• Мәдениет
  • 17 Ақпан, 2016

ОЛИМПИАДА ҚЫР АСТЫНДА...

Ал оған спортшыларымыздың дайындығы қалай?

Биыл жазда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында кезекті ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Олимпиада ойындары өз тарихында тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығында өткелі жатыр. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынайтын дүбірлі додаға әлем назары ауатыны анық. Бүгінде Бразилиядағы аламанға берілер жолдама жолындағы жарыстар басталып кетті. Қысқы спорт болмаса, құдайға шүкір, жазғы Олимпиададан қазақ спортшылары жүлдесіз қайтқан емес. Себебі бокс, күрес, ауыр атлетика сынды оң жамбасымызға келетін спорт түрінен жерлестеріміз үнемі жүлде алып келеді. Биылғы мешін жылғы олимпиада еліміз үшін Тәуелсіз ел ретінде қатысқалы отырған жетінші Олимпиада ойыны болмақ.

1992 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен XXV жазғы Олимпиа­да ойындарында Қазақ­стан құрамасы бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп «Біріккен команда» құрамында өнер көрсетті. Ал жеке ел ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы олимпиадада қатыстық. Шаңғышы Владимир Смирнов бұл дүбірлі доданың соңғы күнінде 50 шақырымдық алыс қашықтықта алтыннан алқа таққан болатын. Осылайша В.Смирнов Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы олимпиада чемпионы атанды. Ал 1996 жылы АҚШ-тың ХХVI Атланта олим­пиа­дасында өткен додада спортшыларымыз алғаш­ рет жазғы олимпиадада бақтарын сынады. Атлантада еліміздің намысын 96 спортшы қорғады. 14 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде (жалпыкомандалық есепте 24-ші орын) еншілеп қайтты. Араға 4 жыл сала Сиднейде өткен ХХVIІ Олимпиа­дада ұлттық құраманың құрамы арта түсті. 130 спортшы 17 спорт түрінен бақ сынады. Онда жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс (жалпыкомандалық есепте 22-ші) еншіледі. 2004 жылы Афинада өткен ХХVIІІ Олимпиадада Қазақстан құрамасы 17 спорт түрінен сынға түсіп, барған 119 спортшы 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль (жалпыкомандалық есепте 40-шы орын) иеленді. 2008 жылы Бейжіңде байрағы көтерілген ХХІХ додада еліміздің намысын 132 спортшы 22 спорт түрі бойынша бақ сынап, 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 29-орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшылар ірі жетістікке Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиадасында қол жеткізді. Олимпиаданың алғашқы жартысында жалпыкомандалық есепте тіпті Ресейден де озып, ТМД бойынша бірінші тұрған күндеріміз болды. Азуын айға білеген спорттық держава, әр Олимпиадаға бірінші орынды ғана мақсат етіп баратын көршімізді солай бір қапы қалдырдық. Велошабандоз Александр Винокуровтың арқасында жарыстың алғашқы күнінде-ақ қоржынында алтыны бар аз ғана елдің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Одан соң ауыр атлет­теріміз төрт бірдей алтынға қол жеткізді. Жеңіл атлетикада үш қарғып секіру сайысы бойынша біздің Ольга Рыпакованың алдына ешкім түсе алмады. Жарыстың соңғы күнінде «қазақтың салмағы» атанған 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен бокс­шы Серік Сәпиев бізге жетінші алтынды алаң иесінен жұлып әперді. Жеті алтын, бір күміс, жеті қоламен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орынды иемденді. Бұл – үлкен жетістік. 115 спортшымен аттанып, 20 спорт түрінен жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. Спортшыларымыз әзірге спорттың 10 түрінен 43 жолдамаға иелік етті. Таяуда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен ерлердің 82-ші, ал әйелдердің 25-ші әлем біріншілігінің қорытындысынан кейін зілтеміршілеріміз 10 жолдамаға ие болды. Қазірге дейін Қазақстан спорт­шыларының ішінде ауыр атлет­теріміз ғана Олимпиадаға берілетін жол­дамалардың барлығын толық иеленді. Атап айтқанда 10 жолдамаға ие бол­ған спортшылардың 6-сы ер, 4-еуі әйел адам. Ендігі уақытта зілтеміршілеріміз жолдама мәселесіне алаңдамай, тек жаттығуға кірісіп, Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуге күш салатын болады. Ал, нақтылы Риоға кімдердің баратынын алдағы уақытта бапкерлер құрамы анықтайтын болады. Лондон олимпиадасында ауыр атлетикадан 4 саңлағымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Арада өткен 4 жыл ішінде осы төртеуі де санаттан шығып қалған жоқ. Бұлардың ішінен Зүлфия Чиншанло мен Илья Ильинді Рио олимпиадасында алтын алатын басты үміткерлер дей аламыз. Зүлфия мен Илья бұдан екі жыл бұрын Алматыда өткен әлем біріншілігінде топ жарды. И.Ильин Ресейдің Грозный қаласында өткен біріншілікте әлем рекордын тағы жаңартты. Ал 4 жыл ішінде тұрмысқа шығып қана қоймай, жұбы В.Седовпен жолын бөлектеп үлгерген Светлана Подобедованың бабы жайлы түйінді әңгіме айту әлі қиындау. Ол 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем біріншілігінде төртінші орын алды. Қоссайыс қорытындысында чемпион атанған Ю Каңнан (Қытай) небәрі 6 келі ғана ұтылды. Бұл аса төмен көрсеткіш емес. Олимпиадаға барса, Светаның тастүйін өнер көрсететініне сенгіміз келеді. Ал Майя Манеза тұрмысқа шығып, перзентті болған соң, әлі спорттық бабына келе қойған жоқ. Оның үстіне, ұлттық құрама бапкерлері оны соңғы әлем чемпионатына 69 келі салмақ дәрежесінде сынға қосты. Майя Рио додасында 63 келіде өнер көрсетуі бек мүмкін. Жалпы, әйелдер арасында соңғы 4 жылда керемет жетістігімен танылған Жазира Жаппарқұл екенін мойындауға тиіспіз. Екі әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Рио олимпиадасында әйелдер арасында 4 спортшымыз өнер көрсетуге тиіс. Егер бапкерлер құрамы Чиншанло, Манеза, Жазира Жаппарқұл және Подобедова сияқты саңлақтарға сенім артатын болса, Карина Горичева, Маргарита ­Елисеева сияқты жаңа танылып келе жатқан талантты жастарға сәл аялдай тұруға тура келеді. Былтыр Хьюстондағы әлем бірінші­лігінде Қазақстан ұлттық құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға қол жеткізіп, жалпы есепте 3 орынға табан тіреген болатын. Ерлер арасында Ильин, Қыдырбаев, Өтешов үштігі Риода басты үмітіміз болатыны анық еді. Алайда Хьюстондағы сыннан кейін Қыдырбаев пен Өтешов допинг дауына шырмалды. Олардың мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Алайда аз уақытта ақталып үлгермейтіні және В сынамасының ашылмайтыны да белгілі болған соң, бұл екі мықтыны тізімнен сыза тұруға мәжбүрміз. Енді кім қалады? Ильин мен Зайчиков 105 келіде сынға түссе, 77 келіде Нижат Рагимов намысымызды қорғаса, жеңіл салмақта Арли Чонтей мен Фархад Харкиді апаруға тура келе ме? Бұл екі легионер универсиадада олжа салғаны болмаса, 4 жылдан бері бізді қуанта алған жоқ. Ерлер Рио олимпиадасында 6 жолдамаға ие. 94 келіде Өтешов пен Қыдырбаев қатыстырылмаса, спорттан кеткен Седов қайта оралмайтын шығар. Демек, бұл салмақта дәл қазір Денис Улановқа тамаша мүмкіндік тууы мүмкін. Жалпы, ауыр атлетикадан қазір Қазақстаннан басқа үш елдің бәсі жоғары. КХДР мен Қытай зілтеміршілері, сондай-ақ, Ресей ауыр атлеттері тағы да олимпиадада дуын қыздырады. Еуропада поляктар мен латыштар мықты. Әзірге дейін екінші көп жолдамаға иелік еткен спортшыларымыз – жеңіл атлеттер. Олардың еншісінде 9 жолдама бар. Жолдамаға иелік етіп Олимпиада ойындарына баратын жеңіл атлеттеріміз мыналар: Ольга Рыпакова, Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Гүлжанат Жанатбек, Михаил Красилов, Ирина Смольникова, Георгий Шейко, Ирина Эктова, Флорида Миниянова. Бұлардың ішінде О.Рыпакованың шоқтығы биік. Оның жүлде алуға мүмкіндігі бар. Алайда жасы 31-ден асқан спортшымызға жастармен бірге күш сынасу оңай болмасы анық. Ал М.Красилов, Г.Шейко, О.Сафронова сынды жастар ел біріншілігінде топ жарып жүргені болмаса, әлем біріншілігінде табысты өнер көрсетеді деп айта алмаймыз. Жеңіл атлетшілердің ішінде марафоншы қазақ қызы Г.Жанатбектің жолдама иеленгенін естігінде қуандық. Қазақ жанкүйерлерінің сүйікті спортына айналып кеткен бокстан қазірге дейін 4 спортшымыз жолдамаға иелік етті. Ең бірінші боксшыларымыздан АРВ жобасы аясында Астана төрінде 60 келіде Берік Әбдірахманов жолдаманы жеңіп алғаны есімізде. Бұдан кейін осы жоба аясында 49 келідегі Біржан Жақыпов екінші жолдамаға қол жеткізді. Үшінші жолдаманы WSB жобасы аясында 91 келіде Василий Левит жеңіп алған болатын. Ал төртінші жолдаманы Катардың бас қаласы Дохада бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде өнер көрсеткен, еліміздің капитаны ­Данияр Елеусінов қоржынымызға салды. Алдағы 3 іріктеу сындарында тағы 4-5 боксшымыз жолдама алса, біз үшін жаман көрсеткіш болмасы анық. Алайда соңғы кездері құраманың талассыз үздігі болып саналатын Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) сынды мықтылар білгенінен жаңылып жүр. 64 келіде әлі де нақты кандидат жоқ. Енді Мырзағали Айтжанов баптайтын біздің былғары қолғап шеберлері Рио Олимпиадасына толық құрамда бару үшін қалған үш лицензиялық жарыста барын­ша табысты өнер көрсетулері керек. Алғашқы Олимпиадаға іріктеу тур­нирі 2016 жылы 23 наурыз бен 3 сәу­ір аралығында Қытайдың Цяньан қала­­сында Азия мен Тынық мұхит бокс­шыларының қатысуымен болады. Ал мамыр айында Болгария астанасы София­да боксшылар WSB мен APB жоба­лары бойынша жолдамаға ­таласса, соңғы жалпы дүниежүзілік іріктеу шілденің 7-19 аралығында Бакуде өтеді. Грек-рим күресінен екі жолдама бар. Оны Досжан Картиков пен ­Алмат Кебіспаев жеңіп алды. Ал әзірге еркін күрестен жалғыз жолдама бар. Оның иесі – Артас Сана. Бұл жерде қазақтың оң жамбасының біріне келетін күрес спорты елімізде өркендемей келе жат­қа­нын атап кеткен жөн. Ең соңғы рет күрестен олимпиада алтынын 1996 жылы алған болатынбыз. Бұдан 20 жыл бұрын грек-рим күресінен 57 келі, яғни жеңіл салмақта сынға түскен А.Мельниченко топжарғаны есімізде. Содан бері күрес спортынан жүлде алған балуандарымыз болғанымен, алайда олимпиадада алтыннан алқа таққан спортшыны көрмедік. Бұдан басқа, соңғы кезде күрестен еліміздің атынан Ресейдің Шешенстан, Якутия, Дағыстан, Осетия сынды автономиялық аймақтан келген шетелдік легионерлер сынға түсіп жүр. Осының өзі жергілікті балуандардың өрісі кеңеюіне кедергі болып тұр. Ал олимпиадаға көбінесе күрес спорты түрінен Грузия, Армения мемлекеттерінің балуандары бірнеше жүлде алып жүргенін көргенде, бізге де саннан гөрі сапалы спортшылардың керек екені есімізге түседі. Күрес түрлерінен біз несібесі аз елге айналғалы да бірталай уақыт өтті. Ат үстінде күн өткізген, білегіне де, жүрегіне де сенетін халық үшін бұл өте кешірімсіз. Лас-Вегаста (АҚШ) өткен әлем чемпионатында қазақ балуандары қос қола медаль алып қайтты. Бір қызығы, ережесінің қайта-қайта өзгергендігінен бе, әлде басқа да себептер бар ма, соңғы жылдары күрес түрлері бойынша әлемде ерекше мойны озып тұрған ел жоқ. Ресей құрамасы былтыр грек-рим күресінен жалғыз алтын иеленсе, түріктер екі салмақта топ жарды. Еркін күресте грузин, әзербайжан, итальян, түрік, ресейлік, америкалық балуандар жеңіс тұғырына көтерілді. Әйелдер арасында ғана әлі күнге жапон қыздарына тең келер ешкім жоқ. Нысана көздеу спортынан Рашид Юнусметов, Владимир Исаченко, Юрий Юрков, Елизавета Король төртеуі төрт жолдамаға иелік етті. Ал садақ атудан ерлер арасында Сұлтан Дүзелбаев пен әйелдер арасында Луиза Сайдиева бір-бір жолдамаға ие болды. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин бір жолдамаға иелік етсе, қазіргі бессайыстан Елена Потапенко бір жолдама жеңіп алды. Нысана көздеу спортынан Рашид Юнусметов, Владимир Исаченко, Юрий Юрков, Елизавета Король төртеуі төрт жолдамаға иелік етті. Ал садақ атудан ерлер арасында Сұлтан Дүзелбаев пен әйелдер арасында Луиза Сайдиева бір-бір жолдаманы алды. Биылғы жылы спортшыларымыз 70 құрлықтық, 52 әлем кубогы кезеңдерінде бақ сынап, Рио Олимпиада ойындарының жолдамасына таласатын болады. Сондықтан, биылғы жыл нағыз бәсекеге толы жыл болатыны анық. Енді Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға 27 спорт түрінен 110 спортшыдан артық құраммен баруды көздеп отыр. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанатын ХХХІ Олимпиада ойындарында да Қазақстан спортшылары үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, көк бай­рағымызды желбіретіп, мемлекетіміздің Әнұранын шырқатады деген сенімдеміз.

Нұрлан ҚҰМАР

2955 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы