• Әдебиет
  • 02 Маусым, 2016

Әлемге танымал басылым ел оқырмандарымен қауышты

Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған шараға еліміздің Парламент депутаттары, зиялы қауым және дипломатиялық корпус өкілдері, шетел қонақтары, оқырман қауым мен студент жастар қатысты. Қазақстанда жарық көріп отырған басылымның тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйледі. Министр өз сөзінде әлемге танымал басылымның қазақ тілінде шығуы отандық ақпарат құралдары саласындағы елеулі оқиға екенін, осыған байланысты Елбасымыздың өзі журналдың алғашқы нөміріне ақ тілегін жолдағанын атап өтті. 

– Халықаралық басылымның ғы­лыми ізденістерге, қызықты деректерге толы таңдаулы мақалаларын қалың оқырмандарымыз енді ана тілімізде оқитын болды. Сонымен қатар біз өзіміздің ең үздік төл материалдарымызды ағылшыншаға аудару арқылы елімізді дүниежүзіне танытудың тағы бір мүмкіндігіне қол жеткіздік. Әлемдік журналды Орталық Азия аймағында бірінші болып шығаруға Қазақстанның бастамашылық етуі де заңдылық. Өйткені біздің жаһан жұртшылығына ұсынуға лайықты құндылықтарымыз бен асыл жауһарларымыз мол. Тасын түртсе, тарихы сөйлейтін Алтай мен Каспий аралығындағы ұлан-ғайыр еліміздің талайларды тамсандыратын табиғаты, мәйекті мәдениеті мен қайталанбас салт-дәстүрі «National Geographic» үшін таусылмас тақырып болатыны талассыз, – деді Дәурен Абаев. GraficОсы шараға орай АҚШ-тан арнайы сапарлап келген басылым директорының орынбасары Даррен Смит сөз сөйлеп, өзінің Қазақстанға келудегі әсерімен бөлісе отырып, елімізге тұңғыш рет келіп тұрғанын айтты. Д.Смит мырза халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен танысуды жоспарлағанын жеткізді. Әрі қарай «Күн тұтылуы қазақ жерінен қалай бақыланды?» деген тақырыпта қызықты баяндама жасады. Бірқатар тың деректерді қонақтар назарына ұсынды. Мейманның ерекше бір айтып өткені – сонау 1936 жылы шетелдің, сондай-ақ Кеңес Одағының ғалымдары Орынбор маңында орналасқан Ақбұлақ ауылына обсерватория орнатып, табиғаттың тылсым құбылыстары мен құпия-сырларын бақылаған екен. Олар тек қана зерттеу жұмыстарымен шұғылданып қоймай, жергілікті қазақтардың өмірін, тыныс-тіршілігіне назар аударыпты. Өздері қызығушылық танытқан дүниелерді суретке де түсірген. Кейін мұндай суреттер «National Geographic» журналында жарық көрген екен. Онда жоғарыда айтқанымыздай, сол обсерватория маңындағы жергілікті қазақтардың өмір салты, сол замандағы адамдар көрініс тапқан. Қазір бұл суреттер тарих үшін өте қызық. Бұл арқылы біз басылымның құндылығын да байқауымызға болатыны сөзсіз. Ең қызығы сол, мұндай сурет 1954 жылы журнал бетінде жарық көріпті. Сондағы кейіпкерлердің бірі Фазила Жаналтай тұсаукесер шарасына қатысты. Ол бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ақ жаулықты әже. Өзінің бұл суретке қалай түсіп қалып жүргенін журналистерге баяндап берді. Көп жылдар өтсе де, жадында сол бір мезгіл-кезең сақталыпты. Тағдырдың жазуымен Өр Алтайдан үдере ауған Қытайдағы қазақтар тау асып Үндістанға табан тіреген. Сонда Кашмирді мекендеген Фазила Жаналтайдың ауылына америкалық журналистер келіп, этнографиялық бағыттағы этюдтер түсірген көрінеді. Сол уақытта он сегіздердегі бойжеткенді таспаға тартса керек. Фазила әжейдің айтуына қарағанда, ол Абақ Керейдегі атақты адам Солтаншәріптің қызы екен. Талай жердің дәмін татып, ақыры тәуелсіздік алған тарихи Отанына оралып, атамекенімен қауышыпты. Мұхиттың арғы бетінен жеткен журнал өкілдері ол кісіге басылымның жаңа нөмірін сыйға тартып, алғыстарын білдірді. Шарада «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов өз редакцияларының ұстанған бағыты мен алдағы шығармашылық жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Тұсаукесер аясында «National Geographic»-тің үздік 50 суреті» атты көрме ұйым­дастырылды. Көрмеге әлемнің әр шал­ғайынан сыр шертетін фотосуреттер қойылды. Биыл елімізде әлем оқырмандарына жақсы таныс «National Geographic Қазақстан» журналы қазақ тілінде де жарық көрді. Айта кетейік, қазақ тілінде жарық көріп отырған «National Geographic» журнал әлемнің ең танымал баспа өнімі саналады. Мамандар төрткүл дүние бойынша 700 миллион аудиториясы бар бұл басылым елімізді төрткүл дүниеге танытып қана қоймай, туристердің қызығушылығын арта түсуіне септігін тигізетінін айтуда. Басылымның басты мақсаты – жазу­шы­лар­дың, ғалымдардың жұмыстарын жария­лау арқылы қоршаған ортаны тану және оны қорғау болып табылады. Еліміздің сұлу табиғатын, тарихи орындарын, көрікті жерлерін, өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін бүкіл әлемге таныстыру. Қазақстанның имиджін арттыру. Сол арқылы таяу уақыттарда елімізге келгісі келетін турис­тер санының артуына үлес қосу. Қазақстан даласының әдемілігі мен өсімдіктер, жан-жануарлар дүниесінің алуан­дығын насихаттау. Иә, басылымның негізгі мақсаты жер бетіндегі әрбір халықтың өзіндік ерекшеліктерін, қайталанбас болмыс-бітімдерін әлем оқырмандарына таныс­тырып отыру. Бұл орайда журналды этнографиялық, ағартушылық, ғылыми-зерттеу, антропологиялық, географиялық мәселелерді қамтитын баспасөз құралы деуімізге де болатындай. Мақалалары шынайы әрі түбегейлі ғылыми зерттеулерге негізделген. Олардың тартымдылығы да сонда. Саясат тақырыбынан тыс, шығу тарихы сонау 1888 жылдан басталатын басылым бүгінде әлемнің 38 тілінде, 80-нен астам мемлекетте таралады. Осының бәрі қызықты фотосуреттер мен мақалалар түрінде оқырмандар назарына ұсынылады. Редакцияның жоспарында алдағы уақыттарда еліміздің табиғаты әсем жерлеріне фото-бейне экспедициялар ұйымдастыру да бар.

Дәуіржан Төлебаев

2388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы