• Әдебиет
  • 23 Маусым, 2016

Туған жер тарихынан сыр шерткен...

Ел мен жер тарихы туралы жазылған кітаптар қашанда құнды әрі бағалы. Мұндай туындылардың ішінде оқырман үшін көптеген пайдалы деректер, тағылымды дүниелер молынан ұшырасады. Олай дейтін себебіміз, өлкетану тақырыбын зерттеу қазіргі кезде өзекті тақырыптың бірі. Бұл жастарды отансүйгіштікке баулиды. Туған жерінің тарихын білуге, сол арқылы еліңді ардақтап, құрметтеуге тәрбиелейді.

Осы орайда ұлағатты ұстаз, ғалым, профессор Серік Мәшімбаевтың «Қос өзен аралығындағы Казталов ауданының тарихы» атты жарық көрген монографиясын сондай сүбелі еңбектердің қатарына жатқызуға болар. Бұл ретте айта кетерлігі, Қос өзен аралығындағы Казталов ауданының тарихы, жалпы Еділ-Жайық өзендері аралығындағы орналасқан жұмақ жердің тарихы сонау XVI-XVIII ғасырлардағы Ноғай хандығымен тығыз байланысты екені белгілі. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақтарға қарсы соғыстары, бұл жерді қайтару үшін болған күрес, т.б. деректер жайында айтылар әңгіме аз емес. Казталов жері көптеген қиын-қыстау уақытта бастан өткізіп, Бөкей Ордасының құрамында болды. Автор осындай мәселелер жөнінде ой қозғап, Еділ-Жайық өзендері аралығындағы жер – байырғы қазақтардың мекені екендігін халық ауыз әдебиетіндегі жырлардың өлеңдерінен үзінділер арқылы да келтіріп отырады. Бөкей Ордасы құрылғаннан кейін Қос өзен аралығындағы жайылым жерлер үшін күресіп, Қос Сары және Қара өзендері аралығында қазақ жерінің қалыптасуы, Бөкей Ордасының әкімшілік басқару жүйесі, Бөкей Ордасы құрылғаннан кейінгі Талов қисымы қазақтарының шаруашылығы және тұрмыс жағдайы тақырыпқа өзек болған. Сонымен қатар Бөкей Ордасы құрамындағы Қос өзен аралығы Қамыс – Самара – Талов – Қарасу, Талов қарасы жеріндегі оқу-білім беру жүйесі, Бабажанов, Қараш, Басымов және Шомбалов сынды тұлғалар туралы айтылады. Профессор С.Мәшімбаев Казталов ауданының құрылуын, Кеңес дәуірі, Азамат соғысы жылдарындағы шаруашылығын, саяси-әкімшілік құрылымын тілге тиек ете отырып, нәубет жылдарындағы Казталов ауданының тағдырына, осы ауданның тумасы Мансұр Гатаулин жөнінде сыр шертеді. Оқырман қауым аталған еңбектен Кеңес дәуіріндегі Казталов ауданының білім беру, мәдениет және дәрігерлік ісінің дамуына қатысты мәліметтерге қанық бола алады. Жалпы, бұл монографияның өлкетану тарихымен шұғылданатындарға тигізер пайдасы өте мол. Енді автор туралы бір дерек. Серік Мәшімбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетін бітірген­нен кейін 45 жылдан бері профессор қызметін атқарады. Қазақстан және Дүниежүзі тарихының өзекті мәселелеріне ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Қазақстан тарихын­дағы ұлы тұлғалар – Әбілқайыр хан, Сырым Датұлы туралы монографиялары жарық көрді. Сонымен қатар Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы мәселелерімен оқулықтар жазған. Қазақстан тарихында Польша мәселелерін зерттеу­де шәкірттер дайын­дап, Польша тарихының мектебін қалыптастырды. Ғалымның бұған дейін 6 монографиясы, оқулықтары мен оқу құралдары жарық көріп, 350 ғылыми мақалалары бар. «Казталов ауданының» құрметті азаматы.

Қ.ЖҰМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

3362 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы