• Әдебиет
  • 13 Мамыр, 2016

Жаңа мектептер бой көтереді

Қазіргі таңда елімізде Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуымызға серпін беретін жобалар қолға алынуда. Ал бағдарламада қойылған міндеттер әсіресе ауыл аймақтарда қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл да өзекті мәселелердің бірі екені сөзсіз. 

Осы орайда жуырда Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізіп, атқарылып жатқан іс-шараларды тілге тиек етті. Жиын аудандық кітапхана залында өткізілді. Айта кетейік, «100 нақты қадам­ның» 57 қадамы аудан әкімдерінің құзіретіне кіреді. Бүгінгі күні ауданда соның 48-ін іске асыру шаралары басталып, 9-қадам бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ж.Далабаевтың айтуы бойынша, әлеуметтік-экономикалық дамуда Жамбыл ауданы өткен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылап, биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономикадағы өсім қарқыны сақталып келеді екен. Бұл бағытта салаға инвестиция тартылып, жер-жерде нақты жобалар қолға алыныпты. Мәселен, Үңгіртас селолық округінің аумағында «Империя Фуд» ЖШС үш мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы іске қосылған. – «Империя Фуд» нысаны «Ұлт жоспарының» 61-қадамында белгіленген ет өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаға сәйкес ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы аясында жұмыс істейді. Онда 1730 бас еркек ірі қара бордақыланады. Жыл басынан бері бордақылау алаңында семіртілген 331 ірі қараның еті өндіріліп, тұтынушыларға 79 тонна ет экспортталды. Елімізге қомақты инвестиция салған серіктестік басшысы, ирандық азамат Арман Джавида алдағы уақытта бордақыға қойылатын мал басын 5 мыңға дейін жеткізу, сапасы жоғары, әрі табиғи таза өнімдерін Иран, Араб, Ресей, Қытайға экспортқа шығаруды межелеп отыр. 56-қадамдағы «Экономиканың басым секторларына «зәкірлі» инвесторлар тарту» аясында аталған серіктестік биыл қуаттылығы 8 мың тонналық ет комбинатын салмақшы, – деді аудан әкімі. Әкімнің хабарлауынша, «Ұлт жоспарының» 60-қадамы ауылда кооперацияны дамыту арқылы сүт өндіру және өңдеуге стратегиялық инвестор тартуды міндеттейді. Бұл бойынша Қарақыстақта «Табыс» шаруа қожалығы 600 басқа арналған тауарлы-сүт кешенінің құрылысы аяқталыпты. Заманауи үлгіде салынған өндіріс орны шетелдік озық технологиямен жабдықталған. Кешен жобасының жалпы құны 1 млрд 780 млн теңге болса, оның 1 млрд 508 млн теңгесі «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алыныпты. Ал 272 млн теңгені кәсіпорын өз қаражаты есебінен игерген. Алғашқы 300 бас сауын сиыр Украина елінен жеткізілмекші. Кешен жанынан сүт өңдеу цехын салу жоспарлануда. Онда балалар тағамы өнімдері де әзірленбек. Осы орайда тағы бір айта кетерлігі, аудан үшін 65-қадамның маңызы зор болып отыр. Ж.Далабаев көліктік инфрақұрылымды дамыту аясында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы құрылысы жүзеге асырылатынын атап өтті. – Бұл жолдың 100 шақырымнан астам бөлігі аудан аумағы арқылы өтеді. Жол құрылысымен бірге логистика дамытылып, екі ірі демалыс орны салынады. Сондай-ақ әлеуметтік жаңартуға арналған қадамдарға сәйкес білім беруді жетілдіру, 2016-2017 жылдары 5 мектеп салу арқылы апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешімін табады. Үш ауысымдық оқуды да азайтуға күш саламыз. Бүгінде 44 балабақша жұмыс істейді, оның 29-ы жекеменшік, 15-і мемлекеттік. Қазір балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 89 пайыз болса, келесі жылдың аяғында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек, – деді аудан әкімі. Жүздесуде Ж.Далабаев «100 нақты қадам» аясындағы мәселелер бойынша баспасөз өкілдерінің сауалдарына тұшымды жауап берді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Алмат облысы Жамбыл ауданы

2113 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы