• Әдебиет
  • 21 Сәуір, 2016

Сенімге селкеу түсірмей...

Биыл – Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдық мерекесі. Бұл кезеңді ғасырға бергісіз, әр айы жылға татитын, жарқын да шешуші кезеңдер деп бағаласақ артық болмас. Осы уақыт аралығында ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елге аянбай қызмет ететін, алғыр да жүректі жастардың тұтас бір толқыны өсіп жетілді. Сол қатардан мен Есенжол Қаниұлы Алияровты ерекше айтар едім. Ел аузында «Жақсы кісі» деген сөз тіркесі бар. Жақсылар туралы сөз бола қалса, олар туралы әңгіменің соншалықты бір ыстық ықыласпен, риясыз қөңілмен, ризашылықпен айтылатыны бар. Өйткені бұл сөзде адам бойына жылылық сыйлайтын, санаңа сәуле түсіретін ұлықты ұғым да бар. 

Есенжол Алияровты сондай азаматтардың қатарына жатқызар едім. Бұл орайда саналы ғұмырын жастарды тәрбиелеуге, ақпарат саясатына, дін мен ұлт мәселелеріне, зиялылар тарихын зерттеуге, тұлғатану саласына арнап келе жатқан азамат. Бүгінде алпыстың асқарынан көрінген ғалымның жүріп өткен жолы ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге толы. Өз басым, Есенжолды кемінде ширек ғасырдай уақыттан бері біледі екенмін. Қызмет бабында жүріп Алматы қаласындағы партия, кеңес, комсомол қызметкерлері арасынан жиі көретін едім. Олардың өмірінен, ұғым-түсінігінен, тыныс-тіршілігінен байқағаным, бұл қатарда жүргендер әртүрлі болады екен. Көбінде ресмилік сипат басым. Көпшілігі қазақша сөйлемейді. Қазақша сұрасаң орысша жауап береді дегендей... Міне, осындай қызметкерлердің арасынан болмыс-бітімі өзгеше азаматтар да кездесіп қалатын. Олардың мұндай ерекшеліктері, әсіресе, алқалы мәжілістерде айқын аңғарылатын. Ортаға шықса мүлдем өзгеріп, арқаланып, жайнап кететіндері де бар. Есенжол Алияровты мен алғаш рет жастардың қалалық жиындарының бірінде көрдім. Ол жиырманың ортасынан жаңа ғана асқан жігіт екен. Киіктің асығындай шымыр.Сөзі – мірдің оғындай. Есенжол 1956 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақоған ауылында дүниеге келген. Кез келген адамның мінезі, ең алдымен, ата-бабасынан дарыған қасиетке, бойына ана сүтімен сіңген тәрбиеге байланысты болатыны белгілі. Есенжол Алияровтың белгілі жастар қайраткері және көшбасшысы болып қалыптасып, өмір бойы адал да таза қызмет істеуіне отбасынан алған тәрбиесінің үлкен ықпал еткені даусыз. Қазақтың танымында «тектілік» деген әдемі сөз бар. Тектілік – адалдықты, адамгершілікті ту етіп, ақылы мен еңбегіне ғана сенген, ұлттық танымын отбасылық ұстаным еткен әулеттерге қатысты айтылатын сөз. Алияр әулеті де осындай адал еңбек пен адамгершілікті ту еткен отбасы. Атасы Алияр – еңбек ардагері әрі үлкен азамат. Ол өмірдің мәнін ақ адал еңбектен іздеп, еңбекті жанына серік еткен адам еді. Әкесі Қани Алиярұлы білікті басшы, іскер ұйымдастырушы әрі зиялы тұлға болған. Ел құрметіне бөленген азамат. Анасы Раба өмірдегі басты мұрат бала өсіріп, солардың қызығын көру деп санаған қазақтың қарапайым, парасатты, ақылды, еңбекқор аналарының бірі. Сол ниетіне сай жасы жетпіске жетіп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, өмірден өтті. Болашақ мамандығын таңдауда адамға ортасы, ата-анасы, мектебі, тіпті белгілі бір адамдардың ықпал жасайтыны анық. Табиғатыңа жақын, тәрбиеңе бейім мамандық таңдау және сол мамандықты ғылыммен ұштастыру, оқыған мамандығыңның шыңына шығу деген көп адамның қолынан келе бермес қасиет. Есенжол алдыңғы толқын ағасы Бірлесбектің ізімен жүріп, сол ағасын өзіне үлгі етті. Ол бұл жолда жаңылысқан жоқ. Ағасы іспетті Есенжол да аудандағы кітапханаларды қоймай, барлығын оқып шықты десе де болады. Ол жылдары техникалық мамандықтарға сұраныс та, құрмет те жоғары еді. Бірлесбек ағасы энергетик мамандығын таңдады, бұл жолда жаңылыспады. Бүгінде ол ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, елімізге, шетелдерге белгілі энергетик-ғалым. Есенжол орта мектепті бітірген соң, Қазақ ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын игерді. Тәуелсіздіктен соң, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін заң мамандығы бойынша өндірістен қол үзбей бітірді. Азаматтың қоғамдағы алар орнын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі – қоғамнан алғанынан бергені дейтін болсақ, Есенжол еліміздің рухани қабырғасының сөгілмей, қатая түсуі жолында тер төгіп еңбек етті. Институтын бітірген соң, жолдамамен Алматы облысы, «Талғар» совхозында инженер-механик, «Октябрь» совхозы комсомол комитетінің хатшысы болып бастады. Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Еңбекшіқазақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, осы аудан партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Сол тұстағы принцип бойынша біреулерді желпілдетіп көтермелетіп, енді біреулерді жазылмаған ережеге сай жылдар бойы «шідерлеп ұстау» орын алып жатқанда партия оны жастар ұйымына сатылап жоғарылатып отырды. Бұдан соң, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Жастар одағының орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Жастар тәрбиесімен айналысты. Іскерлігімен көзге түсті. Әртүрлі мінбелерден жалынды сөзін естіп, заман талабын сезіне білген, ойы ұшқыр, құлашын кеңінен сермей алатын жас екен деп сыртынан сүйсініп жүрдік. Мұндай лауазымды қызметте қалың елдің аманатын арқалаумен қоса, өзі жас­тайынан тізгінін ұстап, соның қара қазанында қайнап, жастар мүддесінің қорғаушысы болды. Өз орнына лайық адамға әрқашан сұраныс бар. Ол қыз­метті керек қылғаннан емес, қызмет оны керек еткенін байқауға болады. Есенжол Қаниұлы бүгінде жас­тар жетекшісі болып табылады. Бар жақсыны бойға жинау ұлы өнер демекші, ол оны сүйіспеншілікпен атқарып жүр. 1995 жылдан бері кезінде өз бастамасымен құрған «Казинтермол» ЖШС-ның бас директоры. Бірегей адамдар алға тек ұлы мақсаттар қояды. Ол мақсатқа апарар жол да тым ұзақ. Біздің кейіпкеріміз мұндай межеге үнемі даму жолында келеді. Есенжол 2007 жылы – Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығын, 2011 жылы – Саяси зерттеулер ассоциациясын құрып, екеуіне де басшылық жасап келеді. 2007 жылдан саяси ғылым докторы, профессор. Ғалымның еңбек жолына қарап отырсақ, қандай қиын-қыстау кезең болса да оның жастар мәселесіне, ғылымға, саясаттану, әлеуметтану саласына адал болғанын көреміз. Тәуелсіздік алып, ел нарық заманына көшіп жатқан кезде, ең тұралаған салалар – білім мен ғылым және жастар тәрбиесі болғаны белгілі. Десе де, ісіне берілген Есенжол сынды азамттар саланы тастап кеткен жоқ. Қайта болашақ кадрларды дайындауға барын салды. Осы жылдары «Информационная политика Республики Казахстан в условиях глобализации», «Анатомия казахстанской молодежи», «Совершенствование правовой системы Республики Казахстан и вклад академика Сартаева С.С. в становление правового государства» монографияларын, «СМИ и политика» оқу құралын, «Первые руководители комсомола Казахстана» және басқа да ғылыми еңбектерді жазуға атсалысты. Өз қаламынан туған 100-ге тарта ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулердің әрқайсысы көтерген жүгі бір төбе. Салмақты ой-түйіндерге толы ғылыми еңбектері ағылшын, ұйғыр, түрік және басқа да тілдерге аударылып жарық көрді. Есенжол жоғары білікті ғылыми-педагог мамандарды аттестаттау мен даярлауға да зор үлес қосып келеді. Гуманитарлық мамандарға ғылыми дәреже беру мен бағалауға арналған бірнеше ғылыми кеңестердің және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде ғылыми тұрғыда еңбек етіп келеді. Халықаралық жиындар мен кездесулер ұйымдастыруда да оның тәжірибесі мол. Халықаралық саясаттанушылардың жазғы мектебін өткізу шарасының, 1 Еуразиялық саясаттанушылар конгресін өткізу шарасының жетекшісі ретінде де биіктерден көрінді.

Қазақстанда әлеуметтану ғылы­мының қа­лыптасуында оның еңбегі зор. Елі­міздің әлеуметтанудағы аймақтық болжау, әлеуметтік болжау мен жобалау саласында өзіндік орны бар Есенжол Қаниұлы ­саяси әлеуметтанудың өзекті мәселелерін, соның ішінде заманауи жағдайдағы ­саяси әлеуметтану, бәсекелестікке қабілетті және инновациялы тұлғаның қалыптасуы, Казақстан Республикасының тұрақ­ты дамуға өтуінің әлеуметтану қыр­ларын зерттеуші ғалым ретінде танымал. Ғалымның осы жолдағы бағыты әлеуметтану білімі мен тәрбие мәселелері, әлеуметтанудың ғылым және оқу пәні ретінде институционализациялануы, қазақстандық әлеуметтанудың тенденциясы мен әлеуеті салаларына арналған. Сонымен қатар Есенжол Қаниұлы ­саяси әлеуметтанудың өзекті мәселелерін, тұлғаның әлеумет­те­нуінің негізгі бағыттары мен факторларын, саяси мәдениетін, бәсекеге қабілетті және инновациялық тұлғаны қалыптастыруды, Қазақстан Республикасының тұрақты дамуға көшу жағдайларын жан-жақты зерттеп келеді. Оның басты артықшылығы еңбексүйгіштік, іздене білуі, іскерлігі, пайым-парасатының жоғарылығы. Бір сөзбен айтқанда, Есенжол Алияров — талантын қоғам мен мемлекет пайдасына бағыттаған, өз жолын дұрыс таңдаған ғалымдардың бірі. Тәуелсіздік жылдарында, жастарға білім-тәрбие беруде қомақты табыстарға қол жеткізгеніміз баршаға аян. Десек те, бұрын жүргізілген реформалар, негізінен, білім беру саласын қамтып, заман талаптарына сай маман тұлғасын қалыптастыру мәселесіне тиісті көңіл бөлінбеген сияқты. Біз жастарды патриоттық, этносаралық ынтымақ, эстетикалық және этикалық тәрбиелеуде айрықша орны бар, кемеңгер қазақ халқының философиялық мәні терең салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұмыта бастадық. Халқымыздың аса бір қасиетті «Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қошемет» дейтін қағидасының да жадымыздан өше бастауы өте өкінішті. Бүгінгі таңда қазақстандық патриотизм еліміз өркендеуінің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Қазіргі жаһандану заманында тек жоғары білікті маман болып қалу тым жеткіліксіз. Білікті маман тәрбиелі де парасатты, өз еліне шын берілген жалынды патриот та болуы тиіс. Осыған орай жас­тарды патриоттыққа тәрбиелеуде Есенжол Алияров еңбегінің зор екенін айтқанымыз жөн. Қылышынан қан тамған қызыл империя құлап, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана тіліміз, діліміз және дініміз қайта жаңғырып, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Сондықтан да, бүгінгі мұрат – «Мәңгілік Ел» ұлттық идея болуы тиіс. Әлемнің аса дамыған 30 елінің құрамына кіру жоспары да жаңа қазақстандық патриотизмнің өзегі. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының арқауы ретінде отандастарымызды патриоттық, қонақжайлылық және меймандостық рухында тәрбиелеуде халқымыздың теңдесі жоқ салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары таңдалса, нұр үстіне нұр болар еді. Туымызды биік ұстап, елімізді әлемге таныту жастардың басты мақсаты, – дейді Есенжол Алияров. Профессордың әлі тың идеялары мен жос­парлары көп. Тәуелсіз Отанының арайлап атқан әр таңына қуанады. Қазақ елінің жұлдызы жарқырай берсе екен деп тілейді. Еліне, туған халқына қалтқысыз қызмет етуді өмір мұратына айналдырған азаматты алға жетелейтін де осы сенім екені даусыз. Ғалымның еткен еңбегі еленбей қалған жоқ. ВЛКСМ ОК «Комсомолдағы белсенді жұмысы үшін» белгісімен, «Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы» деген атақпен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Рес­публикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Қоғамдық мойындау» жалпыхалықтық премия­сымен, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойлық медалімен», т.б. грамоталармен марапатталған. Меніңше, профессор Есенжол Алияров әлеуметке де, қоғамға да, мемлекетке де шын ықыласымен қызмет етіп, ел дамуына кірпіш қалаған нағыз зиялы адам, азамат. Алпыстың асқарына көтеріліп, ұйым­дастырушылық қабілеті кемеліне келген Есенжол Алияров үшін бүгін жұмыстың көбейіп, міндеттің молаюы — игілік пен жақсылықтың нышаны болып тұр. Десе де, ғалымның бергенінен берері мол деп сенеміз. Өйткені «алпыс – тал түс» дейтін қазақ үшін бұл парасат биігіне көтеріліп, кемелденген шақ. Осы жаста айтар ой мен білдірер пікірдің де құны арта түседі.

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, философия ғылымының докторы, профессор

17069 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы