• Мәдениет
  • 23 Маусым, 2016

Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі: Мамандардың кәсіби даярлығына көңіл бөлеміз

– Нұржан Сәбитұлы, бүгінде жұмыспен қамту – өзекті мәселе. Әңгімемізді осы тақырып төңірегінде бастасақ. – Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі еңбек екені дәлелдеуді қажет етпейтіні белгілі. Рас, егемендіктің елең-алаңында жұмыссыз­дықтың белең алғаны шындық. Бірақ қазір жұмыс жоқ деген тек еріншектің айтар сылтауы ғана. Әйтпесе, қазір жұмыс істегісі келетін, ізденген жанға мүмкіндік баршылық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласындағы ең басты тапсырмаларының бірі – бұл әлеуметтік-еңбек қатынастарының модельдерін қалыптастыру, жұмыспен қамту саласын дамыту болып табылады. Сондықтан да Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында жаңа жұмыс орындарын ашудың, адамдарды жаңа кәсіптерге даярлаудың нақты жолдарын ұсынып, осы тапсырмаларды жүзеге асыруды жергілікті билікке тапсырды. 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының іске қосылғаны белгілі. Тараз қаласы бойынша 2016 жылы осы бағдарламаның екі бағыты жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – инфрақұрылымды және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Бұл бағыт бойынша 1417,8 млн. теңгеге 540 жұмыс орнымен қамту көзделген. Қазір бағдарламаның екінші бағытын іске асыруды қолға алдық. Жоспар бойынша 148 адамды жұмыспен қамтымақпыз. Біз жастарды кәсіби даярлауға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Қазақстанда басқа да дамыған елдердегі тәрізді жастардың жұмыссыздығы еңбек нарығында талап етілетін арнайы білімдері мен біліктерінің болмауымен, тәжірибелерінің жеткіліксіздігімен байланысты. – Білімі мен тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіби білікті кадр дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне біраз өзгерістер енді. Кәсіптік оқыту жөнінде не айтасыз? – Кәсіптік оқыту бойынша қайта даярлау курстарына еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға сәйкес 8 жұмыс берушіден сұраныс жинақталып, тәрбие көмекшісі, аспазшы, автокөлікті жөндеу шебері және т.б. мамандықтарға қысқа мерзімді курстарға 101 адам жіберілді, тұ­рақты жұмысқа 55 адам орналасты. Кәсіби оқы­туға 2016 жылы 100 адамға 10,8 млн теңге бөлінді. 18 жастан 24 жасқа дейінгі жұмыс істеп жүрген жастарды өнеркәсіптен ажыратып, еңбекақысы төлеусіз, бірақ жұмыс берушінің әлеуметтік еңбек демалысын беруімен және жұмыс орнын сақтауымен кәсіптік оқытуды ұйымдастыру қарастырылған. Бүгінгі таңда техникалық мамандығы бар жұмысшы тапшылығы байқалады. Сондықтан дәл қазір еңбек нарығында сұранысы аз заңгер, қаржыгер, экономист және т.б. мамандықтарды даярлауды шектеп, кәсіби оқытуға көп көңіл бөліп отырмыз. – Білім саласына қарай ойыссақ. ҰБТ-ның қорытындысы көңіліңізден шықты ма? Жалпы білім саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – ҰБТ-ға келер болсақ, жылдан-жылға көрсеткіштеріміз артып келеді. Ашығын айтар болсақ, ҰБТ-ның алғыр оқушыға тигізер пайдасы көп екендігіне көз жеткізіп келеміз. Жалпы білім беретін 51 орта және 1 кешкі мектептің 11 сыныбын 2015-2016 оқу жылында 2123 оқушы аяқтады. Олардың 1481-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға (50 мектептен) өтініш білдіріп, 1473-і тестілеуге қатысты. Бұл көрсеткіш барлық мектеп бітірушілердің 69,8 пайызын (2015 жылы – 69,3 %) құрады. Тест қорытындысы бойынша мектеп бітірушілердің орта баллы 85,1 болды. 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1,56 нәтижеге төмендеп отыр (2015 жылы – 86,66), облыстық көрсеткіштен 6,39 баллға (облыстық көрсеткіш 78,71), ал республикалық көрсеткіштен 3,4 -ке жоғары (республикалық көрсеткіш 81,7). 2016 жылы жалпы білім саласына 18 млрд. 272,3 млн. теңге бөлінді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16,7%-ға жоғары. Қалада 65 мемлекеттік және 24 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарады, онда 17 941 бала тәрбиеленуде. 2015 жылы 580 орындық екі жекеменшік балабақша іске қосылған. 2016 жылы бюджет қаражаты есебінен «Салтанат» мөлтек ауданынан 280 орындық балабақша және 310 орындық 2 жекеменшік балабақша ашу жоспарлануда. Бүгінгі күні қалада үш мектеп үш ауысымды болып саналады, бұлар «Құмшағыл» тұрғын үй кешені аумағындағы №19 негізгі мектеп, «Шөлдала» тұрғын үй кешеніндегі №55 орта мектеп және Байзақ батыр көшесіндегі №24 гимназия. Қазіргі уақытта «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Кирпичник» және «Құмшағыл» тұрғын алқаптарындағы екі 300 орындық мектептердің құрылыстары аяқталуға жақын. 2017 жылы «Салтанат» мөлтек ауданындағы 1000 орынға арналған мектептің құрылысы аяқталады. – Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақса­тында белгіленген «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы қалай іске асып жатыр? – Тұрғын үй мәселесін шешу үшін қабыл­данған бұл бағдарлама аясында 29 жасқа дейінгі жас отбасылар үшін кейіннен сатып алу мен жалға берілетін тұрғын үйді алуға мүмкіндіктері бар. Жастарға айтарым, осы мүмкіндікті жіберіп алмай, пайдаланып қалған жөн. Қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, 2015 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 128,2 мың шаршы метрді құрады. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен жалпы көлемі 20,4 мың шаршы метрді құрайтын төрт көпқабатты тұрғын үй берілді. Атап айтқанда, «Арай» тұрғын алқабынан 65 пәтерлі үш тұрғын үй және «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 75 пәтерлі тұрғын үй. Бюджет қаражатынан бөлек, Рахимов және Рысбек батыр көшелерінен «Бином» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен екі көпқабатты тұрғын үй және Қазақстан ипотекалық компаниясының бағдарламасы арқылы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан, «Атшабар» кешенінен және Маяковский көшесінен төрт көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. 2016 жылдың соңына дейін бюджет қаражаты есебінен «Арай» мөлтек ауданынан екі тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2016-2017 жылдарға «Арай» тұрғын үй кешенінен алты үй құрылысына, Ұлттық қордан және «Бәйтерек» АҚ арқылы бес үй құрылысына қаржы бөлінуі тиіс. Жеке мердігерлер есебінен тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында «Бәйтерек» мөлтек ауданынан он бес үй құрылысына жер телімін бөлу көзделуде. – Қазір елімізде ІІ жартыжылдыққа баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқаны белгілі. Осы ретте Тараз қаласы оқырмандарының «Ана тілі» газетіне жазылу деңгейі бұрынғыдан да жақсара түседі деген сенімдеміз. – «Ана тілі» газеті қашаннан да ұлт рухания­тының шырақшысы ғой. Заман өзгерді, уақыт алмасты дегенімізбен рухани мәселелер әр қоғам, әр мезгіл үшін өзекті болып қала берері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, «Ана тілі» газетіне Тараз қаласы оқырмандарының ықыласы ерекше деп білемін. Біз өз тарапымыздан халықтық басылымға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бағдагүл Балаубаева

Жамбыл облысы

17233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы