• Тіл
  • 26 Мамыр, 2016

Тілді үйретудің түрлі жолы бар

Министрмен жүздесуде осы туралы әңгіме өрбіді

Жуырда Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің тілші-ғалымдармен кездесуі өтті. Онда қазақ тілінің ғылыми-зерттеу бағытындағы мәселелер, оның ішінде тіліміздің ұлттық корпусын қалыптастыру, институт ғалымдары әзірлеген «Жиілік сөздікке» мән берілді. Бұл ретте айта кетерлігі, институт ғалымдарының көздегені – қазақ тіліндегі сөз байлығының, күллі грамматикалық бірліктерінің «паспортын» түзетін ауқымда жоба жасау болатын.

Министр Ерлан Сағадиев күн тәртібіндегі мәселеге орай «Өздеріңізге белгілі, осындай үлкен жобалар қолға алынғанда оның қандай да бір бастамасы болады. Сіздер Ұлттық корпусты жасауда қандай еңбектерге сүйенесіздер?» деп қызығушылық білдірді. Ғалымдар институтта жасалған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған Қазақ тілінің 1 томдық үлкен сөздігі, бүгінге дейінгі жиналған 5 миллион карточка, сонымен қатар академиялық сипаттағы еңбектердің барлығы пайдаланылатынын атап айтты. Әңгіме барысында Ерлан Кенжеғалиұлы «Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасаудың жобасын» қолға алып отырған мамандар пікірімен келісе отырып, қазақстандықтарға қазақ тілін үйретуге негіз болатын «Жиілік сөздікті» жетілдіру, оны тиісті мәтіндермен толықтыру маңызды екеніне назар аударды. «Ұлттық корпусты» жасау мен қазақ тілін үйретуге керекті «Жиілік сөздіктің» жаңа типін қолға алу қажеттігін, ортақ жол табу мәселелерін ойластыру қажеттігіне тоқталды. Оқырман қауымға түсінікті болу үшін, «Жиілік сөздік» ол қандай сөздік, «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» дегеніміз не деген мәселені тарқатып өтсек дейміз.

Жиілік сөздік

Филология ғылымының докторы, профессор Асқар Жұбановтың айтуынша: «Түркі тілдері бойынша статистикалық зерттеулер жүргізіліп, жиілік сөздіктердің ХХ ғасырдың 70-жылдары алғаш қазақ тілінде жарық көруі – сол кезеңдегі үлкен жаңалық еді. Қазіргі кезде қазақ тіл білімінде статистикалық зерттеулер азайып барады. Ал жиілік сөздіктер шығару мәселесі мүлде тоқтап тұр десе де болады. Тіл қолданысымыздың сапасын айқындау сөз санына да, байлығына да байланысты болмақ. Тіл білімі институтында«Құманша-қазақша жиілік сөздік» (1978), «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі» (1979), «М.О.Әуезовтің 20 томдық шығармалар текстерінің жиілік сөздіктері» (1995) жарық көрді. Ал «Қазақ тілінің жиілік сөздігінің» қолжазбасы институтымыздың Компьютерлік лингивистика бөлімінде гранттық зерттеу нәтижесінде дайындалды. Бұл жиілік сөздікте көркем проза, поэзия, драматургия, ғылыми және публицистикалық мәтіндер (газет және журналдық мәтіндер) қамтылды. Оның біріншісі – «Әліпбилі-жиілік сөздік», бұл сөздікте сөздер алғашқы әрпінен соңғы әрпіне қарай алфавит тәртібімен орналасады. Екінші түрі – «Кері-әліпбилі жиілік сөздік», бұл сөздікте, керісінше, сөздер соңғы әріптерінен бастап әліпби тәртібімен орналасады. Үшінші түрі – «Жиілікті-әліпбилі сөздік», бұл сөздікте сөздер олардың мәтіндегі кездесу жиілігінің тәртібімен, яғни жиіліктерінің біртіндеп кему ретімен орналасып, бірдей жиілікті сөздер әліпби тәртібімен орналасады. Бұл сөздіктер мемлекеттік тілді оқытуда, оқулық, оқу құралдарын, оқу сөздіктерін жасауда, т.б. тілге қатысты маңызды деректерді алуда бірден-бір қажетті құрал бола алады».

Қазақ тілінің  ұлттық корпусы

Филология ғылымының докторы, профессор Элеонора Сүлейменованың сөзімен айтқанда: «Қазақ тілінің ұлттық корпусы – бұл мәтіндердің электрондық, үнемі толығып отыратын базасына негізделген ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе. Біріншіден, корпус – бұл мәтіндерді электронды түрде жинау; екіншіден, корпус анықтамалық-ақпараттық жүйе ретінде қолданыла алады. Енді ұлттық тіл корпусы кім үшін жасалады?– деген сауалға келер болсақ. Оны негізінен пайдаланушылар: тіл мамандары, әдебиеттанушылар, тарихшылар, журналистер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, мектеп оқушылары, студенттер, мұғалімдер, оқытушылар, редакторлар, жазушылар. Ұлттық корпус кәсібіне немесе айналысатын ісіне байланысты тілдің қолданылуы мен құрылымының ерекшелігін түсінуге ұмтылғысы келетіндердің барлығына қажет». Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжанова бұл орайда өз ой-пікірін былай деп тұжырымдады: «Институт ғалымдары бүгінде өз алдына үлкен мақсат қойып отыр. Ол – Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау. Сөз халықтың құндылығы, ғасырлар бойы әспеттеп жинаған қазынасы. Сондықтан әлемнің мен-мендеген елдері әрбір сөзін кодтап, заманауи үлгіде компьютерге салып, сақтап қояды, жұртшылыққа қолданысқа ұсынады. Егер сен бір тілден кез келген бір сөздің мағынасын білгің келсе болғаны, компьютер тетігін баса отырып, сол сөз туралы толық мағлұмат ала аласың. Ең мықты корпустар – Ұлыбритания, Ресей және Финляндия мен Жапонияда. Олар сапасы жағынан да, көлемі жағынан да ауқымды болып келеді. Орыс ғалымдары корпус мәселесін сонау 1960 жылдардан қолға алып, 2001 жылдан бері қарай жүйелі түрде айналысқан. Нәтижесінде 2015 жылғы көрсеткіш бойынша негізгі корпус 230 млн сөзқолданысты құраса, ал жалпы корпустың көлемі 500 млн сөзқолданысқа жетіп үлгерген. Бұл тек бір ғана мысалы. Ал, ұлттық корпусын нықтап алған қаншама елдер бар. Біздің өзіміздің ұлттық корпусымызды жасайтын уақытымыз әлдеқашан болды деп ойлаймын. Тіл білімі институты қазіргі таңда қазақ тілінің 7 миллиондай сөздік қоры қамтылған шағын корпусын жасақтап үлгерді. Бұл біздің үлкен ісіміздің бастамасы деп білемін».

Арайлым Ботанқызы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

3677 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы