- Әдебиет
- 02 Маусым, 2016
«Бердім деп үш қап бидай мақтанасың»

Құл ақын
Құл ақын бірде Есім төренің үйінде қонақ болыпты. Бірақ дастарқанда ақынға ұнамды тағам көріне қоймаса керек. Сондықтан ол бір бауырсақты ауыз тиіпті де, енді өзінің осында келген мақсатын білдіру үшін былай депті: Жұт болды біздің елге мешін-тауық, Жұтадым бек-қабағат есім ауып. Сараң деп Қарынбайдай естуші едім, Сонда да көк өгізбен келдім шауып. Құл ақынның бидай сұрап келгенін білген Есім төре: «Бидай берсек салып алатын ыдысың бар ма?– деп сұрапты. «Сонша жерден өгізбен келген кісіде қандай ыдыс болушы еді» деген оймен. Құл ақын: Сары жорғаң жібекпенен өреленген, Алдында алтын астау беде жеген. Жадағай екі-үш дорба әкеліп ем, Тақсыр-ау, менің әлім неге келген, – депті. Есім төре қызметкерлерін шақырып алып: «Құл ақынның жадағай дорбаларын тігіп, бидай салып қойыңдар» деп жарлық беріпті. Аздан соң Құл ақынды құрметті қонағы етіп, бидай жатқан сарайға келсе, жаңағы Құл ақынның жадағай дорба дегені үлкен-үлкен алашалар екен, оны қапша тіксе, әйдік үш қанар болып шығыпты. Мұның әрқайсысына он бес-жиырма пұттай бидай сыйыпты. Құл ақынға байқаусызда сонша мырзалық жасағанына өкінген Есім қайтерін білмей қипаңдап тұрып, мұншама бидайды төренің төресі-ақ бере алар депті. Сонда Құл ақын айтыпты: Бердім деп үш қап бидай мақтанасың, Байқасам, Есім, сенен сараң да жоқ. Шиеттей қатын-балам ашыққан соң, Алмасқа мұны азсынып шарам да жоқ. Қалайша бұл бидайды жеткізермін, Жегетін көк өгізге шанам да жоқ. Сөзге тоқталған және құрметті қонақтарының алдында намысына тырысқан Есім төре, өз қызметкерлеріне ат-шана жектіріп, әлгі үш қанар бидайды Құл ақынның ауылына жеткіздіріпті.(«Ел аузынан», «Жазушы», Алматы, 1989 ж.)

16121 рет
көрсетілді2
пікір
Алдыңғы мақала
Әлемге танымал басылым ел оқырмандарымен қауышты
Келесі мақала
Ақын еңбегі ескерілсе...
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Маржан
13 Тамыз, 2020Сəлеметсіздер! Менің аты-жөнім, Маржан Шүкіржанқызы. Сіздердің газетке ана мен бала құқықтықтары туралы мақала берейін деп едім. Қалай берсем болады? Астана қаласынан Маржан.
Вузы ашардын мани