• Мәдениет
  • 28 Сәуір, 2016

Балуан Шолақ әндері шырқалды

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалармен жасөспірімдер театрында белгілі әнші-композитор Балуан-Шолақ Баймырзаұлының жеке шығармашылығынан дәстүрлі ән кешін өткізді. Аталған ән кеші түрлі ұлттық аспаптардан тұратын «Арнау» фольклорлық ансамбльмен ашылды. 

«Адырна» ұлттық-этнография­лық бірлестігі» қоғамдық қоры 2010 жылдан бері дәстүрлі ән-күй кеш­терін ұйымдастырып келеді. Атап айтсақ, Біржан сал (2010), Ақан сері (2010), Мұхит (2011), Үкілі Ыбырай (2012), Жаяу Мұса (2013), Сәкен Сейфуллин (2014) әндерінен жеке-жеке концерттер, Тәуелсіздік жолында құрбан болған композиторлар шығармашылығы бойынша «Азат рухтың алдаспандары» (2012) концерті, жылқы туралы әндер мен күйлерге негізделген «Дүлдүл ән мен пырақ күй» (2014) атты концертін ұйымдастыр­ған еді. Атаулы шаралар «Ұлы дала дауыл­паз­дары» жобасының аясында өткен болатын. Осы жолғы концерттің бастыерекшелігі–БалуанШолақ бабамыздың мүлде беймәлім әндері тұңғыш рет үлкен сахнада орындалды. Бұған дейін өнерпаздар қауымына Балуан Шолақтың 7-8 әні ғана белгілі болып келсе, осы жолғы концертте ұлы композитордың 20-дан астам әндері сахнаға жол тартты. Бүгінге дейін Балуан Шолақтың «Ғалия», «Сентябрь», «Карон балуан», «Жастық», «Дүние», «Дікілдек» тәрізді танымал әндерін Рамазан Стамғазив, Ерлан Төлеутай, Еркін Шүкіманов, Жасұлан Сақаев, Азат Дулатұлы, Тілеубай Әнәпия, т.б. әншілер орындады. Балуан Шолақтың беймәлім әндері «Дауысашар», «Шолақ баяу», «Көп балапан-Көкшетау», «Ғалияның» IV-інші түрі, «Желіп-желіп...», «Құлан кісінес», «Сұрша қыз» II-ші түрі, «Шолақтың желдірмесі», «Кенжеқоңыр», «Майдақоңыр», «Мені қой-ау», «Балуан Шолақтың Жетісумен қоштасуы», «Балуан Шолақтың елімен қоштасуы», «Сарын» және тағы басқа әндері тұңғыш рет үлкен сахнаға шықты. Жезқазғаннан арнайы келген ғажайып өнерпаз Ғалым Мұхамедин, Қарағанды облысының Шет ауданынан ат арылтып жеткен талантты жас әнші Ардақ Мұқышев, Астана қаласынан келген белгілі өнер майталманы Ерлан Құжиманов, Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданынан келген өнер саңлағы Қайрат Қабышев, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданынан жеткен Еламан Құжиманов, алматылық Еркін Нұрханов, Талғат Әбуғазы, Саян Бөдесовтер Балуан Шолақтың беймәлім әндерін орындап, халықтың көзайымына айнала білді. Балуан Шолақтың ел біле бермейтін әндері Жоламан Құжимановтың нотадан қалпына келтіріп, жастарға үйретуі негізінде қайта түлеп, өнер өлкесіне жол тартып, жыл құсындай жаңалық болып қосылғандығын айта кету керек. Дегенмен, Ғалым Мұхамедин («Балуан Шолақтың қоштасуы»), Тілеулес Құрманғалиев («Құлан кісінес»), Ерлан Құжиманов («Мені қой-ау») орындауындағы әндер әншілердің өздері ел ішінен тапқан алтынға пара-пар олжалары екендігін айта кеткен жөн. Шығыс өңірінен келген Қайрат Қабышевтың өнерін көрермен қауым үлкен қошеметпен қарсы алды. Тіпті ол өнерді сын көзбен саралай білетін сахна шеберлерінің де ықылас-ілтипатына бөленді. Халықтың сұрауы бойынша бұлбұл әнші Қайрат Қабышев тағы бір ән орындады. Кешті ғажайып әнші, терең білім иесі, өнертанушы Ерлан Төлеутай жүргізіп, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы туралы көрермен қауымды қызықты мағлұматтарға қанықтырды. Айта кету керек, «Адырна» қоры болашақта Балуан Шолақ әндерінен Астана, Көкшетау, Тараз қалаларында ән кешін өткізуді жоспарлар отыр.

Арман ӘУБӘКІР, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының жетекшісі

4597 рет

көрсетілді

85

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы