантты шәкірттер біздің бірлестігімізде шығармашылық ізденіс жұмыстарының мынадай үрдісін қалыптастырды: біріншісі – көрнекті ақын-жазушылармен дидарласу, сұхбаттасу, сол кездесулерде бірлестік мүшелерінің де балауса туындыларын таныстыру; екіншісі – бірлестік мүшелері туындыларына арнайы талқылаулар жасау, одан кейін баспасөзге жариялауға ұсыну; үшіншісі – 1-3-курс­тарда баспасөздегі жарияланымдарымен, кездесулердегі, мүшәйралардағы оқылымдарымен танымал болған мүшелердің 4-курстың соңғы семестрінде арнайы есеп беру шығармашылық кештерін өткізу. Мұндай шығармашылық кештерге студент қаламгерлеріміздің білім алған мектептеріндегі әдебиет пәнінің мұғалімдері, Қазақстан Жазушылар одағының басшылары, республикалық газет-журналдар редакторлары, радио, теледидар журналистері шақырылып қатыстырылатын. Сөз арқауында аталған талантты шәкірттердің барлығы да осы жүйемен қалыптасты, университет бітіргенде бәрі де республикамызға танымал жас қаламгерлер қатарын құрады. Оразалының да университет қабыр­­ғасында жүргенде өлеңдері республи­калық, облыстық басылымдарда жарық көрді. Ол жоғары курста оқып жүргенде республи­калық ақындар айтыстарына да қатыса бастады. Әлі есімде, 1996 жылдың бас кезінде 4-курс студенті, жас ақын Оразалы Дос­босынов­тың дәстүрлі шығармашылық кеші өткізілді. Әдеби кешке белгілі қаламгерлер, өнер жұлдыздары қатысты. Оразалының әдеби шығармашылық кешіне арнайы келіп қатысқан белгілі ақын, қазақтың қазіргі рухани мәдениетінің шынайы халықтық тағылымын, сөз өнерінің ұлттық-этнографиялық болмысын сақтаушы ақындар айтыстарының белсенді ұйымдастырушысы, бас менеджері Жүрсін Ерман қатысты. Ол жиналған қауымға Оразалының ертең өткізілетін республикалық ақындар айтысына қаты­сатынын мәлімдеді. Университеттегі ұстаз­дары мен студенттер – бәрі де Оразалыға шығармашылық сәт сапар тіледі. Халықтың шынайы қабылдау ықыла­сын иеленген Оразалының ақындық жұлдызы университетте өткен осы кештен кейін өнері сөз аспанында жарқырай танылды. Жүрсін Ерман мәлім еткен ертеңіне өткен республикалық ақындар айтысында Оразалы қатарынан бес ақынмен айтысып, олардан оза шауып жеңімпаз болды. Бір күнде өткен жыр сайы­сында бес ақынды жеңген Оразалының есімі – қазақтың классикалық дәстүрлі ақындар айтысы тарихында мәңгілік дараланып тұрары ақиқат! Ақындар айтыстары – қазақ сөз өнері мұраларының ең жариялы, демократиялық үлгілері. Қазақтың ұлттық мәдениеті тарихындағы әуелгі пайда болуынан, қалыптасуынан бастап ақындардың қалың жұртшылықтың алдында бетпе-бет отырып сайысуының өзі – жариялылықтың шынайылығы. Сол жырлардың заматында халықтың жадына сіңіп, қатысқан тыңдаушылар арқылы алыс ауылдарға, аймақтарға, одан кейін бүкіл қазақ даласына тез тарағаны мәлім. Ұлттық мінез-құлық психологиясының ауызша ақпараттық жүйесінің («Ел құлағы елу», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды», т.б.) күшімен қазақ сөз өнері мұраларының халықтық эстетика сүзгісінен өтіп, сақталып, бүгінгі заманға жеткені – феномен құбылыс. Қазіргі кезде қазақтың осы ұлттық ақпараттық тарату кешенін кеңейту қызметін қазақ тіліндегі телеарналар, радио хабарлармен бірге баспасөз жарияланымдары да ауызша поэзияны насихаттап келеді. Себебі, суырыпсалма (импровизация) үдерісі үстіндегі ағыл-тегіл төгілген бейнелілік өрнектерін тыңдау мен оны енді оқырмандық көзқараспен қайталап оқуды сабақтастыру өнерге ғашық халқымыздың ұлттық дүниетанымын байыта түседі. «Қазақ әдебиеті» газетінің «Айтыс» қосымшасында жарияланған ақындардың сөз сайыстарының мә­тіндері Қазақстандағы жоғары және арнаулы орта, орта білім беретін оқу орындарындағы қазақ әдебиеті тарихына арналған пәндерді оқытуға да көмекші құрал қызметін атқарды. Айтыстардың фольклор мен авторлы ақындық поэзия­дағы үлгілері жарияланған бұрынғы үш томдығы (1965), қос томдықтары (1988, 2004 жж.) қазіргі қазақ оқырмандарының бәрінің қолында жоқ. Сондықтан, «Қазақ әдебиеті» газеті жариялаған «Айтыс» қосымшасының республиканың барлық аймақтарына тарайтын осы зор ауқымды ақпарттық қыз­меті, құрылымы, материалдары бәрімізді сүйсінтті, енді осы үрдісті жалғастыру керек. Қазақ – көркем сөздің өлеңмен жыр­ланған, қара сөзбен ауызша әңгімеленген түрлерін жылдам көзбен көруге, құлақпен естуге құмар халық. Көркем сөзді санаға сіңіру, оны жадқа сақтау қабілеті айрықша дамыған қазақтың осы ұлттық ділі, психологиясы – планетадағы басқа халықтардан ерекшелендіріп тұрған дара қасиеті. Халқымыздың ғасырлар қойнауларынан бүгінге жеткен қазіргі ұлттық ояну кезеңдері ұшқын атқан ой оттарының жалын боп лаулауына қозғау салушылардың бірі – Оразалы ақын еді.

Серпіліс сыры

Оразалы Досбосыновтың ақындығы қазақтың ата-бабалық психологиясына тән ғарыштық кеңістікті көңілімен тұтас қамтитын қырандай ұшқыр роман­ти­калық асқақ биіктіктерге самғауды, байтақ даламызды Тайбурылдай, Байшұбардай көктей өтетін тұлпар-шабысты танытады. Оразалының айтыстарындағы өлең өрілімдерінен қазақ сөзінің ата-бабалардың тұрмыс-салтындағы сан алуан іс-әрекеттер, дағдылар, қасиеттер үйлесіммен өрнектелді. Ақын қазақтың тұрмыс-салт мәдениетіндегі күнделікті тіршілік әрекеттерін, құбылыстарды бүгінгі заманмен шебер баламалап байланыстырады. Оразалының айтыстарында қазақтың кең далада еркін өскен ерке мінез арманшыл, қайсар тұлғасы танылады. Оның жырларынан сонау ежелгі сақ, ғұн, түркі, Қазақ хандығы замандарынан бері байтақ даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтаған батыр бабалардың қаһармандық-көсемдік өр рухы сезіледі. Оның жырларынан кең даланың қаз-қатар ақбоз үйлер тігілген, төрт түлік малы қаптаған, келбеті, айлы кеште алтыбақан, ақсүйек ойнаған, тойларында, астарында бәйге, көкпар, күрес өткізген, өткені мен бүгінін, болашағын Нартәуекел-Кемеге артқан Нар-Қазақтың ғасырлардан қайыспай өткен жарқын тұлғасы танылады. Нақтылап айтқанда, Оразалы айтыстарындағы қарсыласына қарата жырланған өлең тармақтарының поэтикалық мағына­лылық астарлары қазіргі жаңаша түлеген қазаққа ұлттық серпіліс ықпалын жасай бастап еді. Мысалы: «Бел кетпес, кетпесе егер белбеу еріп», «Қанжығаға көкпарды өңгерелік», «Өр­мекші торындағы шыбындай ғып, тұрқыңды тастайын ба сөзбен өріп», «Өрт болсам, кетіп жүрме сен де өртеніп, ішінде қалың оттың дөңгеленіп», «Пернедей шығара бер сөз асылын, етек те жабыспайды жеңге келіп», «Құнды сөзді қорада тулатайық, құрық тимес құланның құлынындай», «Ағаштағы кеш піскен алмадайсың», «Баладай ботқасына тойып алған», «Тұрсаң да тулап бүгін қанша аттай боп, жұмыларсың жырыма саусақтай боп», «Ін қазып отырсың ғой құлағыңмен, дәндеген даладағы қарсақтай боп», «Табағыңа салайын сөздерімді балшындай», «Қатып-семіп қалмағын сарғайып тұрған күздегі атаңның ескен қайысындай» және т.б. Оразалы – қазақтың ақындық өнерін­дегі бұрынғы және қазіргі көркемдік дәс­түрлі жалғастыру жауапкершілігін перзенттік, отаншылдық сезіммен жыр­лаған парасатты ақын. Ол айтыстарында қазақтың мыңдаған жылдардан бері ұрпақтарды тәрбиелеп келген поэзияның киелі құдіретін танытатын нағыз, сыршыл, ұлттық көңіл-күй тебіренісінің терең мағыналы бейнеліліктерімен жырлады: Тұлпардың таққандай боп түсіне мін, Білмейтін жөн-жосықты кісі ме едің. Кешегі Сүйінбайдың тайындай боп, Шұрқырап салған жерден кісінедім. Қатағандай өзіңді құлатармын, Өйткені Сүйінбайдың тұқымы едім! ... Маңызды сөз айтайық марғасқалық, Аталар салған жолдан алжаспалық. Барымтаға келген соң өлеңменен, Балуандай батырлық қыл жамбасқа алып! Жағың түсер жаста да жаутаңдамай, Отыратын түрің бар жаңғақ шағып. «Қаншама жортқанменен кәрі қасқыр, Ін қазады – дейді ғой – аулақ барып», ... Шын тұлпар додаға кеп шапқан кезде, Шашадан ащы тері төгіледі. Тер де шықпай, төгіліп сөз де шықпай, Бұл інім қу сүйекті кеміреді. Айтыста сөзді асықша ойнатқан бар, Ойнатып ордалы елді тойлатқан – нар. (Бекарыс Шойбеков пен ­Оразалы Досбосыновтың айтысы // «Қазақ әдебиеті», 1998 жыл 20 наурыз, № 11, 12-22-беттер). Оразалының айтыстарында қазақ ұлтының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан асыл қасиеттерінің бүгінгі және болашақтағы ұрпақтарына жалғасуын ардақ тұтқан азаматтық, перзенттік махаббат сыры бейнелі өрнектерімен төгіледі. Отанды, атамекенді, тілді, дәстүрді сүйген қазақтың ұлттық болмысын танытатын лирикалық қаһарманның жүрек сыры Оразалының жырларында азаматтық парасат үні боп естіледі: Ау, шалдары шежіренің шын көзіндей, Кемпірлері ар-ұят ілгегіндей. Ерін сыйлар келіндер пірлеріндей, Ерлері елін сүйген Күлтегіндей. Ассалаумағалейкүм, Алты Алашым, Қыздары қырдың қызыл гүлдеріндей. Қынама бел, қылықты, қылдай нәзік, Шыбықтың шылқылдаған су кезіндей. Жіліктің бастарындай жігіттері, Бәйге бермес түліктің тың кезіндей, Алматы шаһарының сұлулығы, Кәдімгі Қыз Жібектің қыз кезіндей. Ақ басты Алатауға кім таңғалмас, Аспанның астындағы діңгегіндей. Ал енді ел алдында ақ сөйлеген Кешегі ұлы Дала билеріндей (Жекпе-жек: Әбілқайыр Сыздыков пен Оразалы Досбосыновтың айтысы // «Қазақ әдебиетінің» «Айтыс қосымшасы», №1. 27.02.2004). Оразалының айтыстарында Қазақстан­ның тәуелсіздігі жарияланған жаңа тарихының алға өрлеген жолындағы болып жатқан уақытша қиындықтар (қазақ әйелдерінің базар жағалап кеткенін, ауылдардың әлеуметтік жағдайының жүдеулігін, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде қолданылуының нашарлығын, Ислам діні насихатталуының әлсіздігін, кейбір әкімдердің әділетсіздігін және т.б.) сыншыл реалистік жырмен өрнектелді. Ақын халқының қазіргі ауыр тұрмысына жаны күйзеле отырып, қазақтың шынайы көңіл-күйіндегі толғаныстарды көркем мағыналы ұлттық болмыс психологиясымен шебер бейнеледі. Мысалы, Әбілқайырмен болған айтысындағы мынадай көсемсөздік толғаныстар – дәстүрлі поэзияның қайта жаңғырған үлгісі: Мұнар да-мұнар, мұнар күн, Мұсылмандарға мұң артып, Күміс сақал абызды Аруақтай қуартып, Бала емізер ана жүр, Тарқамай жатып уызы, Ақ емшегін суалтып, Базарларда жүк артып... ... Жілікті чиновниктер жүр, Бір күнде бес мың теңгелік Майымен Джипін суартып. Белі бүкір кемпір-шалдардан, Бензобагының құны артық. ...Қарапайым ел, біз жүрміз, Бір-бірімізге мін артып. Мін таппасақ сын артып. Бесіктен белі шықпаған Немереміз нервный, Шөбереміз пияншік. Оразалы қазіргі қазақ ұлтының жан дүниесіндегі сұрақ-жауап түрінде болып жатқан екіұдай ойлар жүйесінің психологиялық әлемін бейнелі сыншыл өрілімдермен жеткізеді: ... Қарапайым қазекем, Көреді бүгін нені артық? Тер төгіп тапқан асының, Ұзындығынан ені артық. Теңселген әкімдеріңнің Итінің итаяғында Иістеніп жатқан жемі артық Шенеуніктерден аспайтын, Шетелдік инвестицияңнан, Көктемгі туған төл артық. Көл-көсір қара мұнайдан Таба нанды пісірер, Көк сиырдың көңі артық. «Саудаланған» жеріңнен, «Атаңдікі еді!» деп жүрер. Жауда қалған көр артық. Ауыл жылы деген құр атақтан, Алма-жұлма болса да, Алдаркөсенің тоны артық! Қазіргі айтыс ақындары – қазақ әдебиеті тарихындағы көсем тұлғалардың жалғасқан мұрагерлері Оразалының жырлары арқылы Асан қайғының, Шалкиіздің, Доспамбеттің, Марғасқаның, Қазтуғанның, Үмбетейдің, Бұқардың, Дулаттың, Махамбеттің, Сүйінбайдың, Құлмамбеттің, Жамбылдың және т.б. ақын-жыраулардың өр рухты сарыны бүгін заманға жалғасты. Оразалы осы ата-бабалар салған жауапкершілігі зор міндетті азаматтық парасат тілімен жырлады: ... Атым Ораз болғанмен, Отыздан жасым аспаған, Иегін сақал жаппаған. Сүйінбаймын, Жамбылмын, Таңжырықпын, Шарғынмын, Басымнан сөз аспаған. Көдектен қалған бір ұлмын, Қаймықпай сөйлер патшадан, Қызай мен Қытай арасы, Жырларын жата жастаған. Құлмамбеттен қалған құлынмын, Халықтың өзі баптаған. Ақындар – өздерінің жырларының туған халқына мәңгілік рухани азық, демеу болуын ойлайтын қамкөңіл, алаң ойдың құрсауында жүретін өзгеше бітімді тұлғалар. Оразалы да осынау жалған фәни мен мәңгілік бақи дүние жалғасуының арасында өткен Жаратушы Алла сыйлаған қас қағымдай қысқа ғұмырында халқының алдындағы азаматтық, перзенттік парызын мұсылмандық парасатпен жырлап өтті: Өтерсің жалған бес күнім, Армансыз сенен өтті кім?! Айтайын, жұртым, естіген, Тумайды бұлай көп күнім. Ағайын ертең кешірмес Айналып қалсаң пеш түбін... Қазақтың рухани мәдениетінің саф алтындай сипатын, ата-бабалардың өр рухын кешеден бүгінге жеткізген, енді болашаққа ұластыратын дәстүрлі ақындық поэзиямыздың Оразалыдай тұлғалары – біздің ұлттық мақтанышымыз. Оразалының айтыстарындағы жарқыраған маржан жырлары халқымен бірге мәңгі жасай береді! Оразалы – жазбаша поэзияда да көр­кемдік-эстетикалық ықпалы мәнді лирикалық өлеңдер жазған дарынды ақын. Ақынның туған қарындасы, шә­кіртім Гүлбану Досбосынова әкеліп берген Оразалының бір топ лирикалық өлеңдерінен дарынды ақынның көркемдік дүниетанымын танытатын өрнектер айқын аңғарылады. Оразалының лирикалық өлеңдері қазақтың авторлық ауызша поэзиясының тарихындағы Шалкиіздің, Доспамбеттің, Марғасқаның, Махамбеттің, Шернияздың, Сүйінбайдың, Мұраттың, Нысанбайдың, жазбаша поэзиядағы хакім Абайдың, Мағжанның, Сұлтанмахмұттың, Бернияздың, Қасымның, Жұмекеннің, Төлегеннің, Мұқағалидың жырларымен үндес өр рухты қаһармандық-отаншылдық, азаматтық-сыншылдық сарындылығымен ерекшеленеді. Авторлы ауызша және жазбаша поэзиямызда қалыптасқан азаматтық-отаншылдық сарынмен жырлау – қазақ әдебиетінің өзіндік ұлттық тарихи-мәдени негізі, алтын арқауы болып саналады. Оразалы ақынның отты, уыты жырларынан қазақ поэзиясының негізі – алтын желісі өр рухты қаһармандыққа толы азаматтық-сыншылдық, сонымен бірге халқының тағдырына алаңдаулы зар замандық мұңды-шерлі сарындар тұтастығымен жырлау мәнері айқын байқалады. Ақынның өлеңдерінде бүгінгі ұрпақтың атынан айтылатын перзенттік сезім сырларынан мыңжылдықтар белестерінен өткен халқымыз ұрпақтарының көркем шындық бояуларымен өрнектелген айбынды, сыншыл сырлары төгіледі. Оразалының өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман ақын – нағыз қазақтың жинақталған тұлғасы. Ақынның қазақтың тұлғасын даралап жырлаған өлеңінен халықтық-ұлттық діл болмысының романтикалық-реалистік сипатын сезінеміз: Малын тапқан маңдай ақы терменен, Ақиқаттың ас-суына шөлдеген. Жанын берген, арын бірақ бермеген, Қасқыр текті қазақпын ғой мен деген. Қаптаса да қасірет-нама, шер-шемен, Жеті атамнан бері қарай жеңбеген. Бөріні емген бөлтірік ем кешегі, Қу жарасын тілмен жалап емдеген. Көрмейінше зұлымдықты көзбенен, Өлсе-дағы өсек сөзге ермеген. Айтқанынан қайтпайтұғын халық ем Қойнындағы қатынына сенбеген. Арға түскен ақаулыққа төзбеген, Алтыныңды адастырмас жезбенен, Қайқы қылыш қанды қанжар асынып, Тек шындықтың нысанасын көздеген. Аузында Алла ажырамаса болғаны, Сырдың суы сирағынан келмеген. Түздің еркін тағысымын мен деген.

Азаматтық үн

Ата-бабалар қалыптастырған қазақтың халықтық көркемдік-эстетикалық дүниетанымы жүйесіндегі үлгілі дәстүрлер, дағдылар, адамгершілік-имандылық ұстанымдары кестелі тіл қолданыстарымен жырланған. «Мен мақтанам сен де мақтан, бауырым!» атты өлеңіндегі азаматтық көңіл-күй шаттығы ұлттық мақтаныш иесі өр рухты қазақ ұрпақтарына ортақ асқақтық, желпініс екпінін аңғартады. Ауылын, даласын, батырларын, би-шешендерін, халқын мақтан еткен қазақ ұрпағының өр рухын танимыз: ...Міне, мынау, менің маңғаз сары далам, Қас батырлар қанжығасын қандаған. Би-шешендер билік айтып, бітісіп, Қызыл тілін қасқа тіске қайраған. Одан бұрын бабаларым бас болып, Армандары ақ кілемде самғаған. Жалыққанда жаман оғаш арбадан, Сиырының мөңіреген үнімен Алдындағы ауа райын болжаған. Маған келсең жауап берем жалма-жан. Несібем бар бұл тағдырдан алмаған. Басқа бақыт орнаса егер Алладан, Жерің түгіл орнатар ем Айға заң! Қолым тимей қалмаса егер саудадан. Ақынның өлеңдеріндегі азаматтық сыншыл ой өткірлігін күшейтіп тұрған бейнелеулер сан алуан мағыналық поэти­калық астарларымен теңеу, айқындау (эпитет), құбылту (троп) пен айшықтау (фигура) түрлеріндегі жеке сөздері мен сөз тіркестерінде тұрмыстық-әлеуметтік қайшылықтарда қақтығыстар, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, үлкен мен кіші, адал мен арам, мәрт пен ез, отан­шыл мен опасыз, т.б. – сан алуан қарама-қарсы ұғымдар, құбылыстар, қасиеттер шендестіріле, салыстырыла бағаланады. Мысалы, «Мына жалған түлкі» дегенге алданып» атты өлеңіндегі пернелеулік (аллегориялық) баламала ауыстырулар, бейнелеулер ақынның көркемдік ойлау дүниетанымының кеңістігін де, тереңдіктерін де аңғар­тады. Лирикалық қаһарманның толға­ныстарымен фәни дүниенің қызыл түлкі сипатты жалғандығы, оны ит болып қуған ғаріп пенделер, қақпан боп қауып тілін тісімен шайнағандар, түлкі бейнелі жалғандық пиғылды адамдардың қулықтарымен паңданатыны, қызыл түске қызыққандардың қызылшырайлы қызды таңдайтыны, қызық атаулыға көздері қызарып қызығатыны, табиғаттағы жұтауды, азаюды тіркейтін қызыл кітап, қызыл қан сіңген құмнан қызыл кірпіш құйылып күмбез тұрғызылған қызылдар («Қызыл туға оранып көз қанталап қызыл кітапқа еніп кете жаздадық»), өздерін басқа да хайуанаттарға (қасқырға, жылқыға, қойға) баламалап өмір сүретін адамдардың дәстүр-дағдысын – бәрін де баламалы мағыналы астарларымен бейнелей жырлайды. Лирикалық қаһарман Ақын тіршілік қозғалысының сан алуан баламалауларға, жұбаныштарға толы мазмұнындағы қайшылықтардан ешқашан ешкімнің арыла алмайтынын, өкінішпен өксісе («Табылмады-ау адам үшін жағатын аспанның бір ашығы, дастанның жыр ғасыры») де жалғандықты тек қана қанағатпен, жұбанышпен, жақсылықты молайту, қолдау жолымен ғана азайтуға болатынын мегзей жырлайды: Десек-тағы «Түгі қызыл түлкі – өмір», Әккі тазы ала алмады бірде-бір. Ала алмаған адам сонан соң ашынып: «Нәлет, – депті мына жалған ит өмір!» ...Онда мейлі өмірді жылқыменен қой десек, Қазақ үшін шешілер келісімді келді есеп. Түлкі болмаса құрысын, Бес күн жалған көң кесек. Ит боп үріп қумай-ақ Кішілік пен кісілік – екеуінен безбесек. Қымыз ішіп шөлдесек Өзімізді өзіміз құйрық маймен емдесек! Бақилыққа кеткенше Адамдықтан бас тартпай, Түлкі-өмірді ұялтып, Одан ары қызартып «Қош-есен сау бол!» десек. Ақынның бірқатар өлеңдеріндегі («Қанды ауыз тағдыр қалайсың?», «Ақындарға», «Елге кетем, жетті енді, елге кетем», «Жасағаным емес менің асылық», «Жаратқан бізге жатса да гүл өмір беріп», т.б.) лирикалық қаһарманның толғаныстарымен, адамзаттың (Адам Ата мен Хауа Ана), қазақтың (Қорқыт, Асан қайғы, Абай, Мұхтар, т.б.) арғы-бергі тарихындағы көрнекті тұлғалардың, қазіргі заман адамдарының тіршілік қозғалысындағы сан алуан қиындықтармен жағаласып өткен күрделі тағдыр тауқыметтерін, күншілдік, қырсыздық, қызғаншақтық, әзәзілдік, т.б. жағымсыздықтар жайлаған тіршілік келбеті – ақынның бейнелі өрілімдерімен өрнектелген: «Аш күзендей иіліп Аллаға адал сиынып», «Тұрағы жоқ гүл тағдыр», «Кебенегімді жамылып, Асан боп арман айтармын, аңызды ажал далаңда» («Қанды ауыз тағдыр, қалайсың?»); «Қарағайға болсам жапырақ жетпес пе менің нарқыма!, «Көп жақын көрің төріңнен тар қолтық тақыр қоғамда», «Жапалақ басты жарға ұрып, аққудан кетіп арлылық, қараңғы көңіл қаз қуып, тараққа таздар таласып, тесікке жыртық паң күліп» («Қарағайға болсам жапырақ»); «Ақ сүтпен бетін бояған, парағым, сендегі ақтық нала-мұң!..», «Емшектеріндей тағаның қажалып тасқа барамын! Сағым боп күткен самалым», «Қалықтағансып ұшсақ та білген соң ештеңе өнбесін, қарқылдап қамсыз қарғадай ақтарам сонан соң көң бетін, пендешіліктің басып пернесін, жақындап келем көлге шын, өнерім шығар өлгесін» («Ақ арым– қаламым, парағым!»); «Ақын­дар – тірі әруақтар», «­Ақындар-ай, сай­тан­мен де, сайқалмен де кеңескен, қайтар белде шайтанмен де егескен», «Ессіз ғалам еңбегіңді еш тұзыңды да сор еткен, ел мен жердің масылы емес – асылдары емес пе ең?! Құрдымнан су таситұғын түбі тесік шелекпен» («Ақындарға»); «Семсер өрлік сертті ерлік өртім де бар», «Бос өкпелік жоқ менде өгіз мұрын», «Көк итіне таланам көп игінің», «Сұлтан көп қой май мұрын, қозы қарын, қомдап жүрген боқтағы қоңыз-арын», «Бақа-шаян ұрпақтың соры қалың» («Елге кетем, жетті енді, елге кетем»); «От күндер – боран күндер», «Текетірес, күншілдік, қырсыздықты уақыт туа берер тетелес қып», «Тез өтетін адамдай тауар бар ма? «Су тегін адам құны ажал-байға!», «У мен сүтті жатқызып ағарғанға өте берер жақсы да, жамандар да», «Алдамшы өмір, алдау­шы қоғам барда мұнан басқа оу, қасқа, шараң бар ма? («Өтті күндер»); «Үрейді үрлеп қоздырып ашу надан», «Жақсы сөз – жарым ырыс шашылмаған», «Сыздаған жел буынын сықырлатты кәрі ағаштың желкесін құрыстырып», «Айналдырып тіршілік доңғалағын, аспан сосын ашты да оң қабағын, әр жерден бір бұлтиып ақ бұлт шықты секілді буып қойған дорбадағы ұн», «Күн жүрді жас келіндей кіріп-шығып, аспанға кіл ақ бұлттан тұлып тігіп», «Сосын барып қар жауды қалбалақтап, таза қар жерді ақтап таңға баптап» («2000-жылғы Жаңа жыл»); «Жас қыршын жігіт қыран ұл аттандырған жиырма бес», «Торқалы той, топырақты өлімнен қалдырмаған жиырма бес», «Дөңгелентіп дөнендей аздырмаған жиырма бес», «Жапандағы моладай жалғыз қалған жиырма бес» («Жиырма бес»). Оразалның азаматтық-отан­шыл­дық өлеңдеріндегі бейне­лілік өрілімдері поэти­калық мағыналы өрнектерімен халықтың, ұрпақтың, Отанның қазіргі және бола­шақтағы тағдыры, адамдар­дың адам­гершілік қасиеттеріндегі қайшылықты сапалар, т.б. тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер тәлімгерлік-сыншылдық сараптаулар сарынымен жырланған. Осындай бейнелі өрілімді поэтика­лық-философиялық мағыналы өлең өрнектерімен адамдардың фәни мен бақи аралығындағы қас қағымдық тіршілік сапарының сипатына бағалаулар беріледі. Ақынның философиялық-дидактикалық мағыналы ойлары үнемі абыз ата-бабаларымыздың шешендік толғаныстарымен үндес адамгершілік-имандылық ұлағатын ұқтыратын тәлім-тәрбиелік маңыздылығымен байқалады. Оразалы ақынның білім, ғылым игеру сапарында жүрген барлық жастағы адамдардың рухани азығы кітап («Армысыздар, жақсылар, білім сүйген»), бозбалалық – серілік қиялы («Студенттің қиялы»), ару қыздар («Аққұба қыз», «Қыз-ғұмыр») туралы өлеңдері бар. Жастық шақтағы мәңгі қайталанбас мөлдір сезімге толы ғажайып кезеңін ыстық сағынышқа, асқақ арманға, айқын сенімге толы тебіреністермен жырлайды. Махаббат лирикасының дәстүрлі сарынымен өрілген, 1996 жылдың 29 шілдесінің түнінде жазған «Мен жиырмадан асқанда» туындысы лиро-эпикалық баллада жанрына тән құрылымымен ерекшеленеді. Өлеңнің құрылысында эпикалық баяндау арқылы лирикалық қаһарманның ойланып жатып ұйықтап кеткенін, түсінде ғашық болған аруымен бірге Шәмшінің вальсі ырғағымен билеп жүргенін, оянған сәттегі көңіл-күйін («Өрт болып денем ұйқымнан оқыс ояндым, көзімді ашсам жатырмын жалғыз төсекте кейпіне түскем Баянды күткен Қодардың») де, шарасыз жағдайдағы ғашық жүрек иесінің табиғи болмыс-бітімінде романтикалық сипатымен суреттеген. Қазақ поэзиясының мыңжылдықтар белестерінен өткен көп ғасырлық тари­хын­дағы дәстүрлі сарындарды өзіндік көр­кемдік ойлау деңгейімен жалғастырған ақын Оразалы Досбосыновтың шығар­машылық мұрасы – ұлттық рухани құндылықтарымызды толықтыра түсетін қазынамыз. Оның суырыпсалма ауызша және жазбаша ақындығы, тыңдау­шыларының құлақ құрышын қандыратын әнші орындаушылығы, композиторлығы, халқымыздың тұр­мыстық-әлеуметтік қазіргі және болашақ тағдырына алаңдаған қайраткер зиялы тұғырындағы азаматтық-отаншыл­дық ұстанымы – бәрі де қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын өкілдері үшін өнеге көрсеткіші. Шығармаларының бәрінде де көп ғасырлық тарихы бар халқымыздың арғы-бергі тарихындағы елдік-ерлік дәстүрлер жолын сақтауды, кейінгі ұрпақтарға жалғастыруды ойлаған Оразалы ақынның асқақ, айбынды әрі сыншыл да, мұңды-шерлі жырлары қазақ өлеңінің мәңгілік алтын желісі азаматтық, ұлттық-отаншылдық дүниетаным қуатты­лығын дәлелдейді: ...Жүректе бар нұрлы арман, Кешегі өткен қаһарман ел ғұндардан, Жанарымда қып-қызыл от, құлағымда шу қалған. Қанға түскен қызыл бидай секілді Жетпіс жылда кеуіп барып бүр жарған. Найзағайға да түйреліп, Қылышты да қапқанмын, Мен өйткені сарбазымын сақтардың. Қағанмын мен қанмен жуған көйлегін Түңлігінен ту көтерсем аспанның Анасынан ақ сүт емгем ақ таңның. Атасымын топтар менен таптардың, Қағазға емес «Ә» – дегенде қашалып, Тасқа жазған дастанмын! Енді ақсасам жомарттықтан ақсармын, Жауыздықтан соны бөліп ап қалдым. Ары болса аяғыма жармаспас Тісі сынғыр, тілі шынжыр қақпанның. «Керегі жоқ деп – тектіге ақсаудың!» Маңдайына таға қақтым қақпамның Мен қасоқтың ұланымын, Керегі жоқ басқаңның!.. («Мен қасоқтың ұланымын» өлеңінен). Бұл – қазақ жырының ата-бабалардың өр рухын сақтаған айбынды жыр! Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың бас кезін қамтыған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетіндегі дарынды ақын Оразалы Досбосыновтың отты, уытты жырлары – ұлттық сөз өнерінің халық ділін танытатын өміршең болмысын дәлелдейтін рухани құндылығымыз.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор

21281 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы