• Әдебиет
  • 07 Сәуір, 2016

«Ғасырдың құрдас сырласы»

Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында аудан әкімі С.Зайнулддинің бастамасымен кітапханалардың қорын толықтыру мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла» шарасы бастау алды. Қазіргі таңда ауыл-аймақтардағы кітапханалар да белсенділік танытуда. Аталған шара аясында рухани-тағылымды шаралар мен кештер де өткізілуде. 

Мәселен, Алтыншоқы ауылында мектеп кітапханашысы Тамара Нуракованың ұйым­дастыруымен қайраткер тұлға Сұртай Ма­лаев ұрпақтарымен «Ғасырмен құрдас қариядан қалған сыр...» атты кездесу кеші болды. Оған Сұртай атаның Рысхан, Мейрамхан, Үміт­хан есімді балалары қатысты. Шараны мектеп директоры Б.Аққалақов кіріспе сөзімен ашты. Сұртай Абылқасымұлы 1903 жылы Үржар ауданы, Қарақол ауылының Шыңырау бөлімшесінде дүниеге келген. Өзі шабандоз, ақын, сонымен бірге жауырыны жерге тимеген палуан болған екен. 1930 жылдары сол кезеңдегі Кеңестік идеологияның озбыр саясаты ол кісіне де айналып өтпеген. «Халық жауы» деген орынсыз айып тағылып, тұтқындалған. Түрмеден қашып Қытайға қашып, бой тасалауға мәжбүр болған. Елге 1955 жылы оралған. Зейнеткерлік жасқа дейін Алтыншоқы ауылында құрылыс саласында жұмыс істеген. Қағаз бен қаламды серік еткен. 98 жасында дүние салған. Кейіннен белгілі болғандай, марқұмның соңында әдеби-зерттеу мұралары қалыпты. ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығында Шығыс Қазақстан өңірінде туып-өскен және басқа да аймақ ақындарының шығармаларын төте жазумен хатқа түсіріп, туындыларды қолжазба түрінде сақтаған. Жиені Шолпан Оңғарованың құрастыруымен «Ғасырдың құрдас сырласы» Сұртай Абылқасымұлының әдеби мұрасы» атты еңбегі жарық көрді. Кітапта ақынның бұрын баспа бетінде жарық көрмеген өлеңдері бар. Кейбір туындылар басылымдарда жарияланған нұсқасынан өзгеше, ал бірқатар жырларының мәтіні толық күйінде берілген. Атап айтсақ, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастаны, Әріп Тәңірбергеновтың, Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері және «Сақыпжамал», «Юсуфхан» атты қиссалар топтастырылған. 2000 таралыммен оқырманға жол тартқан кітаптың 5 данасы мектеп кітапханасына тарту етілді. Туынды қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес деп ойлаймын.

Кауария МАСАКОВА

Шығыс Қазақстан облысы Алтыншоқы ауылы

2538 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы