• Тіл
  • 26 Мамыр, 2016

«Отан отбасынан басталады немесе демографиялық ахуалымыз қалай?»

Газетіміздің биылғы №10 (1320) 10-16 наурыз аралығындағы санында журналист Ақбота Исләмбектің «Отан отбасынан басталады немесе демографиялық  ахуалымыз қалай?» деген мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада еліміздегі демографиялық ахуалдың өзекті мәселелеріне жан-жақты талдау жасалып, күрмеулі түйткілдерін заман талабына сай шешудегі нақты ұсыныстар ортаға салынған. Атап айтқанда, елімізде әлі күнге дейін арнайы демографиялық институттың құрылмағандығы, жас отбасылардың баспанаға мұқтаждығы мен зәрулігі, жас отбасылар арасында әлеуметтік-тұрмыстық себептерге байланысты ажырасу фактілерінің көбеюі, мемлекеттік  бөбекжай балабақшалардың (ясли-сад) жетіспеушілігі, орта мектептерде ұзартылған күн бойынша арнайы бағдарлама енгізу қажеттігі және мұнан өзге де маңызды  мәселелер нысанаға алынған. Осыған орай,  біз  Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігіне, Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне, Қазақстан Республикасы  Әділет министрлігі мен Қазақстан Респуб­ликасы  Парламентіне тиісті хат жолдаған едік. Жуырда жауап хаттар алдық. Оқырманды хабардар ету үшін жауап хаттарды ықшамдап беруді жөн санап отырмыз. 

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.О.Кенжалинге

Құрметті Жұмабек Омарұлы! Сіздің Қазақстан Республикасы Парламен­тінің Мәжілісіне 2016 жылғы 8 сәуірде жолдаған №158 хатыңызға орай төмендегіні хабарлаймын: «Ана тілі» газетінің үстіміздегі жылғы 10-16 наурыздағы №10 (1320) санында жарияланған Ақбота Исләмбектің «Отан отбасынан басталады немесе демографиялық ахуал қалай?» атты мақаласында (бұдан әрі – мақала) көтерілген көкейкесті мәселелерді алдағы заңшығарушылық қызметімізде ескереміз. Атап айтқанда, мақалада көрсетілген демографиялық институт ашу, жас отбасыларға баспананы жеңілдікпен беру жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама немесе «Жас отбасы туралы» Заң қабылдау, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заңнамаға жас отбасыларға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша алдағы уақытта жан-жақты сараптамалық-талдау жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған орай өз тарапымыздан қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шараларды қолданатын боламыз. Сонымен қатар мақалада көтерілген демографиялық ахуал мәселесіне орай өз ойымызды да білдіруді жөн көрдік: Мақала авторының Қазақстан халқының өсімі көршілес, халқының басым көпшілігі байырғы ұлт өкілдерінен құралған кейбір елдермен салыстырғанда баяулау екендігі туралы пікірімен келісе отырып, мұның негізгі себебі біздің респуб­ликадан, әсіресе, оның солтүстік өңірлерінен кезінде Ресей, Украина, Беларусь және Германия сияқты атажұрттарына жаппай қоныс аударған басқа этнос өкілдерінің саны көп болғандығымен байланыстылығын ескерген жөн. Ал бүгінде еліміздің қазағы қалың оңтүстік өңірлерінде халық санының өсімі жоғары болуына байланысты артық жұмыс күші мен жұмыссыздық проблемасы туындағандығы мәлім. Осыған орай қазір артық жұмыс күші бар өңірлердің тұрғындарын Үкімет бекіткен квота бойынша демографиялық ахуалы төмен, жұмыс қолы жетіспейтін облыстарға біртіндеп қоныс аудару ісі қолға алынып отыр. Мәселен, биыл аталмыш квотаға сәйкес 463 отбасыны, соның ішінде 300 отбасыны – Павлодар облысына, 101 отбасыны – Солтүстік Қазақстан облысына, 40 отбасыны – Шығыс Қазақстан облысына, 22 отбасыны Қостанай облысына көшіріп, оларды баспанамен және жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұған қоса, шетелдерден атажұртқа оралатын ағайындардың 1259 отбасысы Үкімет бекіткен квота бойынша жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге орналастырылмақшы. Бұған қоса, екі жылдан бері жүзеге асырылып отырған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да артық жұмыс күші бар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маң­ғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары бүгінгі таңда Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қа­зақ­стан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында тегін білім алып жүр. Бұл бағдарлама үстіміздегі жылы да жалғастырылады. Осы әлеуметтік жоба бойынша таңдаған маман­дықтарын алған жастардың арасында өздері барған өңірден жұмыс тауып, сонда тұрақтап қалатындары да аз болмасы кәміл. Міне, осындай, Елбасымыз, Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, елімізді әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосу, Мәңгілік Ел болу мақсатын көздеген «Қазақстан – 2050» Стратегиясына сәйкес жүзеге асырылып, еліміздегі демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған игі бастамаларды «Ана тілі» газетінің журналистері мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ұдайы назарда ұстап, олардың табысты іске асы­рылуына ақпараттық қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр.

К.Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

2016 жылғы 8 сәуірдегі №155 хатқа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі –Министрлік) Сіздің «Ана тілі» газетінің 2016 жылғы 10-16 наурыздағы №10 санында жарық көрген «Отан отбасынан басталады немесе демографиялық ахуалымыз қалай» атты ма­қалада көтерілген білім саласына қатысты мәселелерге алаң­дау­шылық білдіріп, Министрлікке жолдағандарыңыз үшін алғыс білдіреді. Аталған мақала Министрліктің назарына алынды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиева

Құрметті Жұмабек Омарұлы! ...«Ана капиталын» ұсынуды Министрлік бірнеше рет талқылаған және талдау жасаған болатын. Ресейдегі ана капиталы туылуы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы желтоқсанға дейінгі аралыққа сәйкес келетін екінші және одан көп балаға ұсынылады (бастапқыда 2016 жылғы желтоқсанға дейін жоспарланған). Ана капиталының қаражатын сертификаттың иегері бала 3 жасқа толғаннан кейін қолдана алады. Қазақстандағы демографиялық жағдайды талдау көпбалалы отбасылардың басым бөлігінің ауылдық елді мекенде тұратынын көрсетті. Сарапшылар мен көпбалалы жанұя­лардың пікірінше балаға арналған қажетті заттарды, тамақты және т.б. сатып алуға ақшалай көмек бала 3 жасқа толғанға дейін қажет. Осыған байланысты біржолғы ана капиталы төле­мінің орнына жоғарыда аталған ай сайынғы ақшалай жәрдемақыларды төлеу туралы шешім қабылданды...

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Жақыпова

Құрметті Жұмабек Омарұлы! ...Әлеуметтік саланы реттейтін басқа нормативтік құқықтық актілерде жас отбасылар үшін жеңілдіктер мен мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жас отбасылар үшін қол жетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, жұмысқа орналасу мен жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайлар жасау, мәдени бос уақыт пен демалыс үшін және тағы да басқа жағдайларды қамтамасыз ету мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары болып айқындалған, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Реепубликасы Үкіметінің қаулысында жас отбасылар үшін тұрғын үй салу және (немесе) сатып алу талаптары қарастырылған. Осыған орай, «Жас отбасылар туралы» арнайы заң әзірлеу мақсатқа сай емес, жас отбасыларды сақтауға және қолдауға бағытталған нормалар мен шараларды арнайы әлеуметтік заңдар және бағдарламалар шеңберінде қарастырылуы мүмкін деп пайымдаймыз.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры В.Калимова

Редакциядан: Біз қолымызға тиген хаттардың мәтінімен толық танысып шықтық. Алайда бұл жауаптар бізді қанағаттандырмады. Неге? Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиева білім саласына қатысты мәселелер назарға алынатынын ғана айтыпты. Бұл бар болғаны сыдыртпа жауап. Вице-министр редакцияға хат жолдағаны үшін алғыс білдіргенше, мәселе қалай шешілетінін, мемлекеттік бөбекжайларды көбейту қашан қолға алынатынын, мектептерде ұзартылған күн бола ма, болмай ма деген мәселелердің басын ашып неге айтпайды? Біздің де, оқырманның да күткен жауабы сол емес пе?! Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Жақыпованың жауап хатынанда да журналист мақаласында көтерілген мәселелерді министрлік тарапынан шешуге деген құлшынысты байқай алмадық. Мұнда да жас отбасыларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен қамқорлық таныту, баспанамен қамтамасыз ету, ана мен бала денсаулығын қорғаудың нақты жолдары көрсетілмей, бұл мәселе де басы ашық күйінде қалып отыр. Біздің күткеніміз, олардың атқарып отырған жұмыстары жөніндегі есеп емес еді. Бұл орайда министрлік қандай шараларды қолға алатынын білу еді. Өкінішке қарай, вице-министр С.Жақыпованың жауабынан да жанашырлық көзқарасты байқай алмадық. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры В.Калимовадан келген жауап хатта да көңіл көншітетін жауап жоқ. Министрлік өкілінің «Жас отбасылар» туралы арнайы заң әзірлеу мақсатқа сай емес» деген бір сөзінен-ақ, жас отбасылар мәселелерін заң арқылы шешуге ықыласты емес екенін аңғарамыз. Жауап хатта аталған құжаттардың басын біріктіріп, толықтырып демографияны өсіретін, жастарға қамқорлық ететін жаңа заң қажет-ақ. Арнайы заң қабылданбай, жас отбасыларға қамқорлық қалай жасалмақ? Мұны да еш түсіне алмадық. Дегенмен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің мүшесі К.Мұсырманның хатында біраз мәселенің мән-жайы тарқатылып айтылған екен. Оны хатпен танысу барысында өздеріңіз де аңғарар­сыздар, құрметті оқырман. Бұл орайда біз жаңадан сайлан­ған депутаттардың Парламенттің биік мінберінен демо­графиялық институт құру, жас отбасылардың баспанаға мұқтаждығын шешу, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету, заң тетіктерін іске қоса отырып, арнайы жеңілдіктер қарастыру, «Жас отбасылар туралы» заң қабылдау, бө­бек­жайларды көбейту, мектептерде ұзартылған күн бағ­дар­ламасын енгізуге байланысты Үкімет алдына мәселе қойып, аталған мәселелердің шешілуін назарына алады деп сенеміз. Ал редакцияға хат жолдаған министрлік өкілдері өз­дерінің бұл мәселедегі ұстанымдарын айқын білдіріп, оңы­нан шешілетіндей жоба-жоспарларын қайта жазып жіберсе, бұл тақырыпқа алдағы уақытта оралатын боламыз.

18276 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы