• Мәдениет
  • 25 Наурыз, 2016

Тәлімгер тәлімі

Таяуда көзі қарақты, көкірегі ояу сексен алтыға шыққан абзал азамат – Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы Серғазы Қалиұлының мүшелтойы аталып өтті.

Профессор Серғазы Қалиұлы ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту, ғылым саласында аянбай еңбек етіп, 48 монография мен оқулық­тар, оқу-әдістемелік құралдар, бағ­дарламалар, 400-ге тарта ғылыми ма­қала жазды. Олар түрлі басылымдарда жарық көріп, ұстаздар қауымының назарын аударды. Солардың ішінде орта мектеп оқушыларына арналған «Қазақтың салт-дәстүрлері»(1990), «Қазақ әде­биеті»(2001) атты оқулықтары мен «Қазақ тәлімінің тарихы»(1995), «Қазақ этнопедагогикасының тарихы»(1999), Ростов университетінің профессоры В.Кукушкинмен бірігіп жазған «Евро-Азия халықтарының этнопедагогикасы»(2014) атты ЖОО студенттеріне арналып жазылған оқулықтарын ерекше атауға болады. Оның қазақ тәлімінің тарихына арнап, біздің жыл санау дәуірімізден бұрынғы VII-V ғғ. Томирис, Анахарсис, Мөде заманынан бастап, XX ғасыр аяғындағы егемендікке дейінгі жүз­деген ғалымдар мен ақын-жыраулар, хандар мен батырлар өмірін баяндайтын 30 ғасырлық «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы» атты 14 томдығын даярлап, баспадан шығаруы да орасан зор еңбек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұраларды жандандыру жөніндегі бағдарламасына» жауап ретінде профессор Серғазы Қалиұлы Тәлім антологиясының 10 томдығын 2000-2010 жылдары Қазақстанға белгілі көрнекті 25-30 педагог-ғалымдардан топ құрып, «Сөздік-словарь» баспасынан шығару ісімен айналысып келген болса, 2012-2014 жылдары журналист, жазушы-аудармашы Амантай Ахетовтің белсене қатысуымен екі том етіп орыс тіліне аударып бастырды (2012 жылы 1 томын, 2014 жылы 2 томын шығарды). Бүгінде осы екі томдықты Абылай хан атындағы Әлем тілдері академиясының профессоры А.Ермағамбетованың басқаруымен ағылшын тіліне аударып, интернетке шығарғалы отыр. Сөйтіп, профессор С.Қалиұлы қазақ этномәдениетінің көкжиегін кеңейтіп, оны бүкіл әлем халықтарының тануына жол ашты. Профессор Серғазы Қалиұлы білікті педагог, шебер ұйымдастырушы, өмірі өнегелі тұлға. Оған дәлел, біріншіден, ХVII ғасырда өмір сүрген атақты Тәуке ханның уәзірі, «Жеті жарғы» атты заңдар жинағының авторы, қазақтың әулие үш биінің (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би) ұлағатты ұстазы Әнет бабаның 8-ші ұрпағы бола тұрып Абай, Шәкәрім шыққан текті өлкеде өсіп тәрбиеленуі болса, екіншіден, қазақтың ғұлама ғалымы, заңғар жазушысы М.О.Әуезов, қара сөздің майталман шеберлері Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафиндерді, қаны да, жаны да шынайы қазақ-батырлары: Қажымұқан Мұңайтпасов пен Бауыр­жан Момышұлдарының өнегелі өсиеттерін жастайынан естіп, көкейіне тоқып өсуі, үшіншіден, 30-40 жыл түрлі жауапты партия, кеңес қызметтерін атқарған 1950-1965 жылдары бұрынғы Семей облысы, Аягөз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, КСРО-ның Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланған халыққа адал, принципшіл көрнекті қоғам қайраткері Әбілбек Бейсенұлы Тобағабыловтың тәрбиесін көріп өсуі, төртіншіден, ғалымды ғылымның даңғыл жолына әкеп салған КСРО педагогика ғылымдар академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен Ә.Сембаев, Қ.Балахметов сияқты асыл ағалардың аялы алақандары мен адами зор ақыл-кеңестері болды. Автор өзінің «Ұлыларды ұлықтауды ұмытпайық» атты еңбегінде қазақтың осындай ұлы зиялыларынан алған тәлім-тәрбие, өнеге-үлгілеріне мақтанышпен тоқталады. Профессор С.Қалиұлы өзінің өмір жолының алғашқы 25 жылын есею, институт бітіріп, ел танитын салиқалы азамат болып қалыптасуына арнап, түрлі жауапты комсомол, кеңес, оқу-ағарту қызметтерін атқаруға жұмсаған болса, өмірінің екінші 45 жылы Қазақ темір жолының оқу бөлімі бастығының орынбасары, кейін бастығы, Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу инсти­тутының зертхана меңгерушісі, дирек­тордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры қызметтерін адал атқаруға арналған. Бұл ғалымның ел басқару ісін бүге-шігесіне дейін еркін меңгерген, көрнекті қоғам қайраткері ретінде толысып кемелденген кезеңі. Осы кезде профессор Серғазы Қалиұлы оқу-ағарту істеріндегі сан-салалы ұйымдастыру жұмыстарын ойдағыдай атқаруымен бірге елімізге білікті педагог-ғалымдар даярлау ісімен де белсене айналысты. Ол соңғы 30 жыл ішінде 26 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын, 15 магистрантты даярлап шығарды. Олардың ішінде қазақстандық жас ғалымдармен қоса, Қ.Қабдыразақұлы, Ә.Ашайұлы сияқты Моңғол халық республикасының, Б.Бериков сияқты көрші қырғыз елінің азаматтары да бар. Сондай-ақ оның 30 шақты қазақс­тандық ғалымға ақыл-кеңесін айтып, ғылыми еңбектерін сәтті қорғап шығуларына қолұшын беруі де – өнегелілік. Эссе жинақтың үшінші бөлімінде «Заманы бір замандас, аға, іні, қарын­дастарға» арналып, кезінде ел игілігі үшін сүбелі еңбек жазып қалдырған, ұлтын, елін-жерін сүйетін, ғалым азаматтар Т.Сабиров, И.Нұғыманов, Ғ.Лұқпанов, Е.Есентаев, Қ.Сейталиев, Қ.Жарықбаев, Т.Тұрлығұл, Н.Нұрах­метов, Г.Нұрғалиева, Ш.Беркім­баева, К.Құнантаева, А.Құсайынов, Б.Баймұханов, Ғ.Мұқанов,т .б. бойын­дағы адами асыл қасиеттерін сөз етеді. Автор олардың бойындағы іскерлік, бауырмалдық, шыншылдық, адалдық, ұлтжандылық қасиеттерді өсіп келе жатқан бүгінгі жастарға үлгі етуді көздеген. Қорыта келе айтарымыз, ұлы тұлғалардан тәлім алған профессор Серғазы Қалиұлының өмір жолы бүгінгі жастарға өнеге боларлықтай мәнді де сәнді, жан-жақты ғалым. Біз ғалымға тек баянды бақыт, шалқар шабыт, мәуелі ұзақ ғұмыр тілейміз.

Бүркіт Баймұқанов, педагогика ғылымының докторы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

Марат Бекбосынов, филология ғылымының кандидаты

17717 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы