• Тіл
  • 18 Наурыз, 2010

КҮРЕСКЕРЛІК РУХ БӘСЕҢСІМЕУГЕ ТИІС

КҮРЕСКЕРЛІК РУХ БӘСЕҢСІМЕУГЕ ТИІСҚонысбек БОТБАЙ «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Ана тілінің» 1990-1992 ж.ж. бөлім редакторы

– Абыройлы көштің алдыңғы легінде болу бақыты бұйырғандардың бірі ретінде ұлт басылымы өмірге келген сонау тоқсаныншы жылдардың басынан әңгіме тарқатсаңыз. «Ана тілі» апталығына келу қадамыңыз? – Мен журналистік сапарда алдыңғы буын – ұстаздардан жолы болған адамдар санатынанмын деп ойлаймын. Ең әуелі ой қорытуы, қалам сілтесі бөлек Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың есімін ауызға алғым келеді. Университет қабырғасынан енді ғана түлеп ұшқан, қаламының ертеңінен үміт күткен талай темір қанат жас буынды тәрбиеленген Сейдағаңның мектебі өзгеше еді. Талапшыл қаламгер ағаның бір мезет жаймашуақтанып сырлас достай әңгіме шертетін сәттері де күні бүгінгідей жадымызда. Ол кісіден кейін жастар басылымын басқарған белгілі ғалым, қаламгер, ел қалаулысы Уәлихан Қалижан ағамыздан шығармашылық иесіне ауадай қажет еркіндікті, әр қадамыңа тілектес қамқор көңілді сезіндік. Ұлт тағдыры таразыға салынған қай мәселеге де шырылдап араша түсетін, әділдік туын көтеретін осы Уәлихандай ағаларымыз біздің бағдар алар өмір мектебіміз болды. Жалаулы жастық мекені «Лениншіл жас» («Жас Алаш») қабырғасында Е.Смайл, Ж.Аупбаев, Ж.Солтиева, Ж.Бейсенбаев сынды аға-әпкелеріміздің сенімді ізбасарлары болуға талпындық. Жастар басылымында өз басым біраз жыл саясат саласын жүргіздім, адамгершілік, мораль тақырыптарын қаузадым. Саясат жүрген жер қай уақытта да өрт қой. Белгілі жазушы Нұрғали досымның «саясат» деген сөзді әзілдеп біреуді саялайсың, біреуді сатасың деп талдайтыны бар. Сол айтпақшы, журналистік сапарда саясат желінің бірде оңнан, бірде солдан соққан тұстарының куәсі болдық. Бір жолы Қызылордадан ойдақ-сойдақ жазылған үшбу хат келіп тұр. Профессор Әуелбек Қоңыратбаевтан екен. «Айналайындар-ай, мен сендердің газеттеріңнің жарты ғасырдай уақыттан бергі тұрақты оқырмандарының бірімін, – деп бастапты хатын ардақты ағамыз. – Жоғарғы жақ солай талап ететін де шығар, дегенмен мынау «Дін – апиын» деген топтамаларыңның көлемін азайтыңқырасаңдар болар еді...» Желтоқсан көтерілісінің тұсында халқының тоқсан тоғыз пайызын жергілікті ұлт өкілдері құрайтын ауданда қазақ жастарының драма үйірмесі жоқтығын жазған жалқы сөйлем үшін еркерту арқалаған кезіміз де болды. Осындай азды-көпті өмір өткелдерінен өтіп келген біздер ұлт намысын ту етіп көтерген «Ана тіліндей» апталықтың тіршілігіне құлшына кірісіп кеттік. – Апталық аяғын апыл-тапыл басқан алғашқы күндерде қандай тақырыптарға ден қойдыңыздар, газет шаруасын неден бастадыңыздар? – Ұлтымыздың ес жиып, еңсе көтерген тұсында өмірге келген апталыққа артылар жүк, қойылар талаптың үлкен болғаны түсінікті ғой. Алғашқы нөмірлерінен-ақ қазақтың аты-тегінің дұрыс жазылуы, термин сөздердің қазақша баламаларын талқыға салу, көмескіленіп, ұмтылуға айналған Қырық бір құмалақ, Қымызмұрындық секілді зәру тақырыптарды қозғау арқылы апталықтың оқырмандар қатары көбейе түсті. Сол тұста Республика сарайында дүбірілі айтыс өтті, ол жайындағы есептік мақаламызға «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» деп тақырып қойғанымыз есімізде. Үш күндік айтыстың үзіліс сәттерінде халық ұзыннан-ұзақ кезекке тұрып, жапа-тармағай «Ана тіліне» жазылып жатты. Айналасы бір-екі айдың ішінде, ұмытпасам, 45 мың таралым жинадық. Газеттің әрбір мақаласын ұжым болып талқылап, қызылкеңірдек болып жатушы едік. Бір айдардың атын апталап ойластырған кезіміз болды. «Айтылмаса сөз өледі», «Қайнайды қаның, ашиды жаның», «Толғаулы тоқсан туған тіл», «Қарға тамырлы қазақ ек...» апталық айдарларының аты осылай өріліп жатты. Кейде кезекші мақаланың тақырыбының өзі оқырманын шақырады. Белгілі қаламгер Герольд Белгермен айқарма бетке көлемді сұхбат беріп жаттық. Онда аз ұлттарға деген қиянат, қазақ тілінің мүшкіл халі әңгіме болатын. Сұхбат тақырыбына Гера ағаның өз аузымен айтылатын «Калинин көшесінде тұратыныма намыстанам...» деген сөйлемді шығардық... – Өздеріңіз соқпағын салған, көшін түзеген «Ана тіліне» алғы күндерде қандай тақырыптар ұсынған болар едіңіз? – Ең алдымен ұлт апталығының тіл, дін, дәстүр жолындағы күрескерлік қабілеті бір сәт те бәсеңсімеуге тиіс қой. Заң қабылданар, билік мінбелерінен талай әңгімелер айтылады, бірақ солардың жүзеге асырылуы, жергілікті жерлердегі істің барысы халықтың көз алдында, талқылануында болуға тиіс. Апталықтың соңғы бірнеше нөмірінде Жағда ақсақалмен этнографиялық сұхбат беріліп жатыр. Көз жүгірте қалсаңыз ұмыт болуға айналған қаншама таным-деректерді ұшыратасыз. Сондай қазыналарымызды түгелдеу де – еліміздің ертеңі үшін жасалатын қадамдар. Сұхбаттасқан Динара ІЗТІЛЕУ

3386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы