• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2016

Отбасынан басталуы тиіс

Уақыт деген ұлы көшке ілескен еліміз биыл өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын атап өтпекші. Мемлекеттің Егемендігі әңгіме өзегіне айналып жатқан тұста оның Тәуелсіздігі Туымен, Әнұранымен, Елтаңбасымен және мызғымас берік шекарасымен ғана емес, Тілімен де айшықталатыны анық. Қазір кейбір замандастарымыздың аузынан «Тәуелсіздік алғалы пәленбай жыл болды. Мемлекеттік тіл әлі күнге дейін өз тұғырына қона алмай келеді» деген өкпе-наздарды естиміз. Дегенмен, өз тіліңді білу, оны құрметтеу отбасынан басталатынын ұмытпағанымыз жөн.

Демалыс паркінде жасы жетпіс­ке таяп қалған қазақ апамызды кез­дестірдік. Қасында бес жасар неме­ресінен басқа ешкім жоқ. Екеуінің әңгімесі орыс тілінде. Елбасы «Қазақпен қазақ қазақ тілінде сөйлессін» деген жоқ па? Бұдан артық намысыңды қайрау үшін қандай сөз керек? Ана тілімен сусындап өспеген бала ертең өз елінің патриоты бола ала ма? Үміттен гөрі күдік басым. Соны елеп-ескеретін әжесінің өзі шүлдірлеп, ана тілінің қадір-қасиетін бағаламай тұрса, кімге өкпелейсің?! Осы жолдардың авторы мен Ресейдің Владивосток қаласында әскери теңізші болдым. Кемеде оншақты ұлт өкілдері, соның ішінде өзбек балалары да болды. Ал бір кереметі Өзбекстанның Әндіжан, Наманган, Бұқарадан келген орыстары әлгі өзбектермен Ресейде жүрсе де өзбекше ғана сөйлеседі. Міне, ұлттық рухтың биіктігі! Біздің ақсап жатқан тұстарымыз­дың бірі – өз тіліміздің патриоты бола алмай жүргеніміз. Әлгі әжелер секілді арамызда тілдері орысшаланып кеткен әжелер, ата-аналар, қазақ бола тұра үй ішінде өз тілдерін ұмытып кеткен отбасылар көп. Олар үшін орыс тілі не, қазақ тілі не бәрібір. Орыс тілінде сөйлесе «мәдениеттірек көрінем» дейді ме екен, орысшасы басымырақ. Тілге деген осындай жанашымас­тық, патриоттық сезім болмаған жерде мемлекет болып жарытпаспыз деген ой келеді санаға. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан – 2050» Cтратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қара­маймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деген болатын. «Ұлттың сақталуына да, жоға­луына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталуы үшін тіл саясатын да дұрыс жүргізу қажет екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы балаға жас­тайынан қазақ тілін үйретуді қолға алса, оны меңгерудің еш қиындығы болмас еді. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші, өз ана тілін білмеген жаннан анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Шынында, қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлейік! Тіл білу отбасынан басталатынын ұмытпайық!

А.ШӘКЕНҰЛЫ Алматы облысы

1926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы