• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2016

Тоқсан жылдық белес

Мәскеудегі күннің ыстығына қарамай, асығып келемін. Бар ойым – қонаққа шақырған үйге кешікпей жету. Міне, аздаған уақыттан кейін сол шаңырақтың алдында тұрмын. Есікті ашқан Жәмила апайымыз құшақ жая қарсы алды. Өзі осыдан он шақты күн бұрын ауруханаға жатып шыққан адамға мүлде ұқсамайды. Жүрісі – ширақ. Бойы – сергек. «Айналайын, жоғары шық» деген Фахридин ағамыздың да сөзі жанымды шуаққа бөлегендей болды. Өзім әже болсам да, анам қайтқалы мұндай жылы сөзді сағынып жүрген көңілім бірден босап сала берді. Марқұм әке-шешемнен бар болғаны алты жасқа кіші бұл кісілер Мәскеудегі ең жақын адамдарымның бірі.

«Бес жас бел құрдас, он жас ол да құрдас» дегендей, жуырда тоқсанға толғалы отырған аға-апамызды ғасыр құрдасы десек, былайғы жұрттың сенбесі анық. Әлі күнге, Жәмила апай «Қыз Жібектің» ариясын, ағамыз «Ақ бантик» әнін тамылжыта шырқайды. Мені күтіп отыр екен, бірден дас­тарқан басына шақырды. Алдыма дәмді тағамдарын қойып, буы бұрқыраған ыстық палау да келіп жетті. Бір сәт өзімді төркініме, әке-шешемнің үйіне келгендей сезіндім. Алдыңда өмірі өнеге үлкендердің болғаны қандай ғанибет дедім іштей. Әртүрлі әңгіме қылын шертіп, сөйлесіп отырдық. Бір айта кетерлігі, сонау 1957 жылдан Мәскеуде тұратын бұл кісілердің өмір тарихы көпшілігімізге үлгі-өнеге боларлықтай. Отағасы Фахридин Абдухалықов Жамбыл облысы Талас ауданының тумасы. Кезінде КСР Жоғарғы Кеңес Президумының марапаттау бөлімінде жұмыс жасаған. Еңбек жолын Қазақстандағы Жоғарғы Партия мектебінде бастаған. 1926 жылы 8 шілдеде Шымкент қаласында өмірге келген Гүлжәмила Нұрбекова еңбекке 16 жастан бастап араласқан. 1942 жылы мектептің жоғары сыныбында оқи жүріп, 5-7 сыныптарға математика, физика пәндерінен сабақ берген. 1945 жылы Оңтүстік Қазақстанның облыстық комсомолында, одан кейін партияда қызмет етті. 2 жылдық Республикалық Жоғарғы Партия мектебін тәмамдады. Фахридин ағамызбен әсем қала Алматыда танысыпты. Көңіл қосып, 1950 жылы шаңырақ көтерген. 1949 жылдан 1957 жылға дейін Қазақстан Министрлер Кеңесі партиялық бөлімінде жауапты жұмыста болған Жәмила апамыз 1957 жылы Мәскеуге Жоғарғы Партия мектебіне оқуға жіберіледі. Ал Фахридин ағамыз 1958 жылы партияның тапсырмасымен Мәскеуге жұмысқа ауысады. Жан жары Мәскеуде партия қатарында, парткабинет меңгерушісі болып еңбек етеді. Одан МГУ-дың аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертация қорғайды. Жоғары оқу орындарында дәріс оқиды. Бірнеше ғылыми еңбек жазады. Сонымен жоғарыда айтқаны­мыздай, 66 жыл бірге қол ұстасып келе жатқан Жәмила апай мен Фахридин ағамыз бүгінде 90 жасқа келген торқалы тойларын өткізгелі отыр. Мәскеу атты үлкен шаһарда қызмет жасай жүріп, қазақ халқының ұл-қызы екендерін ұмытпай, тілін, ділін сақтап, қоғамдық орта жұмыстарына да белсене араласып келеді. Қызметті, қоғамдық жұмысты бірге ала жүріп екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, 5 немере, екі шөбере сүйіп отыр. Екі немересі Америкада тұрады.Үлкен қызы ­Гаухар медицина ғылымының кандидаты, жолдасы Кисилев ­Вячеслав Михайлович – кәсіпкер. Екінші қызы Ақмарал орыс тілінің маманы. Жолдасы Айдар Шаяхметовпен (Жұмабай Шаяхметовтың немересі) бірге ұзақ жылдардан бері Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет етіп келеді. Ұлы Асқар Мәскеудегі Аграрлық компанияның басшысы. 2000 жылы алтын, 2010 жылы гаухар тойларын өткізген аға- апамызды Үкімет орындары бірнеше медаль, грамоталармен марапаттаған. Олар жүрген орталарында ақылшы ата мен ұлағатты әже. Мәскеудегі қазақ қауымдастығының ең сыйлы шаңырағы болып отырған Абдуха­лықовтар отбасын бүгінгі 90 жылдық торқалы тойларымен Мәскеудегі қазақ қауымдастығы шын жүректен құттықтап, бақытты өмір, зор денсаулық тілейді.

Жарқын ӨТЕШОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәскеу

17324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы