• Әдебиет
  • 21 Сәуір, 2016

Менің әдеби әлемім

Жандос НҰРЛЫБАЙ – 1994 жылы Ойыл ауданы, Тайсойған ауылында дүниеге келген.  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің  4-курс  студенті.

«Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» дейді Мұхтар Әуезов. Рас, кез келген ұлттың тілі, ділі, діні, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті болары анық. Ендеше, сол ұлттың азаматы – өз ұлтының осындай баға жетпес байлығын қастерлеп қорғауға, сүюге міндетті. Өз ұлтының сұлулығын түсінбей, өзге ұлттың сұлулығын түсінудің мүмкін емес екенін де Момышұлы әлдеқашан айтқан. Адамды рухани тұрғыдан байытатын – ол әдебиет. Әр адам әдебиетін сүю арқылы ғана мәдениетті тұлға болып қалыптасады. Бұған ешкімнің таласы да жоқ шығар. Мен де – өз ұлтымды сүйем, қадірлеймін. Әрине, бұлай болмауы мүмкін емес. Ес білгелі әдеби шығармаларды оқып, ой түйген баланың бірімін. Кешкілік әжемнің қойнына кіріп, бағзы қазақтың батырлары мен би-шешендері туралы аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарын тыңдап, ертегілерінен нәр алған бұл баланың да енді өз әдеби әлемі бар. Қара сөздің хас шебері, ұлы Абай атамыздың жыр шумақтарының мына бір тармақтарындағы: «...Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар» дегені, бәлкім осы шығар. Өзімше осылай ой түйдім. Сөз өнеріне деген құштарлық мені осы бір әлемге әкелді. Әрине, жілігін шағып, майын ішпесем де, сөз таластырып қалатыным бар. Бірақ соншалықты артық кетуге де болмас. Бұқар: «Ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, Шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» дейді. Ендеше, осынау сөз өнерін қаншалықты игердім?.. Бұл – мен үшін жауабы қиын сұрақ. Бір нәрсе анық – мен сол үшін тер төгемін. Қашанда оқу инемен құдық қазғандай емес пе?! Әркімнің өз әдеби әлемі болады, болу керек те. Онсыз адамның рухани күш-қуаты әлсіз болады деп ойлаймын. Сыртқы ортаның сыйықсыз іс-әрекетіне тез бейімделіп, өзін билей алмай қалады. Ал әдеби әлеммен байланыс орнатқан жан кез келген жағдайдан сабырмен жол тауып шыға алады. Иә, солай. Өз басым айналамда адам қарасы қалмағанда әдеби шығарма кейіпкерімен тілдескендеймін. Шырмаған шым-шытырық ойдан арылып, шерім тарқап, жаңа леп сезіп, бейнебір мөлдір таза ауамен тыныстағандай боламын. Кенеттен бойымды құштарлық сезімі билеп, қайта оқуға құмартамын. Мүмкін мен қияли адам шығармын, мүмкін басқа, әйтеуір сөзбен айтып жеткізе алмас сезімді бастан кешемін. Мүмкін бұндай нәрсе тек менің әлемімде ғана болатын шығар, дегенмен, бұл – маған ұнайды. Сол үшін де әдебиетті сүйем, сол үшін де әдебиетті таңдадым, осынысы үшін де маған әдебиет қымбат. Әдебиет – сан қырлы, тұңғиығы терең, соқпағы ауыр, сүрлеуі шыймай әлем. Осы әлемнің тұңғиығына терең бойлап, сырын ұғып, бір шетіне өзімнің қолтаңбамды қалдыру, менің – арманым. «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, Тауып айтқан сөзге шын жетпейді. Өзің білмесең, білгендерден үйрен, Үйренгеннен ештеңең кетпейді». Бұл – Төле бабамыздың сөзі. Иә, өзіңе тиесілі сөзді өзің айтып, өзіңнің табағыңдағы асқа өзің қол салып, өз несібеңді өзің тапқанға не жетсін... Ол үшін көп нәрсе де керек емес. Тек оқуға, білімге деген талаптану, яки Абайша айтқанда жан құмарлығы керек. Кейде, өзімді ертегі кейіпкеріндей сезініп, мүмкін ертегі соңында көздеген арман-мұратыма жетермін деп те ойлаймын. Күндердің күнінде бақыт аралына бір барарымды сеземін. Соған талпынамын. Өйткені адамның жаманы – талапсыз. Міне, менің әдеби әлемім осындай!

11427 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы