• Мәдениет
  • 17 Ақпан, 2016

«Қоштасқым келмейді…»

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында орыс драматургі Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді…» атты драмасының тұсаукесері болды.  Отбасы құндылығы тақырыбын арқау еткен қойылым кездесу мен қоштасу, ғашықтық пен қызғаныш, шайқалған шаңырақ пен бағаланбаған бақыт хақында сыр шертеді. 

Қоюшы режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров бұл шығармаға жаңа тыныс беріп, қоғамның өзекті мәселелерін қозғағанын аңғару қиын емес. Режиссердің айтуынша, біздің қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – отбасылық қарым-қатынас, ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан дүниежүзіндегі ажырасудың саны көп он мемлекеттің қатарына енетін көрінеді. «Көбінесе, біз адамның жабырқаған жанына үңіле бермейтініміз рас. Мұндай қойылымдар көрерменді өзінің ішкі жан дүниесіне үңілуге әсер етеді. Қойылым арқылы адамзат өміріндегі маңызды мәселелердің мәнін іздеп, мағынасын ашуға, көрермен санасында сілкініс тудыруға тырыстық» деді режиссер. Спектакльдің ерекшелігі, шартты театр құрылымына негізделген. Бұл әдісте актерлер көрермендермен сұхбаттасады, көрермендер оқиғаның куәгерлеріне, кейіпкерлеріне айналады. Спектакльде көздің жауын алатын сахналық декорациялар мен әсем киім үлгілерінен гөрі, кейіпкердің жан дүниесі, ішкі толғанысына көбірек мән берілген. Басты кейіпкер Митя мен Катя Лавровтарды Азамат Сатыбалды мен Зарина Карменова сомдады. Катя Лаврова ренжігісі келеді, бірақ кешіруге де бата алмайды. Ал Митя кешіре алмайды. Әйелін жеңілтек деп ойлайды. Тез шешім шығарады, сотқа алдымен арыз бергені де сондықтан. Бір қойылымнан бірнеше отбасының тағдырын көруге болады. Әрқайсысы өз өміріне өкпелі. Лавровтардың отбасының шырқын бұзуға себепкер болған дүние – қызғаныш. Ал мұндай көзсіз қызғаныштар қаншама шаңырақты ортаға түсірген жоқ па? Актерлер Азамат та, Зарина да Лавровтардың тағдырын шынайы шебер көрсете білді. Сонымен бірге спектакльде ажырасуға бел буған сегіз отбасының тағдырын көреміз. Бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар. Айырылысу салдары да әртүрлі. Бірақ барлығы бүгінгі қоғамның тынысымен байланысты екені айдай анық. Сот залында қателіктерін мойындап, қайта қауышқандары қаншама. Кей кездері адамдар болмашы дүниеге бола өміріндегі басты құндылықтарды есінен шығарып алады. Біреу қателігін кеш түсінсе, тағы біреу мүлдем түсінбейді. Сондықтан бақытты бағалап, отбасынан артық дүние жоқ екенін үғынған абзал. Қойылымның айтар ойы да осыған негізделген. Ерекше тербеткен көріністердің бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғазиза Әбдінәбиева ойнаған тұста болды. Шағын ғана көрініс бүкіл қойылымның өзегі іспеттес. Актриса өзінің кейіпкері арқылы туғанынан теріс айналған, жалғыздық зарын тартқан жанның күйінішін үлкен шеберлікпен көрермен қауымға жеткізеді. Спектакльдің тағы бір ерекшелігі, бір сахнада үш буын өкілдері – жастар да, орта буын актерлер де, аға буын өнер майталмандары да топтасқан. Атап айтсақ, Ғазиза Әбдінәбиева, Бақтияр Қожа, Бекжан Тұрыс, Гүлшат Тұтова, Шынар Жанысбекова, Шынар Асқарова, Жалғас Толғанбай, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Еркебұлан Дайыров және т.б. актерлер «Үйлену оңай, үй болу – қиын» деген халық даналығының мән-жайына үңілуге көмектесті. Қандай қиындықтар болса да, жұбайлар бәріне төзіп, болмашы дүниелерге ажырас­пай, отбасы мен бала-шағасының болашағын ұмытпауы керек деген түйін түйіледі. «Мен сені сағындым. Қоштасқым келмейді. Біз мәңгі бірге боламыз» деген сөздермен аяқталатын спектакль әрбір адамды қоштасу алдында жүректің үнін тыңдауға үйретеді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

3678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы