• Тарих
  • 05 Мамыр, 2016

Ізгілікке баули білсек

«Бала – бауыр етің», «Бала – біздің болашағымыз» деп ұрандатып жатамыз. Әйтсе де, бала тәрбиелеуде осал тұстарымыз да аз емес. Абай айтқандай, адамның «тән құмарына» көп бой алдырып, «жан құмарына» атүсті қарайтынымызды несіне жасырамыз. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» демекші, адам баласының болашақта қандай тұлға болып қалыптасатыны, оның мінез-құлқы мен өмірге бейімділігі 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне байланысты болады екен.

Бұл тұрғыда дүниежүзі және отан­дық ғалымдардың зерттеуі баланы 5-6 жасқа дейін тәрбиелеуді ұсынады. Мәселен, ата-анасы күні бойы жұ­мыстан босамайтын, үйдегі теледидардан көретін құбыжық кейіпкерлерге толы мультфильмдерге қарап өсіп келе жатқан бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңі туралы оптимистік тұрғыда ойлаудың өзі алаң тудырады. Ата-әже институты өткен заманның еншісінде қалып бара жатқан тұста Елбасының «Балапан» бағдарламасын енгізгені игілікті қадам болды. Әсіресе, сәбиіне жеке күтуші жалдауды қалтасы көтермейтін, мемлекеттік балабақшалардағы ұзын-сонар кезекке жетуді арман қылған ата-аналар үшін бұл ақжолтай жаңалық еді. «Балапанның» арқасында бастау алған жекеменшік балабақшалар саны Жамбыл ауданында 18-ге жетті. Десек те, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлағатты орынның санынан бұрын сапасы маңыздырақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100 пайыз қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын» деген болатын. Мемлекет басшысы баса мән берген мәселелердің бірі – балалардың мектеп алды даярлығының тиісті деңгейде жүргізілуі еді. Бүгінде «Балапан» бағдарламасы ая­сында Жамбыл ауданында бүлдір­шін­дердің 3220-сы балабақшамен қамтамасыз етілген. Нақтырақ айтсақ, жалпы ауданда 32 балабақша бар. Оның 13-і мемлекеттік және жоғарыда көрсетілгендей 18-і жекеменшік балабақшалар, бір мектеп балабақша кешені, 35 мектептің жанындағы шағын орталық жұмыс істейді. «Балапан» бағдарламасы бойынша 31 балабақша қамтылған, 61 елді мекеннің 62,3%-ы, яғни 38 елді мекенде мектепке дейінгі оқыту ұйымдары бар. Аудандағы мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу деңгейі 75,5 пайыз­ды құрайды. 2015 жылға «Балапан» бағдарлама­сына республикалық бюджеттен бөлінген каражат көлемі 577534,0 мың теңге, есептік кезеңге төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары 276 598,0 мың теңгені құрайды, орындалғаны 276 375,1 мың теңге, яғни 99,92 пайыз. Осы көрсеткіштен-ақ Жамбыл ауданында «Балапан» бағдарламасының орындалу барысы оң шешім тапқанын аңғаруға болады. Әйтсе де, деректерге сүйенсек, 2014 жылы аудан бойынша 11 балабақша ашылса, оның 10-ы жекеменшік балабақша екен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3-ке жетті. Тек бала тәрбиесі атүсті қалып, ақша табудың оңай олжасына айналмаса болғаны. Мәселен, қазіргі таңда жекеменшік балабақшаларға бұрынғыдай лицензия алып жұмысты бастау міндетті емес. Яғни ешқандай лицензиясыз жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, жұмыс істей беруге мүмкіндік бар. Бұл – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің санын көбейту мақсатында жасалған жеңілдіктің бірі. Енді жекеменшіктегі балабақшаларға аттестациядан өту, мемлекеттік аккредитация алу, жоғары санатты педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілу де міндетті емес. Елбасының «2020 жылдарға қарай елде балабақшамен қамтылмаған бірде-бір бала болмауы тиіс» деген сөзінен кейін жолға қойылған бұл мәселелердің пайдалы тұстары да бар. Бірақ әңгіменің төркіні ұрпақ тәрбиесіне келіп тірелетін тұста осынша жеңілдіктің ауыр салдары болуы ықтимал. Өйткені бұл жерде елдің ертеңі тәрбиеленеді. Жекеменшік балабақшаларды лицензиялаудың жойылуы кәсіпкерлікке кең өріс береді дегенімізбен, ұрпақ тәрбиесіне кім болса соның араласып кету қаупін де туғызады. Сондықтан да лицензия­лау ісіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл – мемлекеттік деңгейде қайта талқылануы тиіс мәселе. «Мек­тепке дейінгі мекемелерді лицензиялау тоқтатылғанымен, олар меншік түріне және ведомстволық бағынуына қарамастан, бес жылда бір рет аттестациядан өтіп тұрады. Ал қайтадан ашылған балабақшаларды аттестациядан өткізу үш жылдан кейін жүргізіледі. Мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелерде мемлекеттік білім стандартының орындалуы білім бөлімі тарапынан үнемі қадағаланады. Бүгінде 6 балабақша («Күншуақ», «Ұлан», «Ақ­қайың», «Қарлығаш», «Жазира», «Бал­бөбек») жұмысы аттес­тациядан өтті. Соңғы уақытта 2 балабақша («Балауса», «Ақбота») облыстық білім саласындағы бақылау департаменті тарапынан аттестатталады» деп түсінік берді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Бибігүл Бейсенаева. Жекеменшіктегі балабақшалар желісінің қатарын көбейткісі келе­тіндерге «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» мем­лекеттік бағдарламаларының аясында жеңілдіктер қарастырылған.

Алина БАҚТЫБАЕВА

Алматы облысы

17018 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы