• Мәдениет
  • 02 Маусым, 2016

Табаған

Мінеки, жадыраған жаз да келіп жетті. Бұл мезгіл жұртшылықтың демалысқа шығып, қаланың күйбең тіршілігінен тынығуға қолайлы мекен іздейтін маусымы. Шіркін, осындайда жанға шуақ сыйлайтын, тұнық табиғаты, саф ауасы бар көрікті жерлерімізге не жетсін? Кейде біз өз елімізде қандай ғажайып демалыс орындарының бар екенін де білмей жатамыз. Насихаттың аздығынан ба, әлде тиісті жарнаманың жоқтығынан ба, себебі неде?

Бәлкім, әлі күнге дейін шетел асып демалуды жөн көріп жүретініміз содан ба екен? Қалай болғанда да біз ішкі туризмді дамытуға мән бергеніміз дұрыс. Ол үшін сол ішкі туризмнің тұтынушысы ең алдымен өзіміз болуымыз керек қой!? Менің бұл мақалама арқау болып отырған демалыс кешені де отандық туризмнің бір нышаны екені сөзсіз. Әңгіме Алматы облысында орналасқан «Табаған» ойын-сауық кешені туралы. Аталған кешен Іле Алатауының бау­райында. Нысанның құрылысы 2006 жылдың басында аяқталып, қолданысқа берілген болатын. Содан бері мұнда келушілер қатары жыл санап көбейіп келеді. Қысқы спорт түрлеріне арналған жаттығу аймақтары бар. Жазғы айларда да спортпен шұғылдану, табиғат аясында демалу, уақытты тиімді өткізу мүмкіндіктері қарастырылған. Ең басты мәселе – «Табаған» тәрізді кешендер отандық туризмнің бүгінгідей жағдайында өте қажет әрі олардың саны да мейлінше көп бола түссе дейсің. Өйткені онсыз бұл саланы дамыту мүмкін еместей көрінеді. Мен журналист ретінде сапарлап барғанымда көп жайттарға қанық болдым. Қызмет сапасы, инфрақұрылымы, орналасқан аумағы, заманауи талаптарға жауап беруі, қажетті құралдармен жабықталуы деген мәселелерге назар аудардым. Сұрастыра келе білгенім, осындай ірі көлемді жобаның жүзеге асырылуы отандық туризмнің ілгері қарай дамуына айтарлықтай серпін берген екен. Ал қыстық спорт түрлерінің өркендеуіне кең жол ашылғанын айтып жатудың қажеті бола қоймас. Заманауи нысан Алматы қаласының шекарасынан 17 шақырым жерде, 55 гектар аумақ екенін айта кеткеніміз жөн. Мамандардың айтуынша, заманауи нысан тау шаңғыларына арналған курорттарға қойылатын әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Ол Австрия, Голландия және Ресейден әкелінген техникамен жабдықталған. Аспалы жолды құрастыруды және карточкалық кіру жүйесін енгізуді Ресей мамандары жүзеге асырды, қалған жұмыстарды жергілікті компаниялар атқарыпты. Кешеннің арқасын­да ауданның инфрақұрылымы мен экономикалық ахуалы жақсарып, туризм индустриясының дамуына серпін берген. Мәселен, «Табағанда» сол маңдағы Бесқайнар ауылының жүздеген тұр­ғындары еңбек етуде. Бұл да ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз ету бағытында шешімін тапқан оңтайлы істің бірі. Тек Бесқайнар ғана емес, өзге де таяу ауылдардан да келіп еңбек ететіндер қатары аз емес. Енді кешендегі спорттық ойын түрлеріне тоқтала кетсек, мұнда сноуборд пен экстремалды спорт түрлерінен бірнеше мәрте жарыстар ұйымдастырылыпты. Қоғамдық-әлеуметтік және мемлекеттік тұрғыдағы шаралар да өтіп тұрады. Соның бірі ретінде бұдан біршама жыл бұрын отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен Еуразиялық медиа-форумды айтсақ та болады. Ойын-сауық кешеннің атауы «Тобогган» сөзінен шыққан. Солтүстік Америка үндістері тайпаларының тілінде бұл сөз «ағаштан жасалған жалпақ қыстық шаңғы» мағынасына саяды. Ағылшын тілінде «түсу, таудан сырғанау» ұғымды сөзді білдіреді. Сонымен қатар «табаған» адамдар төмен қарай арнайы шанамен сырғанайтын науа түріндегі ұзын иілген түсу жолын білдіретін батыстық аквапарктер мен қыстық бақтардағы танымал аттракцион.«Табаған» кешенінің осындай дәрежелі тау шаңғыларына арналған курорттарға қойылатын қазіргі заманғы әлемдік стандарттарға сәйкес салынғанын байқадым. Қыс мезгілінде шаңғы теуіп, сноуборд, шана, баллонмен сырғанауға келетін демалушылар көп. Кешен ерекшеліктерінің бірі – оның әмбебаптылығында деп айтар едім. Мұнда адамдар отбасымен, достарымен, жора-жолдастарымен, әріп­тестерімен келіп серуендеп, уақыт­тарын қызықты өткізеді. Демалыс ай­мағында жүргізілген соңғы жөндеу жұмыстарынан кейін, Табағанның көркіне көрік қосылып, жыл сайын демалушылардың қатары соңғы жылдармен салыстырғанда көбейіпті. Қысы-жазы шомылуға арналған бассейні туралы айтар әңгіме өз алдына бір бөлек. Бұл жерде әркім өзінің жанына жайлы, ыңғайлы орынның табуына жағдай қарастырылғаны қуантты. Жыл он екі ай бойы да келуге болады екен. Оған бұл жердің ландшафтты жағдайлары мен қолайлы ауа райы мүмкіндік береді. Қыста – аппақ мамық қар. Көктемде – әртүрлі шөптер мен гүлдерден төселген кілем. Жазда жайнаған жасыл желек. Күз мезгілінде айнала қоңыр түске боялып, табиғат суреттерін көз алдыңа жайып салады. Бір сөзбен айтқанда, «Табаған» табиғаттың төрт мезгілінде де қызықты сәттерімен таңғалдырады. Кәсіби мамандардан шаңғы және өзге спорт түрлерінің әдіс-тәсілдерін үйренуге мүмкіндік жасалған екен. Қауіпсіздік жағы да ойластырылғаны байқалады. Жетісу өлкесі көз жауын алатын сұлулығы мен көк майсалы, сылдырай аққан өзен-көлімен көрікті. Осындай баршаны тамсандырған саф ауасымен тыныстау, тамаша табиғатта еркін демалу арқылы адам денсаулығы нығайып, күш-қайрат бітеді. Табиғат пен адам егіз. Табиғаттың әлеуметтік мәселелермен қатар, эконо­микаға да қосары мол. Демек, туризмді дамытудың игілігі мол. Өркениетті мемлекеттер бұған әлде­қашан мән берген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында туризмді дамытуға арналған жобалар іске асырылады. Балалар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыратын экскурсиялар жиі ұйымдастырылып, жұмақ мекеннің жақсылықтары кәдеге асырылуда. Оның күміс шыңдары мен жайқалған шабындығы, мөлдір өзендері тамсандырмай қоймайды. Табиғаттың мұндай кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны көру, сезім елегінен өткізу керек. Бұл бағыттарға әлі де сапалы әрі жақсы жолдар салынып, демалушыларға ыңғайлы жағдай қарастырылса, болашақта атбасын тірейтін туристер легі арта түсетініне ешқандай күмән жоқ.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Алматы облысы Талғар ауданы

2718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы