• Әдебиет
  • 11 Ақпан, 2016

Бір жұтым күн (әңгіме-эссе)

Мұқағали баспалдақтан көтеріле бергенде, қарсы алдынан Майшекин кезіге кетті. Ақын оған қос қолын ұсынып, ойнақы түрде, даусын соза амандасты. – Ассалаумағалейкүм, аға! – Әліксалам! Қалайсың, диктор бала? «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деп жүрсің бе? – Шүкір, аға! Қазақ радиосы мына жаман ініңіздің даусымен сөйлеп жүр ғой. Өзіңіз қалайсыз? Жас таланттардың тұсауын кесіп жүрсіз бе? – Е, өзің де жассың, білесің ғой, өнер қуған жас таланттарды дер кезінде танып, демеп жүрмесе, жасып қалады... Айтқандай, бері жүрші, – Майшекин мұны қолтығынан демеп, баспалдақтың табанынан шеттеу жерге алып жүрді. – Мен сені бір жас композитормен таныстырғым келеді. Өзі керемет талантты бала. Шәмші Қалдаяқов деген. Мүмкін, екеуің шығармашылық одақ құрып кетерсіңдер... – Жарайды, аға, алдымен ол баламен танысалық, біліселік. Шығармашылық одақ дейсіз бе?.. Оны көрейік, ойластырып... Мен әнге сөз жазып көрмеген едім бұрын-соңды... – Көретін дәнеңесі жоқ. Сенің өлеңдерің мықты... Бір күні таныстырайын, Шәмші келіп жатса... Екеуі сырт жағынан естілген зор дауыс­тың иесіне бұрылды. Байжанбаев екен амандасып жатқан. – Ә, Әнуарбек! Жақсымысың, «Қазақ­тың Левитаны»?! Әнуарбек Майшекиннің сөзіне масаттана күлді: – Әй, Мақсұтбек аға-ай, мақтауды айта білесіз ғой! Сіздің сөзіңізден кейін басы ауырып, балтыры сыздап жүрген адам да жақсарып сала береді!.. Оңаша тұрып қапсыздар? Мына Мұқаңды қарамағыңызға алғалы жүрсіз бе? Дұрыс, бұның қолынан келеді... – Е, ағалық ақылымды айтып жатқаным ғой. Сендер, жастар, шығармашылық өсуден қашпай, тынбай еңбек етулерің керек! – Дұрыс, аға, дұрыс, – Әнуарбек Мұқағалиға иек қағып, Майшекинді қолтықтап алып, екеуі сыртқы есікке қарай беттеді. – Естідіңіз бе, Қазақ телевизиясы ашылғалы жатыр екен... Мұқағали екеуін көзбен ұзатып салып, бір қолын қалтасына салып, баспалдақпен жоғары көтерілді. Жұмыс бөлмесіне келіп, шұғыл шаруаға кіріссе де, Майшекиннің бейнесі көз алдында көлбеңдеп тұрып алды. Оның жас композитормен шығармашылық одақ құру туралы әлгіндегі ұсынысы ойына келе берді. «Өзі қызық кісі. Артық сөзі жоқ. Үнемі ой үстінде. Өте еңбекқор. Отырған орнына біреу шегелеп қойғандай, алдында қобырап жатқан қағаздарға шұқшиып отырғаны. Осынысы ұнайды. Ғылым адамы осындай болса керек-ті. Соған қарамастан ұйымдастырушылық қабілеті де күшті. Музыка редакциясын басқарып келе жатқанына жиырма жылға жуықтап қапты. Музыканың жілігін шағып, майын ішеді. Өзі де нақышына келтіріп ән салады. Мәдениеттiлігінде мін жоқ. Сымбатына сыры сай... Мақсұтбек аға, әрине, маған жаман­шылық ойламайды. Жұртқа кеңінен танылсын дейді. Шығармашылық өсу тілейді. Бірақ, поэзия туралы менің түсінігімді ол қайдан білсін!..». «Сен ақынсың» демесе де мені ешкім, Қоямын ба, ақындармен теңестім. Жетпегенмен Мұзафар мен Сырбайға, Нұрсұлтаннан қалысатын емеспін... Осы бір жыр жолдарын оның бұдан үш жыл ма екен, төрт жыл ма екен, бұрынырақ жазғаны есіне түсті. «Иә-ә, содан бері Нұрсұлтаннан озыңқырасам да, поэзия төрінен ойып тұрып орын ала қойған жоқпын... Жоқ, Мұқа, поэзия – жыр кешіндегі президиум емес қой, төрінде отыратын! Поэзия – ғылым! Іздену керек! Зерттеу керек! Тіл ұстартып қана емес, айтар ойды дамыту, тереңіне түсу керек!.. Аудармамен айналысқан жөн. Кесек дүниеге ауыз салу керек. Мәңгі жасап келе жатқан поэзия маржандарын мөлдіретіп аударып бер қазаққа! Мәселен, Дантенің «Құдіретті комедиясын»... Жоқ, Мұқа, ән шығармашылығы сенің қолың емес...». Кешке Мұқағали орыс драмтеатрына барып, Островскийдің «Без вины виноватые» атты қойылымын қызықтады. Актердің шеберлігінен бе, Шмаганың бейнесі жадында қалды. Дзержинский мен Виноградов көшелерінің қиылысынан жатақханаға дейін жаяу жеткенше спектакльдің қызықты сәттері көз алдынан кетпеді. «Вот рекомендую! Артист Шмага! Комик в жизни и злодей на сцене... Мына бір тұсы ше?.. Незнамов. Позвольте, позвольте! Шмагу не трогайте. Во-первых, он весел и остроумен, а вы все скучны; во-вторых, он хоть дрянь, но искренен: он себя за дрянь и выдаёт; а вы все, извините меня, фальшивы...». «Иә-ә... Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген. Соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау...». Мұқағали өзіне-өзі мырс етіп күлді. Ертеңіне жұмыста көңілді жүрді. Бибігүлді көріп, құшақтай алды. – Бибіжан, білесің бе, біз екеуміз Шмагамыз, – деп, күлімсіреп, иығынан қысып, маңдайынан иіскеді. – Ағажан, көңіліңіз көтеріңкі ғой, – Бибігүл сыңғырлай күлді. – Лашын жеңгем ауылдан келіп жатыр ма? – Жоға, ол ауылда жүрсе де, әрдайым жүрегімнің түкпірінде айтылатын аққу-ән емес пе?.. Шабыт шалқарында жүзіп жүрмін, Бибіжан! Түні бойы өндірте өлең жаздым. Соның қуанышы ғой! – Ой, аға, құтты болсын! Шабы­тыңыз таси берсін!.. Айтқандай, ағажан, білместігімді кешіріңіз, Шмага деген кім? – Ә, оқасы жоқ, білмегеніңді сұрағаның жақсы қайта. Шмага – Островскийдің «Без вины виноватые» атты пьесасының кейіпкері ғой... Тәңірім сені осы сыңғырлаған үніңнен айырмасын деп тілеймін!.. – Рақмет, ағажан! – Бибігүл баданадай көздерін жалт еткізе бір қарап, жүгіре басып, жөнімен кете барды. Мұқағали оның жанарында жас мөлтілдеп бара жатқанын жүрегімен сезді. Осы сәтте әлдеқайдан жыр жолдары құйыла кетті: Айналса болар тіліңнен. Тіліңнен әрі үніңнен. Айырма, тәңір, осы үннен, Айырма, Бибігүлімнен!.. «Соңғы шумағын дәп осылай кел­тірермін, ойда жүрсін» деді іштей... * * * «Әй, бала!» – Майшекин ашық тұрған есіктен бұған соқпай өтіп бара жатқан Мұқағалиды көріп, дауыстап шақырып алды. Бөлмеге кірсе, құлағы қалқиған, жұқалтаң жүзді бір жігіт орындықтың шетінде қырын қарап отыр. Мұны көріп, лып етіп орнынан тұрды. Қалбаң-құлбаң еткен бәкене бойлы жас жігіт екен. «Мұқағали ағасыз ба?» деп, екі қолын бірдей ұсынып, амандасты. Бұл да Майшекин таныстырмай жатып, алдында тұрған кісінің Шәмші екенін түсіне қойды. – Шәмші Қалдаяқов деген талантты композитор осы інің болады, – деп, ымдады Майшекин де. – Өзі әлі консерваторияда оқиды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, бағы жанғалы тұрған бала! – Жөн, жөн, Мақсұтбек аға, сіз таланттарды тани білесіз, сөз жоқ. Біз ғой мына, өзгелер түгілі, өзімізді ұғына алмай жүрміз, – деп, Мұқағали риясыз күліп алды. Майшекин екеуіне кезек-кезек қарап: – Екеуіңді таныстырдым, енді табысу үшін бір-бір саптыаяқ сырадан ішуге рұқсат, – деп, баппен шақшасын шығарып, насыбайын атты. Көңілі көншігені. Мұқағали Шәмшіге қарап еді, ол «бұл ұсынысты қабылдаймын» дегенді көзімен ұқтырды... Сыртқа шыққасын екеуі келісіп алғандай «Алматы» ресторанына қарай тартты. Шәмші мұның өзі сияқты әзілқой екен. Алғаш рет ащы судан қалай татқанын қызықты әңгімелеп берді. – Консерваторияда оқимын. Алматыда ешкімді танымаймын. Мен бейбақты да ешкім танымайды. Ән шығарсам, сөзін жазатын адам жоқ. Әйтеуір, бір сұраусыз, әлсіз текстерге ән шығарам. Аты жер жаратын ақындардан «сөз жазып бер» деп сұрамақ түгіл, алдына баруға именемін. Оларың кім, мен кіммін? Маған шекесінен қарамай ма?!. Содан бір күні Мәдеш Ниязбеков деген жолдасыма жаңа әнімді тыңдатып көрдім. Ол вокал бөлімінде оқиды. Ән таниды. Маған салған жерден: – Өй, мына сөздерің түкке жарамайды! – деп, кесіп айтты. – Одан да басқа ақынға жаздыртайық. – Кімге, досым-ау? Маған бола біреу тырысар дейсің бе? Оның үстіне, ақындарға бірден ақысын беру керек көрінеді... Сөйтсем, маған қарағанда Мәдешім пысық екен. Менің бет моншағым төгіліп жүргенде, ол сабазың нақты іске келгенде ұяттың бәрін жинап қояды. – Мен табамын ондай ақыныңды, еріп жүр артымнан, – деп, дедектетіп сүйрей жөнелді. Шашы желпілдеп, алдыға түсіп алған. «Жазушылар одағына баратын болдық па?» деп қуыстанып, мен келемін қалбалақтап соңынан. Шай қайнатым уақыттың ішінде тура осы ресторанға алып келгені. «Әй, мынау қызық па?» деп, аң-таңмын. Қалтам болса, тесік. Ішінде жел гулейді. – Әй, бауырым, тоқта, – деп, ресторан табалдырығынан аспай, табандап тұрып алдым. – Ақшам жоқ менің! – Е, бізге ақша керек деп кім айтты? – Мәдешім де бой берер емес. – Бізге ақын керек! Рас екен ғой сонысы, е, жазған-ай! Басқасын қайдам, ақын-жазушылардың бәрі осында екен ғой. Әрбір екінші үстелде дерлік қызу әңгіме үстіндегі дарындар. Шабыт құсына мініп алғандар жетіп артылады екен. Шетінен – «сен тұр, мен атайындар!» Мәдешім суда жүзген балықтай боп жүр үстелдердің арасында. Көбін танитын сияқты. Жалпылдап амандасып қояды. Ол бәрімен амандасып болғанша, мен кең залдың қақ ортасында состиып тұрдым да қалдым. Екі қолымды қоярға жер таппаймын... Бір кезде мен бейбақты шақырып алды-ау жолдасым. Қарасам, дастарқан басында екеу отыр. Бірі – Сәкен Сейфуллин сияқты қияқ мұртты, сымбатты келген кісі екен, екіншісі – көзілдірік таққан, таңқы мұрын. Қияқ мұрттысы – Қуандық Шаңғытбаев, көзілдіріктісі – Ізтай Мәмбетов. Қуандық нағыз шығарма адамы болса керек, әй-шәйға қарамастан, маған: – Қане, әніңді шырқап жіберші, – дегені. – Тап осы жерде ме?! – деп, шошып-ақ кеттім. – Енді қайда деп едің? Бұл жерде ән түгіл, гимн шырқалады! – Ә, бұған батылдық үшін «бензин» керек екен, – деп, Ізтай дереу бәйек боп, қырлы стақанды толтыра арақ құйып, маған ұсынды. – Мә, тартып жібер! Амал қанша, оның дегеніне көніп, қырлы стақанды аузыма дәлдеп тұрып төңкеріп тастадым. Өңештен бастап бүкіл ішегімді қырық тарам тамырды қуалаған ыстық қандай аралап кетті бұл жарықтық... Енді бір сәтте қарасам, бар даусыммен сызылтып ән салып тұр екем. Темекі түтіні мен арақтың буы аралас залдың ортасында қорғансыз, пәк «Қара көзімнің» нәзік те мөлдір сазы қалықтайды... Алайда, неге екенін қайдам, ақындардың басы салбырап кетіпті. – Мынауың ғажап дүние ғой! – Аз ғана тыныштықты Қуандықтың оқыс шыққан даусы бұзды. – Былай істейік, бала. Мына Ізтай менен кішілеу ғой. Бұның алдағы өмірінде мұндай қара көздер көбірек кездесер. Сөзін осы жазсын. Ал, мен сендер үшін қуанайын. Осы шешімге тоқтадық. Содан Ізтай екеуміз шығармашылық одақ құрдық. Міне, ақындар мені осылай «ауыздандырған» еді... Мұқағали Шәмшінің әңгімесін сүйсіне тыңдаған. Кенет ол алдында отырған осы бір бәкене бойлы адамның бүкіл бола­шағын тап бір көзіне елестеткендей болды. Неге екенін қайдам, екеуінің тағдыры ұқсас сияқты боп көрінді. «Рас-ей, мына отырған Шәмші музыка әлеміндегі ақын ғой... Қызық, бірақ, түйірдей түйсігім айтады, екеуміз ешқашан шығармашылық одақта болмайтын тәріздіміз. Қанша дос болсақ та... Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...». * * * Түс кезінде Мұқағали жатақханадағы бөлмесінде жатыр еді. Кенет радиодан Шәмшінің жаңа әнін берді. «Бәрінен де сен сұлу»!.. Бұл орнынан ұшып тұрды. «Әй, тоқта, тоқта! Мынау ғажап ән ғой!..». Шәмшіні іштей мақтан тұтып жүретін. Оның қай әнін болмасын қалт жібермейтін. Әрбір әнін құдды өзі жазғандай мәз-мейрам! Ал, мынаусы тіпті керемет шығыпты!.. Әннің мөлдіреген әдемі әуезіне әбден риза болған Мұқағали еріксіз теңселіп кетті. Ыңылдай жөнелді: тадарида-дирарай, тадарида-дирарай!.. Жаз күнiндей жайнаған, Масатыдай жер сұлу. Аққу, қаздар тойлаған, Айдын шалқар көл сұлу. Өзгеден де ең сұлу, Өмiрлiк дос тең сұлу. Өзiм сүйiп ұнатқан Бәрiнен де сен сұлу! Сен сұлу-у-у!.. Сөзі тұнып тұрған сыр ғой!.. Не деген сезім десеңші! Әлдекімге ғашық болған жігіт ынтыға ән салады. Айтқан сайын үздіге түседі. «Жапандағы ай да сұлу! Жарқырап атқан таң да сұлу! Бұрқырап аққан бұлақ та сұлу! Мүлгіп тұрған орман да сұлу!..» Бар сырын, бар шынын айтады жас жігіт. Ақтарыла айтады. Ант бергендей, қобалжи тұрып айтады. Әлі ешкімді құлай сүйіп үлгермегендей сезімде қалды бұл. Неткен ғашықтық! Шын махаббат осылай болса керек-ті, сірә!.. Мұны жазған қай автор болды сонда?! «Апырай, қазақ поэзиясына тағы бір мықты ақын келген екен-ау, ә?! Тіпә-тіпә! Ақсарбас!..» деп, біресе таңғалып, біресе шүкіршілік айтып, біресе шексіз қуанып, әрі-сәрі күйге түсті Мұқаң. Төмендегі вахтаға қалай түскенін өзі де байқамады. Әй-шәй жоқ телефонның тұтқасына жармасты. Шұлық тоқып отырған тёт Шура «ә» деп үлгерген жоқ, Қазақ радиосына телефон шалды. «Пожар что ли?» – деу­ге ғана шамасы келді Шура кемпірдің. – Қалай дейсің, сөзін жазған Мақсұтбек Майшекин бе?! Телефонның арғы жағынан естіген жаңа­лыққа сене алмай, Мұқағали бұрын­ғыдан бетер аң-таң. Бұның қатты таңырқа­ған жүзіне қарап тёт Шура да аң-таң. Көзілдірігінің үстінен үлкейе түскен көк көздері одан әрі көкшіл тартып кеткен. Қасын кере түскен сайын маңдайы қатпарлана түсті. – Что с тобой, Мукаш? – деп, таңдана сұрап еді, Мұқағали үндеместен телефонға қайыра қол созды. – Мақа, мен білмейді екенмін ғой. Шын ақын мына біз емес, сіз екенсіз ғой! – деді ол, балаша мәз болып. – Өзің тәп-тәуір ақын болсаң да, ақынның көкесін білмейді екенсің, – деді оған Майшекин. – Оу, аға, түсінбедім, бұ не сөзіңіз? – Әй, бала, бұл телефонмен лақ еткізіп айта салатын сөз емес. Кешке үйге кел. Әңгімелесеміз... Мұқаң бір жымиып, телефон тұтқасын ұясына салды. Манадан бері тоқып отырған шұлығын да ұмытып, бақырая қарап отырған Шура кемпірдің бетінен сүйіп алды. – Тёт Шур, я только что узнал. Родился новый поэт! Ура! Ура! Ура! Я так рад, так рад!.. – Ну, я поздравляю! А кто? – Да, на свет появился талантливый поэт! Но он старше вас на пять лет! Максутбек Майшекин! Коллега мой! Работает на радио музыкальным редактором... – Надо же! И в 65 лет можно стать поэ­том?! Действительно, большая новость!.. «Тадарида-дирарай, тадарида-дирарай!..». Мұқаң ыңылдап әндеткен күйі бөлмесіне аяңдады... Бір қызығы, Майшекиннің үйіне бара қалса, оның бір жартылығы дайын тұрады. Мұқаң кейде өзі де қонағының көзіне түскісі келмейтін жеңгейден ыңғайсызданып, тартынатын. Бүгін енді ішпей гөр!.. Келші, досым, кел ішелік, кел бүгін, Ұмытылсын ойымыздан шерлі күн. Көтерелік татулыққа, саулыққа, Бой жадырап, бір тарқасын шер бүгін. Кел ішелік, ішсек, көңіл басылар, Тұманды ойдан тұлғаны аулақ жасырар. Жеткізбейтін жат дүние, ізгі арман Біраз минут өзі-ақ келіп бас ұрар. Кел ішелік, тым болмаса жүз грамм, Кедейленіп кетпеспіз-ау біз бұдан. Па, шіркіннің қасиетін көрдің бе? Жұта салып, тамыр соғып, қызды қан. Кел ішелік, кетсін бізден уайым, Көтере алсаң, тағы құрмет қылайын. Кел ішеміз, ұмытамыз бәрін де, Кешірмесе, өзі білсін «Құдайың». Мұқаң осы жолдарды қағаз бетіне он жыл бұрын түсірген-ді. Соны еске алып отырып, бүгінгі ішудің жөні бір басқа екенін ойға түйді. «Мақаң ылғи да таңғалдыруын қой­майды. Мынадай поэзияны қойнында қалай жасырып жүр? Бұйығы жүрген жан ба? Бу­лығып піскен талант иесі ме? Кімсіз сіз, Мақа?..». Мұқаң қалтасынан шүберекке ораулы шыны құтыны шығарды да, алақанына бес-алты түйір насыбай салып, тілінің астына тастап жіберді. Сөйтіп, жұмбағы мол кешкі кездесуге іштей дайындалды. Майшекиннің үйіне дәл айтылған уақытында жетіп барды. Мұқағалиды табалдырықтан қарсы алған Мақаң «үндеме» дегендей сұқ саусағын ерніне апарды да, «залға кір» дегенді ыммен білдірді. О, тоба, бұл не жұмбақ тағы?.. Жеңгей бөлменің қақ ортасында тұрған үстелдің бар мәзірін жасап қойыпты. Әдетінше, өзі жоқ... Мақаң есік-терезені жауып, қымтап тастады. Мұқағали күңгірт тартқан бөлмеде май шам жанып тұрғанын енді ғана байқады. Мақаңның мына қылығы тіпті қызық боп көрінсе де, артын бақты... Майшекин арақтан тартып жіберіп, әдет­тегі «әй, баласынан» жаңылып, «Мұқаш» деп бастады сөзін. – Мұқаш, сенің Мағжан Жұмабаев туралы естуің бар ма? – Иә, естуім бар, аға. – Ендеше, мен де рас-өтірігін білмеймін, бірақ, тар ортада айтылған «Сәбит Мұқанов «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны депті» деген сөз бар. Мынау мен автор болған «Бәрінен де сен сұлу» – сол Мағжан Жұмабаевтың өлеңі. Осыдан кейін-ақ оның қандай ақын екендігін шамалай бер. – Қалай шамалағанымды өзіңіз де білдіңіз ғой, Мақа... Менің білуімше, ол кісі ертеректе ұсталып кетті ме емес пе?.. – Ұсталмақ түгілі, «халық жауы» деген атақпен атылып кетті! – Ойпырмай, олай болса, сіз... мына сіздің арманда кеткен ақынның өлеңін ұрлағаныңыз қиянат емес пе?! – Әй, бала! Сен мұны не десең, о де... Қаласаң, «ұрлық» дей бер. Ал, мен өз әрекетімді «ерлік» деймін! Неге десең, өкімет Мағжанның өзін өлтіргенмен қоймай, қалайда оның атын өшіруге, ал, өлеңдерін ұмыттыруға тырысады! Мына өкімет тұрғанда Мағжанның есімі енді қайтып аталмайды да! Сондықтан, мен арманда кеткен асыл ағаның ең болмаса бір өлеңін тірілтіп кеткенімді өзіме бақыт деп санаймын! «Алмас қылыш қын түбінде жатпас» деген. Күндердің күнінде Мағжан ақталғанда, жұрт менің де есімімді арашалап алады. Түсіндің бе? – Сонда да болса, мұныңыз ауыр айыпқа жатады-ау... – Сен енді пәлен-пәштуан дей бер, мен істерімді істедім... Анау Шәмші Қалдаяқовта өлең Мағжандікі екенін білгенде, шошып кетті. Енді сен бала келіп, жүйкемде ойнап отырсың!.. Біліп қой, біз Мағжанды оқып өскен ұрпақпыз. Ол кісінің менде тығулы жатқан бір жинағы бар. Соны саған берейін. Сен одан да соны оқып, тәлім ал. Болашағыңа пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бірақ, ескертемін: кітапты ешкімге көрсетпе. Және де бұл туралы жұмған аузыңды ашпа. Құлып сап қой қақпағыңа!.. Осыны айтып, Мақаң үстел басынан тұрды. Қабырғаға тақап қойылған диванды ысырды да, арқалығына қолын салып, жұқа кітапты алып шығарды. Мұқағалиға ұсына бергені сол, бұл орнынан ұшып түрегеліп, екі қолымен кеудесін басты. Сөйтіп, көзі жасаурап, кітапты қос алақанына салып, аялай ұстады. Дұға оқығандай ернін жыбырлатып, әлдене деп күбірледі. Бұл оның «Қош көрдім, аруағыңнан айналайын ардақты ақын!» дегені-тұғын... * * * Білмеймін, күн өтті ме, жыл өтті ме? Баяғы байыз таппас жүрек, міне. Күн, айлар, жылдар өтті, дүр етті де, Баяғы жүрек қалды. Жүрек, міне... Иә, содан бері он жылдан аса уақыт өтіпті. Өзімен, өз ортасымен, айналасын­да­ғы­лармен арпалысып өткізген есіл уақыт-ай десейші! Ақыр соңында, тепсе темір үзердей қылшылдаған қырық жасында жұмыссыз қалды. Денсаулығы да сыр бере бастады. Тағдырдың ауыр тауқыметіне шыдас бере алмай қалды-ау оның да... Мағжан сынды асыл ағамен таныстырған Майшекин жоқ бұл күнде. Ойлап отырса, әулие кісі екен ғой ол да. Мағжанның кітабын сыйламағанда, бұл оның поэзиясынан сусындай алар ма еді? Әй, қайдам. Мағжан байтақ даладай кең, телегей теңіздей терең, асқар таудай биік қой, шіркін! Егер бұл осы өмірде қандай да бір шыңдарға көтерілген болса, соның бәріне демеу болған Мағжан сөзі, соның рухы!.. «Жәкем «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» десе, Мағжаннан қалған ұлы мұраның сарқыты – мен ғой! Мұны неге жасырам? Кімнен қорқам айтуға? Адам адамнан емес, Алладан қорқуы тиіс! Алладан жасырмағанды адамнан жасырам ба?..». Осы сәтте Мұқағали кеудесіне жаңа жыр жолдары құйыла бастағанын сезіп, қағаз, қаламға қолын созды. Моншақтай тізілген әріптер әдіптеліп, маржан-жыр боп төгіліп түсті. Көрер едің, Шаламын ба, отпын ба, Білер едің, Ақынмын ба, жоқпын ба?... Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда, Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда. Түсінер ең, Езбін бе, әлде ермін бе, Байқар едің, Артықпын ба, кеммін бе?.. Мен Спартак бола алмадым, не шара, Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?! Сырым да – осы, Жырым да – осы, Алдыңда? Байқашы бір, Бықсыдым ба, жандым ба? – Мақаңдар жоқ, Мақаңдардың сарқыты – Мұқағали Мақатаев бар мұнда! «Мақаң» дегені Мағжан екенін оқырман түсіне қояр ма екен, ә? Мейлі, қазір түсінбесе, кейін түсінер. Жеткізе алмаған ойын әр кезде қасында жүрген, бұның өз аузымен айтқан әңгімелерін өз құлағымен естіген шәкірттері жеткізер. «Бұл менің поэзиядағы қолтаңбам болсын. Атын да солай – «Автограф» деп қояйын». Арада біраз күн өткесін «Автограф» «Ле­нин­шіл жас» газетінің бетінде жарқ етіп, шыға келді. Сейдахмет жарады! Бұның өлеңі­­нің бір әрпін де қисайтпай басып жіберді. «Автографты» оқыған жұрт «Апырай, Мақа деген кім екен?» деген ойға қалды. Мағжанды білетіндері де бар болып шықты. Сол-ақ екен, «Мұқағали Мағжанға арнап өлең жазыпты!» деп шу ете түсті. Іштен шалғандар да аз болмады, әрине. Ақынды ақсатқысы кеп армандап жүргендердің «әй, бір Құдайы берді» дейсің! Отыра қалып жазды. Домалақ арыздар кетті домалап. Обкомға. Орталық Комитетке. «Мақа­таевтың арақ ішіп азғындағаны аздай, енді ол Мағжан Жұмабаев секілді халық ­жауын мадақтап, Совет жастарының санасына те­ріс ұғым сіңіріп жүр» деп, әй, бір көсілді дейсің!.. «Не ақынның, не адамның санатында жоқ» Мұқаңа партия не істесін? Туралап оқ атпаса да, туғанындай көрмеді. Мұқаңды талай жерде мүдіртті. Парықсыз партократия «арақ» атты пәлені желеу етті. Тоғышарлардың тоқпағы Мұқаңның басынан арылмады. Талантқа «маскүнем» атағын тағу арамзаларға түкке тұр­мады. Опасыздар оқтаулы мылтықты талай жерде кезеді. Партиядан шығарды. Одақ­тан қуды. Жұмыссыз қалдырды, қаңғыртты... * * * Мұқаң көзін әрең ашты. Тас қараңғы. Басы солқ-солқ етеді. Түсінер емес. Қайда өзі?.. Көзге түрткісіз қараңғы бөлмеде жатыр екен... Тілі таңдайына жабыса тұтқырланып қапты. Ерні кеберсіп кеткен... «Су... бір жұтым су беріңдерші...». Тым-тырыс... «Тілім желімденіп қалған ба, немене? О, тоба! Осы менің тілім бе екен? Мына бас өзімдікі ме? Мына дене өз тәнім бе екен?.. Мен осы ішкенмін бе? Жоқ, ішуді қойып едім ғой... Осы мен қайда жатырмын? Табыт ішінде емес пе?..». Қолымен қарманып еді, терезені жапқан перденің ұшы саусағына ілінді. Тартқылап көріп еді, перденің ашылған бір тұсынан сыздықтап күн сәулесі түсті. «Е, шіркін-ай! Бар екенсің ғой сен, Жарық Күн!.. Meн сенi сүйгем Жаныммен сүйгем, Жарық Күн! Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың. Ақ сәулең сенiң аймалап менi, Жарық Күн, Тұрған да болар үстiнде мынау табыттың. Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағын, Сезгемiн, бiлгем, Мен үшiн бiр күн тынарын. Тастама менi, Тастама менi, Шырағым! Шуағың түссiн, Шөп болып, мейлi шығамын. Қомағай көңiл құмартып өткен әрнеге, Тiрлiкте сонау түскемiн талай әуреге. Кешкен өмiр де, Көрген бақыт та – барлығы, Жетпейдi екен ғой, Бiр күндiк сенiң сәулеңе. Бiр күндiк сәуле, Бiр күндiк жарық мекенiм! Мәңгiлiк түнек – қапасқа қалай кетемiн? Келмейдi-ау тiлiм... Өлгеннен сұра дер едiм, Тiрi жандарға, Өмiр дегеннiң не екенiн. Өмiр дегенге, Тiрлiкте, сiрә, жетер ме ой? Жарық сәуледен басқаның бәрi бекер ғой. Бекер ғой бәрi, Бекер ғой бәрi – бөтен ғой. Өмiр дегенiң – бiр күндiк Сәуле екен ғой!.. «Су... бір жұтым су беріңдерші...». Үні шығар емес... Басы солқылдап, іштегі жалын тәнін күйдіруде... Ақыл-есі түзу, әйтеуір... «Иә, Мұқа, сенің де мына дүниедегі дәм-тұзың таусылайын деген-ау... Е, жазған-ай, өзің соның сарқыты санайтын Мақаңды – Мағжанды, асыл ағаңды, галифе киген жендеттер қалай жалмап еді? «Жапон тыңшысы» деп жала ­жауып, түрмеге тоғытып еді ғой! Сондағысы не? Ақынның зор үнінен қорықты! «Ұйқыдағы қазақ халқын оятар, халық оянса, бұғауын үзер, «халықтар достығының түрмесін» тас-талқан етер» деп қорықты... Мақаң қазақ халқының Жарық Күні еді! Соны сөндірді империяның ит жендеттері. Жарық Күннің бір жұтымын да қалдырмады. Қараңғы қапаста қалған халықтан бір жұтым күннің өзін де аяды. Империя жандайшаптары «бір жұтым күннің өзі де Азаттық рухын оятады» деп қорықты... Мен сол Жарық Күннің бір жұтымына айналуды аңсап едім, армандап едім. Менің де жолымды кесті сұм жандайшаптар. Кешегі галифе киген жендеттердің ұрпақтары бүгінде галифені галстукке айырбастаған. Сыртын өзгерткенмен ішкі ластығын қалай өзгертсін? Қуыс кеуде бұл бейбақтарың «Түбіне жеттік!» деп, сандарын шапаттап, алақандарын ысқылап, мені тірідей көміп тастауға даяр отырған шығар. Бұл безілдектерің (шарманщики) мені көміп тастаса, «құтылдық» деп ойлайтын шығар. Атасының басы!.. «Ей, шарманщики! Не вам судить меня, настоящие судьи впереди еще. Пройдут года, придет новое поколение, и они поставят каждого из нас на свое место. Испокон веков так было, так и есть, так будет! О себе я вот что скажу: я ровесник поколения 21 века, а может быть, родственник еще дальних поколений...».

Жақыпжан НҰРҒОЖА

20267 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы