• Мәдениет
  • 30 Наурыз, 2016

Асылзаттың бұйымдары

Жер бетіндегі әрбір адамның бойында бір талант бұғып жатады  дейді ғалымдар. Сол талантын аша білгендер өз ісінің шебері болары хақ. Бұл орайда бірнеше өнерді қатар алып жүріп, шыңына жетуді мақсат еткен қаншама жандар бар. Соның бірі - Асылзат Арыстанбекқызы. 

Ол бір жылдары жұмыссыздық ке­зеңді басынан өткергенде, өзінің бо­йындағы қабілетіне сай қолөнер бұ­йым­дарын жасауға біржола бет бұрған екен. – Бізді әке-шешеміз табиғатқа өте жақын етіп өсірді. Әкем мұрап болған­дық­тан «Дәулетбай» деген каналдың жаға­сында тұрдық. Айдалада арқалас орналасқан екі-ақ үй болатын. Меңіреу тыныштықты табиғаттың төл жаратылыстары ғана бұзып тұратын. Айнала алма бақ, іргеде Сырдариядан тартылған каналдың сағасы, түрлі өсімдік пен жан-жануар, жәндік. Соған қарамастан, анам есіктің алдына түрлі гүл егіп, каналдан иінағашпен су тасып құйып, жайнатып қоятын. Гүлді ерекше жақсы көретін. Жас­тықтың тысын, көрпе жапқыш, орын­дық жапқыштардың бәрін кестелеп, құлпыртып қоятын, – дейді Асылзат. «Ана көрген тон пішер» демекші, қыз баланың анаға қарап өсетіні рас. Анасының еңбекқорлық қасиетін бойына сіңіріп өскен Асылзат бүгінде ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып, насихаттап келеді. Әлеуметтік желі арқылы қолөнер сайысын ұйымдастырып, талай бойжеткендердің бұл кәсіпке деген қызығушылығын оятты. Шыны керек, әйел адам өзіне шашқыстырғыш, алқа, жүзікті қажет еткенде дүкендердің табалдырығын тоздырады. Талғамға сай келмесе де, «брендіне» қарап бағалайтынымыз рас. Ал Асылзаттың қолынан шыққан бұйымдар көп ұзамай өз иесін тауып жатады. Бағасы да қолжетімді. Өткен жылы Қазақстан ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы «Наурыз нышаны» атты қолөнер бұйымына байқау жариялағанда, «Өмір ағашы» деген туындысымен бірінші орын иеленді. «Әрине, алғашқыда адамның қызығушылығын ояту қиын, әлеуметтік желіге дайын болған бұйымдардың суреттерін салып қоямын. Көңіліне ұнағандар тапсырыс беріп, хабарласып жатады. Қуаныштысы, шашбауға деген қазақ қыздарының ықыласы жоғары, аналары арнайы тапсырыс беріп, алып кетіп жатады» дейді шебер. Бір қызығы ұлы Елдос та қаланың әртүрлі ғимараттарының макетін жасайды. 2011 жылы «Менің арманымдағы қала» атты қалалық байқауда өз қиялындағы кітапхана ғимаратын ұсынып жүлделі орынға ие болды. Анасына қолғабыс етіп, бір-бірінің ойларын толықтырып отырады. Басты мақсат, қолөнер бұйымдары арқылы салт-дәстүр философиямыздың тереңде екенін ұғындырып, ұрпақ санасын өз елінің құндылығымен байланыс­тыру. Осы уақытқа дейін мыңға жуық туындыларын өмірге әкелген Асылзат ешуақытқа «жоғарғы» жақтан көмек сұрап, өз ісіне қолдау өтінген емес. Біреудің ауласында орналасқан екі бөлмелі үйді отбасымен жалдап тұрады. Оның бір бөлмесі өз шеберханасы. Тапсырысты да сонда қабылдайды. Барға қанағат, жоққа салауат етіп отырған осындай жанды Алла таланттан тарылтпаған екен. Ол жүрегін поэзия тілінде сөйлете алатын аяулы ақын. Асылзат есімін өлең өлкесінде білмейтін адам кемде-кем шығар. Қолөнер мен поэзияның арасында алшақтық жоқ, меніңше. Моншақтарды мың құбылтып, ою-өрнектің үйлесімін табу, жүрегі нәзік, сезімі іңкәр жанның ғана қолынан келер көркем іс. Сұлулықтың да сыры бар. Сыры –халқымыздың оюы мен өрнегінде, ұлттық әсем киімінде, қолөнер бұйымында. Темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлері біздің ел арасында көбейіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан ақ өнерді әспеттеп жүргені көңіл қуантады. «Қол өнері – кілемде, сөз өнері – өлеңде» деген қағиданы ұстанған Асылзатқа ептілікті сүйетін еңбегі ел ықыласына бөленгей дейміз.

Динара Мәлікова

3174 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы