• Мәдениет
  • 30 Маусым, 2016

Көрермен ықыласына бөленген ұжым

Жуырда Павлодар қаласындағы Иса Байзақов атындағы облыстық филар­монияның құрылғанына 70 жыл толды. Осыған орай өнер ұжымы павлодарлықтарға мерекелік кеш сыйлады. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен гала-концертті тамашалауға жиналғандар көп болды. Өнер ұжымын облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аймақ басшысының атынан құттықтады.

– 70 жыл ішінде Ертіс-Баян өңірінде облыстық филармония ұлттық рухты оятатын өнер ордасына айналды. Филармония әр кез өзінің қайталанбас өнерімен барша көрермендерін қуантуда. Осы жылдар ішінде кездескен қиындықтарға қарамастан ұжым биіктерді бағын­дыра білді. Соңғы 3 жылда филармония өт­кізген кештерді 150 мыңнан астам адам тамашалап үлгерді. Бұл сахнада күндіз-түні еңбек еткен әрбір өнер иесін мерейлі мерекемен құттықтаймыз, – деді М.Бегентаев. Мейрам Мұхаметрақымұлы филармо­ния­ның 70 жылдық мерейтойына орай ұжымның бірқатар мүшелерін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ бір топ өнерпаз облыстық мәслихаттың марапаттарына ие болды. Кеш барысында жиналғандар Ресей мен Германия­дағы әріптестерінің ақ жарма тілегін үлкен экран арқылы тамашалады. Онда артистер И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның қыз-жігіттері әлемнің қай сахнасында өнер көрсетсе де тік тұрып, құрмет көрсетпегендердің болмағанын, алдағы уақытта да осы биіктен түспеулеріне тілек танытты. Айта кетелік, облыстық филармония 1941 жылы Жамбыл атындағы филармонияның филиалы негізінде ұйымдастырылған. Алғашқы кезде құрамында 2 лекциялық-музыка тобы, қазақ музыка лекторийі, байырғы және осы заманғы музыка оркестрі сынды шығармашылық ұжымдар жұмыс істеген. 1971 жылы жерлесіміз Иса Байзақовтың 70 жасқа толуына орай ұжымға ақынның есімі берілді. Филармонияның қарыштап, дамыған шағы 80-90 жылдар болды. Өкінішке қарай, 1990 жылдардағы тоқырауда қаржылық жағдайға байланысты уақытша жұмысын тоқтатты. Тек араға біраз жылдар салып өз жұмысын қайта жаңғыртты. Жаңа құраммен, өзгеше жалғастырды. Қазіргі таңда ұжымда 200-ден астам адам қызмет етеді. Кеш соңында мерейтой иелеріне аймақ басшы­сының ықылас гүлі табыс етілді. Көрермендер ұжымның өнеріне құшырлана қол соғып, қошемет көрсетті.

Нұрия ЕСМАҒАНБЕТОВА, көрермен:

– Әр мереке сайын тыңдармандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген өнерлі қыз-жігіттерге шығармашылық табыс тілеймін. Бүгінгі концерттің өзінен мол рухани азық алып қайтып барамыз. Жанды дауысты, Иса, Естай аталарымыздың әндерін әуелеткен әншілердің, он саусақтарынан күй төккен күйшілердің, мың бұралған бишілердің шеберлігіне риза болып отырмын. Өнерлері өрге жүзе берсін!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Павлодар

2054 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы