• Әдебиет
  • 25 Ақпан, 2016

Сұңқар туралы сыр

Қазақ білімпаздарының өткен тарихын көктей шолғанда рухани орталық болған мекендердің бірі Қарқаралы еске түседі. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар қашанда ұлтының болашағына алаңдап, патшалы Ресейдің отарлау саясатының әділетсіздігіне қарсы шығып отырғаны мәлім. ХХ ғасырдың басында қазақтың марғасқа ұлдары шоғырланған Қарқаралыдан ескен үн империялық билікке тегеурінді сес көрсетті. Натуралды шаруашылықпен айналысатын көшпелі қазақ елінің жоғын іздеп табатын, барын айырбас жасайтын әйгілі «Қоянды» жәрмеңкесі осы Қарқаралыда орналасқан. Әлеуметтің бас қосып, жиналатын бұл жәрмеңкеге келгендер материалдық қажетімен қатар дүниедегі жаңалықтардан құлағдар болып, көкейіндегі сан түрлі сауалдарға білікті азаматтардан жауап тауып, халықтың маңдайына біткен саңлақтарының өнерлерін тамашалап, ғибратты әңгімелерінен бойына рухани қуат, нәр алып, көңілі өсіп қайтатын. Алайда жылдан-жылға патша үкіметінің қыр қазағына саяси-әлеуметтік, рухани-экономикалық қысымы күшейген үстіне күшейіп, қалың бұқараның берекесін қашы­рып, төзімінің шегіне жетті. 

Наразы халықтың арыз-шағымдарына жергілікті билік иелері пысқырып та қарамады. 1905 жылы 26 маусымда қазақ оқығандары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбайұлы бас болып, жәрмеңкеге жиылғандармен бірге Петербордағы патша ағзамға қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жібереді. Петицияға 14 500 адам қол қояды және Әлихан Бөкейханның сенімді ­саяси серіктері арқылы мәртебелі патша ағзамның қолына тигізуді ұйымдастырады. Арызда патша үкіметіне 11 түрлі талап қояды. Олар: 1. Діни сенімге қысым жасауды тоқтату; 2. Қазақ мектептерінде қазақ тілінде оқыту; интернат, пансионат, жоғары оқу орындарының жайы; 3. Қазақ тілінде газет шығару, 4. Переселендердің көшіп келуін тоқтату, жерді қазақтікі деп жариялау; 5. Қазақтарды атамекен қоныстарынан көшіруді тоқтату; 6. «Далалық билеу» ережесін өзгерту; 7. Болыстық кеңселер мен халықтық соттарда істі қазақ тілінде жүргізу, өтініштерді қазақ тілінде қабылдау правосын қалпына келтіру; қызметке қазақ тілін білетін тілмаштарды алу; 8. Сот ісін қазақ тілінде жүргізу; 9. Бастықтар мен урядниктердің санын қысқарту; 10. Генерал-губер­­на­тордың бұйрығымен жер ауда­руды тыю; 11. Жоғары хүкіметте қазақ депутаттарының болуы. Ұлт зиялыларының бұл әрекеті патша әкімшілігінің төбесінен жай түскендей әсер етті. Алайда Ресейдің бас қаласы Петербордан басталып жалпы халықтық сипат алған 1905-1907 жылдар аралығындағы мемлекеттік басқару, билік жүйесіне қарсы бағытталған төңкерісті жаншып, өкімет босаңсыған тізгінін қатайтып, қаһарына мінгенше қыр қазағының көңіл күй толқынын тудырған талап-тілектерін ұйымдастырушылармен шындап айналысуға шамасы болмады. Өрекпіген төңкерісшілердің желігін басқан соң, билік мемлекеттік құрылысқа қарсы кез келген әрекеттің себеп-салдарын іздеп, кінәлі саналғандарды аямай жазалауға кірісті. Сөйтіп, патшаға қарсы арыз-тілекті ұйымдастырушылардың қатарында бар деген күдікпен Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбайұлы, Смахан Бөкейхан бастаған алты адам тұтқындалып, абақтыға жабылады. 1896-1907 жылдар аралығында қа­зақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Қар­қаралыда тұрған еді. Ақаң Қарқара­лының 2 кластық училищесінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Содан петицияны желеу еткен патша жандармдары Ахмет Бай­тұрсынұлын жанындағы жолдастарымен Семей абақтысына қамайды. Он екі жылғы еңбегінің жемісін көре алмай өкініште кетіп бара жатқан Ақаңның: «Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған Айдай бер, қалса адамың қуылмаған» деп басталатын әйгілі өлеңі туатын тұсы осы. Сол шақта абақтыдағы қанаттас Ахмет, Жақып сынды серіктері мен туған бауыры Смаханды құтқару үшін Әлихан қолынан келгенінің бәрін жасап, Мемлекеттік Дума депутаты Н.Скалазубов сияқты орыс достары арқылы жоғары билікке ықпал етті. Петерборда шығатын «Современное слово» газетіне «Қазақтың халық ақыны абақтыда» деген мақаланың басылуын ұйымдастырып, сотсыз, тергеусіз, нақақтан-нақақ Ахмет Байтұрсынұлының ұзақ мезгіл қамауда ұсталып отырғанын жария етті. Сөйтіп лауазымды мемлекет және қоғам қайраткерлері араласып «­саяси сенімсіз саналған» Ахаңды Орынборға жер аударып, қалғандарына да әкімшілік айыппұлмен жазаларын жеңілдеткен еді. Елдің ауызына іліккен азаматтарын қудалаған жандармерияның қулығына құрық бойламайтын сұрқия айласы сындыра алмаған Смахан Бөкейхан осы жолы сыннан абыроймен өтіп, өзінің Әлихан сияқты қазаққа пана болған тұлғаның лайықты ізбасары екенін дәлелдеді. Ол бұған дейінгі Тоқырауыннан Мемлекеттік Думаға депутаттыққа түскен Әлиханды сайлатпауға тырысып баққан жергілікті билік орындарының заңсыз әрекеттерін сот жолымен жеңіп шыққан аяулы анасы Бегімханымның табандылығына қолғанат болуға жараған-ды. Әлекеңнің інілерінің ішінде Сма­хан­­нан көп үміт күтуі де осындай қайсар мінезіне сенгендігінен болса керек. 1906 жылы Қарқаралы уезі бойынша Мемлекеттік Думаға депутаттыққа ұсынылғандардың ісін қарауға арнайы комиссия құрылады. Көкек айының 27 күні бітімгер сот (мировой судья) Н.В.Вайсердің төрағалық етуімен В.А.Рогалевич, инспектор С.С.Панфилов, кеңесші К.И.Акимов, қала старостасы Сивиллов құрамында кезекті мәжілісін өткізеді. Күн тәртібіндегі мәселенің бірі Тоқырауын болысының №7 ауылынан Бегімханым мен Құдияров, Ұлықпанов, Таубаев, Бүлкенбаев, Жұманов, Байсұлтанов және басқа сайлаушылар атынан берілген арыз-шағымдары қаралады. Заң жүзінде қуынушылардың комиссияға қоятын талаптары депутаттыққа ілінген 18 үміткердің құрамында Әлихан Бөкейхан есімі атала тұрса да, анасы Бегімханым екеуінің Тоқырауын болыстық іс басқарушысының берген ақпарындағы №1065 анықтамада көрсетілгендей шаңырақ иесі болып тіркелмегендіктерін желеу етіп, 1905 жылғы Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу тәртібінің 17 бабына сәйкес һәм Дала Ере­жесінің 56, 58, 65 баптарына сүйене оты­рып, селолық қоғам құрамына енетін бұ­ратана халықтың өкілі міндетті түрде шаңы­рақ иесі болуға тиіс деген пәтуаға келеді. Қысқасы, комиссия 22 ақпандағы заңның күші негізінде Әлиханның сайлауға түсуге құқы жоқтығын, сондықтан арыз берушілердің тілегі мүлдем қанағаттанғысыз деп ұйғарып, шешім шығарады. Мұрағат қорында Бегімханымның сүйікті ұлы Смахан туралы үлкен тебіреніс сезіммен жазған хаты сақталған. Өз заманында қазақ әйелдері арасында Бегімханымның өте сауатты болғанын араб графикасындағы кесек-кесек ойларын ою-өрнектей сұлу бейнелеген қолтаңбасынан анық аңғарылады. Бегімханым сақтық шаралары үшін өркениетті жолмен меншік иесі екендігін бекітетін, сонымен бірге өзі атынан туған ұлы Смаханға кез келген мәселеге араласуына азаматтық құқық беретін сенімхатты заңдастыруы – оның тәкаппарлық бекзаттығы мен ақсүйектік болмысын танытатын парасаттылығының белгісі. Ол араб қарпімен қазақша өз қолымен жазған және Ахмет Байтұрсынұлы аударған орыс тіліндегі «Сүйікті ұлым Смахан Нұрмұхамедұлы» деп аталатын сенімхатында: «Менің заңды түрде шаңырақ иесі емес екендігім енді белгілі болды. Бұл менің зығырданымды қайнатып, ашуымды келтіреді. Саған және қоғам мүшелерінің бәріне Менің шаңырақ иесі екендігім, меншігімде малым бары, оған шаңырақ ақысы мен жер салығын жыл сайын төлеп тұрғандығым мәлім. Шындығында, Тәтіхан баламның тірі кезінде менің қалауым бойынша шаңырақ иесі Тәтіхан Нұрмұхамедұлы болып саналды. Енді оның 29 ақпан 1905 жылы дүниеден озуына байланысты халықтық ғұрып бойынша шаңырақ иесі маған тиесілі, өйткені шаңырақтың үлкені Менмін. Осыған орай сүйікті ұлым, саған мұнан былай 40 жылдан бері шаңырақ иесі деп таныған Тоқырауын болысының 7-ші ауылының басшы қызметкерлері мен үкімет мекемелерінің менің атыма жіберілетін іс қағаздардың барлығына, арыз-шағымдар мен салықтарға, өтініштер мен пікірлерге жауап беруге, менің атымнан құжаттардың бар түріне көшірме алуға, анықтамалар мен арыздар жазуға, менің атыма келген телеграммалар, шақыртулар, хабарландыруларға, ауызша сұрақтарға жауап беруге сенімхат тапсырамын. Бір сөзбен айтқанда, Смахан ұлым, заң күшімен шаңырақ иесі деп таныған маған қатысты туындаған жайдың барлығына менің атымнан араласуға толық құқықтық рұқсатымды беремін. Осы сенімхат шеңберінде сенің әрекетің мен ісіңнің бәрі заңды. Мен саған сенемін, сенімен таласпаймын, бәс­тесіп, ерегеспеймін. 30 сәуір 1906 жыл. Тоқы­рауын дуаны. Бұл сенімхат Қарқаралы уезі, Тоқы­рауын болысының сұлтаны Смахан Нұрмұ­ха­медұлы Бөкейханға тиесілі. [мөр] Аудармасы [орыс тілінде]: Тоқырауын болысы сұлтанының жесірі Бегімхан Шамина (әкесі бойынша) Нұрмұхамедова (күйеуі бойынша) Бөкейханова. Осы сенімхатты Тоқырауын болысының №10 ауыл старшинасы Аяпберген Байбатыров қолын қойып және қазыналық мөрмен куәландырды. Аударған Ахмет Байтұрсынұлы. Осы сенімхаттың түпнұсқасымен Қарқаралы уезі 1-ші бөлімшесінің бітістіруші соты (мировой судья) 5 мамыр 1906 жылы №82 реестрге тіркелген көшірмесін куәландырып Бөкейханға берген [Бітістіруші сот қолы қойылып және мөрі басылған]». Жалпы, Бегімханым Шаминаның сот үдерісінде жеңіп шығуына Ахмет Байтұрсынұлы мен Әубәкір Құрмановтың патша үкіметінің шет аймақтағы бюрократтық тосқауыл­дарынан жолын ­тауып өтуге қосқан үлесі ауыз толтырарлық. Өйткені соттың жұмыс тілі мен іс қағазы орыс тілінде жүргізілуі және қулығын ішіне бүккен іс қозғаушылардың түрлі құйтырқы әдіс-тәсілдерге салуы Бегімханым Шаминаға оңай тиген жоқ. Алаштың арда ұлдары орысша аударманың мүлтіксіз әрі заң талаптарына сай сауатты орындалуына бар өнерін салып бақты. Сот жұмысын үнемі қадағалап, бақылауында ұстаған Әлекеңнің орыс достары да мәселенің оң шешілуіне кәдімгідей ықпал етті. Бұл сот үдерісіне Әлиханның қатыса алмауы патшалық билік тарапынан берілген құпия саяси тапсырысы бойынша Дала генерал-губернаторының ешбір негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысына қамалды. Ресейдегі «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партия­сы Орталық Комитетінің мүшесі Әлихан Бөкейханның саясаттағы беделі мен ықпалынан империялық билік именгені сондай – өлердей сескенді. Әлиханнан қауіптенетіндей себебі де бар еді. Ұлтының мүддесін жоғары қойған Әлихан Бөкейхан империяның қорқынышын өмірде іс жүзінде дәлелдеді. Хандық мемлекетін саяси әдіске салып күйретіп тынғаннан кейін екі ғасырға созылған империялық отарлау жүйесі қазақ ұлтын енді қайтып бас көтеріп, мемлекеттігін тіктеуге миы жетпейтіндей езіп-жаншып, тобырға айналдыруды көздеді. Расында, бозала таңнан малмен бірге өріп, күн орнына қонғанша бар кәсібі төрт түліктің соңында тіршілік еткен көшпелі қазақты тез арада рухани ағарту, саяси белсенділігін ояту, мемлекетшіл сана-сезімін сіңіру қиял сияқты көрінетін. Өйткені әлеуметтік тұрмысы жүдеу, шаруашылық күйі қашқан, отарлау саясатының қамыты әбден батқан қыр елінің қалыптасқан қоғамдық жағдайын күрт өзгерту мүмкін еместей еді. Алайда Тәңір берген талантты, кез келген қиыншылыққа төзіп, қарсы тұруға бейім, табиғат жомарт жаратқан қасиетті қазақ қауымы сенім артқан Алаш азаматтарының соңынан ілесуге тәуекелі жетті. Әлекең бастаған мың жылда бір туатын Алаштың көсем тұлғаларының күрескерлік рухы, ғибраттық үлгі-өнегесі, білімпаздық көрегендігі 1905-1917 жыл аралығын санағанда бас-аяғы тарихи 12 жылдың ішінде қазақ ұлтының құқықтық тізгінін қолына ұстаған, жерін, шекарасын, мемлекеттік атрибуттарын белгілеген саяси субъекті ретінде империялық билікке өркениетті, демократиялық жолмен ресми мойындатты. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен II жалпықазақ құрылтайында тұңғыш парламенттік басқару мен билік жүйесіндегі Алашорда автономиясын құрды. Бұл шындығын айтқанда, бүгінгі жаңа тұрпатты мемлекеттік құрылымның негізін салған, бастау қайнары болатын. Егер сол аумалы-төкпелі дәуірде Әлекең бастаған ұлт перзенттері Алашорда автономиясын құрмағанда, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының болуы да екіталай. Сондықтан Алаш азаматтары мен Алашорда автономиясының қазақ тарихында алатын маңызы орасан зор. Алғаш «Қазақ» газеті ашылғанда оған сахараның түкпір-түкпірінен хабар-ошар жеткізіп тұратын жергілікті тілшілер ауадай қажет болды. Сол себепті газет басқармасы ел ішінен оқыған, білікті жастарды өз төңірегіне тарта бастайды. Солардың бірі – Смахан Бөкейхан еді. Ол «Қазақ» газетінің Қарқаралы уезіндегі меншікті тілшісі болды. Оның бұл қызметті атқаруына екі түрлі жағдай себеп болған сыңайлы деп топшылаймыз. Бірі – туып-өскен өңірі болса, екіншісі, Сарыарқаның қақ төріндегі уезден хабар жеткізетін сенімді жанның алыстағы «Қазақтың» қырдағы ұйытқысы болсын деген газеттің басы-қасындағы ағасы Әлихан­ның ниеті болса керек. Қалай болғанда да Смахан – Әлиханның соңынан ерген, ізін қуған, ел ішіндегі оң қолына айналған азамат екені анық. Өйткені, сол уақыттағы Қарқаралы оқиғаларына қатысты деректерде Жақып Ақбайұлы, Хасен Ақайұлы мен Смахан Бөкейхан есімі қатар аталады. Смахан төре алғаш сауатын молдадан ашады. Екі жылдай молдадан тілін сындырған ол Құран сүрелерінің денін жаттап алады. Одан соң Семейге барып, жеті жылдық орыс мектебіне түсіп, бітіріп шы­ғады. Осы оқудан кейін Смекең өз бетімен ізденіп меңгерген. Ол орысша оқып, жаза алатын тәп-тәуір сауатты бол­ған. Жас күнінде қазақтың «партия құрған» тобына қосылып, басы шырмалып жүр­генде елге келген Әлиханның қатал сынына ұшыраған. Ұрпақтарының айтуынша, Смекең өзін түзу жолға салған ағасының сол әрекетіне өле-өлгенше риза болып өткен екен. «Қазақ» газетінде «Басқармадан», «Ішкі хабарлар», Сыртқы хабарлар», «Тілшілерден» деп аталатын тұрақты айдарлары болды. Күллі қазақтың маңдайына біткен мерзімді баспасөз бетінде сол кездегі өзекті мәселелердің көтерілмей қалғаны жоқ. Заманның талабы сол болғандықтан газет қызметкерлеріне де әр салада қалам тартып, баспасөздің қай жанрының болмасын жүгін арқалауға тура келді. Қолда бар деректерге сүйенсек, Смахан көбіне «Ішкі хабарларға» жазып тұрған екен. Ара-тұра кейбір мақалалары «Тілшілерден» деген айдармен басылған. Смахан Бөкейхан мақалаларының соңына «Сұңқар», «Қаршыға», «Смахан», «С.», «Бөкейхан» – деп қол қойып отырған. Әрине, ол дәуірде патша үкіметінің цензуралық бақылауына байланысты бүркеншік ат қолдану үйреншікті жағдай және «Қазақ» пен «Сарыарқаға» екі бірдей Бөкейханның қалам күшімен үлес қосуы себепті бірін-бірінен шатастырмас үшін солай беруі де ықтимал. Әрине, Смаханға «Сұңқар», «Қаршыға» деген бүркеншік есімді газет басқармасы берді ме, жоқ, әлде, өзінің қалап алғаны ма, ол турасында біздің қо­лымызда нақты сүйенетін дерегіміз жоқ. Дегенмен, осы псевдонимде белгісіз жұм­бақтың, ашылмаған сырдың бары анық. Біз бұл пікірге Смаханның жазған дүниелерін оқып, танысып шыққан соң келдік. Ең алдымен Сұңқар – бүркіт тұқымдас дене бітімі сұлу жаратылған құс. Саятшы қазақ құс төресі – Сұңқар деп дәріптейді. Ел ішінде маңдай алды азаматтарды «жігіттің сұңқары» деп те теңейді. Сұңқардың басты қасиеті – қырағылығы мен шапшаң ұшып, жемін шалт қимылымен тез қағатындығы. Атақты Шалкиіз жырау сұңқардың осы қасиетін:

«Менің заңды түрде шаңырақ иесі емес екендігім енді белгілі болды. Бұл менің зығырданымды қайнатып, ашуымды келтіреді. Саған және қоғам мүшелерінің бәріне Менің шаңырақ иесі екендігім, меншігімде малым бары, оған шаңырақ ақысы мен жер салығын жыл сайын төлеп тұрғандығым мәлім. Шындығында, Тәтіхан баламның тірі кезінде менің қалауым бойынша шаңырақ иесі Тәтіхан Нұрмұхамедұлы болып саналды. Енді оның 29 ақпан 1905 жылы дүниеден озуына байланысты халықтық ғұрып бойынша шаңырақ иесі маған тиесілі, өйткені шаңырақтың үлкені Менмін. Осыған орай сүйікті ұлым, саған мұнан былай 40 жылдан бері шаңырақ иесі деп таныған Тоқырауын болысының 7-ші ауылының басшы қызметкерлері мен үкімет мекемелерінің менің атыма жіберілетін іс қағаздардың барлығына, арыз-шағымдар мен салықтарға, өтініштер мен пікірлерге жауап беруге, менің атымнан құжаттардың бар түріне көшірме алуға, анықтамалар мен арыздар жазуға, менің атыма келген телеграммалар, шақыртулар, хабарландыруларға, ауызша сұрақтарға жауап беруге сенімхат тапсырамын. Бір сөзбен айтқанда, Смахан ұлым, заң күшімен шаңырақ иесі деп таныған маған қатысты туындаған жайдың барлығына менің атымнан араласуға толық құқықтық рұқсатымды беремін. Осы сенімхат шеңберінде сенің әрекетің мен ісіңнің бәрі заңды. Мен саған сенемін, сенімен таласпаймын, бәс­тесіп, ерегеспеймін. 30 сәуір 1906 жыл. Тоқы­рауын дуаны. Бұл сенімхат Қарқаралы уезі, Тоқы­рауын болысының сұлтаны Смахан Нұрмұ­ха­мед­ұлы Бөкейханға тиесілі.

(Смаханның анасы Бегімханымның «Сүйікті ұлым Смахан Нұрмұхамедұлы» деп аталатын сенімхатынан)

«...Көк қоянның қос құлағын тұндырған, Көгілдірдің жез қанатын сындырған» деп ғажайып көркем бейнесін дәл берген. Шалкиіздің ізін жалғастырушы Махамбет ақын: «Мен ақ сұңқар құстың сойы едім» деген болатын. Смахан Бөкейхан туралы сөз бола қалса, ұмытпасам 1984 жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде әрбір жұма ­сайын Рақманқұл Бердібаевтың жетекшілігімен өтетін «Халық университетінің» академик Әлкей Марғұланға арналған кезекті сабағы менің есіме еріксіз түседі. Сексеннің сеңгіріне шыққан Әлекеңнің мерейтойы­на орайластырылған бұл дәріске зал ішінде ине шаншар орын жоқ, лық толды. Қызыл империяның тізгіні босап, құлар алдындағы жылдар – бұрын-соңды біз естіп білмеген Алаш азаматтарының тағдыр талайына қатысты құлыпқа салынған, жабық деректердің саңылау тауып, шыға бастаған қоғамдық рухани серпіліс туғызған кезеңі еді. Сондықтан да болар зал толған жаңалыққа құмар қауым білімпаз Әлекеңнен Алаштың көсем тұлғаларына байланысты тың ақпарат дәметуі орынды еді. Әлекеңнің Алаш тарихын қаузаған ауқымды әңгімесі көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Сол кеште мәртебелі академик аузынан Әлихан Бөкейханның Смахан есімді туған інісі бар екенінен сырттай таныс болдық. Ғұлама Әлекең сонда: «Смаханның 20 дәптерден тұратын Алаш азаматтары хақында, өз ағасы Әлихан Бөкейханға арналған естеліктері бар. Сол қолжазба естеліктері табыла қалса, көптеген ақиқатқа көз жетеді» деген еді. Арада бірсыпыра жылдар өтті. 1994 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы кітапханасының сирек кітаптар бөлімі залында Смахан Бөкейханның «Әлекеңнің өмірі» атты аманат естелігін Сырым Райымжанұлы зерттеуші Сұлтанхан Аққұлыұлына табыстады. Бұл арнайы ұйым­дас­тырылған іс-шараға марқұм Міржа­қыпқызы Гүлнәр апай қатысып, Әлихан атасы, Ахмет, Міржақып, Смаханға байланысты көзі көріп, естіген, білгенін сыр қылып шертті. Иә, Смаханның шығар­ма­шылық қырын танытатын аталған естелігі – деректілігімен ғылым үшін өте құнды еңбек.Smahan Смахан Бөкейханның мерзімді бас­пасөздегі шығармашылық машы­ғынан қырағылығы мен ақпаратты күн құрғатпай жедел ойнатып берудегі қасиеттері тайға таңба басқандай анық аңғарылады. «Қазақтың» 1915 жылғы 151 саны­нан Смаханның «Иақұб (Жақып) туралы» деген көлемді мақаласы жарық көрген. Онда Алаштың ардақты перзенттері Әлихан Бөкейхан мен Жақып Ақбайұлына қатысты құнды деректер берілген. Мақалаға құлақ түрелік: «Үйіне бара жатқан Әлихан 17 иунде жәрмеңкеге келді. 18-інші иунде Иағқұб Әлиханды қонақ қылды. Осында жиырма шақты Әлиханға көрісе келген адамдар болды. Бұл күні сөйлескен сөз: біздің қырда тәрбиелі пошта жоқ, «Қазақ» газеті оқушының қолына уақытында тимейді, не қылса газета жұртқа оңай таралады, мұнда 4-5 болыс болды. Көп, енді мұнан былай болыс қатындары «Қазаққа» шай, қант, темекі орамасын, «Қазақты» майлық орамал қылмасын, десті. Осыдан бөлек еш бір сөз сөйленген жоқ» деп ақтала жазуына қарағанда осы оқиға бастарына пәле болып жабысса керек. Басқан қадам­да­рына айрықша аңду қойған үкімет аяулы екі азаматтың бір дастарқан басында пікір­ле­суінен зәре-құты қалмай саяси астар іздеген тәрізді. Одан ары автор Жақып басына жала жабылып абақтыда жатқанына өкініш білдіріп: «1910-ыншы жылдан бері Қарқаралы қазағы «Үкіметке қарсы талап қылып жүр» дегенді шығарды. Біздің қазақтың осы нахақ жаласына қарағанда, бет түгіл, қалам ұялып қызарады. Иағқұбты жамандаған адамдар не саиасат ісін, не қазақ жұртына келетін өшпес ұятты білмейді: надан, жүзі қара нені білсін!» деп жаны қинала мұқым жұртқа баяндайды. Сөз арасында ол Жақыптың болмыс-бітімін «Иағқұб жуан ауылдың баласы, тілі, мінезі жалпы, закон жолын біледі. Қазақ дауына кірісіп, сыңар езу, ұрыншақ аттай жан-жағына соқтығып, тікен артқан түйедей жан-жағын іле жүреді. Бұл Құдай туысынан берген Иағқұбтың мінезі» деп белгілі тұлғаның өжеттігі мен асаулығынан хабар береді. Дегенмен, Смаханның Жақыпқа жабылған жаланың түбінің шикілігін ашып айта алмай «надан, жүзі қара нені білсін!» деп қиналуының астарында бір гәптің бары шүбәсіз. Смахан Бөкейханның шығармашылық мұрасын зерделеген сайын қазақ мәдениеті мен тарихының ақтаңдақ беттерін толық­ты­ратын сан алуан тың деректерді кездес­тіреміз. Айталық, «Қазақ» газетінің 1916 жылғы №170 санында жарияланған хабар­дың көлемі шағын болғанмен, көтерген жүгі зор. «Қарқаралы абақтысында өзі әнші-ақын, өзі қазақтың бекзаты, өзі ұры Мәди жатыр» деген бірінші сөйлемнен-ақ оқырманды елең еткізіп, өзіне тартып алады. Мұнан Смаханның жазу машығын қаншалықты шебер меңгергенін айғақтап тұр. Оның үстіне осы бір жолдарға автор атағы барша қазаққа мәшһүр Мәди Бәпиұлының тағдырына қатысты тарихи жайды сыйдырып жіберген. Одан соң Смахан бірінші сөйлемдегі түйінді таратып, 1914 жылы Мәдидің Ақмола облысына жер аударылғанын, 1915 жылы Қарқаралыдан 60 жылқы әкетіп, Атбасардың базарында ұсталғанын, содан қыркүйектің бірінен абақтыда жатқанын хабарлайды. Қазақ қоғамының сүттей ұйыған береке-бірлігін қашыру, әлеуметтік жікке бөлуді мақсат тұтқан патша өкіметінің жергілікті әкімшілік билік өкілдері жүргізген іштей іріту, жау­лас­тыру, өзара бітіспейтін кек қудыруы – барымташылыққа байланыс­ты. Патша әкімшілігі бұл әлеуметтік кеселді қоздату арқылы қыр еліндегі жуан байлардың, ықпалды ауылдардың арасына от салу, қылмыстық бір-бірінен өш алуға ұластыру еді. Сөйтіп, жақсы мен жайсаңның соңына шала байлау, аяғына қақпан құру болатын. Мәди Бәпиұлы бүгінге жеткен әйгілі «Қарқаралы», «Үшқара» аталатын ән әуені мен сөзі келіскен ғажайып шығармасына басына түскен сол қайғы, қасіретті арқау етті. Оның: «...Абақты қатар-қатар болады екен, Ішіне жақсы, жаман толады екен. Ішінде абақтының кіріп барсаң, Көңілің су сепкендей болады екен.

Сүйендім абақтының шарбағына, Сыйындым атам Қазыбек аруағына. Бір күнде қаршығадай қалықтадым, Бұл күнде мен аңшының қарма­ғында...» деуі, серінің қазақтың қолымен от көсеген империяның қуғын-сүргініне түскенінен хабар беріп тұр. Еркіндік сүйгіш ұлт ұландарының сағын сындырып, жігерін құм етуді көздеген дұшпанының әрекеті шектен шыққан «ат жақсысы – кермеде, жігіт жақсысы – түрмеде» деп мәтелдеген шақ. Ресей патшалығы тұсында қазақтың небір нар тұлға азаматтарының өмірі қасіретпен ерте үзілді... Автор Мәди Бәпиұлының абақтыға тү­суі­не елдегі қазақтың жуандары кінәлі деп са­найды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Қазақтың атқа мінгенінің бәрі оңай­дан мал таппақ, ұрлық, ұры сүйеу кәсібі. Ақын, аңғал Мәди абақтыдан пәтер алып жүргені осы» деп усойқы тілмен түйреп, сері Мәдидің атына «ұры» деген атақ­тың жамылғанына күйіне отырып жазады... «Қарқаралы – нойәбір ішінде жүзден астам кісі абақтыға жабылған еді. 20 шамалысы бұлардың Шұбартау, 20 шамалысы Ақсары, 10 шақтысы Темірші, 6-7 Берікқара, 7-8 Тоқырауын қазақтары. Басқа болыстардан қанша жабылғанын анық білмеймін. Жазықтары 25-інші иун жарлығының жүзіндегі істердің жаласы. Жабылғандардың көбі атқа мінген партия басы пысықтар мен болыстардың айтуымен абақтыға түсті. Жақын арада следователь келіп жабылғандардан жауап алып жатыр. Қайсыбірі ағарып шығып жатыр. Бірақ ағарғандар тегін ағармай, жала жабушыларды майлап, жалынып, құтқара көр деп, өз бастарын өздері сатып алып жатыр. Бірауыз сөзді он ауыз қылып, көбейтіп жем қылу жолын жақсы білетін мырзаларымыз көбейді. Құдай ақырының қайырын берсін. 5-6 ауыз орысша сөз білген кісі адвокаттық қылып Қарқаралыда мал тауып отыр. Бүгін біреудің үстінен арыз жазып қарайтады да, ертең ағартамын деп ақша алады; ақшаға құнығып, адал мен арам қайсы екенін айырмай, әп-әдемі адамдар-ақ күйсей беретін болды. Қаршыға. «Қазақ» газеті, Ұлу – 1917, 20 иануар, №214, 3-4 беттер». Осы қысқа да нұсқа хабарға түсінік берудің өзі артық деп білеміз. Оймақтай ақпаратта империяның жергілікті билік орындарының шектен тыс бұқараға тізе батырып, білгенін істеген әділетсіз, бассыздық әрекеті қаз-қалпында шебер баяндалған. Бір ғасыр бұрынғы хабардан елді аздырған империялық тәртіптің анайылығы мен жалақорлығы, парақорлығы мен сатқындығы, екіжүзді, желбағарлық сая­сатынан көз ұялып, көңіл құлазиды. Аңғал, дарқан қазақты жасытудың небір әдіс-тәсілін тәжірибе жасаудың нысанына айналдырған отаршылдық биліктің сұрқынан шошырлық. Бейкүнә қазақты жәбірлеудің, теспей сорудың құралы болған патшалық соттың сиқын айнаға түскендей автор анық көрсеткен. Жүз жыл бұрын орыстың тілі қалың қазақтың басына әңгіртаяқ болып тиіп, ойнақ салды, күшпен қиянат жасау – отаршылдық саясаттың үйреншікті дағдысына айналды. Қазақты жем қылған патшалықтың билік жүйесіне заманында түңілген Абай: «Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» деп ашынса, Смахан жазған жайдан да қоғамдық-әлеуметтік індеттің асқынғандығынан төбе шашың тік тұрады. «...Біздің қазақ ішінде екі-ақ іргелі дау бар: жер һәм жесір. Осындай жас балаға құда бо­латын жұртта көп, мұндай құдалық арты бей­шара жастық көз жасы, ағайын арасы дау. Шұбартау елінің қазағы Әзімбай Бижан баласы сайлауда партия көбейтем деп, бір кедей қызын немересіне әперген. Қыз әкесі Әзімбаймен құда болғанына мәз, Әзімбай тас көбейгенге мәз. Жігіт қызды менсінбейді. Жас келіншек Әзімбай ауылында зарлап отыр!Smahan-2 Бұл екі қыз біреуге бала, біреуге қарын­дас, біреуге ене болмай ма? Осылардай зар­лаулы біздің жұрт та аз ба? Жас балаға құда болғанды қоятын заман жеткен жоқ па? Партия деп неге құда боламыз? Сұңқар. Автор хабарынан ащы шындық пен қазақ қоғамына тән әлеуметтік қасіреттің бет-бейнесі көз алдымызға тұра қалады. Өзінің бауыр еті баласының тағдырын мансапқорлық пен партия үшін мансұқтап, көз жасын көлдеткен мейірімсіздік пен қатыгездікдің аяғы ағайын арасына жік түсіретін дүрдараздыққа апарып соқтырады, түбі оңдырмайтын тұйыққа тірейтінін ескертеді. Ел ішіндегі дәстүр мен тәрбиені бұзған теріс әрекеттер Смахан қаламына ілініп, қоғамдық пікір туғызу арқылы жөнге салуды көздеген. Смахан жазған хабарлардың ұлтты жақсылыққа баулуда, қазақ қоғамының әлеуметтік-рухани дамуына кедергі кез келген құбылысқа қарсы күресіп, әділеттік жағын қорғауға бар күшін сарп еткені аңғарылады. Отызыншы жылдары кеңестік қызыл коммунистер қазақты түгел қырудың жобасын ойластырып, ашаршылық саясатын жүргізді. Қазақ даласын жаппай аштық жайлады. Осының салдарынан қырда босқындар көбейді. Үкімет халықтың жаппай сырт мемлекеттерге ауып, ажал құрығынан аман құтылып кетуінен қорқып, ауылдан ешкімді қия бастырмай қояды. Аштықтан қырылғандардың арасында Смекеңнің ағасы Әзіхан да бар еді. Қолдан ұйымдастырылған нәубеттен отбасын аман алып қалу үшін Смахан төре бәйбішесі мен екі қызы Сәулеш пен Әйішті әйелінің сіңілісіне жеткізеді де, өзі ағасының баласы Мағауияны алып Балқашты жағалап Алматыға тартады. Келесі жылы үлкен ұлы Жақанжан шешектен қайтыс болады. Алайда шолақ белсенділердің көрсетуімен Смаханның үй іші үнемі қудалауда жүрді. Алматыда байыз тауып тұрақтай алмаған ол Семейге қарай ойысады. Отбасы мен Бөрілітөбеге көшіп барып, 1935 жылға дейін сол арада мекендейді. Бірақ бұл да ұзаққа созылмайды. Кеңес өкіметі «Жау қалғымайды!» деген ұранды қайта көтереді. Смаханды қудалау қайта басталады. Ақырында Смаханды отбасымен қосып Сібірге, темір жолдың бойындағы аты қызық «Топчиха» деген қалаға жер аударады. Ол жерде бір жылдай тұрып, қайтадан жолға шығады. Ендігі ат басын тірегендері Алтайдағы Алейская стансасы болады. Осындай сәттерде оның ойына «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Се-нен бұ-лт ме-нен қай-ғы тар-қа-ма-ды» деген тағдыр тауқыметіне нала болған Мәдидің толғаныс жолдары жиі оралып, құдіретті әуен ырғағына қосылып, ыңылдап қоя бергенін де байқамай қалатын. Беу, қайран дүние-ай!..

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, филология ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

20793 рет

көрсетілді

203

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы