• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2016

Анкарада – Сүйінбай ескерткіші

Әлемнің түркітанушы ғалымдары түркі өркениетін үш мың жылдың аясына сыйғызатынын ескерсек,тамыры тереңде жатқан үндестіктің жаңа заманда үздіксіз жалғасуы заңды да. Тарихымызбен қатар танымымыздың ортақтығын ерте ғасырлардағы Орхон жазбалары, «Қорқыт туралы аңыз», «Алпамыс батыр», орта ғасырдағы Жүсіп Баласағұн, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ғалымдардың құнды еңбектері айғақтайды. Түркі әлемінің  рухани кеңістігіндегі көкірек көзімен ұғынылатын кемел байланыс біз атаған көнекөздермен тоқталып қалған жоқ. Қайта жаңа заманда жаңаша сипат алып, бұрынғыдан да жаңғыра, жандана түсті. 

Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның тәуелсіздігін тұңғыш таныған Түркия республикасымен арадағы достық дәнекерлікті, бауырластық байланысты Прези­дентіміз Нұрсұлтан ­Назарбаев салиқалы саясатымен нықтап берді. Бұл орайда саяси-экономикалық салмақпен қатар, руханият өзектің тас-түйін беріктігі, әсіресе, жаһандану дәуірінде аса қажет. Қазақ-түрік байланыстарының жарасымды жалғасының бірі ретінде былтыр сөз сүлейі Сүйінбай ақынның 200 жылдығына орай Анкара қаласында Сүйінбай атындағы бақ ашылған болатын. Алматы облысының әкімі Амандық ­Баталов бастаған делегация Анадолы топы­рағына табан тіреп, ізгі міндетті атқарып қайтқан еді. Жуырда сол саялы бақ ішінде ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл айтулы шараға Алматы облысының делегациясын облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев бастап барды. Делегация құрамында мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ғалымдар Бақтияр Сманов, Тоқтар Албеков, Сүйінбай ата ұрпағы Ғабит Садырбаев және басқа да азаматтар болды. Анкара қаласының ең үлкен саналатын Кечиорен ауданында орналасқан бюстің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аталмыш муниципалитеттің мэрі Мұстафа Ак Рамазан айымен дөп келіп отырған қуанышпен көпшілікті құттықтап, екі елдің достық қарым-қатынастарының нығая беруіне тілектестігін білдірді. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай атқарылып отырған шара Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын жеткізді. Жетісу ғана емес, жалпы қазақ халқының, облыс басшысы Амандық Баталовтың атынан түрік бауырларға, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтып, мұндай шаралардың түркі дүниесін байыта түсетініне, Мәңгілік Елдің мәңгілік мұралары болатынына сенім білдірді. ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, ақынның тікелей ұрпағы Ғабит Садырбаев екі ел арасында саяси, экономикалық байланыс­тармен қатар алтын көпір болып отырған руханият әлемі – түркілік тұтастық екенін атап өтті. Сүйінбай ескерткішінің ­ашылуын соның бір жарқын көрінісіне балады. Ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрға­лым Исабаев. Өткен жылы Н.Исабаевтың жасаған мүсіні ақынның туған ауылы Қарақыстаққа қойылған болатын. «Бұл бюст Қарақыстақтағыға қарағанда көлемі жағынан үлкен. Және бұл жұмысымда қазақтың киімдеріндегі ою-өрнектерін зерттеп жүрген ғалымдармен бірлесе отырып, бас киімі мен шапанындағы зердің мән-мазмұнына жете мән бердім. Мәселен, қалпағына билерге тән «Билік ағашы» оюы салынды» дейді автор. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 2,60 метр, иық тұсынан ені 1,35 метр. Сонымен қатар осы күні Анкара қаласында Сүйінбайдың шәкірті, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай ғылыми конференция өтті. Юнус Эмре атындағы мәдениет орта­лығында өткен конференция жұмысын Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұс­тафа Ак құттықтау сөзбен ашып, қонақ­тарға ыстық ықыласын білдірді.Түбі бір туыс­тас халықтар арасындағы тамыры терең байланыстардың өзегі руханият бола­тынына сенім білдірді. Мұнан соң Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Жамбыл бабамыздың 170 жылдығы ақпан айында Жетісу жерінде басталғанын, бүгін сол игі істі түрік бауырларымыз бастамашы болып өз елінде жалғастырып отырғанын ризашылықпен атап өтті. – Қазақтың Гомері атанған ақынның мұрасы мәңгілік. Оның туындыларын қазір тәуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз. Бұл іске түркі бауырларымыз да айшықты үлес қосуда. Бүгінгі кон­фе­ренцияны қазақ еліне деген зор құрмет деп білеміз. Барша түрік бауырла­рымызды елімізде мерейтойдың мәресі ретінде Алматы облысында өтетін үлкен республикалық айтысты тамашалауға шақырамын. Облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан осы шараны ұйым­дас­тыруға мұрындық болған түрік бауырларымызға, ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркиядағы елшілікке зор алғыс айтамын, – деді Б.Өнербаев өз сөзінде. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түй­мебаев сөз алып, екі ел арасындағы дос­тық қарым-қатынас, ру­хани үндес­тік, соның ішінде Жамбыл жы­раудың өлмес мұрасы туралы айтып өтті. Гази университетінің докторы Жемиля Кнаджы: – Қазақтың Жамбылы мен түріктің XVI ғасырда өмір сүрген Пір Сұлтан Абдал дейтін ақыны арасында ұқсас­тықтар өте көп. Екеуі де халықшыл, екеуі де халық­тың тілімен сөйлейді, мұңын мұң­дайды, жоғын жоқтайды. Екеуі де жауға қарсы отты жырлар жазады, – деп қос шайырды салыстыра баяндама жасады. Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері Шәмша Беркімбаева: «Жамбыл ақын табиғатынан жан-жақты дарынды адам болған. Оның ақындық өнері бала кезінде-ақ белгілі болыпты. Өзінің «Менің түлкі ішігімнің астарына шейін толған өлең, сілкісем өлең түседі» деген сөзін замандастары естеліктерінде қалдырыпты. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Жамбыл туралы: «Ол бір өзі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны, халық поэзиясының дана, қарт алыбы» деп жазыпты. Ақындық өнеріне қоса әншілік өнері бар. Қолынан домбырасы түспеген. Ақынның ел арасына кең тараған әндері «Қазақ музыкасының антологиясына» енген. Бүкіл өмірін қазақтың музыка өнерін зерттеуге арнаған өнертану докторы, ғалым апамыз Сара Күзембаева: «Жамбылдың шығармашылық мұрасы – Жетісу өңірінің дәстүрімен қатар, жалпы ұлттық мәдениетіміздің әншілік, күйшілік, дастандық, айтыстық формаларымен біртұтас ең биік көркемдік шыңы» деп жазыпты. Шындығында, суырыпсалма айтыс өнері мен күйшілік бұл дүниеде тек қазаққа ғана бұйырған екен. Оның екеуі де Жамбылда бар» деп Жамбылдың көпқырлы өнер иесі екеніне тоқталып өтті. OnerbayevСол сияқты Мугла университетінің доценті Экрем Аян, Халықаралық Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омироғлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы қазақ елі мен Анадолы елінің өнеріндегі ортақ құндылықтарға қатысты, жамбылтануға байланысты пайымды пікірлерін білдірді. Осы сапар аясында Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филар­мония артис­тері, оның құрамын­дағы «Адырна» фоль­к­­­лорлық-этно­графиялық ансамблі мен мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ан­самблі Астана күніне және Жамбыл жырау­дың 170 жылдығына орай «Калаба Кент» алаңында қазақ өнерін көрсетіп, халық әндері мен билерін анкаралық көрермендер назарына ұсынды. Алматы облысынан барған делегация­ны Кечиорен муниципали­тетінің мэрі Мұстафа Ак, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов әрқайсысы жеке қабылдады. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан аталған лауа­зымды тұлғаларға Жетісудың тартымды табиғаты мен туристік орындары туралы «Жетісу жауһарлары» атты кітапты сыйға тартты. Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарына қазақ өнерін насихаттауға қосқан үлесі үшін Қазақстан елшілігі атынан Алғыс хат табысталды.

Сағыныш Намазшамова

Талдықорған – Анкара –Талдықорған

16947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы