• Тарих
  • 05 Мамыр, 2016

Тауқыметті тағдыр

Кеңес өкіметі орнаған кезде қа­зақ қазақ болғалы баяғы заманнан бері өз еңбегімен шаруа өсірген байлардың, сондай-ақ қожа-молдалар тәрізді ел жақсыларының түп-тамырына балта шауып, көзін жою мақсатында елдің өз ішінен іріткі салып, тап күресін жүргізу арқылы іс жүргізгені мәлім. Ол үшін қай-қайдағы «дардан қашқан қу, құлағын кестірген шұнақ» дейтін; өз туысы өз ауылы жоқ, атасыз, тексіз жалқы кезбелерді тауып, сондайлардың қолтығына су бүріккен. Оларға «Кеңес үкіметі байларға құл болып келген сендердей жалаңаяқ, жалшы, малайдың үкіметі» деп, ойсыз тобырды апиындай арбаған. Өзі кісі сыйлап білмеген, әрі кісіден сый көрмеген, яғни көргені жоқ – көргенсіздерді иттей құтыртқан. «Өле жаман болмасаң, өле жарлы болмайсың» демекші, үрерге иті, байлауға малы жоқ қу қазық немелер кімнің қадірін білуші еді. Оның үстіне бұларға байлардың кәмпескеленген мал-мүлкін тегін аударып берсе, сонымен бір күн маңдайы терлеп, жаны ауырмаған малсызға мал бітіп, арсызға қоң бітіріп отырса, өкіметті олар неге жақтамасын. Шаруа өсіру, баю оңай ма еді. Еркегінің етегі – елпі, жеңі – желпі боп жүріп, әйелінің қолы көсеу, етегі сыпыртқы болып дегендей, уақытпен есептеспей малға қараған, төлдеген кезде күндіз де, түн де демеген. Мәстекке үкі тағып, жабыға кежім жауып, алабұтаға ат бекітетін (алабұта борпылдақ сынғыш келеді), әумесерлерге ел ағаларын, ұлт жақсыларын желкелетіп қойған. Сонымен «тоғышардың ту қойы қысыр қалады», «тоғышардың нәсілсіз сиырынан өлі бұзау туады», «тоғышардың итіңкі биесінен китіңкі құлын туады» дегеннің кері келеді. Сөйтіп, істің көзін білмейтін, яғни өгіз мінсе ат іздемейтін, өкпе жесе ет іздемейтін; жүген салса ауыздығын салмайтын, ауыздығын салса су қарығанда алмайтын; жайлауды ығытына қарай жайлай білмейтін, малды бағытына қарай айдай білмейтін тоғышар кещелер іріктеліп шығып, елге «бастаушы» болған. Ондайлар қазақтың «қатардан ассаң да – халықтан аспайсың» деген қасиетті ұғымын білген бе еді?! Мақалада айтарымыз, «Жасай» Шығыс-Тибет медицина орталығының асханасында жұмыс атқаратын Сәуле Әзімбаева дейтін әйелмен сол емханада жатқанымда «Сіз қалам ұстаған кісі екенсіз, анаңның басқан жерінде бейіш бар» дегендей, қайтыс болған анамның табыстап кеткен мойныма қарыз бір әңгімесі бар еді. Сол шешем марқұмның өлеріндегі өсиеті Кеңес үкіметі орнағанда шешем өз әкесінің басынан өткен ауыр азаптарын жазып қалдырып кеткен екен. Егер кәдеге жараса, сіз соны оқып көріп, басылымдардың біріне жариялатып беруге қалай қарайсыз?» деп өтініш білдірді. Көптен ойында жүрген зар-тілектей шаруасы екені түр-түсінен байқалып тұрды. Мен өзім де кезінде өкіметтен соққы көрген бай ауылдың баласы болғандықтан, Сәуле Әзімбаеваның айтқаны өз мүддеммен сәйкес келді. Әкем Ахмади де зұлмат саясаттың жазықсыз құрбаны болған. Өзім де ішім ұзақ жылдар бойы наза-кектен тұтанып жүретін. Жоғарыда аталған тоғышар белсенділер айна-қатесіз Қытайда да дәл солай егіліп шығып, бір дәурен өмір сүрген. Сонымен Сәуленің шешесі Мұздалифа Оспанқызының өсиеттеп жазып кеткен қолжазбасын қаз-қалпында берейін. Оқырман жұртшылықтан алдын ала кешірім өтіне кететін жайт – қолжазба авторлары арнайы ақын кісілер болмағандықтан өлеңдерде көркемдік болмағанымен онда ауыр тағдыр бар. Туған бала-шағасын бір көруге зар болып, қасіретпен өткен адамның көз жасы бар. Ащы шындық бар. Соны ескеріп, кешіріммен қарауларыңыз сұралады. Әрі бұл бір ғана Мұздалифаның әкесінің тағдыры емес, сол тұстағы қазақ ұлтының ел ағаларының басына түскен тауқыметі деп білеміз.

Жанат АХМАДИ, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы

Оспан Мырақыпұлы Шыңғыс тауында Абай ауылымен көршілес тұрған. Әкесі Мы­ра­қып өте бай кісі болған. Совет үкіметі ор­нағанда Оспан әкем әкесі Мырақыпты көндіріп, малдарын үкіметке өз еркімен өткіздіртеді. Өздерін Шығыс өңіріндегі Жарма ауданы, Бірлікшіл селсоветі, «Еңбек ту» ауылына жер аударып жібереді. Сол колхозға Оспан Мырақыпұлын бастық етіп сайлайды. Халық аш болған­дықтан, ортаға салынған малды «сахар» деген у қайнатып, малдың ауыздарына құйып, содан ауырған малдарды талап сойып жейді. Сөйтіп, колхоздың басшысы Оспан Мырақыпұлы малдың басын азайтып жатыр деп, өкіметке арыз жазады. Ол кісі қамауға алынады. Арыз тексеріліп, әкем Оспан ақталып түрмеден шығатын болып жатыр дегенді естіп, тағы арыз жазады. «Атасы қажыға барған, үйінде Меккеден әкелінген Құран бар» деп. Мырақыптың әкесі Сарғыз қажы Меккеден құран кітаптар, Байтолланың жабуын және жайнамаз әкелген. Содан жаңа босап келген әкемді таң атар-атпас­тан келіп тағы алып кетеді. Ол кезде мен Мұздалифа Оспанқызы 5 жаста едім. Содан әкемді көрмедім. «Халық жауы» деп Қиыр Шығысқа 10 жылға жер аударылады. Сол жақта ол кісі ауыр еңбек езгісінен ауырып, қайтыс болады. Қайтыс болғаны туралы қасында бірге түрмеде жатқан ұлты татар кісіден хат келеді.. Әкем Оспан арабша, орысша хат таныған өте білімді, өзі момын, мейірімді адам болған. Ол кісі Кеңес үкіметі орнайтынын білген екен. Өзінің ақындығы да болған. Малшылары өзінің жоқ-жітік ағайын-туыстары болыпты. Сол малшыларына біз қандай мал сойып жесек, сендер де сондай мал сойып жеңдер дейді екен. Керісінше, әкесі Мырақып өте қатал кісі болыпты. Әкеміздің жасаған жақсылығы малшыларына, кейін өзі айдалып кеткенде, біздерге көмек болды. Оспан, Мырақып, Сарғыз, Тоқаш, Қойсары, Байсары, Қойгелді – 7 атасы. Әкеден 5 ағайынды қалдық. Ғайни­камал, Ғаббас, Назигүл, Мұздалифа, Габдырашид. Ғаббас Оспанұлы Ұлы Отан соғысы­на қатысып, ауыр жараланып, денесінде қалған бомба жарықшағы алынбады. Ол кісіде әкесінен дарыған ақындығы бар еді. Бір-екі қадам жүрсем, Дем алам екі-үш ұялмай. Бұл дүниені неғылам, О дүниеге қиялмай. Батып қатты жаныма, Қорқамын осы аурудан. Жылаумен артта қала ма? Шешем мен жас бауырлар, – деп жазған. Осы ауруынан айықпай бұл кісі 25 жасында қайтыс болады. Сол кездегі ауыртпашылықтың салдарынан Назигүл деген апайым өзінен үлкен кісіге тұрмысқа шығып, ол кісі де жастай ауырып дүние салады. Содан кейін шешем Ибажан Шәріпқызы 2 қыз, 1 ұлын алып, қазіргі Бішкек, бұрынғы Фрунзе қаласына көшіп кетеді. Жастайымнан әкенің жоқтығын қатты сезіндім. Бала болып ойнап күлмедік, бір қызыл көйлек кимей өстік. Байдың тұқымы, бәле­лерің жұғады деп шеттетіп, көшеге шығармайтын. Анам да қарулы кісі еді. Тамақ тауып, мал ұстап асырады. «Ер-азаматтан да жақсы табыс табамын, төріңде малдасын құрып, бісмілләсін айтып отырған еркегің болмағаннан кейін, берекең болмайды екен» дейтін шешем иманды болғыр. Ибажан Шәріпқызы 1971 жылы ақпан айының 6-сында 71 жасында қайтыс болды. Кеңсай зиратында жерленген. Ол кісі «арманым еліме барып, ата-бабаның топырағын көріп қайту, сосын әкемнің рухын ақтау еді» дейтін. Әкем Оспан Мырақыпұлының өлең­мен жазған хаттары. Мүзікен хатыңды алдым бұрыштама, Жазыпсың аз ғана сөз дұрыс қана. Қызығым жалғандағы, жан жақыным, Түсіп пен Қабидалар туыс қана. Мүзікен жұлыным, Назыкен құлыным, Қайтейін сәулем-ай, жұлындай жұлындым. Кәйнә, Ғаббас қалқам-ай, қайғыларың тартам-ай, Ибекеңе серік бол, басқа нені айтам-ай. Әкәләш, жалғыз қарға баламдайсың, Көрмесең Байеделді алаңдайсың. Кәйнәні қасыңа ертіп жұбатып жүр, Ұялшақ кісі үйіне бара алмайтын. Қария шешелерім, Бақаң, Шөкең, Қолыңнан дәм татуға қашан жетем? Мезгілсіз жарық көру қиын екен, Қараңғы үй тұтқыны болды мекен. Білім ал, оқу оқы балаларым, Оқымай қала ма деп көңілім жарым. Келешек қызықты өмір алдарыңда, Ұмытпа дайындықты жасау қамын. *** Хат жаздым Кенжеғали құрдасыма, Бірге ойнап, бірге өскен сырласыма. Он жылмен, бір ауру қабаттасып, Ауырлық, түсті менің бір басыма. Өкімет орнағалы он жыл асқан. Жыл сайын өнер тауып алға басқан. Он жыл Николайдың жүз жылындай, Халқыма саясаты өрнек шашқан. Асық ойнап алысқан, Тайға мініп жарысқан. Қайырылмас қайран досым-ай, Дәм татамын алыстан. Балада мұң жоқ па, Жасынан түсті отқа. Дадасын көруге, Күн бар ма, я жоқ па? Ай күнім Кәйнәм-ай, Іш күйіп қайнады-ай. Ғаббас, Кәйнә, Назікен, Не болады Сәулем-ай. Түсібім ырысым, Артымда тынысым. Нақақтан берді он жыл, Кеспеді-ау дұрысын.

Мұздалифа ОСПАНҚЫЗЫ

2554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы