• Әдебиет
  • 07 Сәуір, 2016

Ардагер аманаты

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа Ашық хат

Құрметті Беке! Қолына қалам ұстағандар үшін хат та шығармашылық жанр. Сондықтан төмендегі жазғандарымды толық оқып шықпай, басқаша жорымаңыз. 

Әуелі өзім жайында бірер сөз айтайын. Сіз Ақтөбе облысына әкім болып келгенде ерекше қуанғандар­дың бірімін. Неге? Себебі, Сіз, басқа табыстарыңызды былай қойған­да, Шығыс Қазақстан облысының спортын едәуір биікке көтердіңіз: Лондон Олимпиадасының чемпионы Рыпакова Сіздің түлегіңіз; Шығыс Қазақстанның қысқы спорты Сіздің тұсыңызда мықтап өрледі; Облыс әкімі атындағы турнир Сіздің кезіңізде басталып, кейін халықаралық деңгейге көтерілді; Қазақстан хоккейінің туын тұңғыш көкке көтерген Өскеменнің «Торпедосы» ел көлемінде мақтаулы ұжымға айналды; «Қазақ барысы» атанған атақты палуандардың алғы легі Сіз­дің кезіңізде Шығыс Қазақстаннан да шыға бастады. Айта берсе, бұдан басқа да спорттық табыс көп. Міне, енді Сіз бен бізді қауыштырып отырған спорт екенін сезген боларсыз. Сіз Ақтөбеге келе сала, өзге күрделі шаруа көп болып жатса да, спортқа, оның ішінде футболға жанашырлық білдірдіңіз. Риза болып қалдық. Бір­неше жылдан бері шырмауықтай шырмалған «жемқорлар ұясын» тас-талқан еткеніңізді ерлікке балар едік. Кадр мәселесіндегі кір-қоқысты да біраз тазарттыңыз. Қолдаймыз. Қолға алған осындай халықтық, ұлттық ісіңіз алда да баянды бола бергей. Құрметті Беке! Байқаған шығарсыз, мен спорт насихатына бір табан жақын жүрген адаммын. 1950 жылы Ақтөбенің теміржол училищесінде оқып жүргенде тұңғыш рет бокс қолғабын қолға кигем. Содан бері өзімді спорт жайлауын­да жүргендей сезінемін. Шаршы алаңда жекелей табысым болмаса да осы саланы насихаттауда біраз істің шалғайын қайырғандаймын... Бүгінге дейінгі өмір жолымда Қарабұтақ орта мектебін үздік бітіргенімді; сонда оқып жүріп интернатта, пионер лагерінде физрук болғанымды; КазГУ-дің фил­фагінде маған дейінгі озат студент­тер Абай атындағы стипендияны 3-курстан бастап 2-3 жыл ғана алып келсе, мен оқуға түскен бойдан бітіргенге дейін, яғни қатарынан 5 жыл бойы алғанымды; бұл жағынан тек Ақтөбе облысы бойынша емес, рес­публика бойынша да бірегей студент болғанымды; спорт туралы тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеулік мәні бар материалдарымның (200-ге жуық) Қазақ Совет Энциклопедиясының (КСЭ-нің) барлық 12 томына үзбей енгенін (бұл жағынан да журналшылар арасында бірегей болғанымды); республиканың теле-радиосында спорт репортаждардын қиямет шақта қазақ тілінде тұңғыш рет жүргізгенімді; спорттың кейбір терминдері мен тілдік оралымдарын айналымға енгізіп, қалыптастыруға едәуір үлес қосқанымды; заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың футбол ойнағанын анықтап, осы жайтқа қатысты суретті Нағ­метуллин деген башқұрт шалынан алып, 1967 жылы атақты тіл ғалымы, «Қайрат» командасының коллекционері Ш.Сарыбаевпен бірге тұңғыш рет кітапқа жариялап, суретті М. Әуезов мұражайына тапсырғанымды (сол көрініс кейін әлемді шарлап кетті) және т.б. осындай табыстарым үшін С.Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты болғанымды; Қазақстан спортының құрметті қайраткері атанып, Қазақстан футболының 100 жыл­дық медалімен марапатталып; Е.Сағын­дықов кезінде Ақтөбе облысы әкімдігінің «темір тұлпар» мінгізгенін; екі әнімнің республикалық конкурста бәйгеге іліккенін соншалық мақтан етем. Осылардың бәрі соғыс жылдарында әкесіз-шешесіз қалған, аға-жеңге қолында, интернатта тәрбиеленген жетімекке өздігінен келген жоқ, әрине. Бұл – менің еңбегім, соның нақты көрінісі! Кезінде Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған, қазақшаға жүйрік А.Ливенцовпен де, футбол жанкүйері Х.Бектұрғановпен де, Ақтөбе облысының әкімі, бокстан КСРО спорт шебері Е.Сағындықовпен де спорт жақындастырып еді. Бұл – ұзақ әңгіме. Байқайсыз ба, бізді де спорт қауыштырып отыр. Иә, «спортты – достықтың елшісі» деп бекер айтпайды жұрт. Сонымен, «Бұл кісінің айтпағы не?» дейсіз ғой. Мен Әйтеке би ауданын көп ойлаймын. Оның барын барлап, жоғын жоқтап біраз дүние жаздым, он шақты ән шығардым. Мені мазалайтын бір нәрсе бар. Ол спортқа қатысты. Айтайын дегенім, аудан орталығында құрылысы бірте-бірте сатылап жүргізілетін (бірер жылда бітіруге қаржы жетпейтін шығар дегенім ғой), сәнді де сәулетті спорт кешенін салу керек сияқты. Әйтеке би – облыс орталығынан тым шалғай жатқан қазақи аудандардың бірі. Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы осы өңір­ден шықты. Ақылдасып отырғаным ғой. Сізде билік бар. Мен тек ұсыныс жасап, ой салушымын. Бұл жөнінде Сізге дейінгі басшы­ларға да пікір білдіргем. Олар қолға алған болып, сметасын жасатып (аудан мәслихатының хатшысы Ақансері Ермағанбетовтың айтуынша), құры­лыстың сызба-нұсқасын ыңғайлап, тіпті жер бөлдіруге әрекет еткен сияқты еді. Бірақ әртүрлі себеппен құрылыс әрі қарай жылжымады. Құрметті Беке! Халықтық, ұлттық маңызы бар осы шаруа Сіздің назарыңызда болсыншы! Ана мұнай-газдың буына шылқып жүрген компанияларды тартыңызшы! Бізден кейінгі ұрпақ «Бұл спорт кешенін Бердібек Сапарбаев салдырған!» деп айтып жүретіндей істі қолға алыңызшы! Бұл шаруаның түйінін ойластырар, әйтеуір, бір ретін табар деп үміттенем. Екінші. Бұл да спортқа қатысты. Мен күнделікті күйбеңмен шекте­летін өзге комментаторларға ұқсамай­мын. Алпыс жыл бойы жинаған­дарым көп. Жазғандарым өз алдына. Ал «Мынау тұңғыш спорт комментаторы тұ­тынған заттар» деп көрсететін сый-сияпаттық, кәделік дүниелер жетіп артылады. Спортқа қатысты 2000-дай кітап, 1000-ға жуық төсбелгі (значок), музыкалық аппарат, домбыра, шағын мәшеңке, формалық киім, т.б. қара есепке шаққанда 2-3 миллион теңгенің бұйымы. «Алмақтың да бермегі бар, Бермектің де салмағы бар» дегендей, 60 жыл бойы жинаған сол заттарымды Ақтөбе облысына ақысыз-пұлсыз сыйға тартам! Бұл жөнінде облыстық мәдениет, спорт бсқармасына тапсырма беруіңізді қалаймын. «Бар айтарым – осы» деп, жаз­ғандарыма нүкте қойсам, менің ауы­лым, «Ақкөлім» қатты ренжір еді. Қанша дегенмен, «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» ғой. Ол мекенде менің әкем колхоз құрған. Ол мекенде мені адам етіп қалыптастырған ата-бабаның, әжелерімнің мүрдесі жатыр. Солардың рухы үнемі сыбырлайды, ауылдың қазіргі тұрғындары мен арқылы Сіздей басшыға, құрметті Беке, өз талап-тілегін білдіргісі келеді. Оны айтпай кетсем, маған күнә, ауыр жүк. Ол – жолға қатысты шаруа. Қарабұтақ пен Ақкөл арасына Кеңес кезінде 30 шақырым грейдер жол төселген Екі жағы – орман-тоғай. Бірақ сол жол ойдым-шойдым. Соны көлік жүретіндей етіп қалыпқа келтірсе қайтер еді. Сонда Ақкөл мекені Ақтөбе-Атырау даңғыл жолына қосылып, мың адамдық тұрғынның көп жылғы арманы орындалар еді. Осы екі шаруаны – Әйтеке би ауданының орталығында кешенді спорт мектебін салу мен Ақкөл жолын қалыпқа келтіру мәселесін шалғайда жүрген ауыл ардагері, Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы жүктеген аманаты деп қабылдаңыз. Құрметті Беке! Жоғарыда жаз­ған екі ұсыныс-пікірге қатысты өз тұжы­рымыңызды қарауыңыздағы нөкер­леріңіздің бірі қалың қазақ сүйіп оқитын осы газетке жазбаша білдірсе деймін. Сізге зор денсаулық, қызметте табыс, ел ішінде бедел тілеуші ардагер журналист

Сұлтанғали Қаратайұлы, Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы, Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы

2633 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы