• Әдебиет
  • 23 Маусым, 2016

Жақсыны көре білу де жақсылық немесе Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев туралы бір қайыру сыр

Халқымыз қолына қалам ұстаған адамдарды ел басына күн туса езілмей еңсе көтеруге дем беретін, ел қуанса өзі де одан бетер қуанышқа қарық болып, көңілі көкке қалықтай жөнелетін ең бір пәкизат жандар деп біледі. Сол қаламгер қауым Қызылорда облысының бүгінгі әкімі, мемлекет қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевты елге, жерге қызмет етуді ең басты борышы деп білетін азамат ретінде жиі-жиі аузына алып та, жазып та жүретінінен бұрын да хабардар болатынбыз. Және ол ешқандай шарттылық та, кейінгі ойшылдар айтқан «қажеттілік теориясы» да емес. Бұл елім, жерім, ұлтымның ар-намысы, ата-бабамның салт-дәстүрі үшін жан пида деп жүрген азаматқа деген риясыз ризалық пен сүйіспеншіліктің азды-көпті өтеуі деп білер едік. Сол қаламгер қауым да, қарапайым жұртшылық та осы әкім туралы сол бір кіршіксіз көңілмен әңгімелеп отырғанда ылғи да оның тектілігін қоса айтып отыратынына да куә болып жүрміз.

Иә, атам қазақ адамға дегдарлық, тектілік сияқты асыл қасиеттер атадан балаға тұқым қуалап, яғни, қанмен келетінін айтқан ғой. Оның рас екенін қазекемнен жүздеген жылдардан кейін барып академик Вавилов бастаған генетика ғылымы қайталап айтты. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой?! Қит етіп қия бассаң, кәллаңды қағып тастауы әбден мүмкін Кеңес заманында-ақ осы Қырекеңнің әкесі Елеу Көшербайұлы ең әуелі өз ұлтым, өз елім дегенде өзегін жұлып беруге даяр екенін көрсете білген біртуар тұлға болған-ды. Оның туған ұлты мен туған елі үшін сауапқа, ізгілік пен игілікке толы сол заманда-ақ атқарған батыл істерін шыны керек өз тізгініміз өз қолымызға тиген мына заманда да анау-мынау шен-шекпенділер атқара алмай, не атқарғысы да келмей жүргенін көріп те жүрміз. Ол кісі қылышы қан аңсап тұратын сол заманның коммунистік партиясында қызметте жүріп-ақ қазақ халқының сол кезде күн санап ауруы меңдеген адамдай өшіп бара жатқан тілін, ділін, салт-дәстүрін, қысқасы рухани қазина атаулысын аман сақтап, қайта жаңғыртудың жолдарын асқан саясаткерлікпен жүргізгенін бүкіл Сыр бойын, Арал жағалауын жайлаған қалың қазақ біледі. Көзі тірі ақсақалдар қазіргі кейбір белсенділерге қапа болғанда «шіркін, Елеу Көшербаевтай болса ғой» деп қоятынын да көріп жүрміз. Бір ғана Қорқыт бабаның рухын жаңғыртып, ел есіне қайта түсіруге қыруар еңбек сіңіріп, тәуекелге бел буып, толып жатқан шаралар атқарған да, халық жауы атанып көмусіз қала жаздаған, өлгені рас па, өтірік пе деп көріне шейін қайта ашқызып Мәскеудің НКВД-дағы тыңшылары өлгеннен кейін де мәйітіне де маза бермеген, ал Фирдоусидің алты әлемге әйгілі «Шахнамасын» («Патшалар кітабын») қазақтың кез-келген үздік төл туындысынан артық болмаса кем күйге түсірмей тәржімалаған діндар да данышпан шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлына ескерткіш ашқаны үшін партбилетінен айрыла жаздаған да сол Елеу ағамыз еді. Ал ол заманда партбилеттен айрылған адамның қандай жазадан да аман қалуы екіталай-тұғын. Міне, бүгінде аузы дуалы, елдің сөзін ұстаған белгілі-белгілі қаламгерлердің де Қырымбек Көшербаевтың халық алдында қалтқысыз атқарып жүрген бүгінгі қызметін көре тұра үндемей отыра беруді жөн көрмей, ара-тұра болса да айтып, жазып жүруінің өзі тағы да ұлтымыздың «тектіден текті туады» деген ұлағатты сөзі рас екеніне көз жеткізгендігінен болар, сірә. «Атадан бала тусайшы, атаның жолын қусайшы» дегенді де қайран Махамбет осындайда айтқан да шығар-ау. Иә, бүгінде жасыратыны жоқ, көп жағдайда руханияттан бұрын аузымыздан «әуелі экономика» деген сөз шығатын болды. Бұл –бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, бүгінгі қарын-тоқтығын, киім-бүтіндігін ғана ойлайтын, пендешілікпен күн өткеретіндердің жәй айта салғаны екенін жұрттың бәрі біліп болды. Осыдан біраз ғана бұрын Ресейдің ығай мен сығай жазушы, ғалым атаулысымен кездесуінде Путин де ең әуелі әдебиет, өнер басты назарда екеніне айрықша тоқталса, ал әлемнің өмірден түйгені мол небір ғұламалары елді, әр ұлтты қандай кесапаттан да тілі, әдебиеті, ұлттық өнері аман сақтап қалатынын әр заманда айтып-ақ келеді. Міне, осы орайда Қырымбек Елеуұлы бүкіл адамзат тірлігіндегі осынау екі алып саланың қос тізгінін қатар ұстай білетін және басқарушылық шеберлігі мен басқару мәдениетін бірдей меңгерген басшы екенін, сол қызметтерін өзі қазақ елінің қай уәлаятында қызмет атқарғанда да көрсете алғанына ел куә. Жасыратыны жоқ, біз әсіресе қаламгер қауым оның ұлттық рухани мәселелер төңірегіндегі қандай шаруаны қолға алса да дереу іске кірісіп, қашан соны тәмамдағанша жаны тыншымайтынына сүйсінеміз. Әзіл десеңіз, өзіңіз біліңіз, әлде өзіміз экономика мәселесінде шорқақ болғаннан ба қайдам әйтеуір, әкім Қырымбек Көшербаевтың осы бір руханиятшылдығын көбірек айтуды ұнатамыз. Әнебір жылы ол Маңғыстау облысында әкім боп тұрғанда Әбіш Кекілбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған бір топ қаламгер жол түсіп Ақтауға барған сапарда марқұм Әбіш ағамыздың «Қырымбектей басшысы бар жұрттың басынан бағы таймас» дегені әлі есімізде. Сонда Ақтауда ПЕНклубтың үлкен жиынын өткізіп болғасын оның президенті Әбдіжәміл Нұрпейісовтің айтқан алғысында да шек болған жоқ.Paryiz Шындықты айту, шырық бұзу емес, Батыс Қазақстан облысы еліміздің Ресейге ең жақын және оңтүстік облыстармен салыстырғанда ұлттық ерекшеліктердің біразы ұмытыла бастаған, орыстілділік басымдау облысы болатын. Міне, осында әкім боп тұрған кезде де Қырымбек Көшербаевтың 90-шы жылдары едәуір тұралап қалған өңір экономикасын жандандыруға сіңірген еңбегін былай қойғанда, әлгінде айтқанымыздай жанымызға жақындау мәдениет, әдебиет, өнер, қысқасы ұлттық руханият саласында төккен тері түп-түгел игілікке айналып, жұртшылықтың ақ тілекке толы алғысы мен батасына бөленгенін көзіміз көрді. Ұзақ жылдар бойы талай-талай үйлері мен ірілі-уақты ғимараттары азып-тозған, көшелері көркінен айрылып, сұрқай күйге түскен көне Орал қаласы Қырекеңнің тынымсыз тер төгуінің арқасында бірер уақытта жаңарып, жаңғырып шыға келген-ді. Сол кезде талай қаламгер 50,60 жылдық мерейтойларын да Оралда өткізіп жатты. Қазақтың көрнекті ақыны Ж.Нәбиуллиннің 3 томдығы да қиыншылықтан енді көз ашып жатқан сол жылдары Қырымбек Көшербаевтың арқасында жарық көрді. Ақынға үй берілді. Жергілікті жазушылар әр тоқсан сайын стипендия алып тұруы тек Қырымбек Елеуұлы әкім боп тұрғанда басталған еді. Ақ Жайықтың үстінен салынған Еуропа мен Азияны жалғап тұрған алып көпір ше?! Дүнияда адам баласының жаманды көре алмағынан жақсыны көре алмағаны қиын. Осының бәрін көре-тұра қайсыбір сыпсыңқұмарлар кейде артық-ауыс әңгіме қоздатқан шақта сол Орал өңірінде дүниеге келіп, Ақтөбенің Алға ауданында дүниеден озған ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің: «Би болмас белін жалпақ буғанменен Тазармас әсілі арам жуғанменен»,-дегені еске түседі де тек елдің Қырымбектей азаматтары аман болсын» дейсің іштей. Иә, жастайынан қазақтың ұлттық тәрбиесінің, ұлттық педагогикасының балбұлағынан қанып ішіп, сол асыл қасиет есейе келе бойында елсүйгіштік, ұлтсүйгіштік болып қалыптасқан Қырымбек Елеуұлының туған жер дегенде кеудесінде атқақтай соғып тұратын жұдырықтай жұмыр етті жұлып беруге даяр махаббаты, сүйіспеншілігі тіпті, айрықша. Оның қарт Аралдың басынан бағы тайып, жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төнген сонау бір жылдардағы жағдайы туралы әрбір айтқан жан сырын оған қосыла емірене отырып тыңдамау мүмкін емес. Аралдың бүгінгі «әлһам шүкір» қалпын одан да гөрі жақсарта түсудің тоқсан тарау жолына алаңдайтын бірден-бір әкім де сірә, осы азамат шығар-ау дейміз іштей. Иә, облыстың бүгінгі әкімінің жалпы мемлекеттік сан-салалы шаруада атқарып жатқан қыруар еңбегін түгендеп шығуға біздің білігіміз де, саяси, әлеуметтік тұрғыдағы өреміз де жете қоймас. Әркім өзі білетін ғана терінің пұшпағын илейтіні сияқты біз де оның осы Қызылорда аймағына келгелі әсіресе халықтың кешелі-бүгінгі тарихы, көне де жаңа мәдениеті мен әдебиеті, өнері, салт-дәстүрі сияқты рухани тыныс-тіршілігіне қатысты тынымсыз тірлігіне көбірек ден қоямыз. Осыдан бірер ай бұрын Ақтөбе сапарынан келе жатып әруақ аттағандай болмайық деп Қорқыт-ата мемориалдық кешеніне әдейі ат басын бұрдық. Іші-сыртын, анау амфитеатрды, қонақжай мейманхананы, тілекхананы, көнеліктер сақталған мұражай бөлмелерін көргенде тұтас өзгеше бір әлемді аралағандай әсерге бөлендік. Оның бәрін дәл осы мақалада тізіп шығу әрі артық, әрі әбестеу болар. Олардың әрқайсысы бір-бір көлемді зерттеу-мақалаға жүк боларлық дүние дерлік. Ал Қызылорда облыстық театрына сонау Лондонға барып, анау-мынау емес корольдік театрында қазақ пьесасын қойдыруының өзі қай қазақтың тарихында болып еді десеңізші?! Осыдан біраз бұрын қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі Ә.Нұрпейісовтың Арал қаласында мұражайы ашылыпты дегенді естігенбіз. Өткен күзде сонда барудың сәті түсті. Ол жолы да жастайынан Елеу Көшербайұлындай ел азаматы әкесінің тәрбиесін көріп, үлкен сыйлап, ұлттық үрдістерді құрмет тұтып өскен әкім Қырымбек бізді әсіресе, Ә.Нұрпейісов ақсақалды бала Қырымбекше жүгіріп жүріп, аяғымызды жерге тигізбей күтіп алды. Соның арасында Астана жақтан асығыс жетіп жатқан сұраулар мен тапсырмаларға да жауап беріп, қарамағындағыларға шұғыл жұмыстар жүктеп үлгеріп жатыр. Сонда жазушыға арнап салдырған қыраттау жерде орналасқан мұражайдың іші мен сыртының қандай жоғары деңгейлі талапқа да сай келіп тұрғанын көріп ел басқарған азаматтың ел есінде мәңгі қаларлық үлкен бір мехнатты еңбегін көргендей болғанбыз. Оны салу үшін өзі бастап дәулетті азаматтарға әкім басымен сол өңірдің тілімен айтқанда «алақан жайды» болып өтініш жасағаны өз алдына бір әңгіме. Мұражайдың сырт келбеті қандай көрікті болса, іші тіпті, таңдай қақтырарлықтай. Жазушының бүкіл өмірбаянын көз алдыңызға елестетер фотосуреттер. Оның әр жылда, әр елде, әр тілде шыққан кітаптары. Жатын бөлме, асхана және басқалары тап-тұйнақтай. Мұражайдың қоршаулы кең айналасының өзі кішігірім саяжайға бергісіз, түрлі-түрлі ағаш, бұталар, гүлдер өсіп тұр. Анадай жерде «Соңғы парыз» дилогиясының қос кейіпкері Жәдігер мен Бәкизаттың ақырғы сәтін еске түсіретін зәулім ескерткішті айтсаңызшы! Сол жерде көзі тірі әулиедей боп қасымызда отырған Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақалға қарап қойып: «Адам-пенденің арманы біткен бе, мынадай сый-құрметтен артық не бақыт керек адамға» дедік іштей. Иә, әңгімеміздің басында айтқанымыз­дай жақсылық жүрген жерде оны жамандық шіркін ілесіп аңдып жүрсе, жарықтың соңынан көлеңкеде бір адым қалмай ереді де жүреді. Бірақ «қой қора салса да қойдың тілін білетін адам салсын» дегендей, өмірінде қазақтың тілі, қазақ ұлтының рухы, қазақ ауылдарының кешелі-бүгінгі тарихы мен ахуалы жайлы сыңар ауыз сөз жазып көрмеген, тіпті қазақтың «үлек» деген сөзін жаза алмай «лек» деп жазып жүргендерге не дерсің! Ал қолына қалам ұстаған кім-кімнің де ең басты парызының бірі «Жақсының жақсылығын айту». Бүгін біз сондай ел жақсысының бірі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың ел алдында парызын нағыз азаматтықпен атқарып жүргенін аз да болса айта білсек, өзіміздің де әрі азаматтық, әрі қаламгерлік парызымыздың кішкене ғана өтеуі ғой дер едік.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

ҚЫЗЫЛОРДА

2756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы