• Әдебиет
  • 09 Маусым, 2016

Ақын еңбегі ескерілсе...

Жалпы ақын шығармашылығымен алғашқы таныстығым редакцияға жұмысқа келген кезімнен бастау алған. 2012 жылы ауданымызда Марат Ысқақтың туғанына 80 жыл толуына орай «Жырым менің – жанымның жаңғырығы» деген тақырыппен көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық сайысы өтті. Сол кезде сайыста оқылған ақын өлеңдері мен драмалық шығармалары маған жақсы әсер қалдырған еді. 

Ал енді 2015 жылы Алматының «Арыс» баспасынан жарық көрген, жұбайы Меруерт Қайрошқызы құрас­тырған «Марат Ысқақ. Көңіл күнделігі» атты кітапты оқы­ғанымда, қа­рымды қаламгердің шығар­машылығымен тереңірек танысуға мүмкіндік алдым. Мұнда ақын ағамыз жайлы естеліктер, хаттар, қолжазбалар топтастырылыпты. Кітап жайлы әңгімеміздің басында ақын жайлы аз-кем мәлімет бере кетейік. Кітап үш бөлімнен құралған. Ортасында түрлі-түсті фотосуреттер. Алғашқы бетінің өзі-ақ қазақтың қайталанбас ақындарының бірі Тұманбай Молдағалиевтің «Қош келіпсің, Марат» атты 1980 жылы шыққан мақаласымен ашылыпты. «Поэзияның қанатты құс секілді қасиетінің бары ежелден белгілі. Бірақ оның жерге де түсіп асықпай-аптықпай сөйлейтін шағы да болады. Марат Ысқақов ләйім солай қарай толысуға, өсуге қарай жүрсін демекпін. Өлең жолының қандай жол екенін өзің жақсы білесің. Сол қиындыққа қарай қанатыңды қаға бер. Теңіз үстінен ұшқан құстай бір тіршілік кешетініңді ұғына түсерсің сонда» деп Тұманбай поэзия әлеміне қанат қаққан Маратқа үлкен сенім білдіріпті. Туындының 11-ші бетінде, сол үмітінің ақталғанын байқаған ол: «Кім қуып күн кешпеді бұл өнерді, Кім шауып болдыртпады Құлагерді. Есіктің суынан ба Тұмаш ішкен, Маратым ақын болып жүре берді» деп әзілдейді. Сонымен қатар кітапқа танымал ақындар мен жазушылар, журналис­тер, өнер қайраткерлері Әбу Сәрсенбаев, Қасым Қайсенов, Сағи Жиен­баев, Зейнолла Серікқалиев, Зейнолла Қабдолов, Камал ­Смайылов, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжіме­де­нов, Хамит Ерға­лиев, Тұманбай Молдаға­лиев, Олжас Сүлейменов, Әзірбайжан Мәмбетов, Садықбек Адамбеков, Берқайыр Аманшин, Нұрлан Оразалин, Ғарифолла Әнес және басқаларының, ҚазҰУ-де оқытқан шәкірттерінің М.Ысқақов жайлы түрлі басылымдарға шыққан мақалалары, оған жазған хаттары мен сыйға тартқан қолтаңбалары шоғырланғанының өзі оқырман көңілі таразысында оның салмағын арттыра түскендей. Қайсысын оқысаңыз да ақынға деген ерекше бір құрметтің лебі еседі. Жазушы Өтепберген Ақыпбеков «Жетісу» газетіне шыққан «Ұстаз» атты мақа­ласында бірге істеген кездері жайлы: «Марат аға алғашқы күннен жазған-сызғаныма айрықша көңіл бөліп, қадағалап түзеп, жөндеп отырды. Ол кез машинканың заманы, бір түзегенді қайта-қайта баспас үшін Мәкең материалды қолжазба күйінде оқитын. Әркімнің жазуы әртүрлі, сөйлем тұрмақ жеке әріптердің өзін тап басып табу қиын. Мәкең мұның бірін де елең қылмайды, қолжазбаны моншақтай жазуларымен түзеп, күзеп, кейбір тұстарын өзі қайта жазып шығатын. Сын мақалаларға аса талапшыл­дықпен қарайтын, солай бола тұрса да сын мақала шыққан күні-ақ аупарткомнан бастап «ол олай емес, былай еді...» деген сыңайлы сыңаржақ пікірлерді желеу етіп, сес көрсететін телефон шалушылар көбейетін. Дереу лездеме шақырылып, шұғыл талқылаулар басталады. Бәрі орынды, бәрі дұрыс. Осындай бір оқиға үстінде Мәкең: «Өрт шыққандай ойран-асыр болдық қой. Өне бойы сын, фельетоннан тұратын «Ара» – «Шмель» күнде отқа оранып жататын шығар» деп езу тартқаны бар» дейді адамгершілігін, қарапайымдылығын еске алып. Кітапқа М.Ысқақтың күнделігінен үзінділер де енген екен. Меруерт апамыз «Көңіл күнделігінің» соңындағы естелігінде: «Қапал, 1973 жылдың күз айы.Талдықорған обкомынан Мәкеңе телефон соғып: «Мәке, сізге қазір партизан Қасым Қайсенов бастаған жазушылар барады» деді. Кешкі сағат 19-да күткен қонақтарымыз келді. Олар келгенше ет асып, бауырсақ пісіріп, шай дайындап, дастарқан ­жайып қойғанмын. Түн ортасына дейін әңгімелерін айтып, шамалы уақыт ұйықтап, таңертең шай үстінде маған алғыстарын айтып, ризалықтарын білдіріп, халықпен жүздесуге кетті... ...50 жыл 11 ай жұмыс өтілімі болса да, зейнетақысы 10200 теңге ғана болды. Ауырғанда дәрі-дәрмегіне әзер жететін. Марат Ысқақ орденге, медальға, лауреаттыққа, марапатқа лайықты азамат еді. Атақ-даңққа қызыққан жан емес. Ол кішірейіп, біреудің алдында бас иіп, тізе бүгіп жалбаңдамайтын. Бойын ондайлардан аулақ, биік қалпында ұстады. Өзінің адал еңбегімен тапқан табысымен бес баласын асырап өмір сүрді. Өмірден адами қалпында өтті. ...Мен үшін ақша төлеп кітап шығару өте қиын. Марат Ысқақтың өлең кітабын жеті жылдан бері шығара алмай жүрмін. Сондықтан Жазушылар одағы, Мәдениет министрлігі, билік өкілдері бұл дүниеден өткен қаламгерді де ұмытпаса екен» дейді. Кітаппен кеңірек танысуды оқырманның өз ен­шісіне қалдырдық. Сөз соңында халқымызға танымал тұлғалар сыйлап, құрметтеген, солармен үзеңгілес жүрген, қазақ журналистикасын дамытуға үлкен үлес қосқан, бірнеше кітаптары шыққан, белгілі ақын, драматург, филолог ғалым, профессор Марат Ысқақовтың еңбегі әлі де болса ескерілер деген сенімдеміз.

Қанат Ғұмаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ганюшкин селосы

17104 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы